ЭКСПО – Тәуелсіздік тарихындағы айтулы оқиға
09.06.2017 2839
Халықаралық көрме қазақ мемлекеті үшін асқақ абыроймен қатар жауапты жүк

Көптен күткен Астана ЭКСПО 2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі өз шымылдырығын ашты.

Әлем көз тіккен көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне бірқатар елдің мемлекет және үкімет басшылары қатысты. Олардың арасында Чехия Республикасының Президенті Милош Земан, Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-Министрі Ксавье Беттель, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Армения Президенті Серж Саргсян, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Сербия Президенті Александр Вучич, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұxамедов, Пәкістан Премьер-Министрі Наваз Шариф, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Испания королі Филипп VI, сондай-ақ Ресей Президенті Владимир Путин бар.

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің салтанатты жағдайда ашылуы театрландырылған көрініспен басталды.

«Қымбатты қазақстандықтар, құрметті қонақтар, ханымдар мен мырзалар! Қонақжай Қазақстанның елордасы әсем Астанаға қош келдіңіздер! Бүгін біздің елімізде ғана емес, дүниежүзілік көрмелер тарихында айтулы күн. Қазір көптен күткен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің шымылдығы ашылды. Осы салтанатты мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Біз ЭКСПО көрмесін ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өткізгелі отырмыз. Сөйтіп Қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 қаланың қатарына қосылды. Астана үш ай бойы бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілі ететін басты алаңға айналады», – деді Президент.

Елбасы Астана ЭКСПО көрмесінің арқасында әлемге жаңа қырынан танылатынын айтты.

«Тәуелсіз Қазақстанның символы Астана нағыз ХХІ ғасыр қаласы ретінде жаңа қырынан танылатын болады. Көрмеге әлемнің 115 мемлекет 22 халықаралық ұйым қатысады. Мен олардың барлығына халқымыздың атынан ризашылығымды білдіріп, сәттілік тілеймиін. Халықаралық көрмелер бюросының президенті Стивен Кристиен мырза ұйымның бас хатшысы Висенте Лосерталес мырзаға алғыс айтамын. «ЭКСПО» көрмесін ашық деп жариялаймын. Ұлы даланың төріне қош келдіңіздер», – деді Елбасы.