Президент Жолдауы жауапкершілік жүктейді
01.09.2020 2015
Бүгін ҚР Президенті халыққа Жолдауын жариялады. Осы ретте ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Сейітқали Дүйсен Жолдаудағы өзекті мәселелер төңіргенде тоқталып, биылғы жолдаудың былтырғы жолдаудан өзгешілігі жайында сөз қозғады.

"Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті қос палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауын жасады. Президент Жолдауда қоғам алдында індет пен экономикалық дағдарыс жағдайында алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралардың жоспарын баяндап берді. Президент былтырғы Жолдауын 2 қыркүйекте ұсынған еді. Жолдауда мемлекеттік органдар алдына саяси жаңғыру үдерісін жүзеге асыру, азаматтық қоғамды дамыту, ел экономикасын ілгерлету, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту, тұрмысын көтеру сияқты мәселелер қойылып оны жүзеге асырудың жолдарын айқындалған болатын",-деді тарихшы.    

Ғалымның айтуынша, бір жыл ішінде былтырғы экономика, әлеуметтік салалар бойынша қойылған міндеттер қалай орындалғаны туралы сарапшылар, қоғам қайраткерлері бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде талқылап, пікір білдіруде.

"Президенттің өткен жылғы Жолдауда қойған бір міндеті-шағын және орта бизнесті ілгерлету болса, Қазақстан әлемнің 190 елінің қатарында бизнес ахуал бойынша ТОП-25 елдің қатарына қосылды. Корановируске қатысты карантин кезінде үкімет кәсіпкерлікті қолдау шараларын жасады.

Мемлекет басшысы індет кезінде үкіметтің халықтан ешнәрсені жасырмай корановируске қатысты ақпараттарды ашық жариялап және жіберілген қателіктер болса одан сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білгеніне оң баға берді.

Халықты қолдау және бизнесті қорғауға бағытталған шараларға үкімет 6 трлн теңге бөлді. 4,5 млн адамға екі ай көлемінде әлеуметтік төлемақы берілді, үкімет бұған 450 млрд теңге жұмсады. 1 млн астам адамға азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны таратылды. 1,6 млн адамның коомуналдық шығындары өтелді. 2020 жылғы қаңтар-шілде аралығында көпбалалы аналар 133,5 млрд теңге жәрдемақы алды.

Жаһандық сипаттағы қиындықтарға қарамастан ел экономикасында біршама ілгерлеушіліктер жүрді. Өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,3 пайызға өсті. Жаңа халықаралық маршруттар ашылып, авиабилеттер құны төмендеп, әуе көлігінің халыққа қолжетімділігіне мүмкіндік жасала бастады. Агроөнеркәсіп саласында ілгерлеушіліктер байқалды. 8 құс фабрикасы, сүт өндіретін 25 өнеркәсіптік және 30 отбасылық тауарлық сүт фермасы салынды. Биыл күзде 18 млн тонна астық жиналып, еліміз өзін астықпен толық қамтамасыз етеді деп күтілуде. Экономист ғалымдардың пікірінше Президенттің 2019 жылғы Жолдауда міндеттеген экономикалық және әлеуметтік бағыттағы тапсырмалары негізінен жүзеге асты.",-деді Сейітқали Жақияұлы. 

Мемлекет басшысы елімізде пандемияны жеңу жөнінде қыруар істер атқарылып, індеттің беті қайтқанымен босаңсуға жол бермеу керектігін еске салды. 

"Өйткені, бүкіл әлем соңғы 100 жылда болмаған күрделі дағдарысқа ұшырағанын, жаһандық экономиканы қалпына келтіру үшін 5 жыл уақыт керектігін ұмытпауды ескертті. Қазақ республикасы да әлемдік қауымдастықтың бір бөлігі. Сондықтан ел үкіметі сыртқы ахуал мен ішкі жағдайларды ескере отырып еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының бесжылдық (2021-2025 жж.) үш ықтимал сценариін әзірлеп қойды",-деді ғалым.

Президент Ұлт жоспары мен Бес институционалдық реформаны негізге ала отырып алдағы уақытта да еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы жалғасатынына және ел азаматтарының бұл істерді қолдайтынына сенім білдірді.

Арман Сулейменов