Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақстандық әскери тұтқындар
11.02.2018 1694
Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағатында 2015 жылғы қаңтардан бастап «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақстандық әскери тұтқындар: әдебиет, дереккөздер және деректер базасы»

жобасы жүзеге асырылып келеді, оның мақсаты қазақстандық әскери тұтқындардың тарихын зерделеу, олардың тағдырын анықтау, кең көлемді сұрақтар бойынша зерттеулердің ақпараттық ресурстарын қамтамасыз етуге арналған көпфункционалды ақпараттық жүйені жасау. ​

Сонымен қатар жобаның мақсатына қазақстандық әскери тұтқындардың тізімі бар республикалық онлайн деректер базасын жасау да кіреді. 2015 жылғы мамырда www.tutkyn.kz веб-ресурсы іске қосылды.

Бүгінгі таңда базаға 35 679 қазақстандық әскери тұтқындардың аты-жөні енгізілген, олардың ішіндегі 5274 есім Алматы қаласының Ішкі істер департаментінің арнайы мұрағатындағы «Бұрынғы әскери тұтқындарға фильтрациялық және трофейлік материалдар» қорынан табылды. 2015 жылғы мамырда Бундестаг бұрынғы кеңестік әскери тұтқындарға 2 500 еуро көлемінде ақшалай өтемақы төлеу туралы шешім қабылдады. Ақшалай қаражатты алуға арналған құжаттар 2017 жылғы қыркүйектің аяғына дейін қабылданды.

ҚР Президентінің Мұрағаты өтемақы алуға тиіс тұлғалардың құжаттарының түпнұсқалығына кепіл болды. Мұрағат бұрынғы әскери тұтқын болған 17 қазақстандықтың қажетті құжаттарын рәсімдеуге көмек көрсетті. Жоба қоғамның қызығушылығын тудырды, хабар-ошарсыз кеткен сарбаздардың туыстары қандай да бір ақпарат іздеуге көмек көрсету туралы осы күнге дейін өтініш білдіреді.

Сонымен қатар, отандық және шетелдік мұрағатшылар мен зерттеушілер де осы жобаға қызығушылық танытты. Жоба аясында Мұрағат Батыс Қазақстан облысының Мемлекеттік мұрағатымен, Тараз қаласының Мемлекеттік мұрағатымен, Шымкент өңірлік мемлекеттік мұрағатымен тығыз жұмыс жасайды. 2018 жылғы 6 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағатында әскери бейіттерге күтім жасау жөніндегі Германияның Халықтық Одағы өкілдерімен кездесу өтті. 1954 жылдан бастап ГФР үкіметі қа шетелдегі неміс әскери бейіттерін іздеу және оларға күтім жасау бойынша шара қолдануды тапсырған.

Бүгінгі күні әлемнің 46 еліндегі 833 әскери бейіт Халықтық Одақтың қамқорлығында, оның сайтында екі дүниежүзілік соғыста бес миллионға жуық қаза тапқандардың жерленген жері деректер бар. Кездесуде доктор Хайке Винкель айтып өткендей, осыдан екі жыл бұрын, 2016 жылдың жазында, Халықтық Одақ «Кеңестік және неміс әскери тұтқындары және еркінен айырылғандар» гуманитарлық жобасын қолға алды. Бұл жоба 2016 жылғы желтоқсанда кеңестік әскери тұтқындардың тағдыры туралы сұраныстарға жауап беру бойынша жұмыстың тоқтағаны туралы хабарлаған Біріккен Саксон Мемориалдарының жұмысын жалғастырады.

Кездесу кезінде Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының директоры Борис Жапаров пен доктор Хайке Винкель әскери тұтқындардың тағдырын зерделеу бойынша жобалардағы қазақстандық және неміс зерттеушілері мен іздеушілеріне пайдасын тигізетін ортақ тәсілдерді атап өтті. Неміс зерттеушілерінің пікірінше, Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағатымен серіктестік, жоба аясын кеңейтуге және қоғамға қажетті ақпараттарды іздестіруді бірлескен күшпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.