Әбілқайыр хандығы
08.08.2013 10978
15 ғ. алғашқы ширегінде Қазақстанның солтүстік-батыс және орталық аймағында пайда болған.

Қазақстанның орталық, батыс және солтүстік-батыс бетінде бірнеше тәуелсіз феодалдық иеліктер құрылып, олардың арасында билік үшін күрес толассыз жүрді. Ноғай Ордасы мен Әбілхайыр хандығының пайда болуына әкелді.

Осындай жағдайда Жошы әулетіндегі Шайбанның ұрпағы Дәулет Шайхтың баласы Әбілхайыр саяси өмір сахнасына шықты. Орталық және Солтүстік Қазақстан тайпаларын билеп отырған топтардың қолдауымен ол 1428 ж. Тура өңірінде (Батыс Сібір) хан болып жарияланды.

Оның хандығының құрамына Қият, Маңғыт, Шынбай, Найман, Қарлұқ, Үйсін т.б. тайпалар кірді.

Шығыс Дешті-Қыпшақтың феодалдық бытыраңқы жерлерін біріктірген «көшпелі өзбектер мемлекетінің» яғни Әбілхайыр хандығының Қазақстан тарихында елеулі орны бар. Оның иелігі Ноғай Ордасының шығыс бетін, батыста Жайық, шығыста Балқаш жерлеріне дейінгі, оңтүстікте Арал теңізі мен Сырдың төменгі ағысына, солтүстікте Тобыл мен Ертіс орта ағыстарына дейінгі жерлерді қамтыды.

Әбілхайыр басқарған 40 жылдай уақыт ішінде елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады. Оның қолынан билікті алу үшін күрескен әр түрлі топтармен күрес жүргізуге тура келді. Жошы әулетінің оның ішінде Орда Ежен хан, Орыс ханның ұрпақтары Жәнібек, Керей Әбілхайырға үнемі қарсы шығып отырды. 1446 ж. оған қарсы болып жүрген күшті шонжарлардың бірі Мұстафа ханның әскерлерін талқандады. Сол жылы Әбілхайыр хан Сырдария мен Қаратау бауырындағы Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алып, Сығанақты өз хандығының  астанасына айналдырды.

1450 жж.  Әбілхайыр Мәуранахрдағы Темір ұрпақтарының ішкі тартысына араласып, Самарқан пен Бұқарға жорық жасайды.

1456—57 жж. ойраттармен болған шайқастарда жеңіліске ұшыраған Әбілхайыр елдің бірлігін қамтамасыз ете алмады.

Оған наразы Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған халықтың бір бөлігі Моғолстан жеріне қоныс аударып, Шу мен Қозыбасы (Талас) өзендерінің бойына орнықты.

1468 ж. Әбілхайыр көп жорықтарының бірінде қайтыс болып, «Көшпелі өзбектер мемлекеті» ыдырап кетті.