Бөлісу:
Ресей патшалығының ХVІ ғасырдың соңынан ХХ ғасырдың басына дейінгі созылған
барша Сібір аймағын отарлауында табиғаты әсем, қойнауы кенге бай, жері құнарлы
Алтай өңірі ерекше маңызға ие болды.
Аталған аймақтың Қытайға жақындығы да оны орыс мемлекетінің өзіне толығымен қосып, өнеркәсіптік, шаруашылық тұрғыда игеріп, жылдам қоныстандыруға ұмтылдырды.
Міне, сондықтан да осы аймақты өз иелігіне қаратуда жүйелі түрде іске асырылып келген қамалдар, казак станицаларын салу, шекара шептерін негіздеуге баса көңіл аударылды. Осындай отарлаудың нәтижесінде ХІХ ғасырдың ортасына Алтай аймағы Ресейдің Қытаймен екі арадағы әскерилендірілген өңірге айналдырылып, тұрғындардың басым бөлігі орыс империясының отарлау саясатындағы тірегі болып келген әскери адамдар ретінде қалыптасты. Осы айтылғандармен қатар Алтайды әскери отарлау өлкенің оңтүстік-шығыс аймағына жылжып, ХХ ғасырдың басына дейін Ресей-Қытай шекарасы қосымша казак станицалары, әскери бекіністермен толықтырылды.
Ал, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан Ресей үкіметі өлкені шаруалармен жүйелі түрде барынша қоныстандырып, оны толығымен орыстар мекендейтін аймаққа айналдыруды кезек күттірмейтін міндет етіп қойды. Себебі ХІХ ғасырдың ортасына дейін Алтайды қоныстандыру негізінен алғанда орыс шаруаларының өз еріктерімен келіп орналасулары арқылы іске асырылып келді. Ал, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бұл іске мемлекеттік маңыз беріліп, өлкеге мол тұрғыда орыс шаруаларын орналастыру қолға алынды. Осы мақсатты іске асыруда арнайы ережелер, заңдар шығарылды. ХХ ғасыр басынан Алтай өңіріне орыс шаруаларын тоқтаусыз орналастыру мемлекеттік тұрғыдағы әр уездерде негізделген қоныстандыру комитеттерінің міндеттеріне айналды.
Жоғарыдағы аталып кеткендей, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Алтай аймағын жаппай орыстармен қоныстандырудың мақсаты, барысы, нәтижесі, бұл істі одан ары дамытуға арналған ұсыныстар, т.б. сол мерзімдегі арнайы мемлекеттік басылымдарда үнемі жарияланып тұрды. Оларда өлкені қоныстандырудың ерекшеліктері, көлемі айқындалды. Алайда аталған басылымдардың ешқайсысында да жерсіз қалған байырғы тұрғындардың жағдайы қарастырылып, тағдырлары көрсетілмеді.
Атап айтқанда, Г.Н.Потанинның “Юго-Западная часть Томской губернии в этнографическом отношении” [1. 154] атты шығармасында: “Орыстар келгенге дейін Сібірді чудтар мекендеген. Осы чудтардың: “Сібір топырағында ақ қайың өскен кезде бүкіл жердің иесі Ақ патша болады деген аңыз” болған. Ақ қайың Сібірде пайда болған кезде чудтар барлық байлықтарымен бірге жерге көмілді. Сондықтан да көне заттар табылған және табылатын төмпешіктердің барлығы чудтардікі деп есептейді.
... Алтайда тұратын, православиелік шіркеуі бар, осы жағадан қоңырау дауысы естілетін қашықтықтағы теңіздің арғы жағына орналасқан орыс адамдары арасында “Беловодье” елі туралы аңыз кеңінен тараған. Томск губерниясының тұрғындары екі рет аталған қасиетті жерді ашқысы келді. Осы жүз жылдықтың басында (ХІХ ғасырдың,-Ғ.Қ.), ал одан кейін ... 1843 жылы Бұқтырманың тау шыңдарында тұратын тас адамдары ... жарты сукноғажәне төрт марал мүйізіне жолбасшыны жалға алып, балаларын жол дорбаларына орналастырып, Қытай арқылы Беловодьеге аттанды. Олар Қобдо қаласынан қайтадан қайтарылды.
... Өткен жүз жылдықтың (ХVІІІ ғасырдың,-Ғ.Қ.) басына дейін Алтайдың төменгі өңірін ешкім иеленбеген болатын, жазықтықты орыстық отарлау екі мекен арқылы жүргізілді: сол мерзімдегі Демидов зауыттары болған Чарыш өзені, Өскемен қамалы орналасқан Ертіс арқылы жазық жерлер Алтайдан ішкі Сібір арқылы Барабыға дейін созылды; ал келесі жағынан алғанда Алтайдың альпілік өңірінде кей жағдайда жекелеген жанұяларымен аң аулау мақсатында төменге түсетін қалмақтар көшіп жүрді.
Осы терең ойпатқа жазықтықтан аң аулау үшін немесе міндеткерлік және салықтан қашқан орыс адамдары келіп, осында бірнеше жылдан мекен етіп, тонау мақсатында жазыққа шығатын болды.
... Алтайда және Ертіс бойында тұратын казактар арасында 1770 жылы 138 адамы осында шекаралық поляк қалаларын шапқыншылыққа ұшыратқандықтары үшін жер аударылған запорождықтар туралы аңыздар сақталған” [1.149-150], - деп көрсетіліп, өлкені қоныстандырудың басталуының жекелеген тарихы баяндалған.
ХІХ ғасырдың соңынан Г.Н.Потанинның редакциялауымен тұрақты түрде шығарылып келген “Записки Восточно-Сибирского отдела Императорского Русского Географического общества” атты мерзімді басылымның 1889 жылғы санындағы “Переселенческое дело на Алтае. Статистико-экономический очерк С.Л.Чудновского” [2.156] атты шолуда ХІХ ғасырдың 60 жылдарынан бастап Алтай тау округін қоныстандыру ісіне сипаттама беріліп, талдау жасалған. Аталған шығармада баяндалғанындай:“Олар барлық жерлерде толығымен орналасуда. ... тұрғындардың аса үлкен көлемін құрайды, сонымен қатар аталған ауданның экономикалық-шаруашылық дамуына ерекше әсер етеді.
... Шаруалар немесе тау-кен істері жөніндегі шенеунікпен, болыс, сонымен бірге село билеушісімен, дәрігер, ... мұғаліммен кездессеңіз де – барлығының басты әңгімесінің бірі-әрине қоныстандыру мәселесі.
Алтай (немесе ескі атауы бойынша Колывано-Воскренсенск) тау округі Томск губерниясының ең құнарлы және неғұрлым үлкен бөлігін қамтиды.
... Тау округінің құрамына Бийск, Барнаул және Кузнецк уездері толық құрамдарымен, осылармен қатар Томск округінің оңтүстік бөлігі (бес болыстық), яғнишаруаларымен бірге Барнаул, Бийск, Кузнецк және Колыван қалалары енеді.
Осындай кең аймақ бүкіл Сібір жерінің 3% және де Еуропалық Ресейдің 9% құрайды. Басқа сөзбен айтқанда өзінің көлемі жағынан ол Францияға тең, Пруссия мен Ұлыбританиядан асып түседі.
1882 жылдың 1 шілдесіне Таулы округтың село тұрғындарының саны 1532 селения мен деревняларға орналасқан (ұсақ мекендерді есептемегенде) 982 селолық қауымдарға тіркелген 277894 ер адамға жетті.
Деректерге орай аталған селенияларда 7480690 десятина қолайлы және 5528160 десятина қолайсыз жерлер, яғни округтың әр адамына 269 десятина қолайлы жерден айналды.
... Ядринцев мырза “Сібірдің бағалы жері” деген анықтама берген аталған тау округіне қоныстанушылар соңғы кездері \ ерекше құлшыныспен ұмтылады.
... 1884 жылдың 1 қаңтарына Алтай таулы округінде тау-кен басқармасының мәліметтері бойынша селолық қауымдастыққа тіркелмеген отыз төрт мың бес жүз қырық алты (34546)қос жынысты қоныстанушылар анықталды. Осы айтылғандармен қатар 1882 жылдың 1 шілдесіне осы округке 26684 қоныстанушы келген.
... 1882 жылдың 1 шілдесіне Алтай округінде тұратын тіркелмеген қоныс аударушылар саны 17942 адам болса, бір жарым жыл ішінде олардың саны 12602 адамға немесе 70,2% артқан.
... Негізінен алғанда 1884 жылдың 1 қаңтарына дейінгі (Алтай тау округі,-Ғ.Қ.) тіркеуге алынбай қоныстандырылғандар Еуропалық Ресейдің отыз губерниясынан келгендер. ... Осы жаңа тұрғындар негізінен алғанда Тамбов, Рязань және Воронеж губернияларынан қоныс аударды..
... Біздің зерттеген болыстықтарымыздың ішінде Смоленск,Сростенск,, Алтайск болыстықтары қоныс аударушыларды ерте уақыттан бері үлкен қарқынмен өздеріне тартып келеді.
... Верх Катон селосын (халық атауы бойынша Ярки селосы) осыдан 80 жыл бұрын Бииск округі Смоленск болыстығының Верх Ануиск селосынан келгендер негіздеген, ал одан кейінгі 35 жылда мұнда зыряндар, одан кейін тағы басқа қоныстанушылар келген. Ярки үлкен және бай село. Онда толығымен Ресейден, соның ішінде Тамбов губерниясынан келгендер тұрады.
... Бийск қаласының оң жағалауындағы бірнеше шақырым қашықтықта Катун өзенінің Бии өзеніне құяр жеріне дейінгі солтүстік жағалауына, келесі бөлігі Бийск казак жүйесі арқылы Бийск қаласынан Өскемен қаласына қаласына дейін созылып жатқан Смоленск болыстығының (жері,-Ғ.Қ. ).
Қаралып отырған болыстық құрамына 13 селение: Катунск, Иконниково, Верхне-Ануйское, Грязнуха, Карасук, Кокша, Красноярское, Нижне-Уймонь, Песчанная, Смоленское, Старо-Трошкинское, Точкина және Усть-Ануйская енеді.
Осы он үш селенияның 12-cі село қауымдастығына біріккен.... Болыстықтың барлық тұрғындарының саны 10 мыңға жуық екі жынысты адамға жетеді.
... Шындығында да біздің көргеніміздей, (қоныс аударушылардың,-Ғ.Қ.) жаңа мекендердегі экономикалық жағдайлары бұрынғы ескі жерлерінен едәуір жоғары, қазіргі нақты жағдайларын бұрынғы (ондағы) Ресейдегімен салыстыра келе қоныс аударушылар соңғылары туралы мысқылмен және өкінішті қалжыңмен еске алады.
... Кабинет Ресейдегі өзінің иелігіндегі шаруаларға жер бермеген жалғыз помещик болып табылады. Көп миллиондаған орыс шаруалары қауымынан Алтайшаруалары ғана өздеріне (жер,-Ғ.Қ.) бөліктерін алмағандар, осындай жағдай уақыты келгенде болатындығына сенбейді де.
... Алтай тау округі әзірге жыртуға жарамды және орманды жер талап ететін орысшаруалары үшін қажетті жерге ие. Ол Ресейдің Еуропалық бөлігінде қысылу мен жерсіздіктен зардап шеккен көптеген мың орыс шаруаларына барынша қызмет етер еді. Атап айтқанда, Бийск округіндегі қоныстанушылар ұнатқан болыстықтар қатарында: Бийск, Енисейск, Ануйск, Чарышск, Нижне-Чарышск, Алтайск, Смоленск, Барнаулск және Сростенск; Тау Басқармасының мәліметтері бойынша әр адамға есептегенде: Бийск болыстығында - 38 десятина, Енисейскіде - 54 десятина, Ануйскіде 33 десятина, Чарышскіде - 100 десятина, Нижне-Чарышскіде - 73 десятина, Алтайскіде - 35 десятина, Смоленскіде - 58 десятина, Барнаулскіде -80 десятина және Сростенскіде 29 десятинадан айналады.
... Әрине, Алтайда жер жеткілікті, күрделі қоныстандыру ісін ретке келтіргенде ол орыс адамдарына аз емес қызмет көрсетер еді. Бұдан тек “ресейлік” қана емес, ерте келген тұрғындар да ұтар еді. ... Жақсы ағаш шеберлері, ... егіншілер тері илеушілер, пима басушылар... Алайда барлық жерде жаңадан қоныс аударушылар.
... Қоныстанушылар партиялары ... Тюмень, Томскіге су арқылы пароходпен және құрғақ жол арқылы келеді, ... Елеулі тұрғыда көбі бірінші жолды қалайды.
... Қоныстанушылар қозғалысы 1884 жылы едәуір азайып, одан ары біртіндеп көбейе келе 1888 жылы Томск арқылы өткен 2014 жанұяға жетті, ал Томскіні айналып өткен 3215 жанұя. Басқа сөзбен айтқанда Томск арқылы өткен қоныстанушылар саны төмендегідей болды:
Томск арқылы өткендер:
Жылдар жанұя адамдар
1884 743 5195 адамға жуық
1885 994 5595
1886 1034 6022
Томскіні айналып өткендер:
1887 1029 17000
1888 2014 18431
Томск арқылы барлық өткендердің жартысынан артығы (55,3%) Кабинет жерлеріне бағыт алды,ал Томск губерниясының басқа аймақтарына барғысы келетіндердің (Томск арқылы өткендердің) 80% (кейін,-Ғ.Қ.) Кабинет жерлеріне орналасуға кетті” [2,1,3,4-5,6,7,10,26,43,113,115,146,147,151,154].
ХХ ғасырдың басында жарық көрген “Сибирь, ея современное состояние и ея нужды. -Сборник статей под редакцией И.С.Мельника” [3] атты мақалалар жинағында ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасыр басындағы Батыс Сібір, Алтайды мемлекет тарапынан жүргізілген қоныстандыру жағдайы айқындалып, оның қысқаша барысы қорытыланған, нәтижесі сарапталған. Атап айтқанда осы жинақтағы “Земельный вопрос и переселение А.Кауфмана” деген мақалада: “Қазынамен бірге Сібірде... келесі аса үлкен жер иесі билеуші император мен Сібірдегі 43 млн. десятина жерді меншігіне айналдырған Патша Кабинеті иелігіне Томск губерниясының бүкіл оңтүстік ең жақсы жерлері және Забайкальедегі Нерчинск, ... аса үлкен Алтай округі (жатады,-Ғ.Қ.).
Сібірдегі басқа барлық жердің жоғарғы иесі мемлекет болып табылады.
... Бірінші жалпы санақ бойынша анықталған Сібірдің барлық 5700000 тұрғындарының 4950 мыңы орыстар, 750 мыңын бұратаналар құрайды. Яғни, біріншісі бүкіл Сібір тұрғындарының 87%, екіншісі мөлшермен 13%.
Томск губерниясында ... Мариинск, Каинск және Барнаул (уездерінде,-Ғ.Қ.) бұратаналар барлығы 0,6 дан 3,6%, ... Бийск уезінде олар 6,8, Кузнецкіде 17, Томскіде 7,4%. Сонымен бірге бірінші екі уезде бұратаналар түгелге жуық Таулы Алтайға қоныс тепсе, Томск(уезі,-Ғ.Қ.) мүлдем аз қоныстандырылған Нарын өлкесі деп аталатын оның солтүстік бөлігінде тұрады.
... Алтай округіне орналасу 30 жыл көлемінде Сібірдің Байкалға дейінгі аймағына қоныс аудару заңы арқылы іске асырылды. ... Алтайға қоныс аудару 1860 жылғы арнайы заң бойынша округтың кең және бос аймағы ретіндегі Кабинет мүддесі үшін салыстырмалы жеңілдік негізінде рұқсат беріліп, іске асырыла бастады, нәтижесінде ХІХ ғасырдың 2 жартысынан бұл аймақ қоныс аударушылардың қызығатын Сібірге қоныс аударудың басты орнына айналды.
Қоныс аударушылардың ұмтылысына рұқсат етілген 1860 жылғы заң шыққаннан күннен ... 1871 жылға дейін округке 12000-нан артық емес адам келді. Алайда одан кейінгі уақытта округке қоныс аудару тез және тоқтаусыз өсе бастады. 1872-1876 аралығындағы бес жылда және 1877-1881 жылдары округке4300 және 9700 адам келді, ал есепке алынбаған қоныс аударушылар саны 30000-нан асты. Одан кейінгі 1884-1889 жылдары округ жыл сайын 12-ден 19 мыңға дейінгі, ал алты жылда барлығы 96 мың, 1890-1894 жылдары жыл сайын 28-ден 43 мыңға дейін, бес жылда 160 мың; 1895-1898 жылдары округке 136 мың, 1899-1903 жылдар аралығындағы бесжылдықта 160 мың қос жынысты, міне осылай рұқсат берілген заң шыққан мерзімнен 1903 жылға дейін Алтайға 650 мың ... адам өтті”, [3.81, 82.83,93] - деп жазылған.
“План работы переселенческого управления на 1908 год” атты келесі жинақтағы “План работы по поземельному устройству и отводу переселенческих участков в Томской губернии на 1908 год (26 марта 1908г.№11764) деген тараудағы: “Патша Кабинетінің Алтай округінде қоныстандыру орындарын негіздеу қазіргі жылдан Томск, Барнаул, уездерінде іске асырылады. Мұнда 30000 адамға арналған 200 қоныстандыру бөліктерін айқындау бастау алады.
... Алтай округіндегі қоныстандыруға арналған жерлердің жылдам азаюына орай округтың Таулы Алтай деп аталатын оңтүстік-шығыс бөлігін зерттеу маңызға ие. 13 миллион десятинаны құрайтын аталған өлкеде кең көлемдегі хуторлық шаруашылықты негіздеуге болатын қолайлы жер мол” [4.28,30], - деген деректер негізінде Алтай аймағын қоныстандырудағы ХХ ғасыр басындағы атқарылар істер айқындалған.
ХХ ғасыр басындағы “Сибирь. Оттиск о переселении” [5] атты кітаптың да негізгі мазмұны ХХ ғасырдың басындағы Батыс Сібір, Алтай аймағын орыс шаруаларымен қоныстандыру тақырыбына арналған. Одан белгілі болатынындай: “Таулы Алтай: Батыс Сібірдің бүкіл ең жақсы жер қоры сөзсіз 1906 жылдың 19 қыркүйегі күні Жоғары мәртебелі заңға сәйкес қоныстандыру қорына өткен патша Кабинетінің жерлері (болып табылады,-Ғ.Қ.).
Бұл жерлерде қырғыздардың көш жолдары болды. Енді жоғарыдағы жарлыққа сәйкес оның Томск уезіндегі 400000 десятинасы жоғарыдағы жарлыққа сәйкес(қоныстанушылар мүддесіне алынды,-Ғ.Қ.).
Бұрынғы келген қоныстанушылар иеліктерінің арасындағы жерлер қоныстандырылған,ал Барнаул уезінде қоныстандыру қорынан бөлінген жерлерге жаңадан келгендер орналастырылып, мықты шаруашылық негізделіп, жаңа өмір басталған” [5.14].
Нақты деректерді қамтыған келесі жазбаша талдауда [6] ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығындағы Алтайды мемлекеттік тұрғыдағы орыс шаруаларымен қоныстандырудың қорытындысы қаралып, болашақтағы атқарылар шаралардың келелігі жазылған. Яғни: “1906 жылғы еркін қоныстануға рұқсат берілуімен Алтай округі бірден қоныс аударушылармен артығымен толтырылды. Бірнеше жылдың ішінде округ тұрғындарының саны екі есеге артып, дала қоныстарға, көп жерді қамтыған қоныстанушылардың өз беттерімен орналасулары нәтижесінде шаруалар мекендеріне толып, тығыз қоныстандырылған аймаққа айналды, жартылай мал шаруашылықты байтақ өңір Сібірдің көне тұрғындары үйренбеген екпінді ауыл шаруашылығы аймағы болып қалыптасты.
... 1907 жылы патша Кабинетінің жерге орналастырушы шенеуніктері арқылы орта есеппен 250 селоға, 130 мың ер адамға арналған 2500000 десятина жер бөлініп,көптеген қоныс аударушылар жер алды. (Атап айтқанда, 1907-19ІІ жылдары 150000 адам орналастырылды және де50000 адамды қабылдауға арналған жер қалдырылды.)
... 1907 жылғы алдынала анықталған мәліметтер бойынша қоныстанушыларға жер белгілеуге арналған жұмыстар ауданында (жерге орнпаластырылмаған,-Ғ.Қ.) 104648адам анықталды. 1908 жылғы 1 қаңтардағы жерге орналастыру кезінде 142688 адам немесе 38000 адам артық болды, аудандағы 1909 жылғы жұмыс кезінде адамдар саны 1909 жылдың 1 қаңтарына 170625 адамнан 228340 адамға, немесе 47715адамға артқан. ... 1909 жылдың шілдесіне дейін жаңадан келгендер 17008 адамға жетті.
... Округтың қаңғыбас қоныс аударушылармен толғандығы соншама, шаруалар өздерінің жерлерін басып алмауы үшін күзет қоюға мәжбүр болды. Сонымен қатар Алтай қалаларының айналымы миллионға жетті, бұрынғы селолар Змеиногорск, Павловск, Камень және 1908 жылы негізделген қоныстанушылар қонысы Славгород әр қайсысының тұрғындары 10000–ға дейінгі және одан да артық қалаларға айналды.
Міне осылай 1910 жылға Кабинеттің жер қоры толығымен таусылып, қазына мен (орыс,-Ғ.Қ.) тұрғындар округтың негізгі жер иесіне айналды.
Кабинет қарамағында қалған округ жерінің келесі жартысы негізінен алғанда ... таулы аймақтар (13 миллион десятина), көпшілік бөлігі адамдар қоныстанбаған және орманды, көшпенділердің жайылымдықтары, соңында Кузнецк даласы. 1913-14 жылдары бұл уездерде де қоныстандырылатын жерді анықтау толығымен аяқталатын болады.
... 1899 жылдан 1906 жылдар аралығында Томск және Бийск уездерінде 220817 адамға, соның ішінде есепке алынбаған 26040 және де қосымша қабылданған 50090 адамға арналған 525 селенияға 4089237 десятина жер дайындалды.
... 1907-1911 жылдары 3 уезд бен Таулы Алтайда 673330 адамға арналған 1219 селенияға және жаңадан келетін 149719 адамға 12541867 десятина, сонымен қатар тағы да келуі мүмкін 50090 адамға қосымша жер дайындалды. Қорытындысында округ бойынша 983247 адамға арналған 1744 селенияға 16631104 десятина жер мен ормандар немесе әр адамға 18,6, соның ішінде 16,2 десятина қолайлы жер босатылды, яғни әр отбасына орташа есеппен 65-75 десятинадан айналды.
... Еркін қоныстандыруға рұқсат берілгеннен кейін Алтайға қоныстанушылардың саны 1907 жылы болмаған санға жетті,-Новониколаевскіде поездардан 600000 адам түскен. Патша Кабинеті Қоныстандыру басқармасына 1899-1906 жылдардағы Томск пен Бийск уездеріне қоныстандыруға арналған жерлердің барлығын және Барнаул уезінен 90000 десятина жерді бірден берді, осыдан кейін ғана басталуы мүмкін тәртіпсіздіктің алдын алып, келген адамдарды жылдам орналастыру қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар Патша Кабинеті мүмкіндігінше жерге орналасушылардың жер бөліктерін алуға деген мүмкіндігін молайтып, оларды Кузнецк уезінің оңтүстігі, Барнаулдың шығысы және Змеиногорскінің солтүстігіндегі жері мол аудандарға жіберді.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде екі жыл көлемінде 1500000 десятина жер босатылды, сонымен бірге тағы да артық жерлер анықталып, шаруа-қоныстанушылар бірден орналастырылды. 1907-ІІ жылдары Кабинет 3100000 десятинадан артық жер берді, нәтижесінде 1910 жылға артық жер таусылды.
(Алайда осыған қарамастан,-Ғ.Қ.) “... өз беттерімен жекелеген жер іздеушілер (ходоки) және қоныстанушылар өздері ұнатқан Алтайға поездардан түсіп, үкіметтің жарлығымен қоныстандыруға тиісті деген желеумен басқалардың жерлеріне орналаса бастады. Жерге орналасуға рұқсаттың берілмеуін қоныстанушылар заңсыз деп бағалайды..
... Мұндай қоныс аударушылар селолық жерлерге ғана емес, қалалық қоныс атауына ие болған мекендерге, тіпті бұрынғы қалаларға орналастырылып, ауылшаруашылығын жүргізуге арналған, соның ішінде құнарлы жер алуға үміттенеді..
Шаруалардың округтың барлық жерлерін басып алып, егістікке және мал жайылымына айналдыруға ұмтылуының негізі де бар, себебі жердің басым бөлігі бос жатқан. Келесі жағынан алғанда бағалы жерлерді қоныстану мақсатында басып алуға жағдай жасау немесе оны қоныстанушылар үшін жалдамалы жерге айналддыруға да Кабинеттің негізі жоқ.
... Алтай округінің қалалары әрқашан Кабинеттің тегін жерлерін пайдаланып келді, ал 1897 жылдан кейін 300 шаршы шақырымдық тегін мал жайылымдық жерлерін алды.
... Қалалар өсіп, өз қарамағына қала маңайы жерлерін қосып алады, ... сонымен қатар көптеген қалалар Кабинеттің келісімімен ойдағыдай орналасып, ... тіпті жақсы шіркеулер мен соборлар Кабинеттің араласуымен, немесе оның көмегімен салынды.
...Тұрғындары 1905 жылы есепке алынған 4214 екі жынысты адам, есепке алынбағаны 2430, 1910 жылы 1690 от басына (Камень қаласына,-Ғ.Қ.) Обь өзенінің жағалауынан 20 шақырымдық жерден 40000 десятина жер берілді.
... Алтай таулы округінде 1894 жылдан бастап 2 казак әскерлері: Бийск және Ертіс 445708 десятина жермен қамтамасыз етілді.1896-98 жылдары 182000 адам қоныстанушы Кабинет қаржысымен орналастырылды, 10 жыл уақыт өткеннен кейін 2 уезд бойынша біртіндеп 1906 жылға дейінокругке келген қоныстанушылар 2 миллион десятиналық жерді қамтыған 27 қонысқа орналастырылды.1897 жылы 5 қалаға жер берілді, 16142 тау-кен жұмысшысына 228292 десятина жер бөлінді. ... 1899 жылы жерге орналастыру басталып, 1912 жылға әр адамға есептегенде 16,2 десятинаны құрайтын 16631104 десятинадан тұратын жер үлесі 1744 селения мен қоныстарға берілді. Көшпелі бұратаналардың жерлері зерттеліп, отарлау қорына 3197310 десятина жер өткізілді.
... Алтайдың лайықты болашағын қамтамасыз етудегі мемлекеттік міндет құнарлы жер бөліктерін шаруаларға егістік және жайылымдық жерлер ретінде беру емес, онда жаппай өндіріс пен тау-кен ісін дамыту болып табылады. Бұған барлық жағдай бар. Округ көмірге (Томи өзені аңғары), тұзға, кенге: мыс, күміс, қорғасын, мырышқа (Змеиногорск өлкесі) бай, оңтүстікте қымбат жүнді қой, жылқы шаруашылығының негізі қаланды.
Осы мерзімге дейін бұл салалардың дамуына жол байланысының болмауы, жұмыс қолының қымбаттылығы кедергі келтірді. Алтай темір жолының салынуымен бұл кедергілер жойылады: Змеиногорск ауданындағы отынды тасуға мүмкіндік туады, көмір өндіру ісі дами бастайды, Бийск арқылы Қытаймен сауда дамиды, округтың өнеркәсіптік өңірінің дамуы өркендейді, егіншілікке негізделген шаруалар шаруашылығын дұрыс жолға қойғанда Алтайдың бай табиғаты Сібірдің өңдеуші өнеркәсібінің орталығына айналады” [6.4,5,8,9,12,14,18,22,23,24-25].
Қорыта айтқанда, жоғарыдағы мазмұндары жарияланған басылымдардан ХІХ ғасырдың екінші жартысынан ХХ ғасырдың басына дейінгі мерзімдегі Батыс Сібірді, соның ішінде Таулы Алтай аймағын Ресей империясы тарапынан орыс шаруаларымен қоныстандырудың барысын, оның көлемін, ауқымын саралауға болады. Сонымен қатар аталған деректер арқылы империялық отарлаудың жергілікті халыққа, соның ішінде осы аймақты толығымен ғасырлар бойы ата-қоныстары еткен Орта жүзі рулары қазақтарына әкелген алапаты мен қасіретінің ауқымы да толығымен айқындала түседі.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Потанин Г.Н.Юго-Западная часть Томской губернии в этнографическом отношении.-Спб., 1863, С.154.
2. Записки Восточно-Сибирского отдела Императорского Русского Географического общества. Том-1, Выпуск-1, под редакцией Г.Н.Потанина.Переселенческое дело на Алтае. Статистико-экономический очерк С.Л.Чудновского.-Иркутск, 1889, С.156
3. Сибирь, ея современное состояние и ея нужды.-Сборник статей под редакцией И.С..Мельника «Земельный вопрос и переселение: А. Кауфмана».- Спб., 1908., С. 79-140.
4. План работы переселенческого управления на 1908 год.-Спб., 1908, С.395.
5. Сибирь. Оттиск о переселении.-Спб.,1910,С.84.
6. К вопросу о землеустройстве на Алтае и земельной политикеКабинета его Величества.-Барнаул., 1912, С.25.
Қарасаев Ғани Мұқашұлы
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты. Қазақстан. Астана
Бас ғылыми қызметкер
Тарих ғылымдарының докторы, профессор
Анықтама телефондары: жұмыс: 8 - 7172 – 74-01-68
Ұялы: 8 -777 - 275 - 17 - 41
8-701-712 - 02-90
эл.адрес: кarasayev_gm@mail.ru
Бөлісу: