Бөлісу:
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың
арнайы жарлығымен «1997 жыл –Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін
құрбандарын еске алу жылы» деп жарияланған болатын. Содан бері баспасөз
құралдарында бұл мәселе төңірегіндегі талай әңгіме қозғалып, көптеген кітаптар,ғылыми зерттеу жұмыстарының
нәтижелері басылып жарыққа шықты. Алайда бұл тарихымыздың қасіретті жылдарының
қыр- сыры толық ашылып болды деген сөз емес. Әсіресе, Қазақстан индустриясын
дамытуға үлес қосқан, саяси қуғын-сүргіннің құрбандары болған көптеген инженер
мамандарының тағдыры әлі де тарихта ашыла қойған жоқ.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін кәсіби білім беру құрылымын жасау елдің өнеркәсіптік-экономикалық қалыптасу процесімен қатар жүруі тиіс болды. Әсіресе, елді социалистік индустрияландыру бағытын жүзеге асыруда әлеуметтік-экономикалық дамуының төмендігі мен өнеркәсіпке қажетті білікті инженер-техниктердің санының аздығы және тағы басқа елеулі қиыншылықтарға кездесті.Бұл жас мемлекет үшін ең қиын мәселелердің бірі еді. Себебі, патшалық Ресейде Қазан төңкерісіне дейін жоғары білім алғандардың көпшілігі негізінен ауқатты отбасыларының балалары болған, ал жаңадан қалыптасып келе жатқан жоғары оқу орындары бұл уақытта халық шаруашылығына қажетті кадрларды дайындап үлгере алмады. Осы кезде большевиктер қиыншылықтан шығудың бірқатар жолдарын бірқатар жолдарын қарастырды:
1) партияда жоқ бұрынғы буржуазиялық интеллигенция-инженерлерді, дәрігерлерді, экономисттер мен мұғалімдерді жұмысқа тарту арқылы олардың потенциалын пайдалану;
2)жұмысшы, шаруа қатарынан шыққан революцияшыл белсенді топты шаруашылықты, өндірісті басқару аппаратына тарту, оларды басшы қызметке көтеру;
3)пролетариат өкілдерін арнаулы орта және жоғары оқу орындарында оқытып, жаңа кеңестік интеллигенция тобын жасақтау [1].
Көп ұзамай кеңес үкіметі кешірім берген кешегі буржуазиялық интеллегенция өкілдері халық шаруашылығының барлық саласында белсенді жұмыс істей бастады. Алайда, көп ұзамай сөз бен істің арақашықтығын ескермейтін кеңестік билік өз уәдесін ұмытып, қырып-жою саясатын жоғарыда аталған әлеуметтік топ өкілдерінен бастады.1917 жылдан басталған қызыл қырғын кезегі «ұсақ буржуазияшылдар», «ұлтшылдар», «партияда жоқтар», «жексұрын интеллигенттер», «большевиктік пиғылдан тыс элементтерден» соң 1927 жылы инженер-лерге жетті. 20-шы жылдардың аяғында халық комиссариаттарындағы, мемлекеттік жоспарлау комитетінде (Госплан), теміржолда, көмір, мұнай, машина жасау, тау-кен, химия, металл, алтын өндірістеріндегі орын алған дағдарыстардың асқына бастауына сай зиянкестерді, жасырын ұйымдар мен арандатушы бөгде элементтерді іздестіру кең өрістеді. Оны «капиталистердің малайы» болған ескі инженерлер арасынан іздеді. Бірақ, инженерлерді жаппай қамау бұл жылдары жүре қойған жоқ. 20-жылдардың аяғында өнеркәсіп орындарының кең қанат жаюы жоғары білікті мамандарды қажет етті, ал ескі инженерлердің орнын басатын жас буын дайын болмады. Мәселен, ГПУ Ижевск әскери зауытының бас инженері Н.Ладыженский Г.Орджиникидзенің өндіріс көлемін ұлғайтуға бөлген қаржысын аз екенін нақты дәлелдеп берген «шектен тыс теориясы» үшін бірнеше рет қамауға алып, орнын алмастыратын адам таппаған соң оны көп ұзамай босатуға мәжбүр болған[2].Бірақ инженерлерді жазалау бұнымен тоқталған жоқ. 1928 жылы Мәскеуде болған партия басшылығымен қолдан ұйымдастырылған «шахты процесі» бойынша Донбасс көмір бассейінінің 53 инженері «..шетелдік ұйымдардың басшылығымен Кеңес үкіметіне қарсы «зиянкестік» жұмыстарымен айналысты» деген айыппен сотталып, оның бесеуі ату жазасына, 40 адам 1 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамалуға, 4 адам шартты түрде жазалауға кесілді. [3]1928 жылы партияның сәуір пленумында И.В.Сталин бұл мәселеге арнайы тоқтап: «..буржуазиялық мамандардың бұл тобы Батыстағы капиталистік ұйымдардың нұсқауы бойынша әрекет істеп, біздің өнеркәсібімізді қиратып отырған» деп шахты ісінің мәнін ашып, сөз соңын «...Біздің міндет – қырағылықты барынша күшейтіп, сақ болу керек, ал, егер жолдастар, біз сақ болсақ, өз жауларымызды мүлтіксіз қирататын боламыз, оларды қазір қалай қиратқан болсақ, келешекте де солай қирататын боламыз» деп қорытындылады [4].
Кәсіби инженерлер мен ғалымдарға қарсы күрес мұнымен тоқтап қалған жоқ. «Шахта процесі» үлгісімен 1930 жылдың қыркүйегінде «аштықты ұйымдастырушылар» деген айыппен тамақ өнеркәсібінің 48 «зиянкес» инженері, осы жылдың аяғында «промпартия ісі» бойынша жүздеген адам жазықсыз жазаланды [5] .
Дәл осындай процестер Қазақстанда да жалғасын тауып, 1928 жылы «қызыл астананы» салушылардың «қаскүнемдігі» ашылды. РКФСР Жоғары сотының көшпелі сессиясы дарынды сәулетшілер, инженерлер мен ғалымдар тобын- П.Т.Буддаси, С.Б.Голдгор, С.А.Баграков, М.Тынышбаев және басқаларды сотқа тартып, тергеу жұмыстарын жүргізді. Пролетариатты басқа элементтерден тазарту ісі осы кезде жоғары оқу орындарында жүріп жатты. Жоғары техникалық оқу орындарындағы көптеген зиялы, тәжірибелі профессор-оқытушылар, тіпті студенттер де әлеуметтік тегі үшін жазықсыз қудаланды. Большевиктер алғашқыда оларға кешірім жасады да, сосын халқы үшін адал қызметіне қарамастан бәрін қырып-жойды. Ташкенттегі қазақ студенттерінің жерлестік ұйымының 1929 жылғы 11 қарашадағы жиналысында Орта Азия мемлекеттік университетінің (САГУ) төмендегі студентерін: Х.Ақпаев, Қ.Исатаев, И.Дүсетов, М.Баракаев, А.Асанбеков, Х.Қаратаев, Тұрсынов, Р.Бөкейханов, Б.Қойайдаров және т.б «әлеуметтік және идеологиялық жат элемент» ретінде оқудан шығару жөнінде шешім қабылданған [6]. Әрине бұл ұйымның мұндай шешім қабылдауына кімдердің нұсқау бергені айтпаса да белгілі. Белгілі инженер-энергетик, академик Шапық Шөкин де кейін өз естелігінде «бай баласы», «халық жауы» деген орынсыз нақақ жалалардан қашып, Ташкендегі оқуын Омбы ауылшаруашылық институтында жалғастыруға мәжбүр болғанын айтады [7].
20-жылдардың аяғындағы Кеңестер Одағы халық шаруашылығындағы техникалық мамандарға деген сұраныс ескі инженерлерді жаппай қырып- жоюға аздап болса да тосқауыл болды.Партияның 1928-1930 жылдардағы пленумдарында да күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі-өнеркәсіп орындарын техникалық мамандармен қамтамасыз ету болды. Деректерге сүйенсек, 1927 жылы КСРО Еңбек халық комиссариаты органы жүргізген есебі бойынша халықшаруашылығында 50,8 мың маманның 15,5 мыңы жоғары білімді инженерлер, дәл осындай техниктер саны және 19,9 мыңы техникалық дайындықтан өтпеген практиктер болып шыққан. Ал, 1929 жылғы есеп бойынша өндірісте жұмыс істейтін 100,3 мың маманның 24,2 мыңы жоғары білімді инженер, экономистер, 58,6 мыңы практиктер болып шықты. 1927-1929 жылдар аралығында инженерлердің арасалмағы 30.4% 24.4%-ке түсіп кетсе, практиктердің үлес салмағы 39.3%дан 59.4%-ке көтерілген. КСРО өнеркәсібін инженер кадрларымен қамтамасыз ету 1927-1928 жылдардағы ВСНХ мәліметтері бойынша 100 жұмысшыға 0,65%, сол жылдары Америка мен батысеуропа мемлекеттерінде ол 7-12 инженерден келген[8]. Бұл КСРО өнеркәсібін мамандармен қамтамасыз етудің әлдеқайда төмен салыстырмалы көрсеткіште болғандығын көрсетеді. Сондықтан Сталин 1931 жылы социалистік құрылыстың алты шартының бірі етіп: «ескі инженерлік интеллигенцияны құрту саясатынан –оларды өзімізге тарту саясатына көшу керектігін» айтқаннан кейін істі болған инженерлер ақталып, түрмеден босатыла бастады. Алайда бұл қуаныш аз ғана уақытқа созылды. 1934 жылы Кировтың өлімінен кейін қылмыстық кодекске өзгертулер енгізілді. НКВД –нің құрамында ерекше Кеңес ашылып, оған айыпкерді он жылға соттауға, ату жазасын қолдануға құқық берілді. Кодекстің 58-ші бабы бойынша халықаралық буржуазияға көмек көрсеткені, өндірістегі зиянкестік, диверсия, отанын сатқаны үшін, тыңшылық әрекеті үшін, тағы сол сияқты 14 бөлімнен тұрды. инженерлердің көпшілігіне кейінгі жылдары 58-баптың жоғарыда аталған бөлімдері бойынша айып тағылған.
1937 жылы Мәскеуде «паралельді антикеңестік троцкистік орталық» деген іс қаралып, 17 адам сотталды. Ешқандай кінәлары болмаса да, олар 1933 жылдан Троцкийдің басшылығымен Одақта кеңестік билікті құлатуды көздеген, осы мақсатта зиянкестік, диверсиялық, тыңшылық және лаңкестік қызметті жандандырған «орталық» құрды деп айыптаған. Көп ұзамай бұл «орталықтың» КСРО-ның ірі қалаларындағы жергілікті органдарының белсенді жұмыстары тергеу және сот процесі барысында «әшкереленді». Мұның өзі Қазақстанда көптеген инженерлерді айыптауға негіз жасады. Мәселен, 1937 жылы көктемде Ленгір көмір шахтасында техникалық қауіпсіздіктің сақталмауынан болған авария салдарын шахта басқарып отырған инженер кадрларынан көріп, өндіріске диверсия жасаған деген айыппен осы іске қатысты 12 инженер репрессияға ұшыраған [10]. Осы жылы Белоусов комбинаты құрылысының бірқатар инженерлері тыңшылық әрекеттері үшін жауапқа тартылып, сотталған. Белоусов комбинаты құрылысының бастығы инженерлер - Панин, Букейханов, Ванаг және тағы басқалардың үстінен қылмыстық іс қозғалған. С.Букейханов (Әлиханның ұлы, азан қойған аты Өкітай, кейін Сергей аталып кеткен) пен Ванаг кеніштегі кеннің қоры дұрыс есептелмегенін дәлелдеп, оны үкіметте кен мөлшері нақтыланбай бекітуге болмайтындығы және адам күшін сарқылғанша пайдалана берудің қажетсіздігін, стаханов қозғалысын дамыта бермей, керісінше өндірісте жаңа техникалық құралдарды қолдану, жұмысшылардың еңбекке деген кәсіби шығармашылық қабілеттілігін арттыру, өнертапқыштар жетістіктерін көбірек ескеру туралы инженерлік ұсыныстарын – комбинат құрылысын салуды тоқтатуды көздеген жау әрекеті деп есептеген [11]. С.Букейханов қылмыстық іс басталғанша-ақ әкесі алаш партиясының өкілі екені жария болып, жұмыстан шығарылғаннан кейін Сібірге инженер болып кетті. Оның Сібірге кетуі оны түрмеден аман алып қалды 1937 жылы НКВД Риддер, Ащысай полиметал комбинаттары мен Шымкент қорғасын зауытындағы тройцкишілдер герман тыңшыларының диверсиялық топтары туралы іс қозғаған. Риддерде 1937 жылы НКВД-ның Ежовқа берген мәліметтері бойынша 3 диверсиялық топ: бірі-бұрынғы Қазақ КСР мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары А.И.Келманьсон басшылығымен құрылған құрамында - Атаманенко, Терещенко, Аллеш т.б. және екіншісі бұрынғы КСРО ХШЖК төрағасының орынбасары, «тройцкишіл» Ю.Л.Пятаковтың басшылығымен құрылған құрамында - комбинаттың бас инженері Вебер, тау-кен цехының инженері Аюев, бас механик Марков, кен байыту фабрикасының бастығы Ометов т.б. мүшелері бар «жасырын диверсиялық топ» ашылған. Сонымен қатар, осы кезде эмиграцияда жүрген қазақтың біртуар ұлы М.Шоқайдың «нұсқауымен» құрылған, басында Ащысай комбинаты директорының орынбасары Б.Абдуллин, Шымкент қорғасын зауытының инженері Ш.Тұртаев бастаған техникалық мамандардың контрреволюциялық жасырын «фашисттік ұйымы» әшкереленген [12]. Үш топ бойынша елуден аса адам жауапқа тартылып, жазықсыз жазаланды.Бұл контрреволюцияшыл топтарға қойылған айыптар бірыңғай болып келеді - құрылысты жоспарлау мен қаржыландырудағы жетіспеушіліктер, кен барлау жұмыстарының баяу жүруі, әлеуметтік тегі басқа адамдарды қызметке алу тб негізсіз айыптар. Алғашқы жауаптарында айыпкерлер бұл жалалардың негізсіздігін дәлелдеп шықса да кейін «толық мойындауға» мәжбүр болған. Артынша кен қопарғыштар бригадасының бастығы Шахмұратовтың «лаңкестік әрекет» жасаған «фашистік тобы әшкереленген». Осы жылдары Қазақстанда индустрияны ұйымдастырған білікті инженерлер-К.В.Горбочев, Қарағанды көмір тресінің басқарушысы Л.С.Троцкий, Балқаш мыс балқыту комбинатының директоры В.И.Иванов, Текелі кеніштер басқармасының басқарушысы О.Жандосов, Ембі, Ақтөбе мұнай трестерінің басқарушысы В.Лаврентьев, қазақтың тұңғыш инженерлер даярлайтын жоғары оқу орнының (қазіргі Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ҰТУ) негізін қалаушы Ә. Бүркітбаев және т.б. жазалау шараларына ұшырады. Сөйтіп, бүгінгі талантты инженер, ғалымдарды ертеңгі күні–ақ халық жауына айналдырған сталиндік қуғын-сүргіннің қасіретті қөріністері осындай болды.
Тайман С.Т. (Қорқыт Ата атындағы ҚМУ)
Әдебиеттер:
1.Әубәкіров С.Қазақстан инженерлік техникалық интеллигенциясы. - Алматы: Ғылым,1989.-14-б.
2.Солженицын А.Архипелаг ГУЛАГ. – Москва: «Советский писатель-новый мир», 1989. – Т.1. - 54-б.
3. Кислицын С.А.Шахтинское дело. - Ростов-на-Дону, 1993.- 59-б.
4.Омарбеков Т.ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері.Көмекші оқу құралы.-Алматы:Қазақпарат, 2001. - 292-бет.
5.Советская историческая энциклопедия.11-том,609,610 –бб
6. ҚР ПА 719-қор,1-тізбе,1424-іс,3,4-парақ
7. Оразбек Н.Шапық Шөкин. – Алматы: «Қазақстан», 2004. - 24-бет.
8. РГАСПИ.17-қор,113-тізбе,761-іс,1-парақ.
9. ҚР ПА 725-қор,2-тізбе,706-іс,46-парақ
10. ҚР ПА 725-қор,2-тізбе,705-іс,31-парақ
11. ҚР ПА 725-қор,2-тізбе,668-іс,36-41 парақ)
Бөлісу: