Елге оралған шетелдегі қандастарды орналастыру: мемлекеттік реттеудің алғашқы тәжірибелері (1991-1999жж.)
13.12.2019 3277

XXI ғасыр басында қоғамның өмір-салты мен шаруашылық байланыстарының бұзылуына орай, этносаралық қатынастарға, әлеуметтік басымдылықтарға қатысты түпкілікті өзгерістер көрініс тапты. Қалай айтсақ та, Қазақстанда тұрғындар көші-қонының жаңа үрдістеріне жол ашылды.

ХХ ғасырдың соңғы он жылдығында республика ішінде және одан тыс бағыттағы көші-қон легі мен көлемі өскені мәлім. Мысалы, 1991 жылдың өзінде Қазақстанға өзге мемлекеттер мен шетелден 3 214 қазақ отбасы (оның ішінде Моңғолиядан 2 480) қайтып оралған мезгілде, бұл көштің басы екені белгілі болды. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті Қаулыcымен 3 шілде 1992 жылдың 3 шілдесіндегі № 578 Қаулысымен «Өзінің тарихи отанына, оның ішінде қалалық жерлерге қайтып келуге тілек білдірген байырғы ұлт адамдарын ұйымшылдықпен қабылдау жөніндегі 1992 жылға арналған бағдарлама» бекітілді. Осы бағдарлама аясындағы үйлестіру жұмыстары мен оның орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігіне жүктелді.

        Жалпы мигранттар санының көбеюі қаржылай және материалдық ресурстарға байланысты мәселелер туғызатыны айқын. Сондықтан да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тұрғындардың көші-қонына қатысты мәселелердің барлығын Үкімет деңгейінде тез және белсенді шешілу керектігі күн тәртібінде болды. Себебі оны реттеуші Еңбек министрлігінің мүмкіндіктері өте шектеулі болатын. Оған қоса, басқа да басқару органдарының (СІМ, ІІМ, Кеден комитеті, Ауыл шаруашылығы министрлігі және басқа ) құрамындағы бірқатар мәселелерге қатысты құрылымдар арқылы шешімі табылатын еді.

Сондықтан да республикада Көші-қон комитеті Басқармасының құрылуы заңды болатын.       

           Көші-қон жағдайын айқындайтын маңызды үдерістер қалыптасты. Оның алғышарттары келесідей: аймақтық өмір сүру және ресурстармен қамтамасыз етілудегі түрлі алшақтықтар республиканың бір аймағынан екінші аймағына көшуге негіз болды; осы аймақтардағы ұлтаралық қатынастар мәселесінің бұлыңғырлануы, тарихи кезеңге байланысты этностардың дәстүрлі шағын әлеуметтік жүйесінің бұзылуы; халықтың бойындағы жеке мүмкіндіктері мен қабілеттеріне сай өзіндік жаңа саяси дүниетанымдардың, экономикалық ойларының қалыптасуы; республиканың аймақтарындағы еңбекке жарамды тұрғындар арасында нарық жүйесіне лайықты шаруашылықтың жаңа түрін ашуға немесе сол бағытта талпыныс білдіру, жалпы мемлекеттік сектордың өзгеріске ұшырауы; кейбір аймақтағы экологиялық жағдайдың нашарлауы; нарық инфрақұрылымдарының, нарық жүйесінің, оның ішінде еңбек нарығының қалыптасуы мен территориялық қаржылық-салықтық саясаттың әртүрлі болуы; республиканың әлемдік қауымдастық құрамына енуіне байланысты адамдардың өмір тіршілігінің экономикалық-құқықтық жүйесінің өзгеруі жекелеген көші-қон бағыттарын (әсіресе сыртқы көші-қонды) ынталандырғанмен,

          Қазақстан Республикасының егемендігі, азаматтық отырықшылық шегі туралы заңнамалық актілердің қабылдануы республикааралық (мемлекетаралық) көші – қон қарқынын төмендетті. Кеңестік дәуірдегідей жоспарлы көш-қон негізінде Қазақстанға жаппай мигранттардың ағылуы тоқтатылды. Алайда, әрбір кезеңнен туындайтын қиыншылықтар болып тұрады. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығындағы көші-қон легінің экономикалық тұрғыда тиімсіздігі мен көші-қон ағынының шектен тыс қарқындылығы мен оның салдарына қатысты республиканың ғылыми қауымындағы сарапшылар тарапынан нақты ұсыныстар жасалды. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында тұрғындар көші-қоны көрсеткішінің теріс айырымы табиғи өсімді (1980 жылдармен салыстырғанда туу көрсеткішінің төмендеуі мен өлім-жітім санының артуы есебінен, 1990 жылдары табиғи өсім екі есе қысқарғандықтан) соның аясында жұтып қана қойған жоқ, табиғи өсімнің төмендеу көрсеткішін екі есеге ұлғайтты. Оған қоса, елдің ішіне заңсыз иммигранттардың ағылуы да жаңа мәселелер туындатты. Осындай келеңсіздіктерді шешу, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, экономикалық және қазақстандық азаматтардың мүддесін қорғаудың маңызды факторы болатын. Расында, оның алдын алу, мемлекеттік бақылауды күшейту мен көші-қон үрдістерін үйлестіру атқарушы органдармен бірлескен іс-қимыл жасаған жағдайда ғана мүмкін болатындығы анықталды. Ол келесідей бағыттар бойынша шешімі табылатын еді.       

          Біріншіден, репатрианттарды орналастыруға және бейімдеуге жан-жақты қолдау көрсету, әлеуметтік ортаға кіріктіру. Екіншіден, түрлі себептермен болатын көші-қонды (көші-қон легіне жан-жақты есеп жүргізу, заңнамалық базаны жетілдіру, Қазақстан Республикасы шетелдік мемлекеттермен екі жақты қатынас орнату кезінде отандастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын зерделеу жұмыстарын) ескеру және одан туындайтын мәселелердің алдын алу., кезінде күштеп көшірілген мигранттардың (немесе баспана іздеуші босқындардың) Үшіншіден өздерінің туған еліне ерікті түрде оралуы. Осыған орай, көші-қон саясатының негізгі бағыттары: әрбір азаматқа жеке мән беру, елден тыс тұрақты тұруға көшкісі келетіндердің ерікті түрде таңдауын ескеру, елге қайтып оралғысы келетін тұлғаларға (алғашқы кезеңдегі төменгі күнкөріс минимумы мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ететіндей, ұйымдастырып көшіріп әкелудің бағдарламасын жасауға) мемлекеттің қатысы, бөліп-жармай адам құқын сақтау, мигранттардың ұлттық салт-дәстүрін ескеру, орналастырылатын аймақ туралы жан-жақты ақпараттар беру болатын. ҚР Көші-қон және демография агенттігі тарапынан иммиграциялық бақылау жүйесін құру және дамытуға қатысты ұсыныстар берілді. Іс-қимылдағы жүйені құру, бір жағынан мигранттардың заңдық құқын қорғау болса, екінші жағынан Қазақстан Республикасы заңын бұзған азаматтығы жоқ шетелдіктерге қатысты қатал шаралар қолдану, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін ескере, баспана іздеуші адамдарды қабылдау квотасын енгізу, сол сияқты азаматтығы жоқ, белгілі бір мәртебесі жоқ шетелдіктерге арналған уақытша орналастыратын арнайы орталықтар желісін құру, олардың саны, этникалық немесе басқа негіздегі олардың диаспорасы мен қауымының бар-жоғы, орналасқан жерлері жөнінде тұрақты ақпарат алып тұру үшін мемлекет ауқымында шетелдіктер мен азаматтығы жоқтардың біртұтас есеп жүйесін (көші-қонның ақпараттық жүйесін) қалыптастыру, еңбек көші-қонын реттеу болатын. Отандық еңбек нарығын қорғау мен бос жұмыс орындарына қазақстандық азаматтарды орналастырудың басым құқығын қамтамасыз етуге назар аударылды.

Репатрианттарға қатысты халықаралық алғашқы құжаттардың бірі 1994 жылдың 2 желтоқсанында Алматы қаласында бекітілген Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы «Еңбек келісімшарты бойынша Қазақстан Республикасына келген адамдардың ерікті қоныс аударуы мен азаматтығына қатысты мәселелерді реттеу жөніндегі» Келісімшарт болатын.

Қазақстан Республикасының көші-қон және демография агенттігінің 2000 жылдың 5 шілдесіндегі мәліметі бойынша 1991-1999 жылдары аралығында Моңғолия, Иран, Түркия, Қытай, Ауғанстан, Сауд Аравиясы, Пәкістан, ТМД елдерінен 181 402 репатрианттар (оралмандар) келіп қоныстанған. Олар республиканың Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Астана қалаларына орналасты. Негізінен басымдылық танытқан Моңғолия (63 409 адам), ТМД елдерінен (107 304 адам) оралған репатрианттар болатын. 1993 жылы таяу шетелдер мен облысаралық тұрғындардың ішкі орналасу көші-қоны басым болды: жалпы көші-қон легіндегі алыс шетелдермен болған көші қон - 14,0%, таяу шетелдердегі мемлекеттермен арада болған көші-қон - 41,9%, облысаралық көші-қон - 17,1%, облыс ішіндегі көші-қон - 27,0% құрады. Жалпы 683,5 мың қазақстандық көші-қон легіне қатысты. Мысалы, Мемлекеттік бағдарлама бойынша 1993 жылы тамыз айының ортасында Ираннан келіп, Оңтүстік Қазақстан және Талдықорған облыстарына1686 адам (тиісінше 950 және 756 адам) орналастырылды. Олардың құрамының 60%-нан астамы отыз жасқа дейінгі жастар болатын.

Негізінен Ауған елінде тұрып, кейін ХХ ғасырдың 70-80 жылдары босқын ретінде Иранға қоныс аударған қандастарымыз тұтастай, Горган және Бендер-Туркмен қалаларына орналасқан болатын. Жеке кәсіппен және ұсақ саудамен айналысқан. Қазақстанға келген қоныстанушылар тамақпен қамтамасыз етіліп, 60 аса адам дәрігерлік көмекке жүгінді және әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері қарастырылды. Әрине, Қазақстанның заңнамасына сәйкес (шариғат заңдарын қатал сақтауына орай, ауқатты отағасының бірнеше әйелдерінің болуы, қыздарын 12-14 жаста некеге отырғызу салттары қалыптасқандықтан) әлеуметтік бейімделулеріне тура келді.

        Оған қоса, қоныстанушылардың бір бөлігінде республиканың анағұрлым жылы аймағы Түркістан қаласына қоныс аудару ойларында болды. Сыртқы көші-қонға орай жекелеген этнос өкілдеріне қатысты құқықтық реттеу қажеттілігі туындады. Жалпы республикада халықаралық, республикаішілік көші-қонның артқандығы, республикааралық алмасу бойынша көші-қон кемуінің төмендігі, ауыл тұрғындарының қалаға көшу қарқынының басылуы байқалды. 1993 жылы қазақтардың үлес салмағы есептік мәліметтерге сәйкес 1,6%-ға ұлғайды. 1994 жылы таяу шетелге көшушілер саны артты. Экономикалық жағдайдың нашарлаған, өндірістегі дағдарыс сәтінде қоныс аударғандардың басым бөлігі орыстар (58%) мен немістер (19 %) болатын. Мұның 72 %-ы қалалық тұрғындар еді.

             Ел ішінде жаңа өндіріс орындарын дамыту мен қосымша жұмыс күшін құру, жұмысшы мамандардың біліктілігін арттыру, шетелге уақытша кеткен жұмысшы мигранттарды әлеуметтік қорғаудың кепілдік жүйесін құру мәселесі қойылды. Қазақстан Үкіметі мен республика парламенті еңбек  көші-қонына байланысты мәселелерді шешу бойынша нақты шараларды іске асырды. Жоғарғы Кеңес еңбек көші-қоны саласы бойынша ынтымақтастық туралы ТМД-ға мүше мемлекеттермен Келісім ратификацияланғанмен, Халықаралық еңбек ұйымы мен БҰҰ еңбекші мигранттардың құқын қорғау бойынша Конвенция ратификацияланбаған болатын. Еңбек көші-қоны туралы заң жасалмаған еді. Заңнамалық базалар жасалмағандықтан кез-келген адамды шетелде жұмысқа тұрғызатын делдалдардың көбеюіне, кейбір құрылымдардың өз бетінше заңсыз әрекеттеріне жол ашылатыны айқындалды. Сондықтан да Сыртқы істер министрлігі тарапынан ҚР Президенті Әкімшілігіне адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша, еңбекші мигранттарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін, жұмыс орындары туралы мәліметтер қорын қалыптастыратын, қазақстан мен шетелдік жұмыс берушілерді өзара байланыстыратын үйлестіру мен лицензиялау жұмыстарын іске асыратын коммерциялық ұйым құру туралы ұсыныс жасады. Ол үшін Парламент тыңдауына көші-қон мәселелерін реттейтін, оның ішінде «Иммиграция жөніндегі Заңның» баптарын өзгерту керек болды. Бұрын көші-Қон Департаментінің қызметі бұрын тек репатрианттар мәселесін шешуге ғана арналса, енді оның мазмұндық жағы қайта қаралу қажет болды. Қазақстаннан қоныс аударушылар саны қарқынының өсуіне орай, республика ішіндегі көші-қон ұлғайды, шиеленісті аймақтардан келген (Армения, Тәжікстан, Солтүстік Кавказ) босқындар тобы пайда болды. Мұның барлығы көші-қон Департаментінің қызметін кеңейтуді, оны білікті мамандармен, заманауи техникалық заттармен қамтамасыз етуді қажет етті. Сондықтан да көші-қон үрдістерін басқарудың мемлекеттік Бағдарламасын жасауды жылдамдату күн тәртібіне қойылды. Әсіресе ТМД елдері арасында1990-жылдың басында білім беру, ғылым мен мәдениет салалары, ғылыми ақпарат алмасу, жетекші ғылыми орталықтарда біліктілікті көтеру мүмкіншіліктері, оқу, ғылыми және көркем шығарма әдебиеттерімен алмасу бойынша байланыстар үзілу алдында тұрған болатын. Бұл көрші елдермен гуманитарлық байланыстар бойынша келіссөздерді жүргізу қажеттілігін туғызды. 1995 жылдың қаңтар айының ортасында Білім, Мәдениет министрлігі, Минформпечать, «Қазақстан» телерадиокорпаорациясы Ресей Федерациясымен және басқа да ТМД мемлекеттерімен гуманитарлық салада өзара қарым-қатынас жасау бойынша ұсыныстар даярлау қажет болды. Сонымен қатар тіл мәртебесіне қатысты, көші-қон бойынша Достастық елдер ұлттық статистикасын бірыңғайлау жөніндегі мәселелерді шешудің, азаматтардың көші-қонына байланысты ақпараттарды шапшаң түрде алмасудың маңызы зор болатын. Оған қоса, паспорттық тәртіпті және азаматтық алу рәсімдерін регламенттейтін біртұтас нормадағы заңнамалық құжаттар бекіту күн тәртібінде тұрды.

        Сондықтан да көші-қон мәселесінің мемлекеттік сипат алуына орай, оны тұрақтандыратын арнайы Президент Жарғысын шығару қажеттілігі жөнінде (Тажин М.М., Штопель А.А.) ұсыныстар жасалды. Әрине Қазақстанға қоныстанғысы келетін Қытай азаматтары өздерінің елдегі туыстарымен қарым-қатынас жасады және тезірек қоныс аударғысы келетіндіктері жөнінде мәлімдей бастады. Бұл жөнінде 1999 жылдың қараша айындағы ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ҚХР-на ресми сапары кезінде де мәлімделген болатын-ды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тарихи отанына оралғысы келетіндердің құжаттарын ресімдеуде шешімі табылмаған (шетелдік төлқұжатты рәсімдеудің квоталық ережесін енгізуі, Синьцзянда тұратындар үшін 40 жасқа дейінгі жастардың шетелдік төлқұжат рәсімдеуіндегі тиымдар және басқа) мәселелер көрініс тапты. Бұл мәселені қазақстандық тарап 2000 жылдың 17-21 мамыры аралығында Пекин қаласында өткен консульдық мәселелер жөніндегі қазақстандық-қытайлық консультацияның 6-шы раунды кезінде де қозғады және тұрақты тұруға ниет білдірген 1412 адам тізімін ұсынды. Кезегінде қытай тарапы мүмкіндігіне қарай құжаттарды рәсімдеуге байланысты бюрократиялық кедергілерді болдырмауға келісті. Бұндай жағдайлардың өзге елдерге қатысты шешімі табылуға тиісті шаралары қолға алынды.

1995 жылы өзара мүдделілік танытатын ведомостволар мен министрліктер арасында Қазақстан Республикасы мен ҚХР арасындағы «ҚХР азаматтары арасындағы қазақтардың ерікті түрде қоныс аударуы туралы» Келісім жобасы әзірленді және ол қытай тарапына тапсырылды. Бірақ ҚХР-сы  елдің ішкі заңнамаларына сәйкес жыл сайынғы консульдық мәселелер бойынша жүргізілетін қос тараптық консультациялар негізіне сүйену тиімділігін алға тартты. Тиісінше Қазақстанда жұмыс ауқымы кеңейген сайын, қалалық-аудандық органдар есебінен көші-қон полициясының бөлімшелерінің қызметкерлер саны  да ұлғайтыла бастады. Атап өту керек, 1994 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 876 адам, ал 1995 жылдың бірінші жартысында 731 адам, сол сияқты сол жылдары кәмелет жасына жетпеген тиісінше 1057 және 800 адам еліміздің азаматтығын қабылдады. Оның ішінде, 1994 жылы  854 және 1995 жылдың бірінші жартысында 714 адам қандастарымыз болатын. 1995 жылдың 7 шілдесі күні Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігінің көші-қон Департаментінде Қазақстан Республикасындағы Моңғолия ісінің Уақытша сенімді өкілі Зардыхан Қинаятұлының қатысуымен Сыртқы істер министрлігінің Азаматтық беру бөлімі өкілдерімен кездесу өткізілді. Мұнда Қазақстан Республикасында тұратын моңғол азаматтарының Моңғолия азаматтығынан шығу мәселесі қарастырылды. Шығу үшін олар қазақстан республикасындағы Моңғолия Елшілігі арқылы Моңғол Президентіне моңғол тілінде толтырылған құжаттармен (өтініш, анкета, куәлік көшірмелері: неке туралы, балаларының туу куәлігі, анықтамалар, фотосурет және басқа) бірге шығу туралы өтініш хат жазулары қажет болды. Тиісінше ереже бойынша Моңғолия Президенті азаматтан шығу туралы өтініштерді алты ай мерзімінде қарастырылатын болды. Бұл уақытта Қазақстанда 60 700 моңғол азаматы тұратын. Олар Қазақстан Республикасы азаматтығын қабылдау үшін ең алдымен Моңғолия азаматтығынан шығу қажет болды, Моңғолияның ағымдағы заңы бойынша қос азаматтыққа жол берілмейтін. Тағы басқа осындай тұрғындарға азаматтық беруге қатысты мәселені Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы азаматтық мәселелер жөніндегі Комиссия үнемі қарастырып отырды.

             1995 жылдың бірінші жартысында Қазақстан Республикасына таяу шетелден (РФ, Өзбекстан, Түркменстан, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Белорусь, Грузия, Молдова, Балтық елдерінен) 31 800 адам келді. Мигранттардың негізгі бөлігі орта арнайы және орта білімді болатын. Аталған кезеңде алыс шетелден Қазақстанға (немістер, словактар, чехтар, ағылшындар, арабтар, итальяндар, бір жапон азаматы) 1653 адам келді. Қазақстаннан кеткендер саны – 82 200 адамды құрады, оның басым бөлігі орыстар (69,9%) болатын. Эмигранттар негізінен 16-60 жас аралығындағылар Ресейге, Өзбекстан, Украина, Қырғыз еліне, Әзірбайжан, Молдоваға және басқа елдерге бағыт алды. Эмигранттардың 23% - жоғары білімділер, 4,2% - аяқталмаған жоғары білімді, 34% - орта арнайы кәсіби білім алғандар, жұмысшы мамандықтары бойынша біліктіліктері бар контингент өкілдері, сол сияқты төменгі және орташа басшылық жасау қабілеті бар мамандар болатын. 1995 жылдың бірінші жартысында Маңғыстау, Қарағанды, Жамбыл, Оңтүстік қазақстан, Павлодар, Ақтөбе, облыстары мен Алматы және Ленинск қалаларынан алыс шетелге 51 979 адам қоныс аударды. Эмигранттар құрамын немістер, орыстар, украин, белорус, қазақтар, гректер, поляктар, словактар, чехтар құрады.

         2000 жылы Алматы қаласы әкімшілігі аппараты 1991-1999 жылдар аралығында аймаққа келген және одан кеткен репатрианттардың (оралмандарды) есебін алуды ұйымдастыру бағытында нақты жұмыстар жүргізді. Жоғарыда көрсетілген жылдар аралығында Алматы қаласынан 49 репатрианттар отбасы кеткен, оның ішінде Ресейге – 15 отбасы, Өзбекстанға – 3, Қырғызстанға – 1, Моңғолияға – 2, Қазақстан Республикасының өзге облыстарына – 28 отбасы. 2000 жылдың 15 маусымы жағдайында Алматы қаласы көші-қон және демография Басқармасына 1613 адамнан тұратын 495 отбасы тіркелген, оның ішінде 324 отбасы (1012 адам) алыс шетелден және 171 отбасы (601 адам) таяу шетелден қоныс аударып келгендер. Сол сияқты Астана қаласы бойынша репатрианттар отбасының тұратын орны, тұрмыстық жағдайы, еңбекке жарамды мүшелері, әлеуметтік қорғалуы зерделенді. Жүргізілген анкета қорытындысы бойынша республика аймақтарында алғашқы орналастырылған жерлерінен Астанаға қайта қоныс аударған 248 репатриант-отбасылары анықталды. 2000 жылдың 1 маусымы жағдайында көші-қон және демография бойынша Басқарма есебінде: Моңғолиядан – 196 отбасы (ересектер саны 465 және кәмелетке толмағандар саны 271), Өзбекстаннан - 15 отбасы (31 ересек, 12 балалар), Ресейден – 29 отбасы (тиісінше 49 және 26), Қытайдан – 8 отбасы (12 және 9) келгендер тұрды және олардың қабылдану құқықтық мәртебесі анықталып, Қазақстан Республикасы азаматтығын рәсімдеу бойынша жұмыстар жүргізілді.

        Жалпы Ақмола облысы бойынша 2000 жылы 30 маусым жағдайында 839 оралман-репатрианттар ҚР азаматтығын алса, 4647 адам азаматтық алуға ниет білдіріп арыз тастаған. Қазақстан Республикасы Әкімшілігінің басшылығында болған «Көші-қон жұмыстарын ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы» хаттамалық шешімге (14.03.2000ж. № 04-5/7),  

        Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы туралы»  сәйкес тарихи отанына қоныс аударуға байланысты қазақ диаспорасының мәселелерін саралау мен шешу бойынша Сыртқы істер министрлігі қызметкерлері белсенді жұмыстар атқарды. Шетелдегі қазақ диаспорасының құрамы 2000 жылдың 7 шілдесіндегі мәлімет бойынша ҚХР-да -1 258,6 мың, Өзбекстан Республикасында - 967,2 мың, Ресей Федерациясында - 687,8 мың; Моңғолияда – 101,7 мың; Түркменстанда – 87 мың; Қырғыз Республикасында – 42,6 мың адамнан құралған. Тұрақты түрде Қазақстанға көшуге ҚХР, Өзбекстан, Моңғолия, Түркіменстан, Қырғызстан, Иранда тұратын 524 отбасылары ынталылық танытқан. Дегенмен бұл мегілде этникалық қазақтардың өз еркімен отанына оралуына қатысты шетелдегі мемлекеттік органдардың құжаттарды рәсімдеуге, азаматтықтан шығуға (мысалы, Өзбекстанда бір жылға созылуына) қатысты  мәселелер, бюрократиялық түйіткілдердің орын алуына орай, оны шешудің өзге жолдары қарастырылды. Ұсыныстар даярланды. Дегенмен қоныстанушылар легі үзілген жоқ. Мысалы, 2000 жылдың 25 маусымындағы жағдай бойынша Моңғолия Президенті Жарлығымен 10 214 адам Моңғолия азаматтығынан шығарылғаны анықталып, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарғысымен (25.06.2000ж. жағдай бойынша) 7109 адамға республика азаматтығы берілген, оған қоса ішкі істер органдарының қарастыруына азаматтыққа қабылдау туралы 3105 өтініш түскен. 

         Репатрианттарды еңбекке орналастыру, кәсіби біліктілік алуды ұйымдастыру, еңбек нарығының талаптарына сәйкес даярлау және қайта даярлау, жеке істерін ашуға нақты көмек көрсету, бизнес-инкубатор құру, шағын және орта бизнесті ұйымдастыру үшін микрокредиттер бөлу және басқа кешенді шаралар легі ұйымдастырылды. Мысалы, Ақмола, Шығыс қазақстан, Қостанай, Қызылорда облыстарында репатрианттарды қоғамдық жұмысқа тарту (988 адам), жергілікті органнның квотасы бойынша жұмыс жасап тұрған кәсіпорындарына орналастыру (1326 адам), жеке ісін ашуға микрокредит бөлу (1215 адам), кәсіби білім алуға және қайта даярлауға (475 адам) жіберу бастамалары қолға алынды.  Әсіресе Солтүстік Қазақстанда егістік жер көлемін ұлғайту, сүт және ет өндірісі, күнбағыс майын өндіру сияқты ауыл шарушылығында қосымша жұмыс орындарын (466 адам) құру негізделді. Алайда, өзге елдердің менталитеті мен қоғамдық құрылымдық ерекшелігіне біте қайнасқан репатрианттардың республика шаруашылығына етене араласып кетуіне өзіндік психологиялық, экономикалық, әлеуметтік факторлар әсерін бергенін атап өткен абзал. Бұл заңды табиғи құбылыс болатын.

         Республикада 2000 жылдың желтоқсан айында оралмандардың бейімдеу орталықтарын халықаралық ұйымдардың көмегінсіз (республикалық бюджет арқылы 23 бейімдеу пункітін қаржыландыру) құру мүмкіндіктері қарастырылды. Бұған қоса, БҰҰ Халықаралық көші-қон ұйымы (МОМ) тарапынан кеңес алу, қазақ-репатрианттарды кіріктіру бағытындағы оның бағдарламасы аясында және бейімдеу орталықтарын құру мәселесі бойынша УВКБ тарапынан осы бағытта методикалық жұмыстар толықтай жүргізілді. Мұндай жағдайлар бойынша шетелдік тәжірибелер де ескерілді. Республиканың Облыстық еңбек, жұмыспен қамту және тұрғындарды әлеуметтік қорғау Басқармалары облыстық Көші-қон және демография Басқармасымен бірігіп мигранттарды (оралмандарды) жұмыспен қамтуға етуге ықпал жасайтындай іс-шара жоспарларын жасап, бекітті. Бір жолғы жәрдемақы мен көлік шығындарына қатысты төлемдерді өтеу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Мысалы, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының әкімдігі репатрианттардың тұрғын үй мәселесін шешуде, мұқтаж қоныстанушы отбасылары үшін бос жатақханалар мен қызметі тоқтаған балабақша және басқа да ғимарат нысандардың тізімін жасап, облыстық көші-қон және демография Басқармасына ұсынғанын атап өту керек. Бұндай үрдіс өзге де облыстарда жүргізілді.

          Көші-қон агенттігінің 2000 жылдың маусым айындағы талдау жұмысы бойынша репатрианттарды тұрғын үймен қамтамасыз етуде әсіресе Алматы қаласы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс қазақстан облыстарының әкімдері жауапкершілік танытқан. Атқарылған іс-шаралар қатарына тұрғын үй бойынша берешек қарыздарды өтеу үшін жергілікті бюджеттен ақшалай қаржы бөлу, бос тұрған коммуналды меншік нысандарын өткізу, жеке үй құрылысын салғысы келетіндерге жер телімдерін бөлу жұмыстары енген болатын. Алматы қаласы бойынша 1997-1998 жылдардың жергілікті бюджетінің қарыз төлемі мөлшеріне сәйкес бір бөлмелі – 8 пәтер, екі бөлмелі – 12 пәтер, үш бөлмелі – 33 пәтер, төрт бөлмелі – 2 пәтер қарастырлды. Оралмандар есебі алынып, олардың арасындағы жұмыссыздықты қысқарту, жұмыспен қамту шаралары жасалынды.

          Шығыс Қазақстан облысы 2000-2004 жылдар аралығында 335 отбасын үймен қамтамасыз етуге жыл сайын жалпы көлемі 45225,0 мың теңге ақшалай қаржы бөлуді (бұл 1991-1998 жылдар аралығындағы репатрианттар тұрғын үйі бойынша қарызына сәйкес) қолға алды. Дегенмен, Ақмола, Маңғыстау, Қарағанды, қостанай облыстарындағы бұл мәселеге қатысты іс-шаралар қаржыға тікелей қатысты болғандықтан, жеке талдау жұмыстарын қажет етті. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қарастырыл отырған кезеңде репатрианттарды бейімдеу жұмыстарына қажетті жағдайлар жасалынып, олардың әлеуметтік төлем ақылары толықтай өтелінді. Оған қоса, Айыртау, Бұлаев және басқа да аудандарда оралмандардың базалық шаруашылығын құру, алғашқы оралмандай құрылтайын өткізу туралы бастамалар көтерілді. 2000 жылдың шілде айында Мәдениетті қолдау жылы аясында Ақжар, Айыртау, Тайыншы, Тимирязев, Уәлихнов, Целинный аудандарында оралмандар құрылтайы өткізілді.

           Қорытынды. Тұрғындар көші-қоны қандай да болмасын мемлекеттің қауіпсіздігіне, сол елдің қоғамдық келісіміне, экономикалық және демографиялық жағдайына әсер тигізбей қоймайды. Солай бола тұра, көші-қон саясаты Қазақстанның ішкі және сыртқы мемлекеттік саясатының құрамдас бөлігі болып табылады. Сондықтан да көші-қон үрдістеріне қатысты кез-келген мәселенің шешімін тауып іске асыру, мемлекеттің ең басым міндеттерінің бірі. Мұны ширек ғасырлық Қазақстанның заманауи тарихы көрсетіп отыр. Дағдарысты жылдардың өзінде, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық дамуына аса назар аударылды. Көші-қон үдерістерінің түрлі туындаған мәселелерін шешу барысында тәжірибелер жинақталып, таяу және алыс шетелдермен халықаралық келісімдер арқылы жан-жақты нәтижелі іс-қимылдар жүргізілді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.         Архив Президента Республики Казахстан. Ф.5Н.Оп.1.Д.45.Л.8-9.Копия.

2.         Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты, 31-қор, 1-тізім, 34-іс, 87-88пп. Көшірме.

3.         АПРК. 5Н.Оп.1Д.845.ЛЛ.2-3.Копия.

4.         АПРК. Ф.5Н.Оп.6-2.Д.2084.ЛЛ.2-4.Копия.

5.         АПРК. Ф.5Н.Оп.6-2.Д.2084.ЛЛ.91-92.Копия.

6.         АПРК. Ф.5Н. Оп.1. Д.3502 Л.2-4. Копия.

7.         АПРК. Ф.5Н.Оп.1Д.2778.ЛЛ.3-5.Копия.   

8.         АПРК. Ф.5Н. Оп.1. Д.3502 Л.2-4. Копия.

9.         АПРК. 5Н.Оп.1.3Д.3512ЛЛ.19-22.Копия.

10.       АПРК. Ф.5Н.Оп.1Д.5514.Л.7-8.Копия.

11.       АПРК. Ф.5НI.Оп.4.Д.5514.ЛЛ. 10-13.Копия.

12.       АПРК. 5Н.Оп.1.3Д.3512Л.23.Копия.

13.       АПРК. Ф.5Н.Оп.6-2.Д.2084ЛЛ.76-79.Копия.

14.       АПРК. Ф.5Н.Оп.6-2.Д.2084Л.86.Копия.

15.       АПРК. Ф.5Н.Оп.6-2.Д.2084Л.68.Копия.

16.       АПРК. Ф.5Н.Оп.6-2.Д.2084ЛЛ.18-19.Копия.

17.       АПРК. Ф.5Н.Оп.6-2.Д.2084ЛЛ.21-22.Копия.

         

Құндызай ЕРІМБЕТОВА

ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті

Мемлекет тарихы институтының

жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты