Тіл-ұлт байлығы, Халық қазынасы
Бөлісу:
18.09.2013
3605
Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ,-деп Р.Ғамзатов жырлағандай ана тілі әркімнің баға жетпес қазынасы, әр ұлттың жаны.
Тәуелсіздік алғаннан бері 22 қыркүйекті Тілдер мерекесі етіп жыл сайын тойлап келеміз. Тек аудан, ауылдар ғана емес бүкіл республика бойынша тойланатын бұл мерекені біздің аудан жұртшылығы назардан тыс қалдырған жоқ. Аудандық қазақ тілі қоғамы мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен 18 қыркүйек күні Тіл мерекесіне байланысты аудандық саз мектебінде әдеби-музыкалық кеш болып өтті. Кеште алғаш болып сөз алған аудандық қазақ тілі қоғамының төрайымы Г.Тәуірбай: - Өздеріңізге белгілі Елбасымыз тілді "Биік шыңдарымыздың бірі, Қазақстанның баға жетпес қазынасы, халқымыздың болашағы қазақ тілінде",- деп қасиетті тілімізге үлкен баға берген болатын. Сондықтан да, еліміз егемендік алғаннан бері 22 қыркүйек тілдер мерекесі деп белгіленіп, жыл сайын Республика көлемінде тойланып келеді. Біздің ауданда да бұл шара 22 тамыздан бастап қолға алынды. Ауданның барлық мекемелері қатысып, өздерінің тіл жанашырлары екендігін көрсетіп жатыр,-деді. Ал аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері Аманжол Бақтығұлов кеште оқылып жатқан әсем өлеңдер мен айтылып жатқан сазды әндерді тілге тиек ете отырып баршаны мерекемен құттықтады. - Кешке жиналған қауым, баршаңызды бүгінгі мерекемен аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің және әдістемелік кабинетінің атынан құттықтаймын. Қашанда тіл ұлттың жаны. Қай халықтың жаны неде жатыр десек ол тілінде екен. Біздің өзі үш анығымыз бар. Ол-тіліміз, дініміз, тарихымыз. Осы үш анығымыздан айырылмасақ біз қашанда ұлтпыз. Біз қазір сонау Дүние-ай дүбірің басылмады-ау, Басылмады-ау бағым бір ашылмады-ау, Жырыңды құрт дегенді естіп едім, Тіліңді құрт дегені басынғаны-ау, - деген кезеңнен өттік. Біз тәуелсіз, егеменді елміз. Елбасымыз бізге бар мүмкіндікті жасап отырғанда біздің тіліміз төмен түсетін заман емес. Ендеше қашанда рух болатын болса, ол соңғы қазақ қалғанша тілім деп өмір сүретініне кәміл сенеміз. Сондықтан біз тілді өркендету жолында өмір сүруіміз керек,-деп сөзін қорытындылады. Сондай-ақ, мектеп оқушылары "Қазыбектің қалмаққа елші болып баруынан" көрініс көрсетсе, аудандық мәдениет үйі қызметкерлері, саз мектебі қызметкерлері қатысып, әсерлі өлеңдерімен, сазды әндерімен ажарландыра түсті. №1 мектеп-гимназиясының оқушылары мектеп гимнін орындап кештің сәнін кіргізіп, тіл туралы ән айтып көпшіліктің қошеметіне бөленді. Кеш соңында тіл айлығына белсене қатысып, мерекеге өз үлесін қосқандар алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Бөлісу: