Астана қаласының қалыптасу тарихы
12.09.2013 6203
Еуразия жүрегінде орналасқан Астана қаласының жаңа тарихы – бұл тәуелсіздік тарихы, бұл мемлекеттілік тарихы, бұл ұлттық тарих. Ал Астана қаласының құрылысы - төл тарихымыздың жаңа беттерін құрайды.

Осыдан 15 жыл бұрын Астананы көшіру идеясы іске асты. Тарихқа үңілсек, бұл идея бұрын да көтерілген. Айталық, Әлихан Бөкейхановтың «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласындағы «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау»деген сөздерді еске түсірейікші.  Өкінішке орай ол кезде қалыптасқан саяси ахуал Алаш жұртын Қараөткелге (қазіргі Астана) шоғырландыруға мүмкіндік бермеді.  Ол  мүмкіндік өткен ғасырдың соңындағы азаттықпен бірге келді. Қазақ тарихының жаңа беттері ашылды.

Тәуелсіз мемлекет құру және оның жаңа астанасын таңдау бақыты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бұйырды. Өзінің төлтумасына балаған Астана қаласы туралы толғауын Елбасы: «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы  - 1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді», - дей келіп, - 1992 жылы, Қазақстанның Президенттігіне бүкіл халық болып сайланғаннан кейін, мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында ағып өзен жатқан болса, қашанда сол ұнайтын.

Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама Астаналар ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығына орналасқан» - деп жеткізді.

Деректерге көз салсақ, Арқа төсіне көшіп келген жылдары Астанадағы тұрғындар саны 290 мыңдай болған. Ал, қазіргі есеп үш еселенді, 800 мыңға жуықтады. Ішкі көші-қон есебінен бас қаламызға қоныс ауыстырғандар саны 1999 жылдан бастап қарқын алды. Сол жылдары еліміздің түкпір-түкпірінен Елордаға 62 мыңға жуық адам көшіп  келген. Биылдың өзінде Астанаға 40 мыңнан астам адам табан тірепті.

Елбасының «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінде Ақмола қаласы тарихының өрлеу кезеңдері сөз болады. Бірінші өрлеу кезеңі қазіргі Астана қаласынан бес шақырым жерде орналасқан ортағасырлық Бозоқ қаласының гүлдену кезеңімен байланыстырылады. Бозақ қаласы Қыпшақ хандығының астанасы болған. Осы аумақ арқылы ХVІ ғасырда Сібір – Орта Азия керуен жолы өткен. Тағы бір еңбегінде «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы» екені айтылады.

Астана қаласының маңына орналасқан Бозоқ қаласының орны 1998 жылы анықталып, 1999 жылы Есіл археологиялық экспедициясының жетекшісі, танымал ғалым Кемал Ақышев бастаған археологтардың осы жерде алғаш рет қазба жұмыстарын жүргізгені белгілі. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің К.Ақышев атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдулинаның пайымдауынша, «Бозоқ» – түркі-оғыз термині. Яғни көне түрік мемлекеттерінің әкімшілік құрылымының шығыс бөлігінің атауы. Түрік-оғыздың бузук (боз оқ) термині – тесіп өтетін жебе немесе ақ жебе деген ұғымды білдіреді. Сонымен бірге түркі ұғымында «боз» сөзі «боз дала», «ақ селеулі құтты қоныс» деген мағынада түсіндіріледі [5]. Бозоқ қаласы VІІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген, бірнеше кезеңдерден тұрады. Ал  ХІV ғасырдан бастап Бозақ қаласы Нұра-Есіл аймағының исламданған элиталы рухани орталығы болған.

Осылайша, тәуелсіздік жылдарында жүргізілген іргелі ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жаңа тұжырымдар пайда болды. Енді астана қаласының хронологиялық шеңбері бұрынғы тарихи анықтамаларда жазылып жүргендей, Астана «қаласының негізін қалаған 1830 жылмен» шектелмейді, оның ауқымы кеңейтіліп, орта ғасырлардағы түркі дәуіріне дейін жетті. Бұл кезең біздің жазба тарихымыз басталған уақытпен де сәйкес келеді.

Екінші өрлеу кезеңі кеңестік кезеңмен (1920-1990 жж.) байланысты  айтылады. «Өзінің қолайлы географиялық жағдайының арқасында Кеңес өкіметі жылдарында, Ақмола жерінде қаланы одақтың темір жол жүйесіне қосқан және көлік ағынына ілестіріп әкеткен темір жол магистральдары салынды. Бұл өз тарапынан өнеркәсіптің әртүрлі салаларының кең дамуына және Ақмоланың ірі көлік торабына айналуына алып келді. Ұлы Отан соғысы жылдарында әскери-көлік торабы болды. Экономиканың барлық салаларының дамуына жаңа тынысты «тың дастаны» дарытты. 1961 жылы Ақмола қаласының аты Целинонрад болып өзгертілді және Тың өлкесінің орталығына айналды.Осы кезде Ақмола облысының тұтастығын сақтап қалу жолында сол кездегі Қаз КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов орталықпен күресіп бақты. Ол Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы Н.С. Хрущевтің әрекетіне талай тойтарыс беріп, «бұл мәселенінің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсы болды».  Оның кеңестік «империялық» кезеңде туындаған жер дауында Мәскеудегі «біріншіге» ашық қарсыласуы – ел тағдырын шешудегі батыл қадам болатын.

Үшінші өрлеу кезеңі (1991 ж. – бүгінге дейін) Одақтың ыдырауы мен егемен мемлекетіміздің іргесі қаланған кезеңмен байланысты. Бұл кезең Қазақстан орталығын, қазіргі Астанаға айналған Целиноградқа көшіру, Қазақстан мемлекеттілігі дамуының өзінше бір жаңа кезеңі болды. Астанаға айналғаннан кейін, қала өз тарихының үшінші дәуірін бастады.

Астана қаласы мемлекеттік мұрағат құжаттарында екінші өрлеу кезеңі мен  тәуелсіздік жылдарын қамтитын аралық кезеңдегі Ақмола қаласының демографиялық ахуалына қатысты статистикалық деректер кездеседі. Бұл мәліметтер бойынша 1997 жылдың 1 қаңтарында қала халқының саны 277,1 мың адамға жеткен, бұл облыс халқының 34,7 %-н құраған. Ал, тұрғындардың өсу динамикасы төмендегідей берілген:

Атауы

1959

1970

1979

1985

1991

1997

Ақмола қ. тұрғындары

102,3

181,3

253,3

266,4

288,8

277,1

Халықтың орташа жылдық өсу қарқыны %

  -

5,35

3,8

0,85

2,6

-0,7

Тұрғындардың жас ерекшелігі

0-19

28%

17-59

63%

60 және одан жоғары

9%

Ер адамдардың үлесі 48,3%, әйелдердің үлесі 51,7%. Республикамыз үшін жыныстық арақатынасы қалыпты есептеледі. Қаладағы отбасының орташа мөлшері  – 3,5 адам болған.

1998 жылғы мәліметтер бойынша Ақмола қаласының жер аумағы 254720 гектар (257.2 шаршы метр) жерге созылып, негізінен оң жағалауда орналасқан.

Қаланың өнеркәсібінде құрылыс, тамақ, кәсіпорындар, қала шаруашылығының қызметі, тұтыну тауарлары мен ауыл шаруашылықтық машина жасау өндірісі бар. Кәсіпорындардың басым бөлігі қаланың солтүстік бөлігіндегі өнеркәсіптік аймақта орналасқан.

Тәуелсіздік тарихында осы кезеңдегі Астана қаласының маңызды оқиғалары Мемлекет басшысының астананы көшіру туралы идеясын қайта жаңғыртқан 1994 жылмен, Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» тарихи қаулы қабылдаған 1996 жылмен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақмола қаласын Қазақстан Республиксының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы қабылданған 1997 жылмен, Астананың ресми тұсаукесері болған 1998 жылмен және ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшілік қаласы атанған 1999 жылмен  байланысты айтылады. 

1994 жылдың 6 шілдесінде Жаңа астананы таңдау 32 өлшем бойынша жүргені егжей-тегжейлі айтылды. Олардың ішінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмикалық жағдайят, қоршаған орта, инженерлік және көліктік инфрақұрылымның болуы, әрі оны дамытудың келешегі, құрылыс кешені, еңбек ресурстары және басқа да өлшемдер болғаны негізделді. Елдің стратегиялық мүдделері де алыс болашаққа арнап есептелді. 

1997 жылы Ақмола қаласының астанасы деп жариялануы «бүкіл мемлекетіміздің дамуының алғашқы қозғаушысы және серпін берушісі болды. Астананы ауыстырған кезде Қазақстанда тұрғын үй құрылысын дамытуға тұтас 50 миллион доллар бөлінді. Жаңа астанадағы 9 шағын аудан осы ақшаға салынған. 1996 жылы Президент жарлығымен Арнайы экономикалық аймақ құрылды. 1996 жылдың 26 қаңтарында «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» ҚР-ның Заңына сәйкес Ақмола Арнайы экономикалық аймағы (1996-1999 жж.), сосын «Астана – жаңа қала» АЭА (2001-2027 жж.) құрылады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының құжаттары бойынша алғашқы сындарлы онжылдықта еліміздегі Арнайы экономикалық аймақтардың саны 9 болған. Олар: Жәйрем-Атасу (Жезқазған облысы), Алакөл, Жаркент (Талдықорған облысы), Лисаковск (Қостанай облысы), «Атакент»  еркін сауда аймағы (Алматы қ.), Қызылорда АЭА (Қызылорда қ.), Ақмола АЭА, ол 1999 жылдың 31 наурызынан бастап Астана АЭА болып қайта құрылған [11, 19-20 пп]. Ал соңғы статистикалық мәліметтер бойынша бейбітшілік пен жасампаздық жылдарын қамтитын екінші онжылдықта Қазақстандағы АЭА-дың жалпы саны 10-ға жетіп отыр.

Қаланың тарихына байланысты Астана қалалық мемлекеттік мұрағат құжаттарында Ақмола қаласының дамуы 3 кезеңге бөлінеді және олар Қазақстан Республикасының жоғары және орталық мемлекеттік мекемелерінің Ақмола қаласына көшірілуі және Ақмола қаласының мемлекеттің астанасы ретінде даму бағдарламасына сәйкес келеді.  Оның алғашқы екі кезеңіндегі қыруар жұмыстар «сындарлы онжылдықта» орындалды. Ал соңғысындағы ұзақ мерзімге жоспарланған іс-шаралар кешені соңғы онжылдықта іске асырылуда.

Бірінші кезеңде (1996-1997) жоғары мемлекеттік мекемелер, экономикалық, өндірістік және қарулы күштер министрліктері мен ведомостволары орналастырылды.

Екінші кезеңде (1998-2000) орталық мемлекеттік мекемелерді Ақмола қаласына орналастыру процесі аяқталды.

Үшінші кезеңде (2001 жылдан бүгінге дейін) Ақмола қаласы және ірі өндірістік, әкімшілік және мәдени орталықтары ретіндегі, оның ықпалды аймақтарының одан әрі дамуы жүзеге асырылуда. Аталған «Арнайы экономикалық аймақ»  тұрғындардың көші-қоны есебінен 2005 жылға дейін халық санын 600 мың. адамға көбейтуді көздеген болатын.  Бүгінде бұл міндет те шешімін тапты деуге негіз бар.

2012 жылғы мәлiмет бойынша, қалада 743 014 адам, 2013 жылғы мәліметтерде 800 мың адам ресми тiркелген. Астана тұрғындары санының өсу динамикасы соңғы жылдардағы халық санақтары бойынша мынадай: 1989 жылы – 281,3 мың адам (санақ); 1999 жылы – 326,9 мың адам (санақ); 2009 жылы – 613,6 мың адам (санақ). Ал, 2013 жылғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, халықтың табиғи өсімі 4092 адамды, ал көші-қон өсімі 3384 адамды құрап отыр.

Астананы салуға бөлінген инвестициялар көлемі 2 миллиардтай долларды құраған және соның 70 пайыздайы өзіміздің инвестициямыз» болған. Бұл да үлкен еліміз үшін үлкен жетістік және ұлттық экономикасымыздың жарқын бір көрінісі. 

Осы ретте айта кетейік, Алматы астана болғанда 50 жыл ішінде, магистральды көлік транспортының қашықтығы мен өндірісті дамытуға қажетті шикізат қорының жоқтығына қарамастан, оның саны  6 есеге өскен.

Бүгінгі әсем Астанамыз еліміздің тек әкімшілік орталығы болумен шектелмейді,  сонымен қатар  бабаларымыз аңсаған азаттық пен ұлттық қайта түлеудің де орталығына айналды. Еліміздің шетелдермен жоғары деңгейдегі ресми кездесулері, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, спорт пен туризм саласындағы іс-шаралардың бәрі біздің Астанамызда өтеді. ХХІ ғасырдағы бүкіл жаһандық үдерістердің бел ортасында тіршілік ету  – әлемдегі кез келген ұлттың пешенесіне жазылмаған.

 Астана әртүрлі тарихи тағдыр тауқыметімен елімізге табан тіреген өзге халықтардың да мекені. Астана  - біздің ортақ шаңырағымыз.  Астана өзінің жаңа тарихында өзге ұлттарды ғана емес, бүкіл адамзатты бейбітшілік пен келісімге шақырып отыр және шақыра бермек

Еуразия жүрегінде орналасқан Астана қаласының жаңа тарихы –  бұл тәуелсіздік тарихы, бұл мемлекеттілік тарихы, бұл ұлттық тарих. Ал Астана қаласының құрылысы - төл тарихымыздың жаңа беттерін құрайды.

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер:

1. Қыр баласы. Григорий Николаевич Потанин. Әлихан Бөкейханов. Шығармалар. /Құрастырған М.Қойгелдиев. Алматы: «Қазақстан», 1994. - 384 б.

2. Назарбаев Н. Еуразия жүрегінде. – Алматы: Атамұра, 2005. – 192 б.

3. Кабульдинов З.Е. История Астаны. Учебное пособие для учащихся общеобразовательны школ. – Астана, 2007. – 200 с.

4. Астана халқының саны 800 мыңға жетті. «Қазақстан» РТРК АҚ

kaztrk.kz/kaz/news/society/

5. Бозоқтан Астанаға дейін/BaqKz/БлогиON.KZ/ www.on.kz/u40124/blogpost/35525/‎

6. Ақышев К.А., Хабдулина М.Қ. Ежелгі Астана: Бозоқ қалашығы.-Астана, 2011. – 260 б.

7. Астана қалалық мемлекеттік мұрағаты. 424-қор, 1-тізімдеме, 19-іс. Программа международного конкурса на эскиз-идею генерального плана развития нового центра города Акмолы (1998 г.).

8. Назарбаев Н. Қазақстан жолы. – Астана, 2007. – 372 б.

9. Дүйсен С., Еңсенов Қ. Жұмабек Тәшенов: Ғылыми басылым / Авт.: С.Дүйсен, Қ.Еңсенов/ Б.Ғ. Аяғанның ред.- Алматы: «Литера-М» ЖШС, 2012. - 320 б.

10. Астана замандастардың көзімен. – Астана, 2004. - 256 б.

11. Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағаты. 10-қор. 1 (қосымша) тізімдеме. 5-іс. Протокол №1 заседания коллегии Министерства экономики республики Казахстан и документы к нему. 14.02.1997.)

12. Астана қаласындағы демографиялық жағдай туралы. http://www.astana.stat.kz/kk/news/id/8383

Ілиясова Күлпаш Мырзамұратқызы

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент