«Алаш азаттығын аңсаған ұлт көсемі»
09.03.2021 3415

Тәуелсіздік туын тіккен осы бір өзгерістер заманында төл тарихымыз қайта жазылып, қасиетті Қазақ жерінің тарихы өз халқының талабына сай қызмет ете бастады. Жарты ғасырдан астам уақытта қазақ зиялыларының тарихына терең із қалдырған «ақтаңдақтар» ақиқаты ашылып, санамызға сіңе бастады. Тарих беттерін парақтай келе, халқы үшін  жастық өмірлерін қиып, рухтың биік үлгісін көрсеткен ата-бабаларымыз лайықты бағасын алды ма? - деген сұрақ туындайды.

«Тарих толқынында» еңбегінде Елбасымыз «Бабаларыңның даңқына тәу ету қажет қана емес, міндет те, ондай сый-құрметтің қолыңнан келмеуі масқара ынжықтық болмақ», - деген А.С. Пушкиннің сөзін келтіре отырып, «...өткенімізге, бүгініміз бен болашағымызға жалтақсыз жанар тіктейтін мезгіл жетті» деп атап көрсеткен болатын [1].

Міне, сондықтан да, қазіргі таңда тарихшы ғалымдарымыздың алдында тарих оқулықтарына нақты деректер негізінде енгізілмей қалған халқымыздың ардақты азаматтарының еңбегін зерттеу міндеті тұр.

Жастарымыз қандай мамандықтың иесі болсын өз ұлтының, елінің, мемлекетінің тарихын білуге және құрметтеуге тиіс. Сонда ғана туған жері мен елін сүйетін патриоттар тәрбиеленіп, өз кезегінде халқына адал қызмет етеді. Бұдан тарихи білім беру ісінің қоғам үшін өте маңыздылығы және ұлт тағдырына біздердің, яғни тарихшы мамандардың жауапты екендігі айқындала түседі.

Ұлттың ұлылығы тарихи тұлғаларымен бағаланады. Саналы өмірін халқына арнаған бұл Алаш ардақтыларының алдындағы тарихшы ғалымдардың жауапкершілігі – мақтан тұтар ұлы перзенттерін ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, есімдерін жаңғырта беру.

XX ғасырдың алғашқы ширегін «саяси күрестер мен рухани жаңғыру кезеңі» деп атайды. «Ғасыр басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Алайда, ұлттық жігер мен толысқан зерде сабағы ұмыт болған жоқ», - деген болатын Елбасы [1].

Дүрбелеңге толы сол заманда халық қамын ойлаған ұлт жанашырларының бірі де бірегейі - Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан.

Алаштың өшпес рухындай болған абзал ер тұлғасының қайраткерлік болмысы тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары айқындалып, тарих беттерінен лайықты бағасын ала бастады. Сол алмағайып заманда Алаш азаттығы, ел мен жер тұтастығы, саяси теңдік пен рухани кемелдікті ту етіп көтерген кемел тұлғаның еңбегі ерекше болатын. Әлихан Нұрмұхамедұлының тұлғалық бейнесін айтар болсақ – қоғам қайраткері, «Алаш» саяси партиясының ұйымдастырушысы, Алашорда үкіметінің төрағасы, сонымен бірге, ғұлама ғалым – ормантанушы, экономист, тарихшы, саясаткер, этнограф, әдебиеттанушы, тұңғыш абайтанушы, аудармашы, көсемсөз шебері. Көріп отырғанымыздай, бұл ұлы тұлға жан-жақты болған. Абай өлеңдері мен қара сөздерінің тұңғыш жинағының басылып шығуына қамқорлық жасаған. Қайраткер қудалау мен тыңшылық әрекеттерге қарамастан, мақалаларын «Қыр баласы», «Сын степей», «V», «Киргиз степняк», «Туземец», «Қ.Б.», «А.Б.» деген бүркенішті аттарымен баспасөз беттерінде жариялап отырған. 1913 жылы жазылған «Қазақтың тарихы» мақаласында Алаш атауына тоқталып: «Жошы ханды халық «Алаш» деп атап кетті. Бұл «Алаштың – алаш жұртының басшысы» екенін білдіреді», - деп көрсетті [2]. Ол қазақты біртұтас халық ретінде көргісі келіп, мемлекеттің берік іргетасын қалау мақсатында ұлтты ұйыстыратын Алаш атауын ұсынды.

Әлихан Бөкейхан Алашорда Үкіметінің Ресейден дербес мемлекет болатынын мәлімдегенде адмирал Колчак: «Маған салса, қазақтарды бағындыру қиынға соқпас еді: халыққа сөзі өтетін, халық сенетін 500 интеллигенттің көзін жойса, жетіп жатыр – қазақтар тағзым етті деп есепте» - деп жауап қайырыпты [3].

Алаш көсемі 1919-1920 жылдары «Жалпы Сібір сиезі» мақаласында жаңа үкіметті «найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен құрылған үкімет» деп баға беріп, большевиктерге қызмет етуден де бас тартады.

Алаш зиялылары қазақ қоғамын отарлық езгіден алып шығып, дамыған елдер қатарына қосатын жолдарды іздеген тұста әр алуан пікірлер айтылды. Пікірталастар нәтижесінде Алаш мүшелері 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлының «Айқап» журналындағы «Таластан қазақ баласы пайда тауып жүрген жоқ. Сабырменен отырып, ойласып іс істелік...» деген ұстанымына тоқтайды.

Алаш арыстары қазақ қоғамын құтқарудың жолы білім алып, өркениетті елдер қатарына қосылу деп көрсетті. Міржақып Дулатұлы: «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман», - деп халқын білімге шақырды [4].

Сол тарихи кезеңде қоғамның терең дағдарыстан өркендеген елге айналуы үшін, большевиктер ұсынған жолдан Алаш қайраткерлері ұсынған бағыт анағұрлым тиімді болатын. Бұл жол қиындыққа толы азапты болатынына қарамастан, Қазақ еліне өзін-өзі билеуге, ішкі қоғамдық мәселелерін өзі шешуге, өз жеріне өзі ие болуына мүмкіндік беретін жол еді. Алаш өкілдері өркениетті қоғамдық даму бағдарламасын ұсына отырып, оның тарихи мәнін жақсы түсіне білді. 1917 жылы Ә. Бөкейхан: «кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс айта жүретін алдымызда зор шарттар бар», - деп жазған болатын [5]. Тарихтың өзі қазақтың ұлттық мемлекетін құру жолындағы алғашқы, өмірдің сұранысынан туындаған нақты қадам - Алашорда өкіметі екенін дәлелдеді.


Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан туған халқының саяси-рухани кемелденуіне баратын бағытты нұсқай отырып, Алаштың мемлекетшіл реформаторлар ұрпағын қалыптастыруды көздеген тарихи тұлға еді. Алайда, тоталитарлық жүйе «Алаш» идеясын жаншып, жою мақсатында қысымға алып, қудалауды бастайды. Ол 1922 жылы Мәскеуге жер аударылып, ал 1923 жылы Мәскеуде Ахмет, Мағжан, Міржақыптармен бірігіп, «Алқа» ұйымын құрады. Алаш басшысы 1927 жылдан 1937 жылға дейін пәтерінде қамауда болады [6]. 1937 жылы тамызда тұтқындалып, Бутыр түрмесіне жабылып, сол жылдың 27 қыркүйегінде ату жазасына кесілді.

1925 жылы «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты», 1932 жылы «Әдебиет пен көркемөнер ұйымдарын қайта құру» қаулылары қабылданды. Қазақстан КП ОК-нің 1937 жылғы 21 тамыздағы №188 бұйрығымен Алашорда және ұлтшыл сипаттағы 203 кітап көпшілік қолданысынан алынып, оқуға қатал тоқтау қойылды [7].

Саяси репрессияға ұшыраған Ә. Бөкейханның шығармашылық мұрасына 1988 жылға дейін тыйым салынды.

Еліміздің тәуелсіздік алған жылдарынан бастап Алаш мұрасын зерттеу басталды. «Тарих толқынында» еңбегінің толық бір бөлігі алаштықтарға арналып, «Алаш мұрасы және қазіргі заман» деп аталды. Бұл тарауда: «XX ғасыр басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды», - деп көрсетілген [1].

Белгілі ғалым Кеңес Нұрпейісов ХХ ғасырдың басындағы қазақ тарихының «ақтаңдақ» беттерін ашып, тоталитарлық жүйеге қарсы күрескен тарихи тұлғаларды ақтап, кеңестік дәуірдегі қуғын-сүргін саясатын мұрағаттық нақты деректер арқылы әшкереледі.

Алаштанушы Мәмбет Қойгелдиев тарих ғылымында Алаш қозғалысы тарихына жаңа көзқарас қалыптастырды. Ғалымның «Алаш қозғалысы» атты бірінші және екінші кітаптарындағы зерттеу материалдары XX ғасырдың алғашқы екі ширегін толық қамтиды [8].

Ғалым Озғанбай Өмірзақ  еңбектерінде Алаш қайраткерлерінің саяси қызметтері мен қоғамдық істері жөнінде ғылыми қорытынды жасалған.

Бұдан өзге, «Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдар аралығындағы мақалалары мен материалдары жеке кітап болып жарияланды.

Алаштанушы ғалым Ербол Тілешов «Алашорда үкіметіне баға бергенде біз мына мәселеге көңіл аударуымыз керек. ...Батысы Бөкей Ордасынан, шығысы Жайсаңға дейінгі, солтүстігі Омбыдан, оңтүстігі Ташкенге дейінгі аралықтағы ұлтын ерекше сүйетін, оған шын жаны ашитын қазақтар алаш ұранының астынан табылды. Мұндай саяси-қоғамдық мәндегі ұлы істе ұйысу ілгерідегі ғасырларды қоспағанда, тіпті берідегі Шоқан мен Абай заманында да болған емес» деп айрықша көрсетеді [9].

Алашорда үкіметінің Батыс бөлімінің орталығы Жымпиты ауылында (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы) орналасып, оны Жаһанша Досмұхамедов басқарды. Ал Әлихан Бөкейхан жетекшілік еткен Шығыс бөлімі Семейде орналасты. 1918 жылы қаңтарда Батыс Алашорданың Қаратөбеде өткен съезінде Мәскеуге Ж. Досмұхамедов бастаған делегацияны жіберуге шешім қабылданды. Тарихшы ғалым Бейбіт Қойшыбаев тарихи деректерді саралай келе, осы кездесу барысында Кеңес өкіметінің басшылығы қазақтың ұлттық автономиясын мойындады және бұл қазақ үкіметінің нәтижелі жүргізген тарихи келіссөзі – деген баға береді [10].

Алаштанушы ғалымдардың пікірінше, Ресейдің Азиялық бөлігінде құрылған үкіметтер де Алашорданы саяси күш ретінде танып, өз жағына тартуға әрекет жасаған. 1917-1919 жылдары Алашорда үкіметі Ресей империясы аумағындағы 5-6 үкіметтермен келіссөздер жүргізіп, нақты іске асыруға бағытталған қаулы-қарарлар қабылдайды. Міне, осы тарихи деректер Алаш үкіметі мүшелерінің саяси сауатты және сыртқы байланыстар қалыптастыруға қабілетті болғандығын дәлелдейді [11].

Алаш қайраткерлерінің саяси қызметіне Елбасы: «Олар өз қызметінің басты мұраты қазақ халқының ұлттық төлтумалығын сақтау, сонымен бірге оның тарихи өткенін қалпына келтіріп, ұлттық санасын шыңдау деп санаған» - деген баға берген болатын [1].

XX ғасыр басындағы Алаш зиялылары ұлттық идеяны анықтаудың тамаша үлгісін көрсете алды. Бастапқыда оның мәнін, мақсат-міндеттерін «Оян, қазақ!» формуласымен дәйектесе, империя күйрей бастағанда «Қазақ автономиясы» ұлттық идеясын дүниеге әкелді. Түптеп келгенде, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің жариялануы - «Қазақ автономиясы» ұлттық идеясының салтанаты деп пайымдаймыз[12].

Бүгінде тәуелсіздікпен қатар дүниеге келген жастарымызға жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан ғайыптан пайда болмағанын, ежелден Қазақтың Елі екенін ұғындыра білуіміз қажет. Осы Ұлы Даламызда Алаш қайраткерлері қасиетті Отанын, туған жері мен елін сақтап қалудың өмірлік сабағын паш етті. Ал біздің міндетіміз - жас ұрпақты Алаш арыстары сияқты өз халқының жарқын келешегі үшін жауапты болатындай тәрбиелеу.

«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», - деген алаштық жасампаз идея «Мәңгілік ел» болуға ұмтылған әрбір азаматтың ой-санасында жаңғыруы тиіс.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. - Алматы: Атмұра, 2003. - 73, 175, 156 бб.

2. Ә. Бөкейхан. Таңдамалы. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995.

3. Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері. №1 ғылыми бюллетень. Астана - 2008.

4. Дулатов М. Шығармалар. – Алматы, 1991.

5. Қойгелдиев М. Ә.Бөкейханов. Шығармалар. - Алматы, 1994.

6. Ісімақова А. Алаш әдебиеттануы. – Алматы: Мектеп, 2009.

7. Әдебиеттегі Әлихан Бөкейхан бейнесі. - Астана, 2017.

8. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Екінші кітап. – Алматы: Мектеп, 2017.

9. Тілешов Е. Алаштың жолы. Алаш қозғалысы. Құраст: Е. Тілешов, Д. Қамзабекұлы, Н. Нұрахмет. – Алматы: Сардар, 2008.

10. Қойшыбаев Б. Алаш автономиясын Совет өкіметі қалай мойындады? // Жас Алаш. № 3. 2018 жыл.

11. Дүйсен С. Қазақстан дипломатиясы (тарихи аспект). – Астана, 2018.

12. Қазақстанға ұлттық идеология қажет емес пе? Қазақ тарихы журналы. №2, 2008 жыл.



Ермұханова Хадиша Кенжеғұлқызы

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институы

Ғылыми-ақпарат бөлімінің ғылыми қызметкері