М. Баймағұлов: «Жас тұлпар» арыстарды еске алды
12.12.2017 1769
Бүкілқазақ съездінің 100 жылдығы қарсаңында «Жас тұлпар» бірлестігі сталиндік террордың құрбандары Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақовтың басына гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді

Алаш автономиясын жария еткен Бүкілқазақ съездінің 100 жылдығы қарсаңында «Жас тұлпар» бірлестігі сталиндік террордың құрбандары көмілген Дон бауырластар зиратына (Мәскеу) барып, сол жерде жерленген қоғам қайраткерлері Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақовтың басына гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді. Бұл рәсімді мерекелік деп айта алмассың. Бірақ бұл шараның маңыздылығы мен мәнділігіне келіспеу қиын-ақ. Ресейдегі қазақстандық студенттердің «Жас тұлпар» бірлестігінің төрағасы Мұхтар Баймағұлов NDH порталына осы акция туралы айтып берді.

- Мұхтар, сәлеметсіз бе. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған осы акция туралы әңгімелеп берсеңіз. Бұл дәстүр қашан пайда болды?

- Кешегі акцияны биыл бірінші рет өткізіп бастадық.

- Ұйымдастырушы кім, «Жас тұлпардың» рөлі қандай?

- Ұйымдастырушылары – Ресейдегі қазақстандық студенттердің «Жас тұлпар» бірлестігі. «Жас тұлпар» бірлестігінің негізгі рөлі мен міндеті – Ресейде, Мәскеуде, оқу оқитын немесе жұмыс істейтін қазақстандық жастарды шоғырландыру, біздің міндетіміз – біздің студенттерімізді «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы айналасында біріктіру, олардың бейімделуіне көмектесу, олардың осы жерде сапалы білім алуларына мейлінше жағдай жасау. Білім алудан басқа, олар үйлерінен алшақта, Мәскеуде болған кездерінде, өз мәдениетінен қол үзіп, жалғыздықты сезінбес үшін мәдени демалыс ұйымдастыру. Біз қазақстандық, қазақ мәдениетіне бейімделген шараларды жиі өткізіп тұрамыз.

- Жақында еліміз Тәуелсіздік күнін тойлайды.

- Негізінен, Қазақстан халқы Тәуелсіздік күнін мереке ретінде қабылдайды. Бұл өте жақсы, біз бейбіт заманда тұрып жатырмыз. Бірақ, біз тарихты, бұл тәуелсіздіктің бізге қалай келгендігін, қазіргі ұрпақ тәуелсіз мемлекетте тұруы үшін өз өмірін соған арнап, өз жанын құрбан еткендерді ұмытпауымыз керек. Олар – біздің хандарымыз бен батырларымыз – Абылай хан, Керей мен Жәнібек және басқалар. Олар – Ұлы Отан соғысының қаһармандары. Олар – 1986 жылғы желтоқсан оқиғасындағы Қайрат Рысқұлбеков сынды біздің тәуелсіздігімізді жақындатқан жастар. Қазір біз, өскелең жас ұрпақ, оларды естен шығармай, құрметтеп, қадірлеуіміз керек. Елбасы айтқандай, мынадай аласапыран заманда тәуелсіздікке қол жеткізу өте қиын, ал оны сақтау – одан да қиын.  Біз, жас ұрпақ, әрқайсымыз өз учаскемізде, мейлі ол ауыл болсын, мейлі қала, меморган, жекеменшік, бизнес болсын өз еңбегімізбен, өз біліктілігімізбен, өз кәсібилігімізбен еліміздің мүддесін қорғап, байлығымызды сақтап, оны көбейтіп, мемлекетіміз көркейіп,өз егемендігін сақтап, азаматтары молшылықта өмір сүрулері үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Мұнда, Мәскеуде, білім алып жатырмыз. Біздің бірінші мақсатымыз – білім алу, екінші – тәжірибе жинақтау, үшінші – Қазақстанға оралып, өз Отанымызға қызмет ету.

- Ұлттық интеллигенция көшбасшыларын еске алуға қатысты қандай шаралар жоспарладыңыздар?

- 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай, бізде бірқатар іс-шаралар өткізіледі. Солардың бірі – «Алмас қылыш» фильмінің көрсетілімі; екіншісі – осы жерде білім алып жатқан қазақстандық белсенді жастарға арналған «Жас тұлпар» стипендиясы туралы конкурсты жария ету. Бұл стипендияны қазақстандық кәсіпкер, филантроп Оралбек Ботбай тағайындады, ол біздің бастамамызды қолдап, осы конкурстың жеңімпаздарына қаржылай қолдау көрсетуді шешті.  Тәуелсіздік күні аясында осындай іс-шаралар өткіземіз.

- Ардақты тұлғаларды еске алып, олардың зиратына гүл шоқтарын қоюға кімдер келді?

- Дон бауырластар зиратындағы кешегі акцияға өзіміздің қазақстандықтар қатысты. Сонымен қатар, осы жерде оқып, жұмыс істейтін жергілікті қазақтар қатысты. Барлығы 25-тен аса адам болды.

- Дон зиратында қандай сезімді бастан кештіңіздер?

- Кеше, сол жерде, сол уақыттағы режим үшін адам өмірінің еш құны болмағандығын сезіндім. Оның үстіне олар біздің зиялылардың сана-сезімінің жоғарылығын, тәуелсіз Қазақстанды құруға деген ниеттерін түсініп, олардың қауіптілігін көреді. Бұл сол кездегі билікті шошытқандықтан, олар осындай шешім қабылдады, біз, жастар, оған ешқашан да көне алмаспыз.  Біз өз қаһармандарымыз – барлық алашордалықтарды және еліміздің тәуелсіздігін жақындату жолында жандарын пида еткен басқаларды құрметтеп, есте сақтаймыз. Бұл жауапкершілікті түсінеміз. Қазір бейбіт заманда тұрып жатсақ та, әлем тұрақты емес. Әлемнің түрлі түкпірінде қақтығыстар бұрқ етіп жатады. Біз, жастар, Қазақстан халқы ретінде «Рухани жаңғыру» аясында және басқа да үлгілер аясында өз дипломатиямызды, өзіміздің саяси экономикалық институттарымызды, әлеуметтік қоғамды, халықтың сана-сезімін дамыту үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеуіміз керек.

Еліміз күн сайын дамуы үшін әрқайсымыз өз жұмыс алаңымызда жаңа Қазақстанды, жаңа болашақты құруымыз керек. Мемлекетіміз құрылғаннан бері 26 жыл уақыт өтті, сондықтан экономикадағы, саясаттағы өзіміздің кейбір тәсілдерімізді қайта қарауымыз керек.

Елімізде қазір үлкен реформалар жүріп жатыр, жастар жасалған мүмкіндікті қолдана алулары керек. Өзі де жаңа мүмкіндіктер жасап, «Болашақ», кадрлық резерв сияқты және тағы басқа әлеуметтік лифттерді қолдануы керек.

- Жаңа заман, жаңа қаһарман ба?

- Қазіргі жас ұрпақ бэтмен, спайдермен сияқты өмірде жоқ, қиялдан туындаған қазіргі қиял-ғажайып кейіпкерлерді пір тұтады. Мен бұндай қатынасты түсіне алмаймын. Қазақ халқы құрылғаннан бастап қазіргі заманмен аяқтағанда өзіміздің қаһармандарымыз, батырларымыз бар. Тарихтың түрлі белестерінде біздің тәуелсіздігімізді қорғап, еліміздің, халқымыздың ар-намысын қорғап-сақтаған қаһармандарымыз жеткілікті. Біз соларды пір тұтып, өз қаһармандарымызды біліп, есте сақтауымыз керек.  Фильмдерде, өнерде осы қаһармандар туралы айту керек, өйткені олар болған, бар және бола бермек, себебі мен жоғарыда айтқандай әлем тұрақсыз, ал өз қаһармандарымыз халық игілігіне, мемлекет игілігіне қызмет етіп, өз елінің ар-намысын қорғайтын болады. Қажет болса – өз өмірін қиятын осындай азаматтар қажет. Сол кезде ғана біз мықты мемлекет, мықты халық боламыз.  

- Өз міндеттеріңіз туралы аздап айтып берсеңіздер?

- Жастарды шоғырландырудан басқа, «Жас тұлпардың» негізгі міндеттерінің бірі – олардың бос уақыттарын ұйымдастыру, жайлы жағдай жасап, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау. Сонымен қатар, былтырдан бастап Қазақстанның Ресейдегі елшілігімен бірлесіп, оқуын бітірген бітірушілерді жұмысқа орналастыру бойынша жобаны іске қостық. Ең алдымен сауалнама жүргіздік. Алдағы жартыжылдыққа талдау жасаймыз: Қазақстанның қай аймағына қай мамандық бойынша қандай мамандар барады? Осы мамандарды олардың жолдамалары бойынша жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыру үшін жергілікті және облыстық әкімдіктерге алдын ала хат жолдаймыз. Бұл да оң нәтиже береді деп ойлаймын.

М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистранты Болат Бақбергенұлы Керімбек өз ойымен бөлісті.

Ел тарихында еркіндік пен теңдікті мақсат еткен қозғалыстардың бастысы – Алаш ұлт-азаттық қозғалысы. Тарихқа көз жүгіртсек осыдан 100 жыл бұрын, дәл осы күндері (1917 жыл, 5-13 желтоқсан) Орынбор қаласында ІІ Жалпы қазақ съезді болды. Сонда Алаш автономиясы, Алашорда партиясы мен үкіметі құрылды. Бұл – ұлттық демократиялық қозғалыс тарихындағы елеулі кезең. Алаш қозғалысының мақсаты – дербес қазақ мемлекетін құру. Бірақ, азаттықтың жаршысы болған Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері көздеген мақсат-міндеттерді толық іске асыру мүмкін болмады. Алаш қайраткерлерінің ең басты еңбегі – сол заманның қиыншылықтарына қарамастан, ел еркіндігіне атсалысып, қолдан келгеннің бәрін жасады. Олар өз заманында еркіндік пен теңдікті аңсап, егеменді ел болу жолында, халықтың санасын серпілтіп, рухын көтерді. Сол ауыр жолда жанын құрбан етті. Дегенмен, бостандық пен дербестікке ұмтылған Алаш арыстарының еңбегі мен ерлігі, арман-мақсаттары бүгінгі таңда орындалды. Оның дәлелі – Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік күніне орай Мәскеуде оқып жатқан қазақ жастары Алаш ардақтыларына, соның ішінде Әлихан Бөкейхан пен Нығмет Нұрмақов қайраткерлеріміздің жатқан жеріне келіп тағзым етіп, құран бағыштадық. Осы ізгі шара жалғасын тапсын. Алаштың рухы өлмесін! Тәуелсіздігіміздің іргесі бекіп, қазақ халқының болашағы баянды болсын!