Бөлісу:
Қарасаев Ғ.М., т.ғ.д., Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, Өскемен
Ресей империясының ХVІ ғасырдың соңынан ХХ ғасырдың басына дейінгі мерзімдегі Батыс Сібір аймағы, Алтай өңірінен басталатын қазақ жерін, соның ішінде оның солтүстік-шығыс бөлігін отарлап, оны әр кезеңге, бағытқа бөлінген қоныстандырудың нәтижесінде ХХ ғасырдың соңында бұрын толығымен қазақтардың тарихи ата-қоныстары болып келген өңір негізінен орыстық болып қалыптасты.
ХХ ғасырдың басынан әсіресе Қазақстанның егін шаруашылығына қолайлы солтүстік-шығысын одан ары орыс шаруаларымен қоныстандыруға Ресей империясы тарапынан мемлекеттік тұрғыда ерекше назар аударылды. Осы мақсатты орындау жолында аталған өлкенің қоныстандыруға қолайлы өңірлерінен жергілікті қазақтарды күшпен аластату іске асырыла бастады.
Міне, осындай тұрғыдағы қоныстандырудың мақсаты, барысы, нәтижесі, алдағы жоспарлар ХХ ғасыр басынан шығарылып келген “Вопросы колонизации” журналында үнемі жарияланып келді.
Мысалы, аталған журналдың 1907 жылғы санындағы [1] С.Хворостанскийдің “Киргизский вопрос в связи с колонизацией степи” атты мақаласындағы: “Газет беттерінде мәселе көтерген қырғыз интеллигенциясы біржақты тұрғыда ... қоныстанушыларға жер бөлуге арналған Жерге орналастыру және Мемлекеттік мүлік министрлігінің Ф.Щербина бастаған экспедициясының жұмыстарын сынап, отарлауға қажетті ешқандай да жердің жоқтығы және ... қырғыздардың дағдарысқа ұшырауы туралы мәселелерді көтерді.
Әрбір облыстар бойынша қырғыздар жинақтаған петиция екі бағыт бойынша жүреді: неғұрлым табандылары жер мәселесінде қоныс аударушыларды тоқтату және керісінше қырғыздардың өздерін жерге орналастыруды шешуді ұсынады, бұл талаптар жерді мемлекеттің меншігі деп жариялаған 1868/91 жылдардағы заң негізіне сай келмейді ...
Екінші бағыт: шет аймақтағы жерлерге қырғыздардың табиғи иелігін талап етеді, сонымен қатар қоныстандыру ісін тоқтатумен бірге қоныстанушыларға берілген жерлерді қайтадан сатып алу, ... мәселесін қояды.
... Мысал үшін Омбы облысы (қазақтарының,-Ғ.Қ.) рулық қоныстануын келтіре кетсек. Мұнда Ақмола және Семей облыстары уездерінен келгендер орналасқан. ... Өзара жылжуларының нәтижесінде ірі ру бірлестіктері төмендегідей тұрғыда орын тепкен: Атығай Омбы болыстығына орналасқан, Қарауыл-Николаевск, Қыпшақ-Черлаковск, Керей-Покровск және Курганск, басқа рулардың жекелеген топтары жоғарыда аталған үлкен рулармен бірге орналасқан, алайда жерді бөлек пайдаланады” [1.53-54,64], - деген деректерден Ресей империясы тарапынан жүргізілген қоныстандыру саясатының жергілікті қазақтарға келтірген кері әсерін білуге болады.
Журналдағы “Движение переселенцев в первой половине 1906 года” атты талдаудағы: “Сібір темір жолы бойымен қатынастың ашылуы қоныстанушылар санын арттыру керек еді. Шындығында да солай болды. Жарты жыл ішінде Челябинск тіркеу орны бойынша Сібір және Далалық облыстарға 76291 екі жынысты қоныс аударушы, 28512 жеке қоныс аударушылар (ходоктар) және де 1633 адам еңбек етуге келді, ал Челябинск арқылы барлығы 106406 адам өтті.
1906 жылға барлық анықталған жерлердің ішінде қоныстандыру қорына 28,7% жер, соның ішінде Орта Сібірдің 18,6% жері өтті. Солардың ішінде:
Ақмола 38,7%
Семей 12,7%
Осылардың қатарында Тобол губерниясының Есіл (Ишим), Туринск, Тоқалы, Тарск, сонымен бірге Тобол уезінің орманды-далалы аймақтары қоныстануға арналған жердің үлкен көлемін берді. Атап айтқанда 2293701 десятина жер берген аталған губерния 3092019 десятина жер берген Ақмола облысынан ғана кейін қалады” [1.222, 232], - атты анықтамалар ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның солтүстік–шығыс аймағын отарлаудың көлемін айқындай түседі.
Осыдан кейінгі: “Қырғыз даласындағы қоныстандыру қорын кеңейту ісі қазіргі күні жергілікті жағдайдағы екі бағытта қарсылыққа кездесуде:
Бірінші жағынан алғанда қырғыздардың отырықшылыққа ауысып, егін шаруашылығына көшуі қоныстанушыларға арналған егістікке жарамды территорияның азаюына әкелуде, ал келесі жағынан алғанда қырғыз даласының әр аймақтарынан қырғыз малшылары қоныстандыру ісін тоқтату, немесе өздеріне қажетті жер кеңістіктерін қалдыруға кепілдік беруді сұрауда.
... Қырғыз даласының елеулі территориясы қоныстандыру қорына қосылатын болады” [1.258], - деген деректер жерінен айырыла бастаған қазақтардың орын алған ашық наразылығын паш етеді.
Журналдың келесі жылғы санындағы [2] А.Успенскийдің “Действительность, а не мечты” деген талдауындағы: “... Далалық облыстарға келетін болсақ, қоныс аударғандарға арналған артық жер көлемі 1907 жылдың бірінші қаңтарына 6529500 десятина болды, соның ішінде Омбы және Көкшетау уезінде 2,400 миллион десятина болатын Ақмола облысы өзіне тартады” [2.22]; Г.Чиркиннің “Землеустройство киргиз в связи с колонизацией степи” деген мақаласындағы: “Таза экономикалық себептерге негізделген қоныстандыруға тиым салу мүмкін емес. Сонымен қатар қазіргі күні мал таптап жатқан жерлерді таяу уақытта бәрбір іске асырылатын егіншілікке айналдыруға ешқандай күмән келтіруге болмайды.
Сонымен қатар жер дайындау партияларының жұмысы қырғыздарға бұл жерлердің мемлекеттің меншігі екендігін мойындата отыра қырғыздардың пайдалануына қажетті жерді уақытша қалдыруды жариялағандығымен олардың ортасында өздеріне қалдырылған жердің тұрақтылығына алаңдаушылығы мен үрейленулерін тудыруда.
Жоғарыдағы аталған талап негізіндегі жер бөлу жұмыстарына қырғыздар тарапынан абыржушылық және жаугершілік қатынастары, сонымен қатар өздері орналасқан территорияға деген құқықтық жағдайларына деген сенімсіздігі мен болашақта оларға қалдырған жердің тағы да алынатындығына деген қауіптенуімен одан ары жалғастырылып отыр” [2.47,48]; В.Кузнецовтың “Экономические результаты переселения в Сибирь и Степной Край” атты шолуындағы: “Ұлы Сібір (темір,-Ғ.Қ.) жолын салғаннан кейін Ресейдің Азиялық өңіріне қоныс аудару қарқыны арта түсті. (Нәтижесінде,-Ғ.Қ.) 1893-1902 жылдары Сібір мен Дала өлкесіне 1410000 адам өтті, ...
... Ақмола облысының 5 уезінің 177 қонысында (болашақ қоныс аударушылар үшін,-Ғ.Қ.) 892000 десятина қолайлы, 150000 десятина қолайсыз, барлығы 1042000 десятина жер бөлінді. Осы жерге 66091 ер жынысты немесе 126014 қос жынысты тұрғындарды қоныстандыру жоспарланды. Бөлінген барлық қолайлы жерлер әр шаруашылыққа 45 десятинадан айналады.
1893-1906 жылдары аралығында Сібір және Дала өлкесіне 158000 жанұядан тұратын 474000 ер жынысты адам қоныстандырылды” [2.70,79,80]; М.Соколовтың “Современное положение переселенческого дела и его нужды” деген жазбасындағы: “... Сібір темір жолы Комитетінің алғашқы онжылдықтағы қоныстандыру қызметінің көлемі (1885 жылғы 9 мың екі жынысты адамнан 1894 жылғы 56 мың адамға дейін) жылдам өсіп, 1895 жылы 102000 адамға, ал келесі бесжылдықта одан да артып, 1900 жылы (ходоктарды есептемегенде) 166000 адамға жетті.
... Жыл өткен сайын жағдай нашарлай түсті. Ауыл шаруашылығына қолайлы, сонымен қатар тікелей қоныстанушылар өтетін жол бойындағы жерлер бірте-бірте азайды.
Осы жерде тоқтала кететіні - өздерінің артық тұрғындарын Оралдан ары жіберуші губерниялардың саны 1981 жылғы 17-ден биылғы жылы 47-ге жетті.
Биылғы жылғы қоныс аударушылар легінің келген аудандары ... төрт Сібір губерниясының далалы және орманды далалы өңірлері, соның ішінде Алтай округі, ... сонымен қатар Ақмола және Торғай облыстары барлық қоныстанушылардың 96,1% қабылдады.
... Қоныстандыру қорын арттыруға арналған аталған шаралар қазіргі жылы жоспарланған 200 мыңнан гөрі 290 мың немесе өткен жылдан үш есе артық (97 мың қоныстанушылар бөлігі) қоныстанушылар бөлігін дайындауға мүмкіндік берді.
Қайтадан анықталған қоныстандыру қаржысы 26 миллион рубль мөлшерінде бекітілді, соның ішінде 1908 жылғы қоныстандыру қызметінің міндетіне кіретіні: 1-ден 400000 қоныстандыру бөліктерін ... дайындау; 2-ден 70000 жаңа қоныстандыру жанұяларын орналастыру.
... Нәтижесінде төрт далалық облыстардан ерекше экспедиция 21 миллион десятина артық жерді айқындады, ал жалпы жер көлемі 168 миллион десятина, қоныстанушылар қорына 4 миллион десятина ғана алынғанына қарамастан әрбір осындай жер алу қырғыздардың қарсылығын тудырады” [2.151, 152, 165, 167, 171, 185, 190], - деген мағлұматтардан ХІХ-ХХ ғасыр басы көлеміндегі қазақ жерін, соның ішінде оның ең құнарлы шығыс, Алтай аймағын отарлаудың барысы мен нәтижесі белгілі болады.
Басылымның көрсетілген санында баяндалған: “Биылғы (1907 жылғы,-Ғ.Қ) дайындалған және бұрынғы жылдардан қалған жер қоры толық қоныстандырылып, 1908 жылдың 1 қаңтарына 50000 қоныстандыру бөліктері дайындалуы мүмкін.
Жерге орналастыру мен жер ісі ведомоствосының міндеті – осы жылға (1908 жылға,-Ғ.Қ.) 350000 адамдарға арналған жер бөлігін дайындау болып табылады.
... 1908 жылғы қоныстандыру қозғалысының көлеміне келсек, жерді анықтау ауқымына орай (87000 жанұяны) 1908 жылға кемінде 60000 жанұя немесе 360000 екі жынысты қоныстанушыны күтуге болады.
... Ведомостваның есебі бойынша 350000 ер адамға арналған қоныстандыру бөліктері егін шаруашылығының екінші кезеңіне (тамыз) сай келеді.
Атап айтқанда, 1908 жылдың соңы, 1909 жылдың басына Еуропалық Ресейден қоныс аударушыларға 320000 бөлік ұсынылады.
Бұл бөліктер төмендегідей болды.
1.Далалық аудандар:
Ақмола облысы:
Омбы уезі 3000 бөлік
Петропавловск 3000
Көкшетау 9000
Атбасар 10000
Ақмола 15000
Барлығы 40000
Семей облысы
Павлодар уезі 7850
Өскемен 4550
Зайсан 2500
Алтай округінің Белағаш және Ремов даласы 10000
Барлығы 24900 бөлік” [2.448,449,463-464] - деген сандардан да қазақ өлкесін орыстандырудың ХХ ғасыр басындағы Ресей империясы үшін маңызын білуге болады.
“Вопросы колонизации” журналының бұдан кейінгі басылымдарында жарияланған деректердің де негізгі мақсаты қазақ жерін одан ары отарлап, жерін орыс шаруалары үшін босату ісінің қажеттілігі, оны жылдамдату, осы арқылы бұл аймақты толығымен орыстандыру ісін насихаттауға арналды. Атап айтқанда журналдың 1908 жылғы № 4 санындағы [3] А.Ярмонның “К вопросу об использовании летовочного пространства №3 в Кокчетавском уезде Акмолинской области” атты мақаласында: “1907-1908 жылдары жаздық жайылымдық жерлер есебінен қоныстанушылар бөліктерін дайындау қарқын ала түсті. Осы мерзімдегі қоныстандыру қорына түскен жерлердің 60% жайылымдық жерлер құрады. Көрсетілген жылы В.К.Кузнецов жасаған қырғыз тұрғындарының жерге ие болу ережесіне сай Көкшетау уезінің қысқы жайылымдықтарының жерлерінде 1229383 десятина артық жер бар.
... Қыстаулық жерлерден 1812 шаруашылықты (қазақтарды,-Ғ.Қ.) көшіру әр шаруашылыққа мөлшермен 170 десятинадан алғанда қоныстандыру қорына 300000 десятинадан артық (308660) жер беріп, бұл орта есеппен 15 десятинадан есептегенде 20000 адамға тиісті бөлікті құрайды” [3.104,111], - деп жазылып, қазақ жерін орыс қоныстанушылары үшін алудың барысы сараланған.
Журналдың осы санындағы “К вопросу о заселении южных уездов Семипалатинской области” атты талдаудағы: “1904 жылдан облысқа орыс қоныстанушыларын орналастыру бастау алады. Осымен бірге орыстар үшін қырғыздардың Щербинаның экспедициясы жұмысының қорытындысына орай жер пайдалану ережесі негізінде олардан артық жерлер алына бастады, алайда әзірге оларды (қоныстанушыларды,-Ғ.Қ.) орналастыру негізінен алғанда Павлодар уезінде іске асырылуда, ал Өскемен уезінде 1908 жылдың көктеміне барлығы 17, Зайсанда 7 қоныстандыру бөліктері негізделді.
Зайсан уезіндегі осындай қоныстар Қытаймен шекарадағы Алексеевск, Николаевск және Александровский, Марқакөл көлі жанындағы қоныстар, осылармен бірге Өскемен уезіндегі Алексеевск, Покровск, Владимирск және Бобровск.
Орыс адамдары кей жағдайларда өмірлеріне қауіп төнуінен және қиыншылықтан қорықпайды, Ертістен арғы тау қойнауына ене отыра Зайсан мен Өскемен уезіндегі белгіленген жер бөліктері ғана емес, сонымен қатар қоныстандыру шенеунігі тарапынан болашақта зерттеуге жататын жерлерге де орналасуда. Олар өздерінің үйлерін салып, жерді жыртуға кірісті, ...
Семей облысы өңіріндегі Сібір казак әскерлеріне берілген 10 шақырымдық шекара жүйесінде жұмысшылар және жалға алушылар есебінде отырықшылық тұрғыда орыстармен қатар егіншілікпен айналысатын 80000-ға жуық қырғыздар тұрады. Аталған шаруашылықтарын одан ары жалғастыру мақсатында қырғыздар Томск губерниясының жерін жалға алады. Сонымен қатар қырғыз егістігінің үлкен бөлігі Зайсан және Өскемен уездерінде орналасқан. Көптеген қырғыздар облыстың тау-кен орындарында жұмыс істейді.
Бос жер іздеуді қажет ететін қоныстанушыларды орналастырудың жалпы мемлекеттік қажеттілігінен басқа осы орыс адамдарын қоныстандыру Өскемен және Зайсан уездері үшін Қытаймен екі арадағы шекараны қорғау үшін ерекше маңызды өмір талабына айналып отыр.
Қытайдың орталық бөліктерінен біздің шекарамызға жақын аймақтарға соңғы жылдары Қытай үкіметінің көмегімен көптеген қытайлар қоныс аударып, бүгін орыс қырғыздарының туыстары – қытай қырғыздары көшіп жүрген жерлерде қытай қоныстары пайда болуда, қытайлар әскери қоймалар негіздеп, қамалдар салуда, өз әскерлерін еуропалық негізде қаруландыруда. Орыс қырғыздары қажет болған жағдайда бүкіл ауылдарымен Қытайға кетіп, бізге қайтып оралады, ал халықаралық қақтығыстар болған жылдары қайсысы жеңіске жететіндігіне назар аударып, әрқашан жеңімпаздар жағына шығуға дайын.
Орыс қоныстанушыларының әйелдерімен, балаларымен және барлық мүліктерімен өмірлеріне қауіпты тау асуларынан өтіп, осы шекаралық өңірге берік орналасуларына орай бүкіл облыс үшін алаңдауға болмайды, себебі қарапайым орыс шаруалары өз ұғымдарымен шекаралық аймақтарға орналасудың маңыздылығын түсіне бастады.
Г.Кузнецов пен Г.Черман зерттелуге тиісті жердің талапқа қажетті көлемін біршама төмендете отыра Өскемен уезіндегі қоныстандыруға қолайлы 467634 десятина қыстаулық және 907064 ортақ пайдаланатын жер бар екендігін анықтады.
(Зайсан уезінде,-Ғ.Қ.) қырғыздар иелігіндегі 150000 десятинаға дейінгі жерді суландыруға пайдалану, 120000 десятина жерді 20000 адамдық бөлік негізінде қоныстандыру ...” [4.190,191,192-193, 195] деген анықтамалардан Қазақстанның солтүстік-шығыс аймақтарын ғасырлар бойы мекен еткен қазақтардың жерлерінің орыс отарлаушыларының иеліктеріне айналуының барысын білеміз.
Журналдағы: “... 350000 қоныстандыру бөліктері және 60000 жанұяны орналастыру арқылы Қоныстандыру басқармасының 19 миллион рубльдік (өткен жылмен салыстырғанда 7 миллионға артық) барлық сома жұмсалып болды.
... Тамыз айына дейін барлық қоныстандыру аудандарында (қоныстандыру жабылған Түркістан мен Кавказдан басқа) ходоктар үшін арнайы жерлер анықталып, оларды орналастыруға арналған 200 мың бос жатқан немесе 3 миллион десятинадан артық жер бөліктері дайындалды. Жекелеген аудандар бойынша бұл қор төмендегідей тұрғыда бөлінді:
Аудандар бөліктер
Тобольск 12500
Томск 30000
...
Ақмола 40100
Семей 12400
Биылғы жылға атқарылған жер анықтау жұмыстарының нәтижесінде 15 қыркүйекке дейін 5592226 десятинаны құрайтын 313659 қоныстанушыларды орналастыруға арналған бөліктер дайындалды.
... Ақмола
146141 жанұяға 936388 рубль қарыз беріліп, ... қоныстандыру бөліктерін дайындау:
Жоспарланғаны 47876 бөлікке арналған жер көлемі 795189 десятина. Комиссия қабылдағаны 35 жер көлемі - 8340 бөлік, 132136 десятиналық.
Барлығы 56219 бөлікке арналған 190 жер ауқымы, көлемі 927325 десятина.
Семей
1722 жанұяға 137291 рубль қаржы бөлінді.
Жоспарланғаны: 24 жер көлемі, 1 қосымша жер – көлемі 168803 десятинаны құрайтын 8581 бөлік.
Комиссия қабылдағаны:
22 жер көлемі, 9 қосымша жер – 186261 десятинаны құрайтын 10031 бөлік.
Барлығы 56 жер көлемі мен мөлшермен 355064 десятинаны құрайтын 18612 бөлік” [4.209,215,341,342], - деген деректер де орыс отарлаушыларының белсенді әрекеттерін одан ары бекіте түседі.
А.Успенскийдің “Предстоящие задачи по землеустройству в Сибири (техническая сторона дела)” атты талдауында: “1907 жылы қазыналық жерлерде 622380 десятина қолайлы, қолайсыз жерлерді қамтыған 405017 адамдық 1686 селения негізделді. ... Осы мерзімге дейін 300 мың адамдық ... қолайлы және қолайсыз жерлерге орналасқан 1000-ға жуық селения өмірге келді. Нәтижесінде 1909 жылға 1 миллион адамды құрайтын, немесе барлық уездердегі селениялардың 25% болатын 3000-ға жуық селения негізделді.
... Қырғыздарды ығыстыруға шектеудің қойылмауы, қырғыз ауылдарын жылжытудың жеңілдігін пайдалану тәжірибесі, шаруалардың санасындағы қырғыздардың қолайлы жерлер мен шабындықтарды пайдалануға құқықтарының жоқтығы, қоныстанушыларға арналған жердің жетіспеуі “ол шоқынбаған, жапондықтарға қарсы соғысқа қатыспаған, оларға құнарсыз жерлерде тұруға да болады” деген ұғымдардың пайда болып, олардың қырғыз жерлерін беруге деген талапты негіздеулерінің себебіне айналды” [4.54,60-61] деген деректер келтірілсе, П.Новоселов“(Основные положения землеустройства киргиз в Акмолинской области): “Қырғыздарға қажетті 250000 десятинадан артық жерден басқа олар тек жайылымдық ретінде пайдаланып келе жатқан кең аймақты қара топырақты өңірлерді қоныстандыру көлемін анықтағанда әр адамға 10-12 десятинадан айналады” [4.112], - деп жазады.
Журналдың келесі санындағы [5] жарияланған деректердің де басты тақырыбы қазақ жерін одан ары отарлап, жерін орыстандыруға арналған. Осы тұрғыдағы Степнойдың “Колонизация и железные дороги” деген сараптамасындағы: “Сібірді қоныстандыру онымен танысқалы сияқты алғашында сол мерзімдегі жалғыз ғана мүмкіндік болған байланыс түрі ретіндегі өзен жүйелері бойлары арқылы жүзеге асырылды. Уақыт өте келе Ұлы Сібір темір жолы тартылғаннан кейін Ұлы Сібір жол жүйесі ұйымдастырылды. Сібірді қоныстандыру осы жол жүйесі арқылы іске асуда. Ұлы Сібір жолынан оңтүстікке және қырғыз даласына қарай қоныстанушылар жылжыды. Алғашқы орыс қоныстары Далалық өлкенің Сібір темір жолына жақын Қостанай, Петропавловск, Омбы, Көкшетау, Павлодар уездерінде ұйымдастырылды.
Қазіргі күні ... Далалық өлкенің егін шаруашылығына жарамдылығының анықталуына орай қоныс аударушылар аса көп мөлшерде одан ары қырғыз даласының оңтүстігіне терең енуде.
Көкшетау уезіндегі ұйымдастырылған қоныстандыру бөліктеріндегі қолайлы жер көлемі 1016 мың десятина, Атбасар уезінде 609 мың десятина, Ақмолада 625 мың десятина, үш уездегі жалпы жүйе аймағына 2250 мың десятина жер енеді.
Темір жол тарту кезінде Торғай, Атбасар, Ақмола, Қарқаралы және Өскемен уездеріндегі аса бай кен орындарын игеру бастау алады. Барлық осы уездерде тас көмір, темір, мыс, қорғасын және күміс кендері, мол алтын бар.
Бұл байлықтың барлығы темір жолға аса мол жүк береді. Міне осылай Оңтүстік Сібір темір жол жүйесі қырғыз өлкесін отарлауда зор маңызға ие болады және оның табиғи байлықтарын игеру аталған жүйенің тұрақты табыстылығын және оны салуды бірінші кезекке қояды” [5.245,247-248], - деген анықтамалар да қазақ жерін күшпен иеленудің нақты мысалдарының қатарына жатады.
“Вопросы колонизации” журналының 1912 жылғы санында [6] Н. Турчаниковтың “Характерные черты русского переселения до проведения Сибирской железной дороги и в последующей за ее сооружением период” атты талдауы жарияланып, онда: “Жалпы алғанда қаралып отырған мерзім көлемінде (1860-1897 жж) Перм, Вятск, Тамбов, Самара, Пенза, Орынбор, Саратов, Қазан, Симбирск, Нижегородск, Астрахань және Уфа губернияларынан Оралдың арғы жағына 633863 екі жынысты адам өтіп, 1897 санақ бойынша Оралдың арғы жағына орналасқан барша тұрғындардың саны 1400715 екі жынысты адам, 45,7% Еуропалық Ресейдің 50 губерниясынан келгендерге жатты (жоғарыда аталған губерниялар осы 50 губернияның негізін құрайды.,-Ғ.Қ.).
Аталған тұрғыдан алғанда Ақмола облысына негізінен Полтава, Самара, Чернигов, Саратов және Воронеж облысынан келгендер қоныстанды.
Ведомства арқылы 1912 жылғы қоныстандыру ісіне арналған бүкіл қоныстандыру қаржысын орындау алға қойылған міндеттің негізіне айналды, атап айтқанда. 1275000 десятина мөлшеріндегі 100000 қоныстандыру бөліктерін дайындау жоспарланды.
Қоныстандыру қозғалысы ең ауқымды болған 1908 жылы қоныстанушылар көрсеткіші 700000 екі жынысты адамға жетті.
Қырғыздардың аз мөлшердегі көшпелі мекендері кездесетін Батыс Сібірдің бос далаларында қазіргі күні қарқынды тұрғыда жекелеген селолар пайда болып, көптеген жерлердегі ірі сауда орындарына айналуда.
Омбы, Петропавловск және соңғы уақытта Павлодар уезінде казак жерлерін сатып алған және жалға пайдаланған немістерден және баптистерден кейін қырғыздар облыстық жерлерді жалға алуда, ...
... Қоныстандыру басқармасының қаржылық мәліметтерінен белгілі болғанындай, 1907-1911 жылдары 2280000 адам қоныс аударылды, осылармен қатар биылғы жылы бір бөлігін ерте қоныстанушылар жерлерінде орналастыру арқылы 400000 адамды қоныстандыру жоспарланып отыр. Яғни, жалпы қоныстанушылар саны 2600000 адамға дейін жетеді” [6.214, 303, 339, 356-357, 381], – деген анықтамалар берілсе, келесі жазбадағы: “ ... Мемлекеттік Кеңестің Екінші Департаменті жеке адамдар қаржысына үкіметтің кепілдігі негізінде Бийск арқылы өтетін 1: Ново-Николаевск-Барнал-Семипалатинск... темір жолын салуды қолдады” [6.435], - деген мәлімдемеден ХХ ғасырдың басындағы қазақстанның солтүстік-шығысы, Алтай аймағын жылдам қоныстандырудағы жаңадан іске асырылатын темір жол қатынасына жүктелер міндеттер айқындала түседі.
Журналдың келесі санында [7] жазылған: “Қоныстандыру қозғалысының келесі саласы – өз еркімен қоныстану мемлекеттікпен қатар жүріп, өзінің көлемі жағынан соңғысынан жиі асып түсті. ... Орыс шаруасы толығымен жартылай тағы номадты адам деп есептемейді” [7.62,100], деген анықтама өлкені орыстандырудың жаппай орын алып, оның түпкі мәнін паш ете түсетіндігі анық.
“Вопросы колонизации” журналының 1913 жылғы №13 санындағы [8] жарияланған мәліметтердің негізгі мазмұны Қазақстанның жоғарыдағы көрсетілген өңірлерін қоныстанушыларды орналастыру арқылы толығымен орыстандыру, өлкенің табиғи байлығына толық иелік етудегі темір жолға жүктелер міндеттер көрсетіліп, бұл істі мол қаржы арқылы жүзеге асырудың қажеттілігі баяндалған. Яғни оларда: “Торғай, Ақмола және Семей облыстарын қамтитын бір жарым миллионнан астам шаршы шақырымды алып жатқан өңірлер,-деп көрсетілген Министрлер Кеңесінің журналында, - Ресейдің ішкі губернияларынан келетін қоныс аударушыларға арналған табиғи отарлау ауданы болып табылады.”
... Айтылған ұсыныстар негізінде Министрлер Кеңесінің тікелей жарлығымен қазынаның Оңтүстік Сібір темір жолы магистралы қаржысы есебінен Алтай облысының оңтүстік шекарасынан немесе Семей қаласынан Орскіні айналып өтетін Ұлы Сібір жолына қосылатын (бөлікті,-Ғ.Қ.) салуға кірісу ... Орскіден Семейге дейін 1618 шақырымға созылатын Оңтүстік Сібір магистралының құны комиссияның есебі бойынша 116235000 рубль болды. Жолдың жалпы пайдасы 13553922 рубль, немесе әр шақырым бойынша 8377 рубль болады деп жоспарланды.
… Кең байтақ, алайда әзірге бос жатқан Оңтүстік Сібір далалық аймақта қызмет етуге арналған жаңа Оңтүстік Сібір темір жолы өлкені қоныстандыруға жеңілдік әкеліп, оны жаңа өмірге шақырады және жалпы орыстық талапқа қосылуға ықпал етеді.
... Қырғыз даласының қоныстандырылмаған аймақтары алдыңғы кезекте қоныстандыруға жатады.
... Қырғыз даласы әсіресе мыс кен орындары және көмірге бай. Мыс кен орындарының мол орны Ақмола және Павлодар уездері шеңберінде. Ақмола уезінде қазірдің өзінде Қарағанды көмір кені орнынан оңтүстіктегі 90 шақырымға орналасқан Спасск мыс қорыту зауыты бар. Мыс өндіруге сұраныс Ақмола, сонымен бірге Павлодар уездерінде аса мол, алайда бай мыс кен орындары оның жанындағы көмірдің молдығына қарамастан байланыс жолының жоқтығынан шешілмей отыр” [8.103, 105, 107, 110, 127], - деп жазылған.
Журналдағы [9] Г. Чиркиннің “О колонизационно-культурных задачах после войны” атты жазбасында “Таяуда Ново-Николаевск қаласынан ... Сібір магистралын Обь өзені арқылы Ертістегі Семеймен жалғастырылатын Алтай темір жолының құрылысы аяқталды.
... Верный-Семей жолының салынуы арқылы Түркістанның оңтүстік ауыл шаруашылығы өнімдері астыққа, малға, май мен орманға бай Сібірмен нақты байланыс іске асырылады. Алтайдағы аса сапалы Кузнецк көмірі Алтайды темір жол арқылы Түркістанмен қосқанда Алтайдағы мақта-мата өндірісінің дамуына барынша жағдай жасайды” [9.29]. деген мәлімдеме жасай отыра, отарлау арқылы көрсетілген аймақтарды Ресейдің өндірісті бөлігіне айналдырудың қажеттілігін атап көрсеткен.
Қорыта айтқанда, “Вопросы колонизации” журналындағы ХХ ғасыр басындағы жарияланған осындай деректер Ресей империясының қазақ жерін отарлап, оны барынша толығымен орыстандыру жоспарының нақты мақсаттарын толығынан айқындай түсетіндігі белгілі.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Вопросы колонизации №1. 1907., Сборник статей с картой диаграммою. Редакция О.А.Шманского. -Спб., 1907, С.316.
2. Вопросы колонизации. Периодический сборник под редакцией А.В.Успенского и Г.Ф.Чиркина. №2, 1908.-Спб., 1908, С.792.
3. //Вопросы колонизации. Периодический сборник Г.Ф.Чиркина и Н.Гаврилова №4, Спб., 1908, с.364.
4. //Вопросы колонизации, №3, 1908 год. Периодический очерк под редакцией Г.Ф.Чиркина и А.В.Успенского.-Спб., 1908. С.322.
5. //Вопросы колонизации. Периодический сборник под редакцией Г.Ф. Чиркина и Н.А. Гаврилова. №5, 1909, С.430.
6. //Вопросы колонизации. Периодический сборник под редакцией Г.Ф.Чиркина и Н.А. Гаврилова, 1912, №11, Спб., 1912, С.435.
7. //Вопросы колонизации. Периодический сборник под редакцией Г.Ф.Чиркинаи Н.А.Гаврилова. №12, Спб., 1913, С.436.
8. //Вопросы колонизации. Периодический сборник под редакцией Г.Ф.Чиркина и Н.А. Гаврилова. 1913,№13,Спб., 1913, С.470.
9. //Вопросы колонизации. Периодический сборник под редакцией Г.Ф.Чиркина и Н.А.Гаврилова, №18,1916 г. Спб., 1916, С.305.
Қарасаев Ғани Мұқашұлы
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты. Қазақстан. Астана
Бас ғылыми қызметкер
Тарих ғылымдарының докторы, профессор
Анықтама телефондары: жұмыс: 8 - 7172 – 74-01-68
Ұялы: 8 -777 - 275 - 17 - 41
8-701-712 - 02-90
эл.адрес: кarasayev_gm@mail.ru
Бөлісу: