ҚАЗАҚТЫҢ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМҒА ДЕГЕН ЕРЕКШЕ ҚҰШТАРЛЫҒЫ
29.09.2017 5963

ҚАЗАҚТЫҢ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМҒА ДЕГЕН ЕРЕКШЕ ҚҰШТАРЛЫҒЫ

 

Қазақтардың жаңа дәуірдегі білім жайы. Қазақ халқы ежелден білімділікті және сауаттылықты құрмет тұтты, надандарды күлкі етті. Бабаларымыз балалардың білімге ұмтылысын қолдап, қалыптастыруға тырысты. Мәселен, ХІІІ ғасырдың басында араб Марверуди түркілер арасына білім мен ғылымның таралуы туралы былай деп жазды: «Түркілерде жазу болды: олар сиқыршылық құпиясын және аспан денелерін білді. Олар балаларын сауаттылыққа үйретті. Оларда екі жазу: соғди және тоғызоғыз (ұйғыр) жазулары болды».

ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанда халықтық білім діни және зайырлы бағытта дамыды. Ұзақ уақыт балаларды оқыту мектептер мен медреселерде жүзеге асырылды және оларда мұсылманша білім берді. Мұғалім қызметін көбіне молдалар атқарды. Оқыту ата-аналарының қаржысы есебінен жүргізілді. Білім беру жыл маусымына қарай жүргізілді.

ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында дәстүрлі мектептер мен медреселер уақыттың өсіп отырған сұранысын қанағаттандыра алмады. Мұсылман мектептерін реформалау қозғалысы басталды, оны жәдитшілдер жүргізді. ХХ ғасырдың 20- жылдарында даладағы жаңалықтардың арқасында жаңа әдіспен оқытатын мектептер пайда болды. Олар буындап оқытудан дыбыстап оқытуға ауыстыруды ұсынды. Егер бұрын буынмен оқытқанда әліпбиді 3 жылда үйренсе, дыбыстап оқытуда 2-3 айда меңгерді. Бұндай бағыттың негізін қалаушы белгілі түркі ағартушысы, қоғам қайраткері Исмаил Гаспринский еді.         

Патшалық кезінде алғашқы зайырлы мектептер пайда болды. Нақ осы кезде ресейлік және еуропалық зерттеушілер қазақтың өз балаларына білім беруге ерекше ұмтылып отырғанын байқады. Олар қазақ балаларының аса зеректігін атап көрсетеді. Осыған байланысты көшпелілер өмірінің білгірі Ф.Собысевичтің пікірін келтірейік: «Қазақ балаларына қатысты әділеттілікті айтайық. Қазақ балаларының мінез-құлқы, тәртібі жақсы, танымы жоғары, мәліметті тез және өте жақсы меңгеретіні мақтауға тұрады». Ата-аналары білім мұқтаждығына қаржысын аямады. Бұл туралы ХІХ ғасырда қазақ тұрмысының атақты білгілі Ю. Юзефовичтің пікірлерін келтірген орынды: «Қазақтар білімді өте жоғары бағалайды. Олар оқу орындары мекемелерінің пайдасына қаржы салуға әзір».

Қазақстан аумағында жер аударылған поляк революционер-демократы А. Янушкевич ХІХ ғасырдың 40-шы жылдары Орталық Қазақстан экспедициясына қатысты. Саяхат кезінде ол күнделік жүргізіп, қазақтардың өмірі мен тұрмысы туралы әсерлерін жазды. Кейіннен бұл күнделік поляк тілінде басылды. Күнделігінде ол дала тұрғындарының тарихы, тұрмысы, өмірі, салттары мен дәстүрі туралы егжей-тегжейлі баяндайды. Досына жазған хаттарының бірінде қазақ халқы туралы өте жылы шырайлы сезімін білдірді: «Жаратқан осындай қабілетті еткен халық өркениетке бөтен болып қала алмайды». Немесе: «Бүгінгі көшіп жүрген көшпелі оған жоғарыдан төмен қараған халықтар арасынан құрметті орын алатын уақыт келеді». 

Оқу-білім туралы мақалдар мен мәтелдер. Далалықтардың оқу мен білімге құрмет сезімін білдіретін мақалдар мен мәтелдер өте көп: «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», «Білім жанып тұрған шаммен тең», «Білімнің басы бейнет, соңы зейнет», «Алтынды алмай, білімді ал», «Адамның көркі - киім емес, білім», «Жердің сәні егін, ердің сәні білім», «Білім инемен құдық қазғандай», «Көп жасаған білмейді, көп көрген біледі» т.б.

Жәңгір хан – білімді қазақ билеушісі. Алғашқы «білімді билеушілердің» бірі Ішкі Орда билеушісі Жәңгір хан болды. 1841 жылы оның бастамасымен алғашқы зайырлы мектеп өмірге келді. Жәңгір хан жылына үш рет мектеп оқушыларының тізімі мен бағаларын тексеріп отырды. Бұл мектеп хан қаржысы есебінен ұсталды. Ол қазақтардың Ресей оқу орындарында білім алуын жақтап қана қойған жоқ, өзі де балаларды Астрахан, Саратов, Қазан, Орынбор қалаларына жіберуге күш-жігерін жұмсады. Хан өзінің қарауындағылар үшін Орынбордың Неплюев кадет корпусынан 10 орын бөлінуін қамтамасыз етті. Ол қазақ балаларының Орман институтына, Қатынас жолдары корпусына, Азаматтық инженерлер училищесіне, сондай-ақ Петербург кадет корпусына қабылдануына қол жеткізді. Кейіннен Бөкей Ордасынан шыққан бірқатар адамдардан көрнекті инженерлер, орманшылар, әскерилер және ғалымдар ретінде даңқы шықты. Зайырлы білім алған қазақтар Жәңгір ханның барлық жерде іс жүргізуді енгізуіне және тіпті мұрағат қызметін құруына мүмкіндік берді. Денсаулық сақтау саласында хан жұқпалы ауруларға қарсы егу практикасын енгізді. Оның күш-жігерімен Ордада аурухана мен дәріхана ашылды. Ол далада алғашқы болып Ішкі Орданың топонимикалық және географиялық картасын жасатты. Жәңгір хан аңшылыққа құмар еді. Ол қару-жарақ палатасын ашуға бастамашы болды. Бұл көп жылдар бойы жасалды. Мұнда орыс патшалары сыйға тартқан сирек қарулар сақталды. Мұнда қымбат ер, ат әбзелдері, жүген, сауыт, дулығалар және сауыттар жинақталды. Қару-жарақ палатасында ханның өзі экскурсия өткізді және тіпті Хан Ордасы жанындағы мектеп оқушыларынан емтихан алды.

Оның қайраткер және ағартушы ретінде сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. Жәңгір хан 42 жасында генерал-майор болды, 43 жасында Қазан университеті Ғылыми кеңесінің құрметті мүшесі болып сайланды. Ресейлік белгілі қоғам қайраткері А. Алекторов 1892 жылы былай деп жазды: «Жәңгір ханның ізгі істері аз емес. Мұсылмандықпен қатар ол шынайы ағартушылықтың негізін салды; бұл орайда қандай ой болғаны бәрібір; бастысы, ол ағарту жұмысының бастаушысы болды. Жәңгір ханның қағаздарын ақтарып отырып мен оған қатынас жолдарының қызмет ғимараттарының бас басқарушысы  Г.К. жазған ресми хатты тауып алдым. Хатта жазылғандай, Жәңгір өзінің балаларына ғана емес, басқа да қырғыз (қазақ – авт.) балаларына еуропалық білім бергісі келетіні көрінеді. Уақытша Кеңес істерінен менің тауып алған Жәңгірдің өз қолымен қағазда хан Патша императордың атына хат жазып, өз атынан ғана емес, бүкіл орда жұртшылығының атынан қырғыз (қазақ – авт.) балаларын орман институтына және басқа да оқу орындарына қабылдауға рұқсат беруін сұраған».

Жәңгір ханның ағартушылық ісін халықтың басқа да өкілдері Ш.Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбайұлы, Ә. Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы және басқалар жалғастырды.

Омбы – қазақ ғылымы мен білімінің орталығы. XIX-ХХ ғасырлар тоғысында далалықтардың білімге табиғи құштарлығының арқасында қазақтар білімге  бас қойды. ХІХ  ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде Омбының оқу орындарында қазақ халқының көрнекті өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Айдархан Тұрлыбаев, Отыншы Әлжанов, Жақып Ақбаев, Райымжан Мәрсеков, Ережеп Итбаев, Сейілбек Жанайдаров, Асылбек, Мұратбек, Мұсылманбек Сейітовтер, Мағжан ЖұмабаевСәкен Сейфуллин, Қошке Кемеңгеров, Дінше Әділов, Смағұл Сәдуақасов, Ғаббас Тоғжанов, Жұмат Шанин, Әбілқайыр Досов, Бекмұхамед Серкебаев, Қартқожа Тоғанбаев, Бірмұхамед Айбасұлы, Әміре Исин, Мұхтар Саматұлы, Мұқан Әйтпенов, Көлбай Тоғысов, Темірболат Телжанов, Нығмет Нұрмақов, Шәймерден Әлжанов сияқты көптеген азаматтар оқу бітіріп шықты. Олардың бәрі де халық ағарту ісіне, Қазақ өлкесіндегі ұлттық-демократиялық қозғалысқа, сондай-ақ туып-өскен өлкені ғылыми тұрғыдан зерттеуге лайықты үлес қосты. Басым көпшілігі кейінірек, кеңес өкіметі кезінде, саяси қуғын-сүргінге ұшырады, атылып кетті.

Қазақ балаларының жаппай Ресей империясы қалалары мен әлемде оқуы. Неғұрлым алысты болжап, бағдарлай білетін қазақ халқы балаларын Ресей мен шетелдердің орта және жоғары оқу орындарына оқуға жіберетін. Олар білім алуды өздерінің тапталып, аяққа басылып келген құқықтарын бұдан былайғы жерде сеніммен қорғаудың кепілі деп білді. Қазақ жастарының елеулі бөлігінің заң факультеттерін тандауы тіпті де тегін емес. XIX-XX ғасырлар тоғысында тек Қазан қаласының өзінде ғана (императорлық Қазан университетінде, Қазан мал-дәрігерлік институтында, Қазан мұғалімдер семинариясында) 100-ге жуық қазақ жастары оқыды. Көптеген жастар Санкт- Петербор, Мәскеу, Том, Саратов, Киев, Тарту, Каир, Бомбей, Стамбұл, Варшава университеттерінде оқыды. Мәселен, Санкт-Петербор университетінің заң факультетін М. Шоқай мен A. Тұрлыбаев алтын медальмен бітіріп шықты. Ал Әлихан Бөкейхан – Орман институтын, С. Асфендияров – Санкт-Петербург әскери медицина академиясын, А.Сейітов – Том университетінің медицина факультетін, Ж. Досмұхамедов – Тарту университетінің заң факультетін, М. Ғабдолғазизұлы – Каир университетін, О. Тұрмағанбетұлы – Бомбей университетін, X. Нұржанов Киев университетінің заң факультетін бітірді. Басқа да көптеген қазақ студенттері болды.

Қарқаралыдан түлеп ұшқан Дінмұхамед Сұлтанғазиннің (1867-1918) ізденгіштік қабілетін кімге де болса үлге етуге тұрады. Ол 1890 жылы Том университетінің медицина факультетін, ал 1895 жылы Санкт-Петербор университетінің шығыстану факультетін, 1897 жылы заң факультетін бітіріп шықты.

Сонымен қатар Ресей жоғары оқу орындарында алғашқы қазақ қыздары да білім ала бастады: 1908 жылы Петербор әйелдер медицина институтын Асфендиярова Гүлсім Жағыпарқызы (1880-1941), одан кейін Асфендиярова Мәриям Сейітжағыпарқызы (1887-1937) бітірді.

Осыған байланысты Халел Досмұхамедұлы 1904 жылы былай деп жазды: «Өзіңнен басқа ондаған және тіпті жүздеген қазақ жоғары білім алып жатқанын көргенде түрлі ойларға берілесің, біздің халық еңбекке, ілгерілеуге қабілетті, сондықтан да бір замандарда әлемдік үстемдікте құрметті орынға ие болып, екінші Жапонияға айналар!»

Қазақ тілін жақсы білген, ұлт дәстүрлері мен салттарын зерттеген поляк Адольф Янушкевич өзіне жақын адамдарға таңдана отырып, халықтың болашағы білім мен ғылымға жақын екенін еске алады: «Мен барған сайын қырғыздардың (қазақтардың – авт.) ақыл-ой қабілеті үлкен екеніне көзім жетті. Сөздері қандай жеңіл! Өз ісін қалай түсіндіре біледі және қарсыласының уәжін тойтарады! Тіпті балаларында да ақыл-ой өте тез дамиды. Бүгін мен өз жұмысыммен болдым, менің қасымда үнемі бір бала кітапқа көз салып отырды. Маған мұның немен аяқталары қызықты болды. Ақырында ол менен қалам сұрап алып, татарша бірдеңелер жазып, өзінің жаза білетінін дәлелдеді. Оның шеберлігін мақтағаныма мәз болды».  

Президенттік «Болашақ» бағдарламасы. Республика азаматтарының білімге ұмтылысын ескере отырып, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 1993 жылы талантты жастардың шетелдерде сапалы білім алуына бағытталған бірегей «Болашақ» білім бағдарламасын жариялады. Осы кезге дейін ТМД кеңістігінде оған теңдес жоба жоқ. Тарихта өте керемет сабақтастықтар болады: осындай бастама ХХ ғасырдың басында Қазақстанда автономиялық республика құрар сәтте Алаш зиялылары тарапынан көтерілген-ді. Алайда ол кезде оқыту географиясы негізінен бұрынғы КСРО аумағымен шектелді. Сол кезде жүздеген қазақ жігіттері Мәскеу (100), Петроград (130), Омбы (80), Қазан (40), Ташкент (100)  жоғары оқу орындарында және басқа да жерлерде оқудан өтті.

Қазіргі кезде «Болашақ» бағдарламасы бойынша елдің талантты жастары жыл сайын АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Францияның, Германияның және басқа да шет мемлекеттердің жоғары рейтингті оқу орындарына жіберіледі. Оқыту магистратура және докторантура бағдарламасы бойынша ғана жүргізіледі. Оқуы аяқталғаннан кейін мамандар міндетті түрде елде бес жыл қызмет өтеуі тиіс.

Осы бағдарлама түлектері бүгінде мемлекеттік қызметте, білім беру және денсаулық сақтау жүйелерінде, ұлттық компанияларда жұмыс істейді. Олар батыс елдерінің стандарттары мен менеджментін Отанымыздың түрлі салаларына енгізіп келеді. Бұл – ТМД-да ғана емес, бүкіл әлемдегі жақсы тәжірибелердің бірі. Бұл тәжірибемізді Ресей, Қытай, Польша, Финляндия және басқа да мемлекеттер зерделеуде. Осы бағдарлама бойынша 13 мыңға тарта жас азамат оқуын аяқтады.

Соңғы жылдары «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқытуға іріктеу сапасы арттырылды. Мәселен, шет тілін меңгерудің алғашқы деңгейі көтерілді. Мемлекеттік тілді білу талаптары қатайтылды. Кадрларды даярлау географиясы да кеңейді: болашақтықтардың үштен бірі АҚШ-та, 50 пайызға жуығы – Ұлыбритания мен Ирландияда, 15 пайызы – Еуропаның басқа елдерінде, бірқатары басқа мемлекеттерде білім алуда. «Болашақ» білім алушылары негізінен – инженерлік-техникалық мамандықтарда, соның ішінде ақпараттық технология, геология, металлургия, өнеркәсіптік инженерия т.б. оқиды. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде іс жүзінде қоғамның қуатты күші – әлемдік деңгейде білім алған мамандар қалыптасты. Олардың әрқайсысы өз орындарында экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен білімді үздік халықаралық стандарттарға  және оларға ұқсас жағдайға келтіруге лайықты үлестерін қосуда. Бұл туралы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев былай деп жазады: «Біздің жастарымыз жаңа білімдерді меңгеруді, жаңа дағдыларды игеруді үйренді, олар алған білімдері мен үйренген технологияларын күнделікті өмірде тиімді пайдалана білулері тиіс».

Зиябек Кабульдинов