Бөлісу:
Кез келген тарихи тұлғаға баға бергенде ол өмір сүрген заманы, қызмет етіп, қызу араласқан қоғамы тұрғысынан қарау қажеттігі мен болашақ үшін сіңірген еңбегі тұрғысынан зерделеу талабын ескеретін болсақ, ғылыми зерттеу саласындағы жеке тұлғалардың ашқан жаңалықтарын айқындап, болашаққа берер бағдарын көрсету.
Ел тарихын тұлғалар жасайды. Тұлға елдің тағдыры, тұлға — елдің тұтқасы болып табылады. Белгілі орыс философы С.Н.Трубецкой XIX ғасырдың өзінде-ақ былай деп жазған болатын: «Анығына келсек, тарихта бәрін жасайтын адам, сол арқылы ғана идея іске асады» [1, 6 б.]. Яғни тарих дегеніміз тек қана тап күресі мен қоғамдық формациялардың алмасуы емес. Бұл адамдар мен тарихи тұлғалардың әрекет ететін аренасы.
Халқымыздың ұлттық болуының мәйегіндей салт-дәстүріне, мәдениеті мен әдебиетіне, діні мен тіліне, тегіне кепіл тәуелсіздік келгенде қазақтың арғы-бергі тарихы аржағынан көрінетін жұп-жұқа оқушы оқулығына ғана сыйып тұр. Үш жүз жылға созылған мұндай қиянатқа қарсы тұру үшін, тарихтағы әділеттікті, шындықты қалпына келтіру үшін, жас тәуелсіз еліміздің болашағына тарихтың сара да дара дұрыс бағдары болу үшін халқымыздың тарихын ұлт мүддесі тұрғысынан қайта зерделеу керек болды. Бұл міндет әрине тарихшыларымызға үлкен жауапкершілік жүктеді.
Сол жауапкершілік жүгін абыроймен арқалаған ғалымның бірі тарих ғылымдарының докторы, профессор Академик Зұлқарнай Алдамжар болатын. Оның зерттеулері Республиканың тарих ғылымында кенжелеп қалған тарихнама, әдістеме, методология мен теория мәселелеріне арналған. Тарихнама саласының жетекші маманы, тарих ғылымының даму үрдісіне талдау жасап, халқымыздың тарихының күрделі мәселелерін ашып келешек ұрпаққа тарихты зерделеудің бағдарын айқындап берді.
Зұлқарнай Алдамжар аса белгілі қоғам және мемлекет қайраткері ретінде ғана емес, сонымен қатар терең ойлы тарихшы ретінде де танып, білген жөн. Сондықтан осылай қарау бүгінгі төл тарихымызды зерттеу қажеттілігінен туындап отыр. Сонымен қатар ол тарихи оқиғалардың зерделі зерттеушісі деңгейіне көтеріліп, ғылыми құндылығы мол еңбектер қалдырған. Сондықтан да оның қоғамдық-саяси қызметі мен тарихшы-ғалымдығын зерттеу Республика тарихшыларының міндеттерінің бірінен саналады.
Зұлқарнай Алдамжар — тарихшы. Үлкен ғалым. Ал тарих деген бүкіл адамзат баласының, жер-судың, оның үстінде өткен ғажайып оқиғалалардың баяны. Тарихты қиюымен қоятын адал шежірешілер тарихты тастай етіп жасайды. Зұлқарнай Алдамжар мұның мәні-жайының жетік маманы. Өзінің тәуелсіз, егеменді мемлекеттілігін алған Қазақстан тарихының тоталитарлық жүйе кезеңінде қалай бұрамлағанын ол көз алдынан өткізген. Енді осы тарихты қалай қалпына келтіру керек, шындық тарихты қалай жазған дұрыс, жазғанда нені басшылыққа алу оңды, жазудың әдісі мен әдістемесі қалай болуы тиіс деген мәселелер алға қойылып отырғанда, Зұлқарнай Алдамжар бұған тарих тасын қалаушы ретінде бүтін көзқарасын білдіреді. Бүгінге дейінгі жазылып келген ел тарихын түгелдей қайта тексеріп шығу керектігін айтады. Шынайы ел тарихын жазу енді басталды. Біраз олпы-солпылықтың шетін басу керек.
З.Алдамжардың мақсаты — жас ұрпаққа халықаралық деңгейдегі сапалы білім, қалаулы мамандық беруді, ғылымға баулуды ұйымдастыруға, өркениетті ұлтжанды сананы бойға қалыптастыруға, парасаттылық пен жасампаздық құлшыныс арнасында тәлім-тәрбие беруге үлес қосу.
Ғылыми зерттеу арнасында ғалым ұлттық төл тарихымыздың философиялық заңдылықтары мен методологиялық негізін, оның тарихнамалық жүйесі мен деректік қорын, зерттеу әдістемелері мен пайымдау шарттарын және де ұлт-азаттық қозғалыс желісі мен жеке тарихи тұлғалар тағдырын, бүгінгі егеменді елдігіміз бен тәуелсіз мемлекеттігіміздің нығаю, даму үрдісінің өзекті мәселелерін зерделеуді міндет етіп қойыпты.
Профессор З.Алдамжардың Кеңестік тоталитарлық мазмұнының бүгінгі методологиялық тұғырнамасы 2002 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрген «Тарих: пайым мен тағылым» кітабында жинақталған. Мұнда автор кейбір жекелеген әріптестерінің өтпелі кезеңдегі неғайбыл сәттерді пайдаланып, бұрынғы таптық методология мен идеология қағидаларына үндес айтылған ағаттықтары мен қателіктерін жедел «түзетіп», «жақсартыңғырап», мен сол тар жол, тайғақ кешу, кезеңнің өзінде де батылдық жасап едім, күрескер едім, ақиқат үшін қуғын сүргінге-ұшырап едім дегенге саясатын пысықай тіршіліктерін сынға алады. Ал өзінің шығармашылық тағдырының тағылымынан түйген қорытындысы азаматтық болмысының бір парасы. КОКП үстемдігі жүріп тұрғанда жазылған еңбектеріндегі олқылықтарды жуып-шаюға тырыспай, қайта әр затты өз атымен атауға бара алған. "Автор, — дейді 3.Алдамжар өзі туралы, — ... көп жылдар бойы марксизм-ленинизм теориясы мен негізгі методологиялық қағидаларын басты құрал санап, советтік қоғамдық-саяси, идеология шеңберінде еңбектеніп келгенін ескертеді және де таптық көзқарастың біршама тұжырымдарына күмәні бола тұра кейбір тарихи мәселелерді зерттеуде сол қалыптасқан шеңберден шығуға мүмкіншілік таба алмаған дәрменсіздігіне қынжылады«[2, 17 б.].
Ұлы ойшылдардың тарихи-методологиялық көзқарастарын тереңінен білген З.Алдамжар олардың жетегінде кетпеген. Ғалымның осы мәселедегі ұстанымы «Ұлттық тарихымыздың өзекті мәселелері» атты зерттеуінде нақты айтылады. Еңбектің кіріспе бөлемінде авторлық мақсат пен позиция мына сөздермен берілген: «...Біз методологиялық негізді қайтадан, жаңаша, объективті ғылыми позициядан, өркениеттік принциптерге сүйене қалыптасуымыз керек. Бірақ барлық жағдайда да ғылымға адалдық, жауаптылық, рухани тәуелсіздік, щығармашылық еркіндік қажет». Қазақ елінің тәуелсіздігі жарияланғаннан кейінгі 10-15 жыл бойына Отандық тарих ғылымында жаңа методология орнықпау себебін ашу талпынысын назар аударуға лайық дүние. Профессор З.Алдамжар пікірінше, бұған, біріншіден тарихты кінәлау, барды жоқ деп бірыңғай қанағатсыздықтың жетегінде кету залалын тигізуде. Екіншіден эмоциялық әсермен тездетіп пікір айту, жаңашылдар санатындамын деп ұрандау «дертіне» шалдыққан тарихшылар артық қылудың орнына тыртық қылуда. Үшіншіден, тарихи сана осы мезгілге дейін теориялық және методолоялық негіз деп мойындалып келген сыңаржақ таптық методология шығармауынан толық шыға алмауда. Профессор З.Алдамжардың методологиялық пайым-тұжырымдарында баса назар аударылған мәселелердің бірі — тарихты дәуірлеу. Ғылымда кең қолданыс тапқан формациялық және өркениеттік дәуірлеудің табиғатына, ерекшеліктеріне, ұлт тарихын дәуірлегенде қайсы тиімді екендігіне кеңінен тоқталады. Дегенмен тарихты дәуірлеу ұстанымдарын егжей-тегжейлі талдаған З.Алдамжардың Қазақстан тарихын дәуірлеген авторлық нұсқаны ұсынбауын қалай түсінуге болады?
Профессор З.Алдамжар тарихи ілгерілеуде де, ғылыми танымда да ұрпақ сабақтастығын маңызды фактор қатарына қояды. Ол таяу болашақтың өзінде-ақ халқымыздың ұлан-ғайыр тарихи тағдырын зерттеу салмағы жас буын тарихшыларға түсетінін қапысыз ұқты. «Ал жастарға,- деп жазыпты «Ұлттық тарихымыздың өзекті мәселелері» зерттеуінде, — әрқашан да жаңашылдық, сыншылдық ұшқыр ойлылық, білімпаздық, іскерлік пен батылдық тән. Сондықтан да қазақ тарихшыларының жас ұрпағына орталау көңілмен қарап, осылар өзі парасатсыздық қамауында қалып қоймас па деп үрейлену, сенімсіздік білдіру ұлтжанды қазақ жастарының азаматтық табиғатын, жаңалық пен әділеттілікке ұмтылысын түсінбеушілік болар еді. Ақиқатты сол — үміт те, жаңару да, жақсылықта жастан» [2, 19 б.].
З.Алдамжардың ғылыми шығармашылығы мен педагогикалық ойларында тарих ғылымының әдіснамалық проблемалары елеулі орын алған. Оның шығармашылық мұрасында тарих ғылымын зерттеудің теориялық-әдіснамалық проблемалары жалпылама және нақтылы тарихи оқиғаларды сараптауда анық байқалады. Оны зерттеуші шығармашылық мұрасы мен өмір жолынан анық көреміз.
Зұлқарнай Алдамжар әдіснама проблемаларын нақтылы тарихи оқиға немесе объектімен қатар жалпы тарихи мәселелермен ұштастырып талдауды қолдаған. Бұл тұрғыда автор отандық және шетелдік тарихнама аясындағы проблемаларда әлемдік тарихнамалық процестің дамуы әрдайым ескеру мәселесін де тыс қалдырмаған. Ғалым еңбектерінде анық баяндалған тағы бір маңызды мәселе болды. З.Алдамжар тарих әдіснамасын зерттеуде тұрақты шығармашылық ізденіс, жаңа авторлық идеялар мен концепцияларды табу ғылымды дамытудағы динамикалық үрдістің негізгі шарты деген тұжырымды ұстанған. Ал оның пікірінше жаңа әдістеме аясындағы жаңалықтар сипаты шектеулі неге десеңіз ғылымның жетілуі барысында әдістер міндетті түрде өзгеріске ұшырайды [3, 23 б.].
Оның еңбектерінде тарих әдіснамасы аясындағы ой-түйіндер нақтылы қағидаларға сүйініп болашақта бұл ғылымды дамытудың негізіне айналады, қазіргі замандағы тарих әдіснамасының тенденцияларын болжауға, тарих ғылымының кейбір ағымдарын оқып үйренуге мұрындық болады деп тұжырымдауға болады. Бұл тұрғыда тарих ғылымының қазіргі кезеңдегі дамуындағы ХІХ-ХХ ғғ. тоғысында бой көтерген тарих әдіснамасының таным құралы және ғылымды игерудің арнаулы саласындағы орны мен міндеттерінің едәуір жетілгенін атаған жөн. Әсіресе, тарих әдіснамасының дамуындағы тарих объекті ерекшеліктерін, оның ретроспективасын, кешенділігін, пәнаралық байланыс дәрежесін әбден анықтау зерттеушілер үшін аса маңызды. Соның ішінде тарихнамалық дәстүрдің дамуындағы тарих ғылымының пәнаралық байланыстағы жаңалықтарды шығармашылық процесте қаперге алу керек [4, 23 б.].
Бүгінгі қоғамымыздың қай саласын алсақ та терең өзгерістер болып жатқаны белгілі. Тәуелсіздікке қол жеткізген әрбір халыық алдымен, өзінің өткен жолын саралап, одан тәлім-тәрбие, сабақ алуға ұмтылып, болашаққа көз тігеді. Алматы қаласындағы «Арыс» баспасына 2000 таралыммен жарық көрген тарих ғылымының докторы, профессор З.Алдамжардың 288 беттік еңбегі де қазақ тарихының бүгінгі қоғамымыздың күрделі мәселелеріне деген терең толғаныстыың бірі екендігін дәлелдейді. [5, 3 б.].
Зұлқарнай Алдамжар ұлт-азаттық қозғалыстар тарихын зерттеуде де тың көзқарастарымен көпшілікке танылды. Қазақстан Ресейдің отарлау заманында Сырым батыр, Арынғазы хан, Махамбет, Исатай батырлар тарихын жазуда мұрағаттық деректермен қатар, ұлттық дерегіміз шежірені пайдалану аса мұқияттылық керектігін жас зерттеушілерге айтудан талмайтын. Сырым бабамыздан қалған аталы сөздердің тарих ғылымы үшін маңыздылығын ескертеді. Автордың қазақ шежіресіне байланысты көзқарасы «Ұрпақтар сабақтастығы — тарихи проблема» деген мақаласында анық жазылған. Автор шежіреші қарттардың «тегі қазақтың билерінің бэрі, қай-қайсысы да сөз ұстаған, тарихты таңбалап отырған адамдар болған ғой. Олар заманының білімдар адамы. Тарихты қаз-қалпында қолданып, көз алдына әкеп, екшеп-текшеп, одан өз биліктеріне қажетті мән шығарып, мақалдап отырған. Билер де жан-жақты білім билік болғаны белгілі. Шексіз талант иелері, сөз, шешендік өнерін қуған. Өзге қатарларынан артықшылығы да осыдан болған» деп қастерлеу де одан [6, 39-40 б.].
Зұлқарнай Алдамжар тарих ғылымының методологиялық күрделі мәселелеріне де көпшіліктің назарын аудара білді. Зерттеуші осы уақытқа дейін қалыптасып, ғылыми айналысқа енген методологиялық тұжырымдар мен қағидаларды түгелдей ысырып тастау асығыстық, бірыңғай пайымсыздық болатындығын атап өтеді. Өйткені, қай істе де жинақылық, асықпай-аптықпай саралау, бұрынғы методологиялық жүйенің қате тұстарын сезіну қазіргі жағдайда маңызды. Ғалым зерттеулерінде көрініс тапқан Қазақстан тарихы ғылымында жаңа қалыптасып жатқан тарихтың методологиялық мәселелері, тарих философиясы, тарихи үрдіс теориясы, тарихнама, қазақ тарихи деректері, теориялық деректемелері туралы ой пікірлері қазіргі танда тарихшылар үшін аса маңызды. Зұлқарнай артында өшпес мұра қалдырған азамат. Еңбегі еленіп, мемлекет тарапынан өзінің лайықты бағасын алды. 2005 жылы 5 шілде айында Қостанай қаласының құрметті азаматы болып атанды. Көптеген құнды әрі ғылым жолына түскен жастар іздеп жүріп оқитын кітаптарының авторы. Қорыта келе ғалым артына сүбелі үш монография, жүздеген ғылыми мақалаларын қалдырды, оның барлығы өскелең ұрпақ үшін аса қажетті зерттеулер деп есептейміз. З.Алдамжар-өзінің бар күш-жігері мен білімін Қазақстан Республикасындағы жоғары білім мен ғылымын дамытуға жұмсады. Жас ұрпаққа халықаралық деңгейдегі сапалы білім, қалаулы мамандық беруді, ғылымға баулуды ұйымдастыруға, өркениетті ұлтжанды сананы қалыптастыруға, парасаттылықпен жасампаздық құлшыныс арнасында тәлім-тәрбие беруге үлес қосты. Оның қалдырған еңбектерін тарихнама, әдістеме, деректану мәселелерін қарастыруға тарихшылар кеңінен қолданылу керек.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Әбуев Қ. Қазақстан: тарих және тағылым. -Астана: Елорда, 2006-320 бет.
2. Әбжанов Х. Проф. З.Алдамжар зерттеуінің тарихи-методологиялық әлемі. // «Отан тарихының келелі мәселелері атты» респ. ғылыми-теор. конф. матер.жинағы. Т.ғ.док. проф. З. Алдамжарға арналады. 28-29 ақпан 2008 // Құрас: Ш.Н.Нағимов, А.В.Блохин, Ғ.А.Шотанова. -Атырау: Х.Досмухамедов атындағы АМУ-нің Жаңа ақпараттық технологиялар орталығы., 2008.-260 бет.
3. Абдоллаев Н.А. 3. Алдамжар және қазіргі заманғы тарих әдіснамасы // «Отан тарихының келелі мәселелері» атты республикалық ғылыми-теориялық конфер. матер. жинағы. Т.ғ.д., профессор Зұлқарнай Алдамжарға арналады. 28-29 ақпан 2008.
4. Мұқтар Ә. Тарих: пайым мен тағылым немесе З.Алдамжар еңбегі хақында // Қазақ тарихы.2002.№ 4.
5. Ахметова Ұ.Т. Алдамжардың ғылыми мұралары // «Отан тарихының келелі мәселелері» атты республикалық ғылыми — теориялық конфер. матер. жинағы. Т.ғ.д., профессор Зұлқарнай Алдамжарға арналады. 28-29 ақпан 2008. — 260 бет.
6. Таным таразысында (мақалалар жинағы). Құрастырушы Ә.Қ.Мұқтар. Атырау: «Атырау-Ақпарат» баспаханасы, 2006, 313 бет.
Анасова А.Б., тарих магистрі, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Қостанай қ.
Бөлісу: