«Мәңгілік ел» идеясы қалай туды...
28.07.2014 2899
Құтлұғ Елтеріс қаған мен тұй-ұқық қағанатты (империяны) орнатқаннан кейін оның геосаяси ортасын орнықтыруға атсалысты.

Құтлұғ Елтеріс қаған мен тұй-ұқық қағанатты (империяны) орнатқаннан кейін оның геосаяси ортасын орнықтыруға атсалысты. Бұл проблема Түрік қағанатының қауіпсіздігін сақтау, сыртқы жаулардан сақтануға бағытталған іргелі саясат еді. Мемлекеттің геосаяси қорғаныс ортасын құрып қауіпсіздігін сақтау үшін үлкен өзгерістер жасады.

Қағанат тарапынан геосаяси қорғаныс орта пайда болдыру үшін ішкі және сыртқы қорғаныс белдеуін құру қажет болды. Жаңа орнаған мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау, қағандық биліктің тұрақтылығын нығайтып, ұзақ уақыт бойы қамтамасыз ететін билік саясатын іске қоса білді. Ол үшін ең әуелі Қағанатты Оң (Тардуш), Сол (Төлес) қанатқа және Орталық (Ічрекі) ұлысқа бөліп, ішкі қорғаныс белдеуін құрды. Онда:

1. Ішкі қорғаныс белдеуінің арқа сүйер алып күші қалың оғыз тайпаларымен бірге билеуші қыпшақ тайпасы болды.
Бұлар — Қағанаттың қақырамас іргелігі (фундаменті). Бұлар барда Қағанаттың қабырғасына сызат түспейді. Олардың атамекенінің шығысы Кейре (Кентай) жотасынан, батысы Алтайға дейін, оңтүстік шығысы мен оңтүстігі Қытайдың Ұлы Қорғанына дейін, солтүстігі Байкал көлі, солтүстік батысы Көгмен (Саян) жотасына дейінгі алып аймақты алып жатты.

Отырықшы мемлекеттерде қандай бір қала, ент, бекініс стратегиялық тірегі болса, көшпелі халықтарда хан билігінің белді тайпалары мен рулары, және олардың орналасқан аймағы, жер-суы Қағанат пен халықтың қауіпсіздігін сақтайтын, хан билігінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін билік саясатының арқасүйер тірек белдеуі болған.

Осы ішкі қорғаныстың ішкі өзегін (ядросын) тұрғақ (милиция), шерік (әскер) деп аталған қорғаныс күші қауіпсіздігін сақтаған.

2. Сыртқы қорғаныс белдеуі Түрік Қағанатының жаулап алып билеуші тайпадан шыққан беделді-де белді адамдарын, немесе сол тайпалар мен ұлыстардың Қағанатқа берілген көсемдерінің бірін хан, тұтық (өкіл губернатор) етіп тағайындалған билеушілер басқарған тайпалар мен ұлыстардан құралған.

Олар: батыста он-оқ түргештер, қарлұқтар, оңтүстік батыста басылымдар, оңтүстік шығыста шоталар мен оғыздар, тиветтер мен таңғыттар, шығыста қидандар, татарлар (моңғолдар), солтүстікте кырғыздар мен чіктер (шектілер).

Міне, осылайша Көк Түрік билігі өзек (ядролың) қорғаныстың сыртын ішкі қорғаныс шеңберімен (белдеу), оның сыртын сыртқы қорғаныс шеңберімен жасақтап, Қағанаттың геосаяси қорғанысын қамтамасыз еткен.
Осындай алысты болжаған геосаяси саясат жүргізгеннің нәтижесінде Түрік Қағанаты б.з. 545 жылдан 840 жылға дейін батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстіктегі сыртқы жауларымен аюдай алысып 300 жыл бойы өмір сүрді. Ол туралы Күлтегін ұстынында былайша сөз етеді: Онда: «Ілгері Қадырхан жынысынан (Хянган жотасы) асып ол жаққа ел кондырдық, Батыста Кеңү-тарбанды (Сарыарқа) басып өтіп түркі халқын қоныстандырдық. Ары қарай Темір қапыққа (Әзірбайжан жеріндегі Дербент) дейін жорық жасап тыныштандырдық. Шығыста Шандұн жазығына (бүгінгі Қытай Халық Республикасының солтүстігіндегі Шандұн бұғазы) дейін жауладық. Мұхитқа сәл жетпедік. Оңтүстікте Таңғут, Тибетті жауладық.

Осылайша түркі билігін орнықтырып, салтанат құрдық. Аш құрсақты тоқ еттік. Шығай (кедей) халықты бай еттік. Дүйім түрік оғыз халқы, бектері тыңдаңдар! Қара жер қақ айрылып кетпесе, түрік халқы еліңді, билігіңді, (мемлекетіңді) кім құртады?!

Жұдырықтай жұмыл! Өткеніңе өкін! Түрік халқына бірлік, билігіне қанағат, бектеріне нысап керек!» деп, Көк тіреген көк тасқа өшпестей қашап жазып қалдырған.

Осы ұлт бірлігін, қағанат билігін, мемлекетінің тұғырлы ұстынын ұр- пақтан-ұрпаққа жалғастырып, мәңгілікке сақтап қалуды мұрат тұтқан Тұй-ұқық абыз «мәңгілік ел» идеясын ұсынған. «Мәңгілік ел» идеясын келер ұрпаққа өсиет етіп қалдырған. Сол дәуірдегі Түрік қағанатының негізгі бәсекелесі, ғасырлар бойы алысқаң ата жауы Тан империясы қақында былайша сөз толғап, халқына, келер ұрпағына ескертеді: «Абай болыңдар! Алтын мен күмісті, судыраған жібекті, есепсіз жіберіп жатқан Табғаш (Таң) халқының сөзі тәтті, ақығы асыл. Олардың тәтті сөзі, асыл, ақығына алданып қалмаңдар! Ақылды адам, парасатты басшы оған көнбес! Бір кісі (қаған) алданып жаңылса иелігіндегі халқына, ұрпағының ұрпағына дейін зардап шегеді» — дей келіщ «Өтүкенде (Орталық Монголиядағы Ханғай жотасы) билік құрып, Орда тігіп, Табғашқа (Таң империясына) керуен аттандырып қойып отырсаң халқыңда мұң болмас. Өтүкенде билік құрып, мәңгілік ел мұратын тұтып отырсаң сені жау да алмас. Мәңгілік ел — мұраты түрік төрінің (билігінің) мұраты» деп осыдан 1300 жыл бұрын мәңгілік идея ұсынған. Жоғарыда сөз еткендей Қағанаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлыстың геосаяси ядролық және ішкі, сыртқы қорғаныс шеңберін жасап, «мәңгілік ел» идеясының саясатын Көк Түрік империя билеушілері іске асырды. Сол идея, сол мұрат бүгінгі қазақ мемлекеттілігінің бас ұранына айналып отыр. Осылайша, Көк Түрік қағанатының ақылгөй абызы Тұй-ұқұқ ұрпағына мәңгілік өсиет қалдырған.

Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор