Мемлекет тарихын негіздеуге қосылған қомақты үлес
27.08.2013 2385
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында «Қазақ хандығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы» кітабы жарық көрді.  (Алматы: Сөздік Словарь» баспасы, 2011. 320-6.)

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында «Қазақ хандығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы»(Алматы: Сөздік Словарь» баспасы, 2011. 320-6.) кітабы жарық көрді. Аталған ғылыми жобаның авторы, әрі редакциясын басқарған - Мемлекет тарихы институтының директоры, т.ғ.д., профессор Б.Аяған. Танымал тарихшылар Х.Әбжанов және А.Исинмен бірге авторлық серіктестікте жазылған бұл еңбектің келешек ұрпаққа берер тағлымы мол.

Кітаптың құрылымы: Алғы сөз, «Тарихнамалық ойлар», «Қазақ хандығының этникалық және саяси негіздері», «Қазақ хандығының құрылуы, өрлеуі және әлсіреу кезеңдері», «Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен шаруашылығы», «Жаңа замандағы Қазақ хандықтары және олардың жойылуы» атты тараулардан, Қорытынды, Қазақ хандары және олардың билік жылдары, Қазақ хандығы тарихының хронологиялық көрсеткіштерінен тұрады.

Басылымда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ғалымдарының еңбектері мен танымал қылқалам шеберлерінің суреттері пайдаланылды. Кітаптың мұқабасындағы сурет Керей мен Жәнібек хандарға арналған ескерткіш (Астана, 2010). Авторы - Ренат Әбенов.

Сондай-ақ, 10 томдық «Қазақ ұлттық Энциклопедиясы» мен 4 томдық «Қазақстан тарихы» көркемсуретті энциклопедия материалдары, карталар мен кестелер және А.Исиннің Ресей мемлекеттік ежелгі актілер мұрағатының (РГАДА) құнды құжаттары қолданыс аясына енгізілді. Оның көбі Қазақ хандарының мөрлері мен суреттерін, араб тіліндегі хабарламалары мен мемлекетаралық қатынас хаттарын құрайды. «Қазақ хандарының билік жылдары», дәуір құжаттарынан үзінділер, қазақ хандары мен билері, батырлары мен жырауларының бет-бейнесі, көшпелі және қала мәдениетінен түрлі-түсті көріністер, «ХІІІ-ХІV ғасырлардағы Моңғол шапқыншылығы кезіндегі Қазақстан», «XVIII ғ. Қазақ халқының жоңғарларға қарсы азаттық күресі», «XVIII ғ. бірінші жартысындағы Қазақ-Ресей қатынастары», «Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліс» (1836-1838 жж.), «Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс» (1837-1847 жж.), 1-форзацтағы «Қазақ хандығы», 2-форзацтағы «Тәуелсіз Қазақстан» деп аталатын тақырыптық карталар кітап мазмұнына сәйкестендірілген.

«Тарихнамалық ойлар» аталатын 1-бөлімде «Жасампаз жылдар және ұлттық тарихнаманың басымдықтары», «Қазақ этнонимінің пайда болуы туралы, «Қазақ мемлекеттігі тарихын дәуірлеу», «Орта ғасырлық Шығыстың әулеттіктарихнамасындағы саяси мүдделер көрінісі», Қазақ жерінің Ресей империясының құрамына кіруі туралы пайымдаулар» сөз болады.

Сондай-ақ, «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» еңбегінің авторы Зардыхан Қинаятұлы «Көптеген авторлар Шыңғыс ханның арғы тегін түркі-оғыздар туралы шежірелік аңыздар негізінде «қазақтан таратады», дей келе, моңғол жазығында «б.з. II ғасырынан X ғасырына дейін жеті ортафеодалдық мемлекет (Ғұндардан Қиданға дейін) құрылғанын», олардың түркі, тұңғұс және моңғол-қидан сынды үш этникалық топтан тұрғанын, Шыңғыс қаған біртұтас Моңғол мемлекетін құрған соң түркі тектес халықтардың батысқа жылжуы нәтижесінде Моңғолиядағы мәдени-саяси ықпалы төмендегенін айтып, Шыңғыс ханның қазақтан шыққанын теріске шығарады.

«Қазақ хандығының құрылуыжәне саяси негіздері» аталатын 2–бөлімде Қазақ хандығының қалыптасу ерекшеліктері, Қазақ хандығына дейінгі мемлекеттердің саяси дәстүрлері, дәстүрлі қазақ қоғамындағы мемлекеттік билігі, Ноғай ордасы және Моғолстан тарихы, басқару ерекшелігі, этникалық байланыстары баяндалады.

«Қазақ хандығының құрылуы, өрлеуі және әлсіреу кезеңдері» аталатын 3–бөлімде Қазақ хандығының құрылу, нығаюы және уақытша әлсіреу кезеңдері, қазақ хандары (Керей мен Жәнібек, Қасым, Ақназар, Тәуекел, Салқам Жәңгір, Тауке), қазақ билері (Төле, Әйтеке, Қазыбек) туралы жазылады.

«Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен шаруашылығы»аталатын 4-бөлімде көшпелі шаруашылық жүргізу әдістері, қолданбалы өнер, қала мәдениеті, мемлекет және қазақ зиялысы туралы баяндалады.

«Жаңа замандағы Қазақ хандықтары және олардың жойылуы»аталатын 5-бөлімде Қазақ қоғамындағы батырлар институты, Жоңғарларға қарсы Отан соғысы, Абылай ханның қоғамдық-саяси қызметі, Ресей империясының отарлау саясаты, Қазақ хандығының жойылуы, Қазақ Ордасының соңғы ханы Кенесары Қасымұлы туралы мәселелер қамтылады.

Кітап авторлары тарапынан «тарихнамалық деректер мен зерттеулер кезінде соңғы Қазақ хандығы Кенесары билігі мен патшалық Романовтар билігі жойылған уақыт, нақтыласақ 1847-1917 жж. аралығындағы 70 жылдық кезеңді «мемлекетсіз әкімшілік дәуір», «Қазақ хандығының соңы Кенесары хандығымен аяқталады» деген ой-тұжырымдар жасалады.

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.  .