Бөлісу:
Қазақстандағы сайланбалылық үдерісінің тарихы сонау Қазақ хандығы дәуірінен осы заманға дейінгі мерзімді қамтиды. Қазақ даласындағы сайланбалылық ертедегі хандар мен сұлтандар, билер мен ауылбасыларын сайлауынан бастау алады.
Далалық демократия жағдайындағы Қазақ хандарының сайланбалылығы мен билер институтының қалыптасуы, Патшалық режим кезіндегі аға сұлтандар, болыстар мен ауыл старшындарының сайлауы, Алаш партиясының Ресей Федерациясының Құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік Думасынының сайлауына қатысуы және т.б. назар аударарлық маңызды мәселелер қатарына жатады.
Мен осы мақаламда тәуелсіз Қазақстандағы сайланбалылықтың қалыптасуы мен дамуының кейбір тұстарына тоқталуды жөн көрдім. Біздің ұрпақ осы үдерістің тікелей куәгері және қатысушылары болып табылады.
Мен кеңестік кезеңнің өзінде талай сайлауға қатысып, оны өткізушілердің де қатарында болдым. Екі рет қалалық және облыстық кеңестің депутаты болып сайландым. Бірнеше рет партия мен комсомол ұйымдарының сайланбалы органдарының құрамында болдым. Ал 1991 жылдан бастап, еліміздегі Президент және Парлмент сайлауының барлығына дерлік белсенді қатысушы болып, олардың өтуіне де белсенді атсалыстым.
12-ші сайланған Жоғарғы Кеңестің Бақылау палатасында бөлім меңгерушісі, ал 13-ші сайланған алғашқы кәсіби Жоғарғы Кеңестің Хатшылығының мүшесі болып қызмет атқардым. Содан кейін 1995 жылдан 2007 жылға дейін Сенат Аппаратында жұмыс істеп, Парламент сайлауының барлық шақырылымдарының қалай өмірге келгенін өз көзіммен көрдім. Сайланған депутаттардың жұмысын қамтамасыз етуге белсене қатыстым.
1990 жылдардың екінші жартысынан қазіргі заманғы Қазақстанның мемлекеттік-саяси жүйесінің кезең-кезеңмен қалыптасуы басталды. Алайда ол мүлтіксіз біртегіс болған жоқ: өзгерудің негізгі сәті Қазақстан Республикасының Конституциялық сотының 1995 жылғы наурыздың 6-сында XIII шақырылған, 1994 жылғы наурыздың 7-сінде сайланған Жоғарғы Кеңесті заңсыз деп («Сайлау туралы кодекстің бұзылғаны үшін») таныған шешіміне байланысты туды. Оған депутаттыққа үміткер Татьяна Квятковскаяның Алматы қаласының Абылай хан сай¬лау округі бойынша сайлауды заңсыз деп тану туралы Конституциялық сотқа берген талап-арызы себеп болды.
Тексеру қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комитетінің кейбір құжаттары Конституцияға сай емес деп танылды: олардың қолданылуы азаматтардың сайлауға қатысу кезіндегі құқықтарының теңдігі бұзылуына келтірген, сайлаушылардың сан жағынан құрамы бойынша тең емес сайлау учаскелерінің құрылуына жағдай туғызған. Сондай-ақ дауыс санау тәртібі бұзылғанын дәлелдейтін көптеген фактілер анықталған. Нәтижесінде, XIII шақырылған Жоғарғы Кеңес таратылды.
Солай болғанымен, нақ сол 1994-1995 жылдары елде кәсіби парламенттік орта қалыптаса бастады. Осыған орай, XIII шақырылған Жоғарғы Кеңестің төрағасы, көрнекті мемлекет қайраткері, Халық жазушысы, Еңбек ері Әбіш Кекілбаев, Қазақстанда парламентаризмнің дамуы жол¬дары жайында ойлана келе: «Кәсіби парламенттің құрылуын, сірә, еш қымсынбастан осы жылдың қоғамдық-саяси өміріндегі ең ірі оқиға деп атауға болады. Оның жұмыс бастауы, күмән жоқ, Қазақстан тарихының күнтізбесіне жаңа мемлекеттілік пен демократияның қалыптасуы үдерісіндегі ең бір елеулі кезең болып кіреді», – деген еді.
Енді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қалыптасу кезеңіне қысқаша тоқталайық.
Өздеріңізге мәлім, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі - бес жыл. Мәжілістің тоқсан сегіз депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады.
Мәжіліс тарихына үңілер болсақ, бұған дейін жеті сайлау өткен. 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданып, қос Палата: Мәжіліс пен Сенаттан тұратын жоғары өкiлдi орган ретінде айқындалды.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне алғашқы сайлау 1995 жылы 9 желтоқсанда болды. Мажоритарлық жүйе негізінде 67 депутат сайланды. Бірінші сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының өкілеттіктері 1996 жылы 30 қаңтарда бірінші сессияның ашылуымен басталды.
1999-2004 жылдар аралығындағы екінші сайланымға 10 саяси партия қатысты. Мажоритарлық бір мандатты округтарда 547 кандидат тіркелді. Жалпы сайлау барысында сол кезеңде Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған кандидаттар саны - орташа есеппен бір орынға сегіз адам тіркелді.
2004 жылдың қыркүйегіндегі үшінші сайланымға 12 саяси партия қатысып, 77 депутат сайланды. Палата құрамында 69 ер адам және 8 әйел болды. Үшінші сайланған Мәжілістің депутаттық құрамының орташа жас мөлшері - 53 жас, ең жасы - 28 жаста, ең үлкені - 73 жаста болды.
Төртінші сайланым 2007 жылдың тамызында өтті. Ол 107 депутаттан құралды. Жеті саяси партия қатысқан сайлауда 7 пайыздық межені тек «Нұр Отан» партиясы еңсерді, одан сайланған депутаттар Парламент Мәжілісіндегі барлық 98 орынды алды. Депутаттар біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша жасырын дауыс беру жағдайында жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде партиялық тізімдер бойынша сайланды. Тоғыз депутат Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды.
Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жаңа құрамы 2012 жылғы қаңтарда жасақталды. Сайлауға қатысқан жеті саяси партияның ішінен үшеуі қорытынды нәтижелер бойынша сайлаушылардың 7%-дан артық дауыста¬рын алып, Парламент Мәжілісіне өтті. Олар: «Нұр Отан» партиясы (80,99%), Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясы (7,47%), Қазақстанның Коммунистік халық партиясы (7,19%).
Алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауы 2016 жылғы 20 наурызда өтті. Сайлауға қатысқан алты партияның үшеуі сайлаушылардың 7 пайыздан астамының дауысына ие болып, Парламент Мәжілісінің құрамына кірді. Олар: «Нұр Отан» партиясы (82,20 пайыз), Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы (7,18 пайыз) және Қазақстан Коммунистік Халық партиясы (7,14 пайыз). Алтыншы сайланған Мәжіліс құрамына алдыңғы шақырылымның 43 депутаты кірді. Құрамында: ер адамдар - 78 (73 пайыз), әйел адамдар - 29 (27 пайыз). Депутаттардың орташа жасы - 55 жас. 40 жасқа дейін - 7 депутат, 40-тан 60-қа жасқа дейін - 77 депутат, 60 жастан асқандар - 23 депутат.
Жетінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарда өтті. Сайлау нәтижесінде Парламенттің төменгі палатасының депутаттығына үш қана саяси партия өкілдері өтті. «Нұр Отан» партиясынан – 76 депутат, Қазақстан демократиялық «Ақ жол» партиясынан – 12 депутат, Қазақстан халық партиясынан – 10 депутат сайланды. 2021 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан халқы ассамблеясынан 9 депутат сайланды.
2021 жылдың 10 қаңтарында өткен сайлау несімен ерекше? Сайлау қарсаңында, біріншіден, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалды. Бұл туралы Қ.-Ж.К. Тоқаевтың сол сайлауға қатысты үндеуінде айтылды.
Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланатын болды. Сонымен қатар, парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленді. Сондай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болды.
Екіншіден, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңда және «Саяси партиялар туралы» заңда қарастырылған ережелер бойынша парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді.
«Бұл норма Парламентке және жергілікті өкілді органдарға әйелдер мен жастарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізеді», - делінген Президенттің сайлауға қатысты үндеуінде.
Үшіншіден, сол жылғы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өткізілді.
Дегенмен, жетінші сайланған Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі екі-ақ жылға созылды. 2023 жылғы 19 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға сәйкес Парламент палаталарының төрағаларымен және Премьер-Министрмен кеңескеннен кейін Мәжілісті тарату және өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулыларға қол қойғанын мәлімдеді.
«Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2023 жылдың 19 наурызында өтеді. Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауды Орталық сайлау комиссиясы тағайындайды... Баршаңызды азаматтық жауапкершілік танытып, сайлауға белсенді қатысуға шақырамын», - деді Президент үндеуінде. Президент депутаттардың жаңарған құрамы бұрынғы форматта жұмысын жалғастырып, Қазақстанның жан-жақты жаңғыруына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Қ.-Ж.К. Тоқаевтың пікірінше, Мәжілістің және Мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – конституциялық реформаның жалғасы. Сондықтан ол былтырғы референдумда халқымыз бұл реформаға қолдау білдіргенін, соның нәтижесінде еліміз өкілді билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида бойынша жасақтауға көшкенін баса айтты.
Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады, олардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Осылайша, Мәжіліс пен Мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сонда сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады. Азаматтық қоғамның одан әрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілгенін айтты. Атап айтқанда, партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгерді. Оның төменгі шегі төрт есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде елімізде көп уақыттан бері алғаш рет бірнеше жаңа саяси партия тіркелгенін айтты.
Сонымен бірге сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі өте маңызды шешім болды. Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл да – елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам. Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді. Мұның бәрі саяси бәсекенің күшеюіне, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ саясаткерлердің жаңа буынының қалыптасуына жол ашады.
Президенттің сөзінше, сайлау науқанын ұйымдастыру және оны өткізу ісінде аумақтық сайлау комиссиялары маңызды рөл атқарады. Енді облыстық сайлау комиссиялары кәсіби түрде тұрақты жұмыс істейді. Бұл шешім сайлауға қатысты іс-шаралардың сапалы атқарылуын қамтамасыз етеді.
Сөйтіп, алдағы сайлаудың заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалады. Бұған, Президенттің ұйғаруынша, Орталық сайлау комиссиясы және Бас прокуратура жауапты. Сайлау науқанын отандық және халықаралық байқаушылар жіті қадағалайды. Осы тұста азаматтарымыздың байқаушы ретінде белсенділік танытуы маңызды. Заңға сай барлық кандидат пен партияның бұқаралық ақпарат құралдарына шығуына бірдей мүмкіндік беріледі. Осы сайлау науқаны еліміздегі саяси мәдениеттің жоғары екенін айқын көрсетіп, қоғамымызды ұйыстыра түсетініне сенім білдірді Мемлекет басшысы.
Конституциялық реформаны іске асыру барысында Қазақстанда қарқынды және жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр. Алдымыздағы сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан әрі жаңғыруына зор ықпалын тигізетіне сеніміміз мол. Қазір әлемде дәл осындай ауқымды өзгерістерді қолға алған мемлекеттер көп емес. «Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады. Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы жолда түрлі сын-қатерді еңсеріп, көптеген маңызды міндетті бірге атқаруымыз керек. Мен баршаңызды азаматтық жауапкершілік танытып, Мәжіліс пен Мәслихат сайлауына белсене қатысуға шақырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде.
Сөйтіп, Қазақстанда дамыған сайлау жүйесінің түбегейлі қалыптасуына конституциялық реформаны іске асыру барысында Мемлекет басшысының бастамасымен замануи талаптарға сай енгізілген өзгерістер кеңінен жол ашып отыр.
Пайдаланылған әдебиеттер тізім:
1. Б.Г.Аяган и др. Современная история Казахстана: Учебник. – Алматы, 2010. С. 163
2. Обращение Главы государства Касым-Жомарта Токаева о назначении выборов депутатов Мажилиса Парламента РК и маслихатов. Казахстанская правда. 21 октября 2020 года.
3. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Токаевтың Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдемесі. Егемен Қазақстан. 2023 жылғы 16 қаңтар
Т.М. Әминов, ҚР Ғылым және жоғары білім
минстрлігі Мемлекет тарихы институтының
аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент
Бөлісу: