Отан тарихын оқыту өзекті мәселелері
24.10.2013 3774
Тарихты өткен өмір ғана, – деп білу қате пікір. Шынайылықты тапқан тарих адамзаттың әлемдегі өзіндік орнын белгілеп берсе, ал бұрмаланған тарих адамзаттың өздігін жоғалтып жібереді.

Әрбір мемлекет өзінің дамуы барысында ең алдымен мемлекеттің тарихына ерекше орын береді. Елімізде де тарих ғылымы қоғамдық-саяси өмірдің алдыңғы қатарына көтерілді. Өйткені отан тарихы ұлттық сананың іргетасы болып табылады.

Тарихты өткен өмір ғана, – деп білу қате пікір. Шынайылықты тапқан тарих адамзаттың әлемдегі өзіндік орнын белгілеп берсе, ал бұрмаланған тарих адамзаттың өздігін жоғалтып жібереді. Мәселен, Түркияда республика құрылғаннан бастап отан тарихы ғылымын дамытуға, жетілдіруге ерекше мән берілді. Бастама ретінде 1930 жылы түрік елінің басшысы Мұстафа Ататүрк: «алдымен ұлтқа тарихын, ұлтының асыл екенін, барша мәдениеттің анасы – алдыңғы қатардағы ұлттың ұрпағы екенін үйретуге тиіспіз» [1], – деп атап өтті. Міне, осындай патриоттық жолда оқытылған тарихтың арқасында қазіргі таңда түрік елінде патриоттық сезім өте жоғары деңгейге көтерілген және әр бір түрік азаматы өз тарихын мақтан тұтатын жағдайда отыр. Яғни ұлтын қастерлейтін, өз отанының тарихын ұлықтайтын ұрпақтың келешегі айқын екені дәлелденді.

Мемлекеттің келешегі үшін елімізде де тарих ғылымын жетілдіру ісі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асырылып келеді. 1995 жылы «Қазақстан Республикасында та­рихи сананы қалыптастыру тұжы­рым­дамасы» қабылданса, 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы», – деп жарияланды, ал «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы рухани және білім беруді дамыту салаларындағы стратегиялық ұлттық жоба болып табылады. Бұдан өзге де көптеген іс шаралар қолға алынып жатыр. Бұл тек тарихшылардың ғана қуанышы емес, сонымен қатар ұлттық мақтанышымызды білдіреді.

Қазіргі таңда тарихшы ғалымдардың, оқытушылардың мойнында ауыр міндеттер бар. Өйткені, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ тарихы әбден бұрмаланып, оқытылып келгені белгілі. Тарихи еңбектерде шындықты жазу бір жақта тұрсын, қазақтар мәдени деңгейі жетілмеген халық ретінде ғасырлар бойы психологиялық тұрғыда бағынышты ел болуға тәрбиеленді. Сөйтіп, қазақ өз ұлтынан намыстанатындай жағдайға жетеленді. Сондықтан да қазіргі уақытта отан тарихын оқытудағы ең өзекті мәселелердің бірі – тарихымыз арқылы жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу болып табылады. Мұны  тарихи оқиғаның тек саяси бағыттарына ғана баса назар аудармай, рухани, мәдени, әлеуметтік, этнопсихологиялық т.б. тұстарына да жан-жақты тоқтала отырып оқыту арқылы жүзеге асыруға болады. Бұл әдістің «Қазақстан-2050» стратегиясында көрсетілген жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға септігін тигізері сөзсіз.

Отан тарихын оқытудағы өзекті мәселелердің тағы бірі – деректердегі мағлұматтардың арасындағы әртүрлілік болып табылады. Тарихшы ғалымдар сол мағлұматтардың шынайылығын анықтап, бір ізділікке жеткізу қажет. Осы негізде профессор Б. Аяғанның Қазақстан тарихын көне заманнан бастап қайта жаңғырту қажет деген пікірін құптағанымыз жөн.

Аталмыш ғалым: «сақ дәуірін алсақ, бұрын кеңес заманында сақтардың тілі иран, парсы тілі деп көрсетілді. Сол кезде шыққан Қазақстан оқулықтарын қарап көріңізші, дәл солай жазылған. Ал соңғы деректер бойынша сақ, үйсіндер көне түрік тілінде жазып, сол тілде сөйлеген екен» [2], – дейді. Міне, бұл тұжырымдаманың бір өзі ежелгі дәуірдегі екі мемлекеттің тарихын өзгертіп жібере алатындай құндылық танытады.

Сонымен қатар тарихи оқиғаларды талдай отырып, тарихи хронология яғни кезеңдерге бөлу немесе дәуірлеу мәселесі де отандық тарихы ғылымында ауқымды орынды алып отыр. Соңғы кезде бұл мәселеге қатысты ғылыми таным аясының кеңейе түсуіне орай бірқатар тұжырымдамалар ұсынылып жатыр.

Ал ортағасырлық отан тарихын оқытуда біріншіден, қазақ хандығының орталықтанған билік жүйесіне ерекше тоқталу қажет. Көптеген тарих кітаптарында осы мәселе жалпылама аталып кетеді. Екіншіден, ортағасырлық көшпелі халықтың рухани мәдениетіне аса мән берілуі қажет. Өйткені қазақ халқының хандары, билері, ақындары, жыраулары, ғалымдары мен әншілері ислам дінінің білгірлері, ислами өркениеттің өкілдері еді [3]. Яғни, ортағасырлық қазақ даласы туралы мәселе көтерілгенде рухани өмірдің саясаттағы, әлеуметтік қоғамдағы ықпалы мен рөліне кеңірек тоқталған жөн болар. Бұл ата-бабамыздың дәстүрлі рухани жолын қазіргі кездегі көптеген алдамшы сенімдермен шатастырып, ұрпақтың тура жолдан адаспауына үлкен үлес қосады деген сенімдеміз.

Жаңа заман тарихында қазақ хандығының патшалық Ресейдің боданына айналу тарихы да өзіндік өзекті мәселелерге толы. Ол кезде қазақ хандығына өз территориясын сақтап қалу қаншалықты маңызды болса, ал патшалық билікке  экономикалық табыс көзі тиімділік соншалықты тиімді болды [4]. Бұл идеология XVIII ғасырдағы ресейлік зерттеушілердің еңбектерінен де анық байқалады.

Зерттеуші ғалымдарымыз өз еңбектерінде XV ғасырдың ортасынан қазақ хандығы тұтас саяси құрылым ретінде өмір сүріп, XVIII ғасырдан бастап әрбір жүз өз хандарын сайлай бастағанын тілге тиек етеді [5]. Мұны оқығанда орталық биліктің дағдарысқа ұшырауына қандай факторлар себеп болды немесе орталықтанған билік астында неге жауға қарсы тойтарыс бермедік деген сұрақтар туындайды. Демек бұл жағдай да әлі терең зерттеуді қажетсінеді, – деп ойлаймыз.

Патшалықтың идеологиясы халықты материалдық, әрі этнопсихологиялық тұрғыдан қысты. Идеологияның қаншалықты дәрежеде қиындық тудырғанын қазақ жерінде үнемі бой көтеріп тұрған ұлт-азаттық қозғалыстар дәлелдеп береді.

Әрине аталмыш қозғалыстардың өзіндік алғышарттары мен салдарлары болды, алайда барлығын біріктіруші сипат азаттыққа ұмтылысы еді. Сондықтан отан тарихын оқытуда қазақ жеріндегі Ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы дәрісі мен сондай-ақ қазақ мемлекетінің еркіндігі үшін күрескен азаматтар үшін Тұлғатану дәрісі қосымша курс ретінде оқытылса дұрыс болар еді, – деген пікірдемін.

Кеңестік кезең тұсындағы Қазақстан тарихына тоқталғанымызда әлі де шынайылыққа қауышпаған немесе нақты анықталмаған жәйттерді байқаймыз. Көптеген мәселелер немесе оқиғалар әлі де кеңестік кезеңдегі мәліметтерімен шектеліп қалған.

Жоғарыда атап өтілген бірқатар мәселелерді қорытындылай келе, отан тарихын оқыту ісі әлі де шыңдала түсуді талап ететінін байқаймыз. Сондықтан отан тарихын оқытуда сапалық деңгейдің артуы үшін өз ұсыныс пікірлеріміз бар: біріншіден, тарихты жазуда әрбір дәуірге қатысты деректер өз кезеңіне байланысты пайдаланылуы қажет. Мәселен, көне дәуірлерде антика авторларының еңбектері, қытай жазбалары т.б. құнды мәліметтер ұсынса, ал ортағасырлық кезең үшін түрік, парсы, араб т.б. деректері маңызды орында. Кеңестік кезең тарихына келсек, ресейлік және отандық мұрағат деректері, сондай-ақ шетелдік зерттеулер құндылық танытады.

Екіншіден, бүгінде қай елді алсақ та отан тарихы сол елдің мемлекеттік тілінде оқытылады. Мұндағы мақсат – патриоттық сезімнің нығайып, қалыптасуына үлкен үлес қосу ғана емес, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын дамыту да болып табылады. Өйткені тіл ұлттың ең басты ерекшелігін білдіреді, жоқ болудан сақтайтын құрал. Отан тарихын оқытуда бұл мәселеге де назар аударылса дұрыс болар еді.

Ғ.И.Кушенова

т.ғ.к., аға оқытушы

Қазақстан тарихы кафедрасы

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университеті

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Atatürk’ün tarih ile ilgili sözleri. http://www.ataturkdevrimleri.com

2.  Отан тарихын оқытудың өзекті мәселелері. http://baq.kz/kk

3.  Нуртазина Нуртазина Н. Ислам в казахском ханстве (ХV-ХVІІІ вв.). –Алматы: КазНУ им. Аль Фараби, 2009. – С. 6.

4.  Рычков П.И. Топография Оренбургской губернии. – Оренбург, 1887. – С. 226-236.

5.  Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Оқулық. – Алматы: Алматыкітап, 2009. – 78 б.