Меккені басқарған қазақ
22.05.2019 2918
Абдолла қажы Сарыұлы Әл-Бұқари – 1927 жылы Қытайдағы өр Алтайдың Шіңгіл ауданында туған, Орта жүз Керей ішіндегі Сарбас руынан шыққан, екінші Бейбарыс сұлтаны десек болады.

Жаны қазақ баланың неге Сауд-Арабия еліне қалай тап болғаны бір жанға бататындай оқиға. 1940 жылы қазақты қынадай қырған дүңген Мафуфаңның талауына түсіп, небәрі 13 жасында саудагерге сатылып, туған жерінен алыстап кетті. 1941 жылы Сауд-Арабия еліне барып, сол елде қалып қойған. Асырап алған әкесі оны 1942 жылы Мекке қаласындағы жетімдер үйіне беріп, сол жақта тәрбиеленеді.

Ш.Сарыұлының жақындарына келетін болсақ, әкесі Сары балуан, батыр, өжет мінезді, кең иықты, биік бойлы, қапсағай денелі екен. Анасы Зәуке – атақты Әліп батырдың немере туысы Құсайын Тәйжінің қызы. Жастайынан еркекше киініп, мал баққан екен.

Бірақ, 1946 жылы қаны қазақ баланың бағы жанады. Мекке қаласындағы Мемлекеттік Әскери Университетке қабылданады. Кейіннен оқу бітірген жылдары Мекке қаласында жол сақшысы болып жұмыс атқарған.

Кейін Шекара Қорғаныс армиясында, Шекара Қорғанысының есірткімен күрес бөлімінде маңызды қызметте болған. Жұмыс барысында, жақсы көрсеткіштерімен көзге түсіп, мемлекет тарапынан бірнеше рет марапатталған. Мемлекет тарапынан берген марапаттарын атап айтсақ, «Ерекше еңбегі үшін» және «Мемлекетке еңбегі сіңірген генерал» атақтары. Ш.Сарыұлының лауазымы Министр дәрежелі әскери қызметкерге дейін жеткен.

Жоғарыда жазылған Ш.Сарыұлының лауазымдары мен атақтарының бұл бергі жағы ғана. Себебі оның жұмыс барысында жеткен жетістіктері ұшан теңіз. Бір ғана мысал, өткен ғасырдың 70 жылдары әлемнің барша мұсылманы үшін ең бас қаласы болатын Меккенің  әкімі міндетін 10 жылға таяу атқарған екен.

Жоғары лауазымдарды атқарған Ш.Сарыұлын сол кездегі Сауд патшасы оны өзінің көмекшісі, уәзірі ретінде  тағайындайды.

Ш.Сарыұлының отбасына келетін болсақ, әйелі араб қызы. Үш ұл, төрт қызы бар. Қазіргі таңда ұлы Аднан Шәкенұлы Әл-Бұхари әкесінің жолын қуып, мемлекеттік қызметте жоғары лауазымды қызметте екен. Басқа да балалары жақсы лауазымды қызметте.

Ш.Сарыұлы өз өмірінде 39 рет қажылық еткен. 2000 жылы Сауд-Арабияның Жидда қаласында, 73 жасында дүниеден өтті.

Зейнетке шыққаннан соң, 1992 жылы туған жері Баркөл Қазақ Автономиялы ауданына да барып қайтқан.