Бөлісу:
04.02.15
Қоғам өзінің заңды ерекшеліктерімен адамның іс-әрекеттері арқылы айшықталады, дамиды. Адамдардың іс-әрекеттері қогам дамуының объективті заңдарына бағынады. Ол заңдардың дұрыс-бұрыстығын түйсініп, әрекет ету ерекшеліктерін түсініп білетін ерекше дарынды адамдар — тұлғалар, қоғам қайраткерлері. Сондықтан олардың кейбіреулері келешегі жоқ қоғамға қарсы болуы да мүмкін. Бұл ретте өзі өмір сүрген ортасына қарсы болып өткен Абайды, тәуелсіздігімізді армандап, соның жолына бүкіл ғұмырын сарп еткен Мұстафа Шоқай мен Алаштың арыстарын, Темірбек Жүргеновті, барлық жағынан ресми тұмшаланған Кеңестік саясатты қазақ ұлты мен оның келешегі үшін жете пайдалана білген Дінмұхамед Қонаевты, кеңестік саясаттың ұлт мүддесіне қайшы келетін жерлеріне ашық қарсы шыққан Ж. Тәшеновті жатқызуға болады. Бұндай азаматтар саусақпен санарлық. Ал қазіргі біздің «қоғам қайраткерлері» деп айдар тағып, аспандатып жүргендерімізді жоғарыда аталған азаматтармен салыстыруға бола ма? Қоғам қайраткерлері солар емес пе? Қазіргі сансыз «қоғам қайраткерлеріміздің" көбісі кешегі Кеңестік дәуірдің келешегін болжады ма? Қайта керісінше, соған қызмет етіп, компартияның нанын жеп, содан алған «үлестерімен» нарыққа араласып кеткендер емес пе? Тауқұдірет — Бауыржан батыр бір рет басын көтеріп, қолдан өзіміз жасап отырған «қоғам қайраткерлеріне» ала көзімен бір қараса олар не істер еді?
Енді Т.Жүргеновтің тарихи тұлға, қоғам қайраткері екенін дәлелдеп көрейік.
Біріншіден, оған білімге деген құштарлық пен үлкен жүректілік тектілігімен, қанымен берілген Алланың сыйы. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген қазақы пәлсапаны басшылықққа алсақ, Т.Жүргеновтің экесі Қара да, атасы Қуан да дәулетті, көзі ашық, сол уақыт-деңгейімен есептегенде білімді, жан-жақты, ел сыйлаған азаматтар болған. Шешесі Жәніш қазақтың ескі қисса дастандары мен, аңыздарын жатқа айтатын, сабырлы да салмақты, бала тәрбиесіне үлкен мән берген адал жүректі ана.
Екіншіден, тарихи тұлға болу мен қайраткерліктің бірден-бір шарты — білімділік. Бастауыш білімді, Ақмешітте, жер өлшеушілер училищесін Уфада, рабфакты Орынборда бастаған Т.Жүргеновтің Ташкенттегі Орта Азия университетінің заң факультетін үздік бітіруі сөзіміздің дәлелі болмақ. Құқық, саяси экономия, тарих, журналистика, тіл, статистика, демография ғылымдарына ден қойып, көптеген ғылыми-проблемалық еңбектер жазды. Сөйтіп аз уақыт ішінде жан-жақты ғалым ретінде-де оның тарихи тұлғасы ерекшелене түсті.
Үшіншіден, Т. Жүргеновті тек қазақтың ғана жоғын жоқтаған тарихи тұлға ретінде ғана қарастыруға болмайды. Себебі, өзбек, тәжік, қырғыз халықтарының тарихы мен тілін жетік білғен ол — жалпы Орта Азия халықтарының мұңы мен мүддесін, олардың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етті. Қазақ АСР-нің Түркістан Республикасындағы (кейін Өзбек АССР- нің) өкілетті уәкілі, соңғы курста Қазақ педагогика институтының ректоры, Қазақстан мен Түркістан Орталық атқару комитетінің мүшесі, Тәжік АССР- ның Финанс наркомы, Өзбек АССР-і, Қазақ АССР-і, Ағарту Халық комиссары қызметін атқаруы оның қайраткерлік қарымының ауқымын көрсетсе керек. Демек, Т. Жүргенов Орта Азия халықтарына ортақ тарихи тұлға, белсенді қоғам қайраткері. Бұл ретте оның іс-әрекеттерін қазіргі уақыт-деңгейінен алып қарасақ, тәуелсіздікті армандап, сол жолда өмірін сарп еткен Мұстафа Шоқайдың арманымен үндесіп жатқандай.
Төртіншіден, Т. Жүргенов — білікті басшы, шебер ұйымдастырушы, атына заты сай қызметте темір тәртіп орнатқан, кезінде әлем мойындаған кеңестік білім жүйесінің негізін қалаушылардың бірі болған тұлға. Қызметтегі еркіндігін қамтамасыз ету үшін Л.Мирзоянға қойған үш шарты (1. Бай баласы деп көзтүрткі жасамау; 2. Өкілеттік беру; 3. Бөлінген қаражатты жұмсау билігінен-кақпау.) көп мәселені, аңғартады. Т.Жүргеновтің ерен еңбегі арқасында Қазақстанда бастауыш, жетіжылдық орта кластық білім беру жүйесі қалыптасты. Көптеген орта, жоғарғы оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелері мен мәдениет ошақтары, архив, музейлер өмірге келді.
Бесіншіден, Т. Жүргеновтің тарихи тұлғасы мен қайраткерлік қарымын айшықтай түсетін тұстарының бірі — оның білікті, болашақты болжай білетін көреген саясаткерлігі. Кеңестік идеологияның күшті ықпалы мен оның мол мүмкіндіктерін ұлтының мүддесіне (экономикасы, ғылымы, мәдениеті, тарихи т.б.) ұтымды да шебер пайдалана білген Т. Жүргеновтің тарихи тұлғасы қазіргі тәуелсіздігіміздің тізгінін сеніп тапсыратын болашақ жастарымызға үлкен жауапкершілік жүктейді.
К.Т.Құдайбергенова, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері.
Бөлісу: