Бөлісу:
(«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ ХАЛЫҚ ҚАСІРЕТІ ЖӘНЕ ТАРИХ
ТАҒЫЛЫМЫ» Халықаралық ғылыми конференциясы материалдарының жинағынан), Астана
баспасы, 2012
Социалистік құрылыстың 74 жылы ішінде Қазақстан жұлдызды сəтті де, ащы өкінішті де бастан өткерді. Ең басты нəтижесі – тəуелсіздік алғышарттары ХХ ғасыр аяғында, яғни социализм қойнауында пісіп-жетілгені.
Бірақ тоталитаризмнің екі қылмысын қазақ халқы кешірмейді. Бірі – КОКП үздіксіз жүргізген саяси қуғын-сүргін, екіншісі – əр жылдарғы, əсіресе 1931–1932 жылдарғы ашаршылық. Елбасымыз Н.Ə. Назарбаев дөп басып айтқандай, «аяулы да абзал азаматтарымыздың жойылғаны большевизмнің бетіне қара таңба, біздің ғасырлар бойы ұмытылмайтын қасіретіміз».
Қазақстандағы ашаршылық гуманитарлық апат деген анықтама аясына сыймайды. Ол – адамзатқа қарсы жасалған қылмыс, ғаламдық деңгейдегі қасірет. Ашаршылық ат төбеліндей ғана билеушілердің елес қуған озбыр да зорлықшыл идеологиясынан, өркениет эволюциясына жат табиғатынан, мемлекетті басқару, экономиканы ұйымдастыру, əлеумет мүддесін қорғау заңдылықтарын өрескел бұрмалауынан туындады.
Ашаршылықтың əлденеше жылға созылуына, қисапсыз қайғы-қасірет əкелуіне қоғамның объективті-ырғақты даму диалектикасы мен қисынын бұзған номенклатура кінəлі. КСРО-да партиялық номенклатура бəрінен жоғары тұрды. Мемлекеттік деп аталған меншіктің қызығын, материалдық, қаржылық ресурстарды бөлу рахатын, баршаға міндетті шешім қабылдау құқығын партиялық номенклатура уысынан шығарған емес.
Ал билік тармақтарында тепе-теңдік пен тежемелік атымен түзілмеген Қазақстандағы ашаршылық архитекторы – Кремльдің қолшоқпары Ф.И. Голощекин. Əккі де айлакер, адуынды да оспадар бірінші басшы Қазақстанды осында келген соң ғана таныды. Қазақ халқын ешқашан қадірлеген емес, Сталиннің қазақтарға қырын қарайтынын айтпай-ақ білгендіктен келе-сала қолға алған істерінің бірі –Алаш зиялыларын қудалау болса, екіншісі – ауылдың дəстүрлі экономикалық, тұрмыстық, əлеуметтік, рухани іргетасы мен құндылықтарын шайқауға, үшіншісі – қазақты қазаққа айдап салуға сайды.
Қазақ зиялыларының өзара алауыздығы, ішкі бірлігінің əлсіздігі де Голощекиннің «көсіле» қимылдауына жағдай туғызды. Билік жүйесіндегі ұлт зиялыларының Бас хатшы Сталинге хат жазып шағымданбағаны, елдегі оппоненттерін айыптамағаны бірен-саран ғана.
Кремльдің қолдауымен қысқа мерзім ішінде Қазақстанда Голощекиннің толық өктемдігі орнады. Елдің сөзін ұстаған, ар-ожданындай біртуарларды «отырса – опақ, тұрса – сопақ» қылумен мəскеулік билік, Голощекин қоғамның интеллектуалдық əлеуетін тұсаулап қана қойған жоқ, өзін-өзі сақтау иммунитетін де əлсіретті.
Күштеп ұжымдастырудың əдіс-тəсілдері – ұжымшар меншігіне шаруалардан малды, еңбек құралдарын, тіпті өздік меншіктегі көрпе-жастықты, самаурын-шəйнекті, киім-кешекті тартып алу, көшпелі өмір салтындағыларды бір күнде отырықшыға айналдыру, ет, жүн, мүйіз, тұяқ дайындау тапсырмаларының ақылға сыймайтын мөлшерде берілуі ауыл тұрғындарын, жаз – жайлауда, қыс – қыстауда мекендеген қазақтарды жан сақтау мүмкіншілігінен айырды.
Жер-жерде қарулы қарсылық ұлғайды. Бірақ ауыл шаруашылығын ұжымдастыру һəм бай-кулактарды тап ретінде жою саясаты жалғаса берді. Елдегі тұтас əлеуметтік қауымды жоюды мемлекеттік саясат деңгейіне көтеру бұрын-соңды адамзат тарихында болмаған қатыгездік еді. Меншік иесін жою барысында тартып алынған байлықты ұжымшарға топтастырдық деген идеологияны санаға сіңіру, іс жүзінде иесіз қалдыру аграрлық экономиканы тұралатып тастады. Ол ұжымдастыру көрсеткішін арттыру жолындағы жарыспен ушықты. Айғайға аттан қосқан шолақ белсенділер мал мен мүлікті ұрлауды дағдыға айналдырып, құныға түсті.
Азық-түлік тапшылығы, адам шығыны 1930 жылы байқалды: алапат апат келе жатқаны ауыл халқының 700 мың адамға азайғанынан көрінді. Əсіресе 1931 жылғы күз, 1932 жылға қараған қыспен жаз ауыр тиді. Ауыл тұрғындары 2,5 млн. адамға кеміді. Халық оны мешін жылғы қырғын деп атады. Өйткені тап сол жылдары күштеп ұжымдастыру қарқыны мейлінше үдеп, ауылдың өмір сүру жүйесі күйреген еді. Айталық, мал шаруашылығы аграрлық экономиканың дербес саласы ретінде өмір сүруден қалды. Барша тіршілігі малға қарап отырған ауылдағы қазақ ажалмен бетпе-бет келді. Демек, ашаршылық этникалық сипат алды.
Аштықтан қашқан қазақтар қалаларға, іргелес республикалар мен шет мемлекеттерге ағылды. Барған жерлерінде көбі жұмыс таппай, көшеде қалды, темір жол вокзалдарын паналады, балалар ата-анасынан ажырап, қаңғыбастар қатарын толықтырды. Нəр татпай əлсірегендер арасында жұқпалы аурулар етек жайып, қысқы суықтан, аяздан өлім-жітім көбейді. Арада төрт-ақ жыл өткенде Қиыр Шығыстан депортацияланған 100 мың кəрісті кешегі аш-жалаңаш қазақ биліктің рұқсатынсыз-ақ қамқорлығына алып, қатарға қосқанын əркім біледі. Немістерге де, Солтүстік кавказдықтарға да осылай істеді. Бүгінгі тəуелсіздігіміздің қайнар бұлақтарының бірі панасызға пана бола білгенімізде жатқан шығар. Ал 30 жылдар басында қалаларға жеткен аш қазақты құтқаруға асыққан билік табыла бермеді. Қазақ қасіретін 19 жасар орыс қызы Татьяна Невадовская былайша суреттеген екен:
Их косит голод ... Я не голодаю,
Обута я, а тот казах босой.
Безумную старуху вспоминаю,
И женщину с протянутой рукой ...
Қазақстанда қалыптасқан төтенше əрі апатты жағдай өзін ғана мақтаған партиялық-кеңестік билік жүйесінің шындық көзіне тура қарауға, дұрыс шешім қабылдауға, пəрменді жұмыс істеуге дəрменсіз екенін əшкереледі. Мəселен, 1930 жылғы 5 қаңтарда бай-кулактарды жоюға қаулы шықса, 2 наурызда табыстан бас айналғаны сыналды, XVI партсъезде ауыл шаруашылығындағы «ұлы бет бұрыс» ұлықталды, 1932 жылы паспорттық жүйе енгізіліп, колхозшылар крепостной шаруа қамытын киді. Тіпті қазақтардың өзін кінəлаған сөздер айтылды. 1932 жылғы 20 наурызда Голощекин былайша «тебіреніпті»: «...Откочевки начались не только в этом году, они имели место и в прошлом году. ...эти откочевки ...не носили характера голодобеженцев, а являлись одним из методов классовой борьбы, сопротивления байства...».
Ашаршылық ешкімді аямады. Соның ішінде əлсіздері – балалар мен қарттар – тым көп қырылды. Қарттардың, жасы ұлғайған адамдардың кетуі халық даналығы мен тəжірибесінің алтын қорын шайқаса, балалардан айырылу ұлттың болашағына, ертеңіне қауіпті зорайтты.
Ашаршылық шарықтау шыңына шыққанда да Голощекин биік қызметінде қала берді. Мəскеудің бар жарылқағаны 1932 жылғы 17 қыркүйекте қабылдаған «Қазақстанның ауыл шаруашылығы туралы жəне оның ішінде мал шаруашылығы туралы» партиялық қаулысы ғана. Құжаттың атауы айтып тұрғандай, Орталықты адам қасіреті емес, мал басының азайғаны көбірек қынжылтты.
Кремль үшін қазақтың қырылғанынан астық даярлау науқаны маңыздырақ екенін И. Сталин мен В.Молотовтың 1932 жылғы 8 қарашада Қазақстан басшыларына жолдаған жеделхаты бұлтартпай дəйектейді. Онда мынадай қаһарлы ескерту бар: «ЦК и СНК предупреждают вас, что в случае, если в кратчайший срок не будет организован в республике действительный перелом в хлебосдаче, они будут вынуждены прибегнуть к мерам репрессии». Араға 3 күн салып, Қазақстан Үкіметінің отырысында Мəскеудің бұйрығын орындау шаралары нақтыланды: 1. Қара тізімге кірген ұжымшарларға несие беруді тоқтату, бұрын берілген несиелерді мерзімінен бұрын қайтару; 2. Астық даярлауға қарсы шыққандарды ОГПУ органдары құзырына алу; 3. Бұларды солтүстік облыстарға жер аударуды қарастыру.
Демек, қуғын-сүргінді енді өзіміз де жүргізе беретін болдық. 1933 жылдың басында Ф.Голощекиннің орнына келген Л.И. Мирзоян ұлттық апаттың байыбына бірден бармаған тəрізді. Өйткені, біріншіден, өлкедегі ашаршылықпен көшіп кетудің тоқтамағанын көтерген ресми құжаттар, бейресми ақпараттар легі толастамады, екіншіден, алапат қасіреттің мəн-жайын талдаған алқалы жиын – өлкелік партия комитетінің VІ Пленумы 1933 жылғы шілде айында ғана шақырылды.
Шартты түрде партиялық VІ Пленумды Қазақстандағы ашаршылықтың хронологиялық соңғы межесі ретінде қабылдауға болады. Мұнда сөйлегендер қазақ қасіретінің себебін Ф.Голощекиннің басшылық қызметінен, жергілікті билік оралымсыздығынан, бай-кулактар қарсылығынан іздеді. Бұл, əрине, апаттың бет пердесін ғана сипап өткен талдау еді.
Күштеп ұжымдастыру негізінде қалыптасқан кеңестік аграрлық өндіріс өзінің басты мақсатын – өнеркəсіпті шикізатпен, халықты азық-түлікпен қажетті мөлшерде қамтамасыз етуді жүзеге асыра алмады. Бəсекеге қабілетсіз əлеуеті бейбіт заманда да, соғыс кезінде де көзге ұрып тұрды.
Хрущевтік тың игеру науқаны, брежневтік азық-түлік бағдарламасы, горбачевтік аграрлық-өнеркəсіптік кешені еңбек өнімділігін арттырмады. Жер мен меншіктен ажыратылған, өндірген өнімінің қызығын өзі көрмеген малшы мен механизатор, диқан мен бағбан нағыз шаруаға тəн қасиеттерден қол үзіп, жүрдім-бардым еңбек етуді ар санамайтын тікелей өндірушіге айналды. «Колхозшы» («колхозник») сөзі артта қалғандықтың ұғым-түсінігі орнына қолданылды.
Түптен келгенде, кеңестік тоталитарлық жүйе əлжуаз аграрлық экономиканы дүниеге əкелуімен, шаруа табын табиғи болмысынан адастыруымен болашақтағы күйреуін дəйектеді. Миллиондардың өмірін қиған, көмусіз қалғандардың сүйегі үстіне құрылған аграрлық қатынастан мол жеміс күтудің өзі рухани-имани адасудың сорақы түрі еді.
Қазақстандағы ашаршылық ақиқатын айтуға, жазуға кеңестік цензура тыйым салғанымен халық қасіреті ұлт жадынан тəуелсіздікке дейін де бір мысқал өшкен емес. Ғасырлар бойы қалыптасқан ауызша тарих айту үлгісімен ұрпақтан ұрпаққа аманаттала берді. Адамдарды уақытша алдауға болатын шығар, ал тарихты алдап кету мүмкін емес. Ғылымда тарихпен тəрбиелеу деген қағида бар. Тəрбиелеумен қоса тарих таразылай да, жазалай да біледі. Өткен ғасырдың 30-жылдары басында ашаршылықпен қазақтың басына нəубет орнатқандар ауыр қылмысы үшін жазаға тартылмағанмен олар құрған жүйе, авторларының есімі мен мұрасы 1991 жылғы тамызда жойқын соққыға ұшырап, содан бергі қысқа мерзім ішінде көзден де, көңілден де жоғалуда. Құдайдан, патшадан, батыр-бағланнан қорықпағандарға бұдан ауыр тарихи жаза жоқ шығар, сірə.
Х.М. Əбжанов,
Ш.Ш. Уəлиханов атындағы
Тарих жəне этнология
институтының директоры,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор (Қазақстан Республикасы)
Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.
Бөлісу: