ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН – ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ КӨШБАСШЫСЫ
22.08.2017 15371

Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейхан (1866 –1937) мемлекет жә­не қоғам қайраткері, ұлт-азаттық және «Алаш» қозғалысының же­тек­шісі. Ол аудармашы, публицист, ғалым ретінде өз кезінде де белгілі болды.

Ол 1866 жылы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының Қызыларай мекенінде (қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы) дүниеге келген. Оның әкесі Нұрмұхаммед Шыңғыс тұқымы Бөкейден тараған, ал Бөкей қазақ даласындағы атақты сұлтан Көкжал Барақтың ұрпағы. Бөкей Орта жүздің ресми түрде сайланған соңғы ханы. Бөкейден –

Батыр – Мырзатай – Нұрмұхаммед – Әлихан. Нұрмұхаммед дала тұр­ғындары арасында беделді де өте білімді адам еді. Ол барлық қаржы-қаражатын балаларын оқытуға жұмсады. Етікшілік кәсі­бі­мен шұғылданды, диірмені мен малы, орташа дәулеті болды. Аңшы­лықпен айналысты, қыран құстар мен алғыр тазы ұстады.

Әлиханның анасы Бегім ханым тобықты руының атақты батыры Мамайдың қызы еді. Өте сауатты анасы өңірдегі бүкіл жетім балаларға тегін сабақ беріп, сауатын ашқан. Қолөнер ісінің шебері, ісмер адам болатын. Нұрмұхаммедтің отбасы Құнанбай қажыға туыс саналатын.

Әлихан отбасындағы алты баланың тұңғышы еді. Ол қайратты, батыл да жігерлі болатын. Өз құрдастарынан ақылымен, қызықты әңгімелер айта білуімен, тапқырлығымен және өткірлігімен ерек­шеленетін.

Оқуды Қарқаралы медресесінен бастайды, кейін қаладағы төрт сыныптық бастауыш орыс-қазақ мектебіне ауысады. 1886–1890 жыл­дары Сібір теміржолына мамандар дайындайтын Омбыдағы
тех­ни­калық училищеде оқыды. Осы училище директорының кеңесімен 1890 жылы Санкт-Петербургтегі Орман институтына түседі. Инсти­тутпен қатар Әлихан Санкт-Петербург уни­вер­ситетіне өз бетінше емтихан тапсырып, заң факультетін бітіріп шығады. 1894 жылы екі – орманшы-ғалым және заңгер дипломын алады.

Оқуды бітіргеннен кейін Тобыл губерниясына қоныс аударушы шаруа­лардың шаруашылығын зерттейтін «Тобыл экспедициясы» құрамында еңбек етті. 1895 жылы қыркүйекте Ақмола облысы Омбы орман шаруашылығы басшысының көмекшісі болып тағайындалады. Сонымен қатар Омбы орман мектебінің оқытушысы болып орналасады.

1897 жылы Қазақстанның бірқатар дала­лық уездерін зерттейтін Ф. Щербина экспедициясы жұмысына қа­тысады. Экспедиция барысында ол өз жерлестерінің жер көлемін мүм­кіндігінше ұлғайтуға тырысты. Алайда кейін патша үкіметі тарапынан қазақ халқына тиесілі жер көлемі қысқартылды. Қазақ жері қоныс аударушы шаруаларға беріле бастады.

Әлихан Бөкейхан Сібір темiржолы аймағындағы мал шаруа-шылығын статистикалық-экономикалық тұрғыда зерттеумен айналыса­тын С. П. Швецовтің экспедициясында да еңбек етті.
1904 жылы қоныс аударту басқармасына шенеуніктік қызметке тұрады.

Әлихан қоғамдық-саяси қызметпен белсенді түрде айналысты. Оның отаршыл патша үкіметінің саясатына көзқарасы өзгерді. Сонымен қатар ол дәстүрлі қазақ қоғамындағы: пайдакүнемдік, болыс лауазымы үшін талас-тартыс сияқты жағымсыз көріністерді де сынға алды. Өз халқының жарқын болашағын алдын ала болжады: «Қазақ даласы... табиғатынан ақылды және қабілетті қазақ халқы болашақта, өркениет жолында іргелі жетістіктерге жетеді», – деген пікір білдірді.

1905 жылы Мәскеуде өткен Ресей земствосы және қала қайраткерлерінің съезіне қатысты. Съезде жоғарғы мінберден қазақ тарихында тұңғыш рет туған халқының жоғын жоқтап, сөз сөйледі. Ол өз сөзінде қазақ халқының дін, тіл, сайлау т.б. бостандықтары жөнінде мәселе көтерді: «Мен қырғыз (қазақ) ұлтының өкілі сана­ламын... Бізде қазақ тілінде оқытатын мектептер қуғынға ұшырауда... Шаруалар бастығы (көбісі бұрынғы ротмистрлер) істі қазақ тілінде қарастыруға рұқсат етпейді...»

Ол осы жылы кадеттер (конституциялық-демократиялық) пар­тия­сы мүшелігіне енді, Қарқаралы петициясын құрастыруға қа­тыс­ты. 1906 жылы Семей облысы қазақтары атынан Ресейдің I Ме­м­­лекеттік Думасына депутат болып сайланды. 1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жа­қып Дулатұлымен бірге жалпыұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастырды. Газет редакциясына қазақ халқының озық ойлы, парасатты зиялылары топтасты.

Әлихан Бөкейхан қазақ халқының ежелгі ата-баба қонысынан айырылуына үзілді-кесілді қарсы шықты. Патша үкіметінің отар­­шыл­дық қоныс аудару саясатын ашық түрде әшкереледі. Жергілікті тұрғындарды христиан дініне көшіру әрекетін батыл айыптады. Ұлт-азаттық қозғалыстың жолында көшбасшыға айналды. Бұл туралы отаршыл билік өкілдері былай деп жазды: «Қоныс аударту басқармасының шенеунігі Бөкейхан қырғыз (қазақ) даласына зор ықпалын тигізіп отыр».

Омбы жандармдық басқармасы бастығының айтуынша: «Ол даладағы... қырғыздардың (қазақтардың) діни-саяси қозғалысының жетекшісі... үкіметке қарсы барлық митингілер мен үндеулер, петициялардың белсенді ұйымдастырушысы».

Сондықтан ол патша үкіметінің қуғындауына ұшырап, жер аударылды. 1917 жылға дейін үш рет (1902, 1906, 1908 жылдары) тұтқынға алынып, түрмеге қамалды, ал 1909 – 1917 жылдары Самарада айдауда болды. Кеңес өкіметі кезінде де қуғындалды, «қызыл террор» жылдары жазықсыз айыпталып, ату жазасына кесілді. Ресей империясы полициясының бақылауына сонау 1897 жылынан бастап алынған.

Қазақ халқы ұлт-азаттық қозғалысының көш­басшысы Ә. Бөкейхан Қазақ хандығының Ресей им­пе­риясының бодандығына түсу се­беп­терін анық­тау үшін ұлт тарихын терең зер­деледі. Ол қа­зақтардың өз тәуелсіздігінен айырылуының бас­ты себебі: бұрынғы ел би­леу­шілерінің қо­ластындағы ру-тайпалар мен жүздерді бі­рік­тіріп, сыртқы отаршылдық қа­уіпке қарсы жұ­мылдыра алмауында деген тұжырымға кел­ді. Ол 1913 жылы былай деп жазды: «Бұрынғы ел билеушілердің басым көпшілігі уақыты мен күшін өзара қастандыққа, күш көрсету мен зорлық-зомбылық, алауыздыққа жұмсады».

Ол хандық билікті қалпына келтірудің нәтижесіздігін түсінді. Ұлт тәуелсіздігіне тек белсенді саяси күрес арқылы ғана жетуге болатынын айтты. Осы мақсатпен кадеттер партиясына мүшелікке өтті. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарын дамытудың эволюциялық жолымен қазақ мемлекеттігін жаңғырта аламыз деген пікір ұстанды.

Әлихан Бөкейхан жоғары билікке қазақтардың өзіндік дербес басқармасына бағынатын атты әскер құрамында қызмет ету ойын ұсынды. Патша үкіметі қазақ халқын қаруландырып, әскери іске үйретуге қарсы шықты. Қазақ халқын біріктіру мақсатында бүкіл қазақтың басын қосып, ұлт етіп ұйыстыратын Алаш идеясын ту етіп алды. Ол еуропалық даму жолын қолдайтын алғашқы қазақ демократтарының бірі болды. Оның идеялық-саяси көзқарасының қалыптасуына Ұлы француз революциясы зор әсер етті.

Сапалы білім мен ұзақ жылдардағы ғылыми-практикалық жұмыс тәжі­ри­бесі Әлихан Бөкейханға көрнекті энциклопедист-ғалым болып қа­лыптасуына, Қазақстан мен оған шекаралас елдердің тарихы мен мәдениетін және экономикасын терең меңгеруіне игі әсер етті. Сонымен қатар тұңғыш абайтанушы да болды. Ол қазақ халқының мал және егін шаруашылығын алғаш жан-жақты зерттеген көрнекті ғалым. Ә. Бөкейхан қазақ халқының ауыл шаруашылығын дамытуға зор көңіл бөлді. Ол қазақтардың ірі қара малы мен қой тұқымы жайында көптеген еңбектер жазды. Оның ғылыми еңбектері бүгінгі күні өз құндылығы мен ма­ңызын жойған жоқ. Ол императорлық Орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлім-шесінің мүшелігіне өтті. 1902 жылы Орыс географиялық қоғамы Се­мейдегі бөлімшесінің ашылуына өз үлесін қосты. «Известия», «Записки» және «Отчеты» басылымдарына мақалалар жариялап тұр­ды. Ф. А. Брокгауз бен И. А. Ефронның «Жаңа энциклопедия-лық сөздігі» жұмысына қатысты. Оның алғашқы ірі монографиялық ғылыми еңбегі қазақ хал­қы­ның көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихына арналды. Бұл кітап «Ресей. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипат­та­масы» көптомдық жинағының 18 томы болып, 1903 жылы Санкт-Петербург қаласында жарық көрді. Тарихи-этнографиялық «Қыр­ғыздар (қазақтар)», «Сұлтан Кенесары Қасымов тарихы жайлы материалдар», «Қарқаралы уезі қырғыздарының (қазақтарының) рулық құрылымы», «Абай (Ибраһим) Құнанбаев», «Қырғыздардың (қазақтың) ас беруі жайында» т.б. еңбектері шықты. Ә. Бөкейхан кейінгі ұрпаққа жалпы көлемі 16 томнан тұратын мол ғылыми-публицистикалық мұра қалдырды.

Әлиханның алғашқы мақалалары Омбы техникалық училищесінде оқып жүрген 1889 жылы жарық көрді. Омбыда басылатын «Дала уәлаяты» газетінде жиырмадан астам мақалалары мен фельетондары шықты. Ол «Дала өлкесі», «Семей облыстық ведомстволары», «Қырғыз да­ласының газеті» және «Түркістан ведомстволары» газеті жұмы­сы­на қатысып тұрды. Оның мақалалары Мәскеу, Омбы, Томск және Се­мей қалаларында шығатын либералдық бағыттағы газеттерде жа­рық көрді.

Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетін ұйымдастыруға зор еңбек сі­ңір­ді. Газет беттеріне оның мақалалары қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. Патша үкіметі тарапынан қуғынға ұшырағандықтан, ол мақалаларына «Қыр баласы», «Ғали хан», «Қырғыз-қайсақ» т.б. лақап аттар қойып отырды. Ол өз мақалаларында қазақ халқын отарлық езгіден азат ету, тарих пен мәдениет, әлеуметтік жағдай, саясат пен халық ағарту ісі мәсе­ле­лерін көтерді.

Ә. Бөкейхан А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, И. А. Крылов, А. П. Чехов, В. Г. Короленко шығармашылығымен жақсы таныс болды. Бірқатар еңбектерін қазақ халқына арнаған А. Сорокинмен достық қарым-қатынасын үзбеді. Батысеуропалық мәдениет пен әдебиетті жақсы білді. Сондықтан да Әлихан Бөкейхан орыс классиктерімен қатар, Батыс Еуропаның әдеби шығармаларын, ғылыми еңбектер мен мектеп оқулықтары, оқыту-әдістемелік құралдарын қазақ тіліне еркін аударды. Оның үздік аудармаларының қатарына: «Қажы Мұрат» повесін, Л. Тол­стой­дың «Кавказ тұтқынын», В. Короленконың «Макардың түсі», Ги де Мопассанның «Симонның әкесі» т.б. жатқызуға болады. Ол сонымен қатар ежелгі грек ақыны Эзопты, балаларға ар­нал­ған үнді ертегісі мен әңгімелерін және түркі халықтарының әде­би туындыларын да аударды. Тұңғыш рет астрономия, геология оқу­лықтарын қазақ тіліне жатық етіп аударып шықты.

Ол сауатты, өте білімді, парасатты, өз заманының озық ойлы азаматы болды. Дала тұрғындарының ғана емес, өзге ұлттардың да құрметіне бөленді. Өз ұлтының ата тарихын жетік меңгеріп, мәдениеті мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүріне құрмет көрсетудің, туған халқына адал қызмет етудің үлгісін көрсетті. Ұлттық мемлекеттілікті қалпына келтіру үшін үздіксіз күрес жүргізді.

Әлихан Бөкейхан халықтың көшбасшысы қандай тұлға болу керектігін өз үлгісімен айқындап берді. «Алаш» көшбасшысы Ә. Бө­кейханның қазақ тарихындағы алар орнына Алаштың келесі ірі тұлғасы, қайраткер, ғалым Қошке Кемеңгеров «Қазақ тарихынан» еңбегінде мына тұрғыда баға берді: «Биліктің қуғындау мен қудалау жылдарында түрмеге қамалып, жер аударылса да бірқатар батыл да ержүрек азаматтар өз халқының болашағы үшін күресті жалғастыра берді. Бұл топтың жетекшісі, тәрбиешісі де Әлихан Бөкейхан еді. Ол елінің болашағы үшін қиыншылықтан қорықпайтын ұлтжанды азаматтарды күрескерлік рухта бау­лып, әдеби тіл нормасының орнығуы мен діни фанатизмнен арылуға зор үлес қосты. Нәтижесінде қазақ ұлты қалыптасты. Әлихан Бөкейханның қазақ тарихындағы алар орны, міне, осында жатыр».

Әлихан Бөкейхан миллиондаған халықты «Алаш» қозғалысы идея­сы төңірегіне топтастырды. Ол қазақтың зиялы азамат­та­рын өз Отаны мен халқына адал қызмет етуге шақырды. Өзі­нің: «Өмі­рімнің соңына дейін қазақ халқына қызмет етемін», – деген ұс­та­ны­мы­на адал болып өтті. Қазіргі жастар Әлиханнан үлгі алып, өз Отанына адал және аянбай еңбек ету керек.

 «Алаш» қозғалысы көшбасшысы Әлихан Бөкейханның есімі ешуақытта да ұмытылмайды. Астана қаласында оның есімімен көше аталған. Бүгінде Қа­зақ­стан Республикасында ер балаларға Әлихан есімін қою үрдісі кең таралған. «Алаш» мәдени және даму институты оның еңбектерін 16 том етіп жарыққа шығарды. Оның құрметіне республикалық және халықаралық конференциялар өткізіліп тұрады. 2016 жылы елімізде Ә. Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы белгілі кеңінен аталып өтті.

Мақала Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің тікелей қолдауымен  «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ – ның  Алаш қозғалысы және саяси репрессия тақырыбындағы мемлекеттік  грантын  «Халықтар келісімі» қоғамдық қорының жүзеге асыруы шеңберінде әзірленді. Мақалада белгілі алаштанушы Сұлтан-Хан Аққұлының мақалаларынан және құрастырған Әлихан Бөкейханның көптомды жинағынан материалдар кеңінен пайдаланылды.

                            Зиябек Қабыльдинов