Семей полигонының қызметі - Кеңес Одағының ядролық бағдарламасы тарихы парақтарының бірі. Қазіргі жағдайда Қазақстан Республикасы үшін осы полигонда атмосферада және жер астында ядролық сынақтар жүргізу кезеңінде табиғи ортаның радиоактивті ластануының ауқымы мен дәрежесін объективті бағалау, сондай-ақ олардың полигонға іргелес аудандарда тұрған халықтың денсаулығына әсер ету дәрежесі зор мәнге ие.
Ядролық эпопеяға қатысушылардың бірі, Семей полигонының әкімшілік және ғылыми орталығына аты берілген, Кеңестік атом бағдарламасының ғылыми жетекшісі Игорь Васильевич Курчатов өмірінің соңғы жылдарында жиі қайталайтын: «Жазуды бастау керек. Істеріміз жайлы айтатын уақыт келді... Міндетті түрде бәрі туралы, не болғаны, қалай болғаны жайлы, ештеңені алып-қоспастан жазу керек. Егер бұны қазір істемесек, кейін бәрін жаңсақ қылып, шатыстырып, талапайлап әкетеді – өзімізді танымай қаламыз».
1989 жыл Семей сынақ полигоны қызметі аяқталуының басы болды деп айтуға болады.
1989 жылы полигонда соңғы 7 жерасты ядролық сынағы өткізілді. 1989 жылы Кеңес Одағында жерасты ядролық сынақтары тек Семей полигонында жүргізілді. «Дегелең» және «Балапан» аплаңдарындағы ұңғымаларында 7 сынақ сериясында 11 ядролық заряд жарылды.
Жер асты ядролық сынақтарын өткізгеннен кейін қазақ жазушысы Қ.Б. Қабдрахманов өз кітабында бүкіл Қазақстанның тек қару-жарақ қана емес, сонымен бірге халықтың шыдамдылығы да сыналатын бір үлкен полигонға айналдырылғанын жазған.
1989 жылы 12 ақпанда 1366 ұңғымасындағы ядролық сынақты өткізгеннен кейін газ «ағыны», сол кезде стратегиялық авиация дивизиясы орналасқан Шаған кентінің үстінен өткен. Дозиметрлік қызмет радиация фонының 3 мР/ч 1дейін көтерілгенін көрсеткен. Дивизия командирі, авиация генерал-майоры П. Г. Бредикин өлшеу нәтижелері туралы Семей облысының басшылығына хабарлайды. Бұл «жаңалық» есеңгіретіп тастайды. Сонымен қатар, жоспар бойынша 5 күннен кейін өткізілген екінші сынақ халықтың наразылығын одан сайын күшейте түседі.
1989 ж. 20 ақпанда Қ. Б. Бозтаев облыстық партия Комитетінің Бюро мүшелерімен кеңескеннен кейін және сол кезде Қазақ КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы болған Н. Ә. Назарбаевпен келіскеннен кейін Мәскеуге шифрограмма жібереді:
ЦК КПСС.
О ядерном полигоне в районе г. Семипалатинска.
Семипалатинский обком Компартии Казахстана информирует ЦК КПСС о том, что с 1949 г. на полигоне вблизи г. Семипалатинска с населением 340 тысяч человек проводятся ядерные испытания. Первое время в атмосфере, а с 1963 г. - подземные. Сейчас, через 40 лет, окружающие полигон условия изменились: численность населения возросла в три раза, многократно увеличилось поголовье животных. Полигон оказался в густонаселенной местности. Однако в работе полигона все это не учитывается. Ежегодно проводится до 14-18 ядерных взрывов, которые сопровождаются сейсмическим воздействием на здания и инженерные сети, выводят из строя сотни колодцев, снабжающих водой жилые поселки и животноводство. Город строился без учёта сейсмики. Кроме того, на территории полигона в течение 25 лет подземных взрывов деформировалась земная кора и в каждом третьем случае происходит истечение радиоактивных газов на поверхность, исключить которые практически невозможно. В 1987 г. через Семипалатинск прошла такая струя газов радиоактивностью в 350-450 мкР/ч, а при испытании 12.02 текущего года за пределами полигона был зафиксирован уровень радиоактивности до 4000 мкР/ч, и только в результате изменения направления ветра эти газы не достигли областного центра. Однако они распространились на город Семипалатинск-21, Чаган и многие другие населенные пункты. Ядерные испытания, естественно, вызывают у общественности разное толкование, создают напряженную морально-психологическую атмосферу среди населения, и не без основания они связываются с состоянием здоровья и возможными разрушениями. Партийные комитеты области проводят большую разъяснительную работу среди населения. Обком партии, озабоченный сложившейся ситуацией, просит ЦК КПСС поручить соответствующим министерствам и ведомствам временно приостановить или резко сократить частоту и мощность взрывов, а в дальнейшем перенести ядерные испытания в другое более приемлемое место.
Семей облыстық партия комитетінің КОКП ОК-не жолдаған шифрограммасы Семей полигонындағы ядролық сынақтарды тоқтатуды талап ететін алғашқы ресми құжат болды.
Екі күннен кейін Бозтаевқа Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Г.В. Колбин хабарласып: «Сіздің жеделхатыңыз Михаил Сергеевичтің қолына тиді. Горбачев қорғаныс министрі Д.Т.Язовпен сөйлесті, ол: «Бозтаев жағдайды күрделендіріп отыр, полигон таза – уайымдайтын ештеңе жоқ»,- деп мәлімдеді»,-дейді.
Осы сәттен бастап Бозтаевқа қысым көрсетіле бастайды, ал Курчатов қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. М. Сафронов пен Курчатов қалалық атқару комитетінің төрағасы Е. В. Чайковский генералдар Бозтаевты «генералдарға қарсы шыққан алғашқы адам», «қауіпті адам» және т. б. деп атайды деген.
1989 ж. 28 Ақпанда Курчатов қаласына Мәскеуден құрамына КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы ӘӨК төрағасының орынбасары А. В.Букатов, Атом энергетикасы және өнеркәсібі министрінің орынбасары В. Н. Михайлов, генерал-полковник, КСРО Қорғаныс Министрлігі 12 ММ бастығы В. Н. Герасимов, КСРО Мемлекеттік табиғат пайдалану комитеті төрағасының орынбасары А. С. Дадаян, КОКП ОК Қорғаныс өнеркәсібі бөлімінің жауапты қызметкері В. П. Стрехнин, КСРО Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы 3 ММ бастығы Е. б. Шульженко, КСРО Медицина ғылымдары академиясының академигі Л. А. Булдаков кірген Үкіметтік комиссия келеді.
Осы күндері Алматыда Олжас Сүлейменов қазақ халқының алдында сөз сөйлеп, ядролық сынақтарға тыйым салуға шақырды. Оның баяндамасында негізгі назар 1989 жылғы 12 және 17 ақпанда жүргізілген, радиоактивті газдардың атмосфераға шығарылуына және Шаған қаласында радиация деңгейінің көтерілуіне әкеп соққан жерасты ядролық сынақтарына аударылды.
1989 ж.28 ақпанда Алматы қаласында жұртшылық митингісі өтті, онда О. Сүлейменовтің төрағалығымен антиядролық қозғалыс құру туралы шешім қабылданды. 1989 ж. наурыз бойы Қазақ КСР-інде қозғалысты қолдауға қол жинау жүрді, миллионнан астам азаматтың қолы, мыңдаған хаттар мен жеделхаттар жиналды.
Семей полигоны бойынша КОКП ОК қаулысын дайындау жұмыстары басталды. Қаулы жобасына ҚазКСР Компартиясы ОК бірінші хатшысы Г.В. Колбин қол қойды, ал республика Министрлер Кеңесінің Төрағасы Н.Ә. Назарбаев қол қоюдан бас тартты және КОКП ОК хатшысы О. Д. Баклановтан осы жобаға «зардап шеккен» халықты тексеру туралы арнайы тармақты қосуды, содан кейін алынған нәтижелер бойынша Семейде аймақаралық ғылыми-құқықтық конференцияны өткізуді талап етті. Мұндай тармақ қаулы жобасына енгізілді. Қаулы жобасын дайындау Семей облыстық партия комитетінің пікірін ескерусіз өтті, себебі оның өкілдері шақырылмаған еді.
КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Н.С. Белоусов одақтық ведомстволарға Қазақ КСР Министрлер Кеңесімен бірлесіп екі ай мерзімде Семей облысының тұрғындары мен экологиялық жағдайын кешенді тексеруді ұйымдастыруға және зерттеу нәтижелерін Семей қаласындағы конференцияда, оның жұмысына қатысу үшін мамандар мен жұртшылық өкілдерін тарта отырып талқылауға тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау үшін КСРО Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Г. В. Сергеев «Семей қаласына кешенді комиссия жіберу туралы» бұйрық шығарды.
Алайда, әскери-өнеркәсіптік комиссия жұмысын тоқтатқан жоқ және 1989 жылғы 26 сәуірдегі кеңесте полигонда сынақтар өткізу жоспарын қарастырды. 1989 жылы жер асты сынақтарының санын 18-ден 9-ға дейін азайту және сынақ қуатын 15 кт-ға дейін төмендету туралы шешім қабылданды.
Қазақстанда алғашқы кеңестік антиядролық қозғалыстың құрылуы туралы ақпарат шетелдік БАҚ-та пайда болды. 1989 жылдың көктемінде АҚШ-тың КСРО-дағы Елшісі Джек Мэтлок «Невада-Семей» қозғалысының қызметімен танысу үшін Алматы қаласына арнайы сапармен келеді. Қоғамдық қозғалыс басшылары АҚШ елшісіне ұйымның алғашқы құжаттарын тапсырады. Осыдан кейін «Тоутэл Революшен» америкалық антиядролық ұйымның өкілі Ешуа Мозер Қазақстанға ресми емес сапар жасады. Сол кезде «Невада-Семей» қозғалысының Үйлестіру кеңесі құрылды, Бағдарламасы мен Жарғысы қабылданды. Көп ұзамай М. Әуезов антиядролық топтар мен ұйымдардың американдық белсенділерімен байланыс орнату үшін АҚШ-қа аттанады. Сапар барысында бірлескен іс-қимыл бағдарламасы әзірленеді.
1989 жылдың мамыр айында Семей полигонында А.Ф. Цыбаның басшылығымен кешенді комиссия жұмысқа кірісті. Ол елдің жетекші мамандарынан - одақтық және республикалық деңгейдегі мамандардан тұрды. Комиссия жұмысына Қазақ КСР және Семей облысының практикалық денсаулық сақтау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ «Невада-Семей» халықаралық ядроға қарсы қозғалысының (ХАҚ) өкілдері қатысты. Комиссияның қарамағына полигонда бар радиациялық жағдай туралы деректері бар мұрағаттық материалдар, халықты зерттеу нәтижелері бар есептер, өңірдегі радиоэкологиялық жағдай туралы мәліметтер ұсынылды. Осы материалдарды талдау нәтижелері, сондай-ақ комиссия жұмысы барысында жүргізілген өлшеу нәтижелері негізінде Семей полигонында атмосфералық және жерасты ядролық сынақтары жүргізілген кезеңдегі халықтың сәулелену дозаларына бағалау жүргізілді.
Бес айлық үзілістен кейін, 1989 жылғы 8 шілдеде, кезекті жерасты ядролық сынағы жүзеге асырылды. Оған «Невада-Семей» қозғалысының өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Дәл осы уақытта КСРО Халық депутаты, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының президенті О. Сүлейменов КСРО депутаттарының 1 съезінде осы қозғалыстың мақсаттары мен талаптары туралы хабарлама жасады.
1989 ж. қазанда КСРО Министрлер Кеңесінің № 1159 «Қазақ КСР Семей облысының экономикалық және әлеуметтік дамуын жеделдету жөніндегі шаралар туралы» қаулысы шықты, оның негізінде облысқа әлеуметтік-мәдени және тұрмыстық мақсаттағы объектілерді дамыту үшін ірі қаржы бөлінді. Дәл осы күні Семей полигонында кезекті ядролық сынақ өтті.
1989 жылы 19 қазанда 1365 ұңғымасында бір уақытта үш «арнайы бұйым» жарылған соңғы ядролық сынақ жүргізілді.
Бұл жарылыстарға жауап көп күттірмеді. 21-23 қазанда Алматы, Семей, Павлодар, Қарағанды қалаларында, Қарауыл кентінде, сондай-ақ Мәскеуде наразылық митингілері өткізілді. «Невада-Семей» қозғалысының белсенділері Семей ядролық полигонын жабу туралы мәселені КСРО Жоғарғы Кеңесінің қарауына енгізуді талап етті.
1989 жылғы қазан айының соңында КСРО Қорғаныс министрлігі мен КСРО Атомэнергоөнеркәсібі 1991-1992 жылдары Семей полигонындағы ядролық сынақтардың санын төрт есе қысқартуды және жарылыс қуатын 7 есе азайтуды, ал 1993 жылғы қаңтардан бастап осы полигондағы сынақтарды тоқтатуды көздейтін «Жерасты ядролық сынақтарын жүргізуге байланысты іс - шаралар туралы» КСРО Министрлер кеңесі қаулысының жобасын дайындады. Алайда, бұл қаулы жобасын КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жанындағы Қорғаныс Кеңесі бір жылдан кейін, 1990 жылдың 30 қазанында ғана мақұлдады.
1989 жылғы 14 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары КСРО Жоғарғы Кеңесінің халық депутаттарына Семей полигонындағы ядролық жарылыстарды дереу тоқтату туралы өтінішпен қаулы қабылдады.
Семей полигоны төңірегіндегі қоғамдық-саяси ахуалдың шиеленісуі барған сайын өсе берді.
Алайда КСРО-да ядролық сынақтарды жалғастыруды жақтайтын күштер мықты болды. 1989 ж. қарашада ядролық қаруды жасаушылар академик Ю. Б. Харитон және КСРО ҒА корреспондент-мүшесі Ю.А. Трутнев әскери-өнеркәсіптік комиссияның басшысы И. С. Белоусовпен әңгіме барысында ядролық сынақтардың біржақты тоқтатылуы осы маңызды салада паритеттің жоғалуына және КСРО-ның екінші дәрежелі державаға айналуына әкеледі деген пікір білдірді. Ғалымдарды 1990 жылғы қаңтарда эксперименттік физика ҒЗИ (Арзамас Қ.-16) мамандары да қолдады, олар ел басшылығына ядролық қаруды сынауды жалғастыру туралы ұсыныспен жүгінді.
КСРО президенті М. С. Горбачевке Семей полигонындағы ядролық сынақтарды 1992 жылдың соңына дейін өткізу қажеттілігі туралы Л.Н. Зайков, А. Н. Яковлев, Э. А. Шеварднадзе және Д. Язов қол қойған хат келіп түседі. Бұл ұсынысты 1990 жылғы 15-17 мамырда В.Г. Хлопин атындағы Радий институтында өткен ғылыми-әдістемелік салалық кеңеске қатысушылар да қолдайды.
Дегенмен, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы жетекшілерінің КОКП ОК-нің Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне, Семей обкомына және қалалық партия комитетіне жасаған бірнеше өтініштеріне жауап ретінде, КОКП ОК-і КОКП ОК Қорғаныс бөліміне Семей полигонындағы ядролық сынақтарды тоқтатуға рұқсат жібереді. Көп ұзамай КСРО Министрлер Кеңесінде Қазақ КСР (Ұ.Қ. Қараманов, Е. М. Асанбаев және т. б.) және Семей облысы (Қ. Б. Бозтаев, А. С. Еременко) басшылығымен полигонда жерасты ядролық сынақтарын тоқтату мерзімі туралы мәселе талқыланған кеңес өтеді.
1990 жылдың қыркүйегінде КСРО Министрлер Кеңесінің Мемлекеттік комитеті 1991 жылдың ортасына дейін Семей полигонында ядролық сынақтар өткізбеуге шешім қабылдайды. Ал 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны қабылдады. Бұл республиканың жоғары өкілді органына қазақ халқының мүддесі үшін шешім қабылдауға мүмкіндік берді. 1990 жылғы 30 қарашада Қаз. КСР Жоғарғы Кеңесі Семей облысындағы полигонда ядролық сынақтар жүргізуге тыйым салу туралы қаулы қабылдады. Бұрынғы Кеңес Одағының қорғаныс нысандарының бірі - Семей полигонының тағдыры осылай шешілді.
Бірақ алып қорғаныс махинасын бұзу оңай болған жоқ. 1991 жылдың мамырында, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешіміне қарамастан, Семей полигонында ядролық сынақтар өткізудің бұрын қабылданған жоспарына сәйкес, «Дегелең» сынақ алаңындағы 108-К ұңғымасындағы соңғы боксқа Бүкілресейлік техникалық физика ғылыми-зерттеу институтында (Уралдағы Снежинск қ.) әзірленген өте аз қуатты термоядролық құрылғы (тротил эквиваленті 0,3 кт. ) қойылады. Әскери техника мен қару-жарақ үлгілерінің радиациялық төзімділігін эксперименттік зерттеу үшін физикалық тәжірибе дайындалды. Ұңғыманың бүкіл ұзындығы бойынша және одан тыс жерде сәулелендірілетін үлгілер орналастырылған қондырғылар қойылды. Сынақ 1991 жылдың шілдесіне дейін толығымен дайындалды, бірақ оны өткізуге рұқсат берілмеді.
Осы кезеңде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қатынастардың дамуы екі елдегі егемен мемлекет құраушы процестер аясында өтіп жатты. Көп ұзамай «Семей полигонында ядролық қаруды сынауды тоқтату туралы» КСРО Министрлер кеңесі қаулысының жаңа жобасы дайындалды. Бұл қаулымен 1991 жылы қуаты 20 кт - ға дейінгі екі және қуаты 1 кт-ға дейінгі бір сынақты жүзеге асыру, ал 1992 жылғы 1 қаңтардан бастап полигондағы сынақтарды тоқтату көзделді.
1991 жылғы 29 тамызда Қазақ КСР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың № 409 Жарлығымен Семей полигоны жабылды. Осылайша, бұрынғы КСРО-дағы алғашқы ядролық жарылыс жүзеге асырылғаннан кейін тура 42 жылдан кейін (29.08.1949 ж.) осы полигондағы ядролық сынақтар біржола тоқтатылды. «Невада-Семей» қозғалысының «бес минус бір» формуласы шындыққа айналды. Бұрынғы Семей полигонының барлық объектілері оның базасында ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына (ҚР ҰЯО) берілді. 1994 жылғы маусымға қарай полигон аумағындағы соңғы кеңестік (ресейлік) әскери бөлімдер Қазақстанды тастап шықты.
Бірақ, қуаты жағынан ас көп емес ядролық жарылғыш құрылғы қойылған 108-К ұңғымасының маңызды мәселесі шешілмей тұрды. Тек 1995 жылғы мамырда ғана 108-К ұңғымасында қойылған ядролық құрылғы арнайы бастырма оқтамды қолдану арқылы ядролық энергия шығармастан жойылады.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан ядролық қарудан бас тарту жолына түсіп, өзін тәуелсіз мемлекет деп жариялады.
Суреттер: Ғаламтордан алынды