Бөлісу:
(нәтижесі, мақсаты)
ХІХ ғасырдың соңынан бастап Ресей империясының Сібір,
соның ішінде оның батысы, Алтай аймағын отарлаудағы алдына қойған мақсаты – ұлан-ғайыр өлкені барынша орыс адамдарымен
қоныстандырып, оның байлығын толығымен меншігіне айналдыру, осы арқылы оны
Ресейдің заңды құрамдас бөлігі ету болды. Сонымен қатар аталған аймаққа
Қытайдың да назарының аууы өлкені екпінді тұрғыда игерудің басты себебіне
айналды.
Бірнеше кезеңге созылған осындай отарлаудың, оның соңынан жүргізілген көрсетілген аймақтарды жаппай қоныстандырудың нәтижесінде ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басына Батыс Сібір, Алтай өңірінің негізгі тұрғындары орыстар болып қалыптасты.
Бүкіл Сібір жерін, соның ішінде оның неғұрлым табиғаты әсем, жер қойнауы аса бай, шаруашылыққа қолайлы батысы, Алтай өңірін иеленіп, оны шаруашылықтық тұрғыда игеру арқылы Ресейдің территориясын одан ары кеңейту арқылы мемлекеттің қуаттылығына жетісу ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басындағы мемлекеттік саясаттың негізіне айналды. Осындай мақсаттағы отарлауды жүзеге асыруға Ресейдің барша қоғамы қатысты. Бұл мәселе Ресейдің аса үлкен отарлы империя болуын аңсап, соған жетісуге асыққан мемлекеттік ұйымдардың, ғылым өкілдерінің, баспасөз орындарының бастыжұмыс бағыттары болып қалыптасты. Олардың көтерген мәселелерінің тақырыбы да қосылған аймақтардағы орыс халқының жағдайы, оны отарланған өңірлердің қожайыны, иесі ретінде қалыптастыруға бағытталды.
Орыс қоныстанушыларының мүддесін қамтамасыз ету, олардың ешқандай да кедергісіз бағындырылған аймақтардағы қалаған жерлеріне орналасуды іске асыруға барынша назар аударылды. Батыс Сібір, Алтай өңірін орыс шаруаларымен одан ары қоныстандыру, бұл шараның болашақтағы империялық тұрғыдағы бағыты мен іс-қимылы әХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басындағы мемлекеттік тұрғыдағы зерттеулердің, талдаулардың негізгі мазмұнына айналды. Атап айтқанда, 1910 жылы жарияланған “Сибирь. Оттиск о переселении” [1] атты кітапта Батыс Сібір, Алтай аймағын ХХ ғасыр басындағы орыс шаруаларымен қоныстандырудың маңызы айқындалып, осы саладағы атқарылған істер сараланды. Кітапта әсіресе аймақты ата қонысы еткен қазақтардың жерлерін одан ары алудың жолдары мен оның империя мүддесі үшін қажеттігі көрсетіліп, бағыттары тұжырымдалды. Осы тұрғыда кітапта: “Сібірдегі мемлекеттік істің маңыздылығы қоныстандыру болып табылады. Адамдардан басқаның барлығына бай Сібір мұнда нақты орыс жұмыс күшінің келуімен шаруашылықтың және мәдени өмірдің нақты өркендеуіне жетіседі. ... Қоныс аудару мұндағы нақты қозғаушы күш болып табылады. Аталған күштің әсерімен басқа барша қатынастар орындарынан жылжып, жаңаша жағдайға ие болады.
Қоныс аударушылардың келуімен қалыптасатын жаңа жағдайларға сай барлық шаруашылықты жүргізу, көне тұрғындар мен көшпенділердің ғасырлық қауымдық құрылысы және жергілікті жұмыс нарығы да бейімделуі тиіс. Міне осындай талаптың өзі ғана қоныс аударудың маңызын аша түседі және мемлекеттің ерекше назарына алынады. Қоныстандырудың барысы Сібірдің барша экономикалық болашағында айырықша орын алады. Сонымен қатар қоныс аудару өзінің мәні жағынан аса күрделі және сөзсіз болып тұратын шығыны және шектеулерімен үкімет тарапынан қамқорлық мен көмекті қажет етуде.
Соңғы жылдары қоныс аударусанының өсуімен өзінің назарын аударта түсті. Біздің Сібірді иеленуіміздің 300 жылдығында ондағы орыс тұрғындарының саны 4,2 миллион адамға жетті, ал соңғы 15 жылда бірден 3 миллион адамға қосылды, оның біржарым миллионы 1907-1909 жылдар аралығындағы үш жылда келді.
Таяу уақыттағы атқарылған нақты шаралар негізінде қоныстандыру ісін жүйелеу мақсатында Мемлекеттік Дума жанынан Ерекше қоныстандыру комиссиясы құрылды. Үкіметтің қоныс аудару комитеттерінің жұмысы барынша жандандырылды. Бірлескен қимылдар нәтижесінде көптеген істер атқарылды. Сібірдің жер қоры, оның сапасы анықталды, қоныс аударушылар қозғалысы зерттелді, бұл істің жүйесі жаңартылды, ... Сібірді отарлаудағы қоныстандырудың маңызы айқындалды.
Өткен жылдың күз айындағы біздің Сібір мен Дала өлкесіне жасалған бірлескен сапарымыз 6 уезд, 4 губерниялар мен облыстарды қамтып, ... қоныстандыру үшін жағдайлары әртүрлі ... аудандар анықталды.
1. Қырғыз даласының құнарлы солтүстік және Алтайдың далалық бөлігі –қоныстанушылар армандайтын жерлер;
2. Бос жерлер аса мол, алайда салыстырмалы түрдегі су қоры аз қырғыз даласының оңтүстік аймақтары.
Осы айтылғандар негізінде құрғақшылыққа ұшырап және екі рет астық шықпаған барша Далалық өлкедегі Семей облысының нақты мәліметтер бойынша ең қолайсыз деп саналатын Павлодар уезінде болдық.
Сібір темір жолына жақын орманды аймақ және ... сапар кезіндегі жасалған бақылаулар мен қорытындылар қысқаша түрде төменде беріледі: (1910 жылдың,-Ғ.Қ.) 1 қаңтар мен 1 қыркүйек аралығында Оралдан ары 323 мың адам қоныстанушы өтті. Өткен жылғы осы мерзімде екі есе көп-639 мың адам өтті. (Қоныстанушылар көлемінің артуы,-Ғ.Қ.) ... Төмендегі екі ықпалға байланысты түсіндіріледі: Еуропалық Ресейдегі астықтың шықпауы және Сібірдегі жақсы астық түсімі.
... Қалай дегенмен де қоныстанушылардың жартысы ешқандай (мемлекеттік,-Ғ.Қ.) жоспарсыз, жер алу кепілдігінсіз, қолында қоныс аударушыға берілген құжатсыз аттанды. Осындай орналастырылмаған, “өз еріктерімен жылжушы” қоныстанушыларды баратын жеріне жеткізудің барша жоспарына қиындық әкелген қоныстанушылардың Сібірге жылжуы Оралдан арғы жерде 700 мың адамға жетіп отыр. Мұнда олар жерді жалдаушылар, бұрын қоныс аударғандардың жерлерінде жұмысшылар ретінде өмір сүріп, олардың жағдайлары ауыр болып отыр.
... Қаулыға сәйкес, Мемлекеттік Думаның қоныстанушыларға арналған жақсартылған вагондар жасауға 48 миллион рубль босатуы қоныстанушылар үшін аса маңызды, ... бірінші кезектегі міндет болып табылады.
... Шекараны нығайтудың нақты шарасы біреу-адамдардың саны аз шет аймақтарды қоныстандыру. Шет аймақтарға қоныстанушылардың келуі ылғал беруші нәрлі шырын сияқты Сібірде орыс ағашының жанды қабырғасы негізделуі тиіс. Оралдан арғы қоныстандыру қозғалысының еркіндігі осының негізі болып табылады.
... Батыс Сібірге, Далаға, Алтайға жол ертеден-ақ қоныстанушыларға әбден белгілі. Қоныстанушылардың түгелге жуығы бұл жерлерді жақсы біледі. Сондықтан да Батыс Сібірдің осы бөлігін одан ары қоныстандыру жаңадан келетіндердің бұрынғыға қарағандағы шаруашылықтық күш-жігеріне, ... байланысты.
... Статс-хатшы Куломзинның Сібірге барған сапары негізіндегі жасалған 1896 жылғы есебінде қоныстанушыларға арналған таяу жылдардағы нақты жерлер 130 мың адамдық екендігіанықталды. Содан бері 15 жыл өтті, көрсетілгеннен 10 есе артық жер бөлінді, жыл сайын қажетті саннан үш есе артық жер анықталынып, қоныстандырылуда. Қоныстандыру басқармасының 1908 жылдың басындағы есебі бойынша болашақтағы қоныстандыру үшін жарамды жер қоры 6 миллион екі жынысты қоныстанушыларға арналған 3 миллион бөлікке жететін жер болып белгіленіп отыр, соның ішінде оның үштен бірін Дала өлкесінен іздеу жоспарланды. Бұл есеп сол мерзімге көбіне артық көрсетілген мәлімет, “арман” ретінде көрінді. Үш жыл өтті, қоныстандыру қорына жарты миллион жер бөлігі алынды, ал Сібірдің жер қоры таусылғанның орнына өсе түсуде. Атап айтқанда, Ақтөбе облысында артық жер көлемі 1908 жылы 6,5 миллион десятина немесе600 мың жер бөлігі деп белгіленсе, оның ширек бөлігі бөлініп болды. Осыдан кейінгі жүргізілген бүкіл облысты қамтыған келесі зерттеунәтижесінде онда 1910 жылы бос жерлер 6 миллион десятина емес, 12 миллионға (11877мың) жуық десятина екендігі анықталды.
Батыс Сібірдегі қоныстанушыларға арналған жер қорын атағанда 1904 жылғы 31 мамырдағы заңға сәйкес казак әскерлерінің жеріне қосылған 3 миллион десятинадан тұратын он шақырымдық жерді атамай кетуге болмайды. Осы жер көлемінің үлкендігін оның басым бөлігінің станицалар мен әскерлерге, әскер басыларына берілгеніне қарамастан қалғанының 800000 десятина екендігін білуге болады. Кезінде бұл өңір өз мерзіміндегі бізге жат бұратаналардың даласы мен казак станицалары арасындағы осы өңірдегі ащы-тұзды көлдердің молдығынан “Горькая” атауын алған шекаралық жүйе(қызметін атқарды,-Ғ.Қ.).
... Горькая жүйесі Орынбор губерниясы шекарасынан солтүстіктегі Ақмола облысы арқылы Ертіске дейін, одан кейінгі Ертіс жағалауымен оңтүстігінде Омбы уезі мен Семей облысына дейін жетеді.
... Қазіргі күні оншақырымдық шекара аймағы және Горькая шекара жүйесі жерлері біріктіріліп, қырғыз даласының ең жақсы және бай жерлерін иеленген казактар иелігіне жатады.Оншақырымдық жүйеде құнарлы, жыртылмаған жерлер әлі мол, ...
1904 жылғы заң қабылданған мерзімде әскерлер территориясына қосылған жерлерде осы өңірде тұрып келген, әскерлергеалым төлеу арқылы көрсетілген жерде қалу құқығын алған 4 мыңға жуық қырғыз жанұялары бар. Аталған қырғыздардың жерге орналастырылуы туралы заңда қаралмаған.
... Қазіргі күні қырғыздар жалға алушылар ретіндегі өздерінің жағдайларын нақты айқындауды қажет етеді. ... Сібір казак әскерлерінің басқармасы жалдама ақысының мөлшері жер құнына қарағанда аз екендігін мәлімдей отыра қырғыздарды әскерлер территориясынан тыс қазына жерлеріне орналастыруды қажет деп есептейді, алайда қырғыздар өздерінің мекендеген жерлерінде қалуды қалайды.
... Таулы Алтай: Батыс Сібірдің бүкіл ең жақсы жер қоры1906 жылдың 19 қыркүйегі күнгі Жоғары мәртебелі заңға сәйкес қоныстандыру қорына өткен патша Кабинетінің жерлерін құрайды.
Бұл жерлерде қырғыздардың көш жолдары болды. Енді жоғарыдағы жарлыққа сәйкес оның Томск уезіндегі 400000 десятинасы (қоныстандыру қорына алынады,-Ғ.Қ.).
...Бұрынғы келген қоныстанушылар жерлерінің арасындағы бос аймақтар қоныстандырылған, ал Барнаул уезінде қоныстандыру қоры белгілеген жерлерге соңғы келушілер орналастырылып, ауқатты шаруашылықтар негізделіп, жаңа өмір басталған.
... Алтай округінің кең аумағындағы анықталған 40 миллион десятина жерінің 18 миллионы шаруаларға алдыңғы мерзімде берілген және 3 миллионы (жаңадан адамдар келетін,-Ғ.Қ.) қоныстандыру қорына босатылған, осылармен бірге 1906 жылғы заңға жатпайтын ормандар мен тау-кен зауыттары жерлері саны өте аз тұрғындары бар 13 миллион десятина аймақты құрайды.
...Сібір бұратаналары, соның ішінде негізінен алғанда қырғыздардың жағдайы күрделі мәселе болып табылады. Қара топырақты аймақтарда көшіп жүрген қырғыздар және осында ұмтылушы орыс жер өңдеушілері арасындағы бөліс ... қырғыздардың көшпелі мал шаруашылығын жүргізу ережесіне сай жерлерін босатып, осы босаған жерлерді бірден қоныстандыру қорына беру ... (арқылы іске асырылуы тиіс,-Ғ.Қ.)
... Далалық өлкедегі су мәселесі аса назар аударарлық. (Ондағы су,-Ғ.Қ.) қазіргі және болашақтағы жер өңдеуші халыққа жете ме? Қырғыз даласындағы су шындығында да ең бағалы, ең пайдалы қазына байлығы болып табылады.
... (Сібірдегі,-Ғ.Қ.) ... қоныс аударушылардың малы бұрынғы отандарындағы көлемінен орташа алғанда бір жарымжәне екі есе, атап айтқанда ірі қара 45%, ұсақ мал 117% артық болды. Әр қоныстанушы шаруашылықта (қоныстанушы жанұясында,-Ғ.Қ.) орта есеппен бес бас ірі қара және алты бас ұсақ малдан бар. Мұндай байлық туралы олардың көпшілігі өздерінің шыққан жерлерінде ойламайтын да еді. Сібірдегі мүлдем малсыз шаруашылықтардың саны жартыға жуық, (атап айтқанда,-Ғ.Қ.) 135-дан 70 %-ға дейін азайды.
... Қоныстандыру ісінің пайдалы нәтижесі Азиялық Ресей, сонымен бірге Еуропалық Ресей үшін де қоныстанушыларды Оралдың арғы жағына орналастырудың ойдағыдай іске асуына байланысты. Ал ондағы қоныстанушылардың келуінің қазіргі көлемі тұрғындар құрамының үлкен мөлшердегі өсуін береді. Ақмола облысында 1893 жылы отырықшы шаруалар тұрғындары 28500 адам немесе облыстың барша тұрғындарының 5%болса, қазіргі күні қоныстанушылар есебі 543 мың 500 генемесе 45%-ға жетті. Томск губерниясында соңғы 3-4 жылда миллионға жуық шаруа қоныстанды.
... Барнаул уезінің қиыр батыс бөлігін құрайтын 913 мың десятинадан тұратын Құлынды даласы Кабинетке жылына барлығы 3 мың рубль ғана пайда әкелетін еді. Оны қырғыздар жалға алып, жердің бір бөлігін Павлодар қаласы тұрғындарына беріп келді.1907 жылға Құлынды даласындағы осындай қырғыз жалға алушылардың саны 1089 үй болды, оларды қамтамасыз ету үшін қоныстандыру орындары 167 мың десятина (әр жанұяға 150 десятинадан) жер қалдырды, ал 745 мың десятинасы қоныстандыру бөліктеріне алынды.
... Бұрынғы өлі далада орыс өмірі жанданып келеді. Біз Құлынды даласындағы 14 қоныстан өттік. Осы жерлердің барлығында шаруашылық жолға қойылған. Көптеген қоныстар мүлдемге нығайған. Архангельск қонысында (187 аула) қоныстанушылардың 1000-ға жуық негізінен ірі қара малдары бар. Креста қонысында 600 бастан жоғары, т.б.... Дала құдықтарға толып, ... біз болған қоныстардағы 100–жуығын қоныстанушылардың өздері қазған. ... Дамып келе жатқан бұл өмір терең сезім қалдырады: сәтті іске асырылған қоныс аударудың халық байлығының артуына әсер ететіндігін нақты байқауға болады.
... Сібір бұратаналарына, соның ішінде қырғыздарға келетін болсақ, қоныстандыру оларды ығыстыра түсуде, алайда жерлерін толығымен алмайды. Миллиондаған десятинаны жоғалта отыра олардың қалған жерлері нарықтық бағаға ие болады.
... Қырғыз жерлерінің белгілі бөлігінің қоныстанушылар иелігіне өтуі қырғыз шаруашылықтарын күйретпейді.
... Қырғыз шаруашылықтарының ауқаттылықтары іске асырылмаған әлі де кең аймақтардағы жерді көшпенділерден өздеріне керекті жерлерді қалыптасқан мөлшерден аз деңгейде қалдыра отыра алу саясатын одан ары жалғастыру қажет. ... Қырғыздардың егін шаруашылығына жарамды жерлерді қалдыра отыра мал шаруашылығын одан ары жүргізуге арналған талаптары негізсіз.
Қырғыз даласының оңтүстігінде (мысалы Семей облысында) мұндай жерлерді бағалау керек және де олардың көшпенді малшылардан орыс егіншілеріне өтуіне барынша жағдай жасау қажет.
...Босаған артық жерлерге бірден орыс қоныстанушылары орналастырылмады. ... Далалы Сібір табиғатының өндіргіш күштерін барынша тиімді пайдалану және де Ресейдің халық байлығын молайтуды барынша қолдау керек. Қырғыз даласын іскерлікпен және жігерлілікпен қоныстандыру қажет.
... Батыс Сібір мен Далалық өлкедегі 1910 жылғы егістік көлемі 1905-1909 жылдар мерзіміндегі бесжылдықтағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда 858 мың 500 десятинаға артты.
Томск губерниясында соңғы 12 жылда Сібірдің негізгі астығы –бидай егістігінің көлемі екі есеге (588 мың десятинадан 1157 мың десятинаға), Ақмола облысында үш есе (98 мың десятинадан 279 мың десятинаға дейін) молайды. Томск губерниясында соңғы 4 жылда егістік көлемінің артуы (+44%) Сібір тұрғындарының жылдам өсуінен де асып түсті.
... Сібірдегі май дайындау ісі 400 пұд дайындалған 1894 жылдан басталып, онжылдық көлемінде 25 миллионға жуық рубльге бағаланған 2 миллион пұдқа жетті; Сібірден май тасу 1906 жылы 3 миллион пұдқа, 1907 жылы 3,5 миллион пұдқа жуық болды.
... Біздің сыртқы саудадағы май тасымалы толығымен Сібір майының өніміне байланысты бола отыра 1896 жылы Ресейдегі май сату 3,2 миллион рубльге бағаланған 310 мың пұд болса, 1907 жылы 47,5 миллион рубльді құраған 3,5 миллион пұд болды. Жылына 47 миллион рубль тұратын шетел алтынын әкелген осы табыс үшін Ресей Сібірге міндетті.Сібір майы бүкіл Сібір астық өндірісінен екі есе артық алтын береді”[1.3-54] - делініп, негізінен қазақтардың Орта жүзі рулары мекен етіп келген Батыс Сібір, Алтайды қоныстандырудың өткен тарихы баяндалды, болашақтағы бұл аймақтарды одан ары қоныстандырудың міндеттері сараланды. Одан анықталғанындай, жаңа жерлерді қоныстандыру осы өңірдің негізгі тұрғындары, соның ішінде қазақтар есебінен жүзеге асырылуы керек екендігі ашығынан көрсетілген.
“Справочная книжка по Семипалатинскому переселенческому району на 1912 год. Описание Семипалатинского переселенческого района” [2] атты келесі жинақта аталған өлкені, соның ішінде қазақ тұрғындары басым орналасқан өңірлерді орыс шаруаларымен қоныстандыруға байланысты бос жерлерді анықтаудың барысы талқыланып, жер жағдайларына сипаттама берілген. Құжатта көрсетілгеніндей: “Омбыдағы станицаларда және аймақтарда қоныстандыру орындары орналастырылған. Павлодар мен Семейде қоныстанушыларға арналған фельдшерлік орындар мен барактар бар.
Семей облысы 442244 шаршы шақырым немесе 465 миллион десятинадан тұратын аса үлкен аймақты қамтиды, әкімшілік тұрғыда ол 5 уезге бөлінеді:
1.Павлодар уезі 103788 шаршы шақырым немесе 11 миллион десятинаға жуық;
2. Семей уезі 64781 шаршы шақырым немесе 7 миллион десятинаға жуық;
3. Қарқаралы уезі182431 шаршы шақырым немесе 10 миллион десятинаға жуық;
4. Өскемен уезі 41487 шаршы шақырым немесе 5 миллион десятинаға джуық
5. Зайсан уезі 49752 шаршы шақырым немесе 5 миллион десятинаға жуық.
... Семей облысына негізінен Еуропалық Ресейдің төменгі губернияларынан келген адамдар қоныстандырылды.
(1910 жылғы мәліметтер бойынша):Павлодар уезіне негізінен Екатеринослав губерниясынан (2811 екі жынысты адам) және Харков губерниясынан (1698 екі жынысты адам), одан кейін Таврия (1653 адам), Киев (1395 адам), Чернигов (770 адам) және Полтава (408 адам) (губерниялары,-Ғ.Қ.);
Өскемен уезіне негізінен Таврия губерниясынан шыққан шаруалар (5060 адам) Харьков (2988 адам), одан кейін Полтава (1588 адам) және Екатеринослав (874 адам) (губернияларынан,-Ғ.Қ.);
... Зайсан уезіне Томск губерниясынан келген қоныстанушылар (3636 екі жынысты адам), Кубань облысынан (434 адам) және Таврия губерниясынан (238 адам) келгендер орналасты.
... Семей уезінде көбінесе Полтава губерниясынан шыққан шаруалар (654 адам) және Тавриядан (623 адам) қоныс аударғандар орналасты.
... Алтай тауындағы (қоныстандыру,-Ғ.Қ.) бөліктері Қобда өзені, Күршім өзенінің жоғары ағысы, Марқакөл көлі маңайы, Қалжыр өзенінің жоғары ағысындағы жерлерді қамтиды.
... Зайсан уезінің Алтай, Сәуір, Тарбағатай таулары арасында егін шаруашылығын суландырусыз жүргізетін неғұрлым жылы және құрғақ үлкен аңғар жатыр. Аңғардың ортасында тұщы Зайсан көлі бар және оған биік таулардан ағып келетін өзеншелер және қайтадан ағып өтетін Ертіс құяды.
...Көл маңайында егін шаруашылығына қолайсыз, астық суыққа шалдығатын Сәуір тауында, ал келесісі суландыру жағдайында ауылшаруашылығын жүргізуге мүмкіндік беретін Тарбағатайда орналасқан екі қоныстандыру бөлігі бар.
... Бұл Зайсан уезінің Өскеменнің сол жағалауымен жалғасатын солтүстік-батыс бөлігі. (Қоныстандыру,-Ғ.Қ.) бөліктері тау етегі аңғарына орын тепкен. (Егістік,-Ғ.Қ.) даласының басым бөлігі суармалы. Көпшілігі Өскемен (уезінің,-Ғ.Қ.) сол жағалауына ұқсас, тек біршама құрғақтау”[2.3-12].
Батыс Сібірді, соның ішінде жерге ие болушылдарды үнемі қызықтырып келген Алтай өңірін қоныстандыру ісін ұйымдастыруды айқындайтын келесі: “Справочная издания переселенческого управления Министерства внутренных дел. Выпуск ІІ. Сибирское переселение в 1899 году. (Что знать каждому ходоку).-” деген анықтамада да аталған өлкелерге барып, жер алғысы келетін Ресейдің ішкі губерниялары шаруаларына осы өңірлер туралы анықтама беріліп, оны барынша молынан қоныстандырудың қажеттігі айқындалған. Яғни, құжаттағы деректерден белгілі болатынындай: “Сібір тұрғындары кең аймақта қалаған жерлерін жыртып, егістік аймақты молайтты, алайда көпшілігін тастап кетті. Осы тастап кеткен иесіз қалған Сібір тұрғындарының артық жерлері (қоныстандыру,-Ғ.Қ.) бөліктеріне алынды. Басқа (жер,-Ғ.Қ.) бөліктері даладан дайындалды. Далада қырғыздар тұрады... Қырғыздардан да қоныстандыру үшін алынған артық жерлер табылды.
Қазіргі күні ... қырғыздарда (қоныстандыру қорына,-Ғ.Қ.) алатын жер жоқ, сондықтан бұрын жыртылмаған немесе сапасы төмен жерлерді (қоныстандыру,-Ғ.Қ.) бөліктеріне алуға тура келеді.
... 1899 жылғы бөліктер оның алдындағы жылдармен салыстырғанда едәуір мөлшерде аз. Бұрынғы мерзімде жақсы жерлер белгілі болатын және де (қоныстандыруға арналған жерлер,-Ғ.Қ.) бөліктерін анықтау жылдам және оңай іске асырылатын. Ал енді жерді айқындау, оның жарамды, жарамсыздығын анықтауға тура келеді. Оны даладан іздейді, алайда ондағы далалық жер бөліктері өте аз.
Таулардан іздейді, онда да жарамды жер жетімсіз. Бос жер орманды аймақтардан, соның ішінде Барабы даласынан немесе Барабыдан табылды.
... Алтай округі қазынаға жатпайды, патшаның меншігі болып табылады және де патша Кабинетінің басшылығында. Округтың жерлерін Томск губерниясының Барнаул, Бийск, Змеиногорск және Кузнецк уездері және де Томск уезінің Кайлин, Кривощеновск, Ояшинск, Тутаньск, Чауск, Спасск және Уртанск болыстықтары негіздейді.
Алтай округінде бұрынғы жылдары қоныстандыруға арналған жер бөліктері дайындалған болатын, ал қазір бөліктер дайындау округке келген қоныстанушыларды орналастырып болғаннан кейін уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Алтай округінің басшылығы мәлімдеді. Сондықтан да Алтай округіне баруға тілек білдіргендерге куәлік берілмейді.
... Жер бөліктері әсіресе түгелге жуық темір жолға жақын жерлерден таңдап алынады.
... Ақмола және Омбы уездері: Жері тегіс, қара топырақты ..., бидай жақсы шығады.
... Барабы немесе Барабы даласы деп Томск губерниясының үш, атап айтқанда Каин, Барнаул, және Томск уездерінің кеңаймағын қамтыған үлкен жазық өңірін айтады. Барабыны дала деп атау дұрыс емес, себебі онда орман далалық аймақтардағыдан кем емес.
... Қоныстандыру бөліктері Каин уезінде орналасқан” [3].
“Обзор работы по внутринадельному межеванию на переселенческих участках за Уралом в 1908-1909 гг.Переселенческое управление главного управления землеустройства и земледелия.,Издание правил 22 июня 1900 года о подворном и хуторском устройстве на переселенческих участках в Сибири и Степном Генерал-Губернаторстве” [4] атты келесі жинақта ХХ ғасыр басындағы Батыс Сібір, Алтай өңіріне Ресейдің ішкі губернияларынан келетін шаруаларды орналастырудағы хуторлық шаруашылықтар құрудың қажеттілігі мен тиімділігі айқындалған. Яғни бұрынғы аймақтарында жерді қауымдық тұрғыда пайдаланған шаруаларды бүкіл село, деревняларымен жаңа жерлерге орналастырып, Сібірде жаппай шаруалар хуторларын (білестіктерін) құрудың тиімділігі көрсетілген. Осы арқылы Батыс Сібір, Алтай аймағын жаңа леппен, қарқынды тұрғыда қоныстандыру арқылы игерудің мемлекеттік тұрғыдағы қажеттігі тұжырымдалған. Яғни, аталған жинақта баяндалғанындай: “Сібір темір жолын салғаннан кейінгі Еуропалық Ресейдің батыс губернияларынан Сібірге қоныстандыру қозғалысының дамуы қоныстанушылардың жаңа жерлерде (бұрынғы,-Ғ.Қ.) отандарындағыдай бөлінген жер бөліктерін ұйымдасып, тіпті жеке хутор ретінде пайдалануға деген елеулі тұрғыдағы ұмтылыстарымен ерекшеленеді.
Мұндай әдістің тиімділігін оларға қауым кезіндегі шаруашылықты ұйымдастырудың осындай түрін жүргізген Сібірдің ерте қоныстанушылары (старожилы) көрсетті. Аталған қоныстанушылардың (ерте келгендер) өздерінің хуторларын еркін орналастырып, оған тиісті жақсы жерлерді таңдап алуларына мүмкіндіктері болды.
Хуторлық жерлерді ұйымдастыруға арналған...Қоныстандыру бөліктері негізінен алғанда бір аймаққа орналасқан бірнеше ондаған немесе жүздеген адамдарға тиесілі жерлердің біріктірілуі негізінде қалыптасады. Осымен қатар әсіресе Еуропалық Ресейден келген қоныстанушылар арасынан дербесшаруашылық құру мақсатында қоғамнан шығуға деген ұмтылушылық та байқалады.
... Сондықтан да шаруалардың аталған тұрғыдағы ұмтылыстарын қолдай отыра (бұрынғы мекендеріндегі,-Ғ.Қ.) жаңа жерлермен танысқаннан кейін өздерінің хуторлық шаруашылықтарын жүргізуге деген тілектеріне қолдау көрсетілуі қажет.
... Осындай талаптарды іске асыру мақсатындағы ерекше ереже қабылдау үшін комитет: “Сібір темір жолы комитетінің мүшесі, оның іс басқарушысы және дайындық комиссиясының мүшесінің төрағалығымен” Сібірге қоныс аударушылардың жеке (хуторлық,-Ғ.Қ.) шаруашылықтарды құруларының ережесі дайындалып, Айырықша кеңеске негіздеу ұсынылды. Комитеттің Айырықша Кеңес құруға арналған қорытындысы патшаның қол қоюына жіберілді.
... Жоғары тұрғыдағы кеңестің ұсынысы бойынша аталған бағыттағы (хуторлық шаруашылықты ұйымдастыруға арналған,-Ғ.Қ.) ережелер дайындау төмендегідей үш түрлі міндет қояды:
1. Шаруалардың өздерінің алға қойған мақсаттарын (хуторлық шаруашылықты негіздеу,-Ғ.Қ.) іске асыруына еркіндік беру;
2. Шаруалар қоғамының жекелеген мүшелерінің заңды құқықтары мен мұқтаждықтарын қолдау;
3. Соңғыларын (хуторлық шаруашылықты,-Ғ.Қ.) ұйымдастыруда шаруалардыңбастамаларын шектемей, бақылау негізіндегі мемлекеттік орындар тарапынан үнемі қолдауды іске асыру. Сібірге қоныстанушыларды осы үш талапты іске асыруға арналған заңнамалар негізінде аулалық және хуторлық негізде орналастыруанықталған қоныстанушылар жерінде іске асырылады.
Ерекше кеңес көрсетілген ережелерді қабылдай отыра қоныстандыру бөліктерін ұйымдастырғанда хуторлық негізді еске алады, осы арқылы кей жағдайларда жарамсыз деп танылған жер бөліктерін де тиімді пайдалануға мүмкіндік туады.
... Соңғы жылдары хуторлық шаруашылықтарды дайындау алға қарай жылжи бастады. Бұған, біріншіден, қоныстанушыларды орналастырудың хуторлық жолын ұйымдастыруға ерекше назар аудару оңды себеп болды.
...1909 жылға Оралдан арғы жерлерге 424 жаңа хутор ашу жоспарланып отыр. Соның ішінде: Ақмола ауданында-1, Семей-40,Томск–153.
Осы анықтамадан белгілі болатынындай, хуторлардың басым бөлігі Томск губерниясына тиесілі. Онда өткен жылдарда: 1908-85,1907-103, ал үш жылда-341 хутор негізделді.
... 1900 жылғы 22 маусымдағы заңдар жинағының VІІІ ерекше қосымшасындағы140-144 және 167 баптарында қаралған қоныстанушылар бөліктерін негіздеудегі хуторларды анықтауға арналған ережеге сай тиісті орындарға (хуторлық,-Ғ.Қ.) жер бөлуге арналған 126 ұсыныс қабылданды.
... Қоныс аударушылардың жер өлшеушілерді жіберу туралы ұсыныстары осында қоныс аударғандардың басым көпшілігі келетін Томск ауданынан түсті.
... Томск губерниясындағы хуторлық шаруашылықты ұйымдастыру мақсатындағы алғашқы жұмыстар 1907 жылға жатады.
... 1909 жыл бойы Ақмола облысындағы жерге орналасушылар қоныстары бойынша тиісті жерлерді (хуторлық шаруашылық жүргізуге арналған,-Ғ.Қ.) анықтау мақсатындағы 33 ұсыныс түсті” [4.5-52].
Қорыта айтқанда, Ресей патшалығы тарапынан Батыс Сібір, Алтай өңірін, соның ішінде қазақтар барынша молынан орналасқан аймақтарды отарлап, оны орыс шаруаларының толығымен қоныстандырылған мекені ету ХХ ғасырда өзінің осындай кең ауқымдылығы, белсенділігімен ерекшелене түсті.
Ресей империясының көрсетілген өлкедегі жерлері тартып алынуы арқылы жергілікті тұрғындарға жаппай күйзелу, қасірет, жоқшылық әкелген осындай отарлаудың мәні мен мақсатын, барысын аталған жинақтардың мазмұны толығымен дәлелдей түседі.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Сибирь. Оттиск о переселении.-Спб.,1910,С.84
2. Справочная книжка по Семипалатинскому переселенческому району на 1912 год. Описание Семипалатинского переселенческого района. -Спб., 1912, С.19
3. Справочная издания переселенческого управления Министерства внутренных дел. Выпуск. ІІ Сибирское переселение в 1899 году. (Что знать каждому ходоку).-Спб., 1899., сс.4,5,9,10,11
4. Обзор работы по внутринадельному межеванию на переселенческихучастках за Уралом в 1908-1909 гг. Переселенческое управление главного управления землеустройства и земледелия., Спб., 1910, С. 55
Қарасаев Ғ.М., т.ғ.д., ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты, Астана
Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді
Бөлісу: