Моғолстан мемлекеті
02.10.2021 12733
14 ғ. орталығында құрылған мемлекет. Ол Шағатай әулеті иеліктерінің шығыс бөлігінде қалыптасты. Бұл мемлекеттің негізін қалаған Тоғлық Темір (1348—1362) болды.

Моғолстан атауы моңғол деген сөздің түркіше, парсыша атауы болып табылады.

14—15 ғғ. Моғолстан құрамына Түркістан, оңтүстік-шығыс Қазақстан және Орта Азияның кейбір аумақтары кірді. Оған кіретін тайпалар: дұғлаттар, қаңлылар, керейттер, арғындар, барластар кірді. Орталығы — Алмалық қаласы.

Бұрынғы Шағатай ұлысының жерін толық билеуді көздеген Тоғылық Темір Мәуереннахрды Шыңғыс әулеті Денішмендінің атынан билеп отырған Қазағанның көзін құртуды, сол арқылы бұл өңірді Моғолстанға қосып алуды ойлады. Сөйтіп, ол 1358 ж. Қазаған әмірді өлтіртті. Бір жылдан кейін Қазағанның мұрагері Абдолла да қаза болды. Осыдан кейін Мәуереннахр тәуелсіз ұлыстарға бөлінді. Оны пайдалану үшін Тоғлық Темір жанталасты.

Ал осы кезде Ақсақ Темір өзінің шағын әскерімен Кеш қаласының әміріне қызмет етіп жүрді. Тоғылық әскерлері Кешті алады. Темір Тоғылық Темірге қызметке кіреді.

1361 ж. Мәуереннахрға екінші рет шабуылға аттанып, оны бағындырған Тоғылық Темір баласы Ілияс қожаны оған билеуші етіп қалдырды. Бұл жолы ол Темірді Кеш қаласының бастығы етіп тағайындады.

1362 ж. Тоғылық Темір қаза тауып, Моғолстанда билік Ілияс қожаға көшкенде Мәуереннахрға билеуші болып Қазағанның немересі Хұсайн тағайындалды. Ақсақ Темір онымен бірге Моғолстанға қарсы шығып, Мәуереннахрды өздерінің қол астына біріктіруге кірісті. Ақсақ Темір мен Хұсайн Моғолстан әскерлерін талқандады.

Енді Хұсайн мен Ақсақ Темір арасында билік үшін күрес басталды. Осындай шайқастардың бірінде Темір Балқы қаласында Хұсайнды өлтіріп, Мәуереннахрға ие болды.