Қимақтардағы қоғамның әлеуметтік жікке бөлінуі
28.10.2014 2519
Ортағасырлық дереккөздердің жанама деректері қоғамның байлар мен кедейлерге бөлінгенін көрсетеді.

Қимақ билігінің өкілдері ғана қызыл және сары жібектен тігілген киім киюге құқылы болды. Белгілі араб ғалымы, Әл-Идрисидің деректері бойынша, қимақтардың қалаларында атты әскер ғана емес, жаяу әскер-де болды. Олардың соңғысы кедейлікке ұшыраған көшпенділер мен тұтқындардан жасақталды. Қимақ тайпаларының жерлеу орындарынан алынған археологиялық материалдарда жерленген адамдардың жанына қойылған мүкәмалдың бағасы мен көлемінде айырмашылық барын айғақтайды.

Қимақтардың жері қарахандар үшін жіліктің майлы басындай болып, олар осы жерді басып алу үшін әскери жорықтар ұйымдастырып отырды, ол кейде жеңістерге жеткізіп, қарахандар аумағының Ертіске дейін таралуына алып келді.

Бұлғария мен Еділ бойынан, Орта Азиядағы саманидтерден, оғыздардан, қарлұқтардан, тоғыз-оғыздар мен қырғыздардан қимақтарға қарай тартылған көптеген сауда жолдары Х ғасырдың басында қимақ мемлекетінің сыртқы шебі тұрақтанғанын білдіреді. Осы кезде қимақтар мен олардың көршілерінің бір-біріне өзара шабуылдарының соңы көбінесе бейбіт қарым-қатынас жасауға ұласты. Бұл кезеңде сауда қатынастары белсенді түрде дамыды. Ұлы Жібек жолының қартасында Ертістегі қимақ қағанының ордасы Кимекияға (Имекияға) жеткізетін керуен жолдарының тарамдалған желілері анық көрінеді.

Сауданың, қолөнер мен егіншіліктің дамуына көбінесе мүліктік теңсіздік ықпал етті. Малынан айырылған көшпенділердің бір бөлігі отырықшылыққа (йатұқтарға, яғни жатақтарға) көшуге мәжбүр болды.

Түріктер қимақ теңізінің бойынан жинаған алтыннан патша өзіне міндетті үлесін алды, бұл салық алымдарының болғанын көрсетеді. Қимақтарда жазу болған, оны араб зерттеушілері (атап айтқанда, араб саяхатшысы Әбу Далафа) және Ертіс бойы мен Тарбағатай тауларынан табылған олжалар растайды — қола айналарда ІХ-Х ғасырларға тура келетін көне түрік жазулары бар.
Қимақтарда кеңінен таралған дін — шаманизм. Тәңірге табынушылық пен ата-бабаға табынушылық та елеулі орын алды. Кейбір топтар өзенге, тауға, күнге, жұлдыздарға, отқа табынды. Қимақтардың кейбір топтары христиан сарынындағы дінді — манихейшілікті ұстанды. Қимақ ақсүйектерінің арасында ислам дінінің таралғанын да жоққа шығаруға болмайды. Оны Жанах ибн Хакан әл-Кимеки деген аттың өзі-де, оның арабша жазылған кітабы да және қимақтардың ислам элементтері кездесетін кейбір жерлеу ерекшеліктері-де көрсетеді.