Тәуелсіз Қазақстанның құндылықтар әлемі
05.09.2013 5028
Халқымыз үшін күрделі және жауапты кезең болған ХХ ғасырдың соңында егемендіктің, дербестіктің де күні туды.

Халқымыз үшін күрделі және жауапты кезең болған ХХ ғасырдың соңында егемендіктің, дербестіктің де күні туды. Адам бойындағы даралықты, шығармашылыққа деген еркіндікті мойындаған демократиялық елде ғана мемлекеттік егемендікке, тәуелсіздікке  ауадай қажетті төзімділік те, бірлік те, достық та, ынтымақтастық  та нығая түседі. Адамдар қоғамдағы қарапайым тобыр, бұқаралық  мәдениет өкіліне айналмайды, олар бұл тір-шілікте өзінде лайықты  өмір жолы бар еркін ойлайтын азаматтар қауымдастығына айналады. Республика азаматтары өздерінің мәдени және ұлттық бірегейлігін егемен еліміздің болашағымен байланыстыру арқылы ғана жасампаздық жолына түсе алады. Осылайша, саяси-әлеуметтік орнықтылықтың, мәдениетаралық, этносаралық және дінаралық келісімнің тереңдеуіне себепкер болады.

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгер басшылығымен біздер дүние жүзіне танымал егемен ел болдық. Осы жетістікке жету үшін Қазақстан халқының, соның ішінде негізгі шешуші орны бар қазақ ұлтының рухани және материалдық игіліктерін арттыруға байланысты ауқымды жұмыс атқарылды және атқарылуда. Республика атауын берген қазақ ұлтымен бірге елімізде басқа халықтардың өкілдері де жемісті еңбек етуде. Міне, осы қазақ ұлтының құндылықтары, тілі, мәдениеті төңірегіне барлық қазақстандықтарды іштей топтастыру, ортақ саяси құндылықтар негізінде оларды бірегейлендіру құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам құру үшін өте маңызды. Өйткені бәріміз ежелгі қазақ топырағында өмір сүрудеміз. Сондықтан, қазақтардың ата дәстүрін, дала заңын, саяси мәдениетін, шежіре-тарихын білетін Қазақстан халқының жаңа демократиялық санасын қалыптастыру қажет. Осыған орай, «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасының бәсекеге қабілетті қазақ ұлтын, Қазақстан халқын қалыптастырудағы маңызы айтарлықтай.

Қазақ халқы өзінің ұлттық бостандығы мен егемендігі үшін 260-тан астам ұлт-азаттық қозғалысқа, көтеріліс шыққан, соның соңғысы 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі. Еліміздің барша азаматтары, тілі шығып, бір нәрсені түсінуге жараған бүлдіршіннен бастап жүз жасаған ақсақалды қарияларымызға дейін – бәріміз тәуелсіз дербес мемлекетіміз бар екендігін осы жиырма жыл ішінде анық сезінетін болдық.

Осы жиырма жыл ішінде өзіне тән барлық институттары бар түбірінен жаңа демократиялық құқықтық мемлекет құрылды. Сөйтіп, егемен Қазақстан әлемдік қауымдастықта дербес даму жолымен нық жүріп келеді.

Ендігі жерде өзіндік «менін» сақтауға ұмтылған әрбір жұрт, ең алдымен, тарихи санасы мен жадын, бірегей ұлттық болмысы мен ойлау машығын, өзіндік дүниетанымы мен дінін, ана тілі мен ерекше ділін, бай дәстүрлі төл мәдениетін, соның негізінде қазіргі бәсекеге қабілетті мәдениетті дамыту, аман алып қалу жолында жанталасуы қажет.

Үш жүз жыл бойы бодандық бұғауында тұншыққан қазақ халқының қайтадан ұлтгық идеяны ту етіп егемен елін, дербес мемлекетін орнатып, айналасы жиырма жылдың ішінде төрткүл дүниеге танылуына жеткізген қандай ұлы күш еді, – деп таңқалатындар болса, сол ұлы күш осы – ғасырлар бойы халқымыздың көкірегінен өшпеген ұлттық намыс пен азаттық рухы.

Декларация жаңа 1995 жылғы Конституцияны, республиканың егемен мемлекет ретінде мәртебесін іске асыратын заңнамалық актілерді жасаудың, елдің ішкі және сыртқы саясатын анықтаудың негізі болды. Ендеше, ол халықаралық қатынастардың шынайы субъектісі ретінде Қазақстанның конституциялық құқықтық мәртебесін анықтады.

Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация бойынша мемлекеттік билік атқарушы, заң шығарушы және тәуелсіз сот сияқты үш тармаққа бөлінген. Сонымен қатар, егемен елдің өзіндік елұраны, елтаңбасы, жалауы, біртұтас территориясы, ұлттық энциклопедиясы, ұлттық валютасы, ұлттық философиясы бар.

Қазақстанның өткен жиырма жылғы дербес, егемен ел ретінде дамуының басты нәтижелері: жүйелі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды қарқынды жүргізу арқылы нарықтық қатынастар мен институттар құрылды, саяси жүйеміздің институттары қалыптасты, егемен елдің демократиялық саяси жүйесін қалыптастырудамыз, этносаралық үйлесімділік және саяси тұрақтылық, рухани келісім мен бейбітшілік, әлемдік дағдарыс жағдайында экономикалық даму, ұлттық мүддені қорғау негізінде ішкі және сыртқы қауіпсіздікті одан әрі нығайту, мемлекет құрушы және қоғамды іштей топтастырушы қазақ ұлтын барынша дамыту. Шынында да, қазақ халқының ұлттық санасы жаңғырып, өзін-өзі тану, өзін басқаға таныту, өзінің бай, ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлерін қастерлеу мен құрметтеу, біртуар ұлттық тұлғалары мен құндылықтарын бүкіл дүниеге таныту, бай рухани қазынасын әлемдік өркениетпен ұластыру, ұлттық бірлікті нығайту бағытында қыруар шаруалар атқарылды.

Алдымызда «Қазақстан–2030» Стратегиясы аясында егемен елімізді инновациялық индустрияландыру, ұлттық экономиканы әртараптандыруды жалпыұлттық идеяға айналдыру арқылы Қазақстан Республикасын өркениетті бәсекеге қабілетті державаға айналдыру міндеті тұр. Ол үшін біздерге қазақстандықтардың бірлігі, төзімділігі, ынтымақтастығы ауадай қажет.

Толық материалды мына жерден оқи аласыз