Сыртқы саясатты зерделеген еңбек
15.01.2018 1249
Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылы желтоқсанда жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы – тарихи публицистика жанрындағы еңбек

Автордың пайымдауынша, бұл кітапты өзінің жеке тәжірибелерінен түйген негізгі ойларына сүйене отырып жазған.

Әдемі безендірілген 500 беттен тұратын кітапта әлемдік тарихта «қазақстандық жол» аталған еліміздің 26 жылда жүріп өткен жолы, осы тарихи кезеңнің куәгері, әрі жасампаз оқиғалардың авторы және іске асырушысы болған Мемлекет басшысының көзқарасымен баяндалады. Елбасы өзінің еңбегінде тәуелсіздік кезеңін «... біз үшін Ұлы дәуір» деп бағалады [1, 17].

Тарихи аз уақыттың ішінде үлкен табыстарға жеткізген «Тәуелсіздік дәуірі дегеніміз - ұлттың бұрын өтуі мүмкін еместей көрінетін шыңыраудың шетіндегі таудың қатерлі соқпағымен жүргенімен бірдей құбылыс» - деп толғанады. Бұл Қазақстаның ішкі және сыртқы саясатына бірдей қатысы бар теңеу.

Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегінде жас мемлекет үшін тырнақалды сыртқы саяси қадамдар ауырға соққанын жазады.

Әлемдік қауымдастық 1991 жылы пайда болған тәуелсіз Қазақ мемлекетін негізінен тосырқай қабылдағаны құпия емес. Өйткені халықаралық қауымдастық Кеңес Одағының қойнауынан шыққан, бұрын ешқандай елмен дербес қарым-қатынас жасамаған, халықаралық тұрғыда мойындалған мемлекеттік шекарасы белгіленбеген, бірде бір халықаралық шарттарға, келісімдерге қол қоймаған, қуаты жағынан әлемде 4-ші орын алатын қауіпті ядролық қаруы бар және бүкіләлемдік қоғамдастыққа қатер төндіретін ислам мемлекеті ретінде қарады. Мұндай жағымсыз образ Қазақстанды әлемге танытып, мойындатуға кедергі келтіретін еді.

Сондықтан Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1991 жылғы 1 желтоқсандағы бүкілхалықтық сайлаудан кейін, 2 желтоқсанда елдің геосаяси жағдайын ескере отырып, көпвекторлы қазақстандық сыртқы саясаттың негізгі принциптері мен басым бағыттарын белгіледі [1, 88].

Президенттің сөзімен айтқанда Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының бейбіт сипатын әйгілеп, шекаралардың бұзылмау принципін нақтылады және соғысты мақсатқа жетудің тетігі есебінде жоққа шығарып, Қазақстанның әлемдік экономика мен Еуразияның геосаяси картасында өз орнын табуға деген ниетін ұқтырды.

Жаңа Қазақстан Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен халықаралық қатынастарды нөлден бастады. Көп жағдай Қазақ елі басшысының мемлекет және үкімет басшыларымен, ірі шетелдік компаниялар мен ұйымдардың жетекшілерімен тікелей кездесуіне және келіссөздеріне байланысты болды.

Әлемнің жетекші елдерімен екі жақты және халықаралық ұйымдармен көпжақты қатынастар қалыптастырылды. Қазақстан БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдарға мүшелікке қабылданды.

1991 жылдың өзінде Президент жігерлі түрде Қазақстанды әлемге танытуға кірісті. Сол жылдың өзінде-ақ АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкермен, Ұлыбританияның премьер-министрі Джон Мейджормен, Австрия канцлері Франц Враницкимен, Герман саясаткерлері - вице-канцлер, сыртқы істер министрі Ганс-Дитрих Геншермен және қаржы министрі Теодор Вайгельмен, Австралияның және Иранның сыртқы саясат ведомстволарының басшылары - Гарет Эванспен және Али-Акбар Велаятимен, Сингапур премьер-министрі Ли Куан Юмен, Мәскеуде аккредиттелген АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Болгария, Мексика және басқа елдердің елшілерімен, сондай-ақ шетелдік бизнес өкілдерімен кездесті. Мемлекет басшысы ретінде Н.Ә. Назарбаев алғашқы ресми сапарын Түркия мен Ұлыбританиядан бастады [1, 88-89]. Президенттің тікелей араласуымен 1992 жылы Сыртқы істер министрлігі қайта құрылды. Сыртқы істер министрлігі, дипломатиялық құрылымдар мәртебесі мен өкілеттілігін ресми түрде орнатқан елдердің елшіліктері туралы Ереже бекітілді, олардың ұйымдастырушылық және кадрлық мәселелері шешілді. КСРО Сыртқы істер министрлігінде еңбек еткен отандастар қызметке шақырылды. 1992-1993 жылдары БҰҰ-да және 14 шет мемлекеттерде Қазақстанның елшіліктері мен дипломатиялық өкілдіктері ашылды [1, 90].

«Мен - деп жазады Президент - 1995 жылдың ақпанында өткен сыртқы саясат жөніндегі жиында сөз сөйлеп, дипломаттарымыздың назарын ұлттық дипломатия саласында жұмыс істеп, Қазақстанның өкілі болатындардың бәріне қойылатын жоғары талаптарға аударуға, сондай-ақ елдің экономикалық және мәдени дамуына қолдау көрсететін сыртқы саясатпен қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық бердім» [1, 90].

Президенттің пайымдауынша тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қазақстандық сыртқы саясаттың ең байыпты мазмұны – заманауи дипломатия мен өткен тарих арасындағы байланысты түсінуі болды. 1992 жылы қабылданған «Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен даму стратегиясында» елдің геосаяси жағдайы оның болашағын нақтылайтыны айқын көрініс тапты. Қазақстан Еуропа мен Азияның - өліара тұсында жатқан ежелгі Қазақстан қашанда қайнаған сауда мен саяси байланыстардың аренасы болды. Соған сәйкес, Қазақстан бұрынғы КСРО-ның ортаазиялық бөлігін Еуропамен, жылдам дамып келе жатқан Азия-Тынық мұхит аймағымен және Азия құрлығының оңтүстігімен байланыстыруға тиісті маңызды стратегиялық рөл атқара алатыны ескерілді [1, 89].

Қазақ елі Елбасы жарлығымен Семей ядролық полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартып әлем елдерінің сеніміне ие болды. Мемлекеттік шекараны көрші елдермен дау-дамайсыз, бейбіт түрде рәсімдеді. Сыртқы экономикада әлемдік қоғамдастық пен халықарлық қатынастар жүйесіне конструктивті түрде қосылды.

Қазақстан тәуелсіздік алып халықаралық қауымдастыққа мүше болған алғашқы кезеңде-ақ ғаламдық бастамалар көтере білді. Осы ісімен Қазақ елі өзінің бейбітшілік сүйгіш, әлем тағдырына бей-жай қарамайтын, өзінің де жауапкершілігі бар екенін білдіретін мемлекет ретінде көрсетті.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК), Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы (ШЫҰ) және басқа да халықаралық және аймақтық ұйымдардың құрылуына бастамашы немесе белсенді қатысушысы болды. Қазақстан кейін халықаралық қатынастардың белсенді қатысушысына айналғанда ЕҚЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК, ҰҚКҰ, ЕАЭО сияқты беделді халықаралық ұйымдарға жетекшілік жасауға қол жеткізді. 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес өкілі болып сайланып, халықаралық қауымдастықтың сеніміне ие болды. Үлкен бәсекелестікте Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу мәртебесін жеңіп алып, оны абыроймен өткізді. «Еуропаға жол» ашып, Түркі әлемі мемлекеттерінің бауырластық ынтымақтастығын қалыптастыруға елеулі үлесін қосты.

ТМД аумағында, Таяу Шығыста болған саяси кикілжіңдер мен қарулы қақтығыстарды реттеуге бітімгерлік жасады. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатына қысқа ғана жасаған осы шолуымыз Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегінде нақты дерек-дәйектермен, жан-жақты, қалың оқырманға түсінікті тілмен баяндалады.

Түйіндей айтқанда, еліміздің жаңа тарихын баяндайтын бұл кітап тәуелсіз Қазақ елінің ширек ғасырдағы жасампаз тарихын білуге және түсінуге көмектесетін құнды басылым деп білеміз.   

Сейітқали ДҮЙСЕН, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты

Н.Ә. Назарбаев Тәуелсіздік дәуірі. – Астана, 2017. – 508 бет.