Республикалық онлайн семинар өтті
12.10.2021 1900


ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен 2021 жылдың 7 қазанында «ХХ ғ. 20-30 жж. Қазақстандағы зайырлы білім мен ағарту жүйесін зерттеу мəселелері» тақырыбында республикалық əдістемелік семинар өткізілді.


Онлайн форматта өткізілген семинардың мақсаты: ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы зайырлы білім мен ағарту жүйесінің ерекшеліктері мен оның енгізілу барысы, бүгінгі Отандық тарих ғылымындағы орнын анықтап, зерттеудің жаңа әдістері арқылы назарға алынуы тиіс маңызды мәселелерді талқылау болып табылады.

Семинар жұмысына Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты ғылыми зерттеу институттарының қызметкерлері, жас ғалымдар қатысты.

Іс-шараны Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, академик, философия ғылымдарының докторы, профессор Досмұхамед Кішібеков кіріспе сөзімен ашты.

Академик-ғалым өткен ғасырдың алғашқы ширегіндегі сауатсыздықты жою шараларына, жалпы тарих ғылымын дамыту мәселелеріне қатысты өз ой-пікірлерімен бөлісті. Орынбордың астана болған шағындағы қарапайым қазақ баласының білімге деген құштарлығын ел есінде сақталған бір-екі ауыз өлең шумағымен білдірді:

Орынбордың қаласы,

Жүз шақырым арасы.

Мен оқуға барғанда

Қашық болды арасы.

Сонымен қатар ән ретіндегі төмендегі жолдарды мысал ретінде келтіріп кетті:

Қағаз, қалам қолға алам,

Еңбекші елге барғанда,

Шам боп жанам, шам боп жанам!

Ә-гу-гай!

Республикалық семинардың модераторы, тарих ғылымдарының кандидаты Айнагүл Қайпбаева. Модератор кіріспе сөзден кейін алғашқы баяндамашы ретінде сөзді тарихшы ғалым Оразгүл Мұхатоваға ұсынды. Өз кезегінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразгүл Хасенқызы, «Кеңестік білім беру жүйесі тарихының зерттелуі және проблемалары» тақырыбында баяндамасын жасап, өз тұжырымдарымен бөлісті.

«Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі кезеңде «қараңғы, артта қалған, жабайы халықты» социалистік құрылысқа тарту үшін үгіт-насихат жұмыстарын күшейтіп, сауатсыздыққа қарсы майдан ашты. Мұндай жұмыс ондаған жылдар бойы жүргізілді. Дегенмен кеңес өкіметі сауатсыздықпен күресті өзі қиындатып жіберді. Қазақ халқының жазу-сызуын екі рет өзгертіп, сауаттыларды емес, сауасыздарды көбейтіп отырды. Оның үстіне сауат ашуды жүргізетін мамандар, мұғалімдер жетіспеді. Аз уақыттың ішінде мұғалімдер, тәрбиешілерді даярлау міндеті туындады. Сол кезде 2-3 немесе 6 айлық курстар деген ұйымдастырылды», деді тарихшы О. Мұхатова.

Методологиялық семинардың келесі спикері Ал Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры Данагүл Махат «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы білім беру мен ағарту: өзекті мәселелер» тақырыбы бойынша ғылыми баяндама жасап, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы білім беру мен ағарту проблемаларын зерттеудегі хронологиялық бағыттың маңыздылығына назар аударды, методологиялық плюрализмге (кеңауқымдылыққа) мән беріп, пәнаралық зерттеу әдісін (әлеуметтану, мәдениеттану, саясаттану, т.б.) кеңінен қолдану қажеттігі туралы ойын жеткізді. Алаш зиялыларының еңбектерінде оқу-ағарту мәселелерінің көптеп табылатындығын, сондай-ақ мерзімді басылымдарда қажетті деректердің көптеп кездесетіндігін айтып өтті.

«Осы бір өзекті тақырыпқа қатысты тарихнамалық мәселелерді талдаған спикеріміздің айтып кеткеніндей, ақтаңдақ мәселелер өте көп. Оған қоса тарих ғылымында әлде де зерттей түсетін өзекті тақырып екенін көрсетіп отыр. Енді бұл мәселеде Сталиннің 1950 жылдарға дейінгі қызметі мен 20-30 жылдардағы кеңестік-сталиншілдік жүйенің орнығуы жайлы, оның руханият пен мәдениет саласында қалай орныққаны, бүкіл әлеуметтік өмірді қалай қамтығаны, қазақ зиялылары арасында осы мәселеге байланысты қандай айтыс-тартыстар болғаны жөнінде мен кандидаттық диссертациямнан бастап зерттеп келемін», - деді тарихшы ғалым.

Сондай-ақ Данагүл Ахметкәрімқызы жоғарыдағы семинар тақырыбын зерттеу барысында қандай ақтаңдақ мәселелер кездесіп отырғандығын да жеткізді.

«Әрине, менің өз зерттеулерімнің аясында оқу-ағарту мәселесі тыс қалған емес. 20-30 жылдардағы өзекті мәселе ол – индустрияландыру, ұжымдастыру және мәдени төңкеріс. Осы 3 мәселе қатар жүрген болатын. Әрине, бастапқы кезеңде индустрияландыруға, ұжымдастыруға мән берілді де, мәдени революция өзінің кезеңдерімен ілесіп келе жатты. Алайда біз айтып отырғанымыздай, 20-30 жылдардағы қоғамдық-саяси ахуал қандай ауыр болса, талай қиындықпен жүзеге асырылса, оқу-ағарту саласындағы жұмыстар да өте күрделі және қарама-қайшылыққа толы болды. Сондықтан болса керек, бүгінгі күнге дейінгі мына тәуелсіздік жылдарындағы зерттеулерде бұл мәселенің ақиқаты әлі аршыла түсуді қажет етіп отыр. Енді бұл мәселені зерттеуде бірінші мәселе мына методологиялық плюрализм дейміз. Яғни, рухани, мәдени, оқу-ағарту саласын зерттеуде методологиялық кең ауқымдыққа мән беруіміз керек. Екінші мәселе, бұл – деректердің ғылыми айналымға енгізілуі. Архив деректерімен қатар, сол кезеңдегі мына біздің ұзақ жылдар бойы тарихтан, жалпы оқырман қауымнан, ғылымнан аластатылып қалған Алаш зиялыларының еңбегінде ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы оқу-ағарту мәселесі сол еңбектерде молынан кездеседі. Және тағы да баса мән беретін деректің бірі – баспасөз деректері. Кеңестік кезеңде өздеріңізге белгілі, аталмыш зерттеулердің бәрінде біржақты мақтау, мадақтау, кеңестік кезеңдегі білім жүйесін айтумен болса, ал біздің интеллигенцияның еңбектерінде соның қиыншылықтары кездеседі. Әсіресе сол кезеңдегі тура коммунистік партияның қатарына еніп отырып, жұмыс істеген Смағұл Сәдуақасовтың еңбектерін қарасаңыз, осы кезеңдегі оқу-ағарту, мектеп мәселесі өзекті мәселе ретінде кеңінен талқыланады. Ғылым-білім саласына Алаш зиялыларын тартқан да осы Смағұл Сәдуақасов болатын. Сонымен қатар бұл деректердің әрқайсысына сын көзбен қарай білуіміз керек. Тағы бір қиыншылық – архив деректерінің көп бөлімі цензураға ұшырағаны. Цензура көп деректерді жариялауға (газет материалдарын, мақалаларды) тыйым салып отырған. Тіпті баспаға дайын болып бара жатқан газеттердің өзін тоқтатып, жойылған күндері болған. Алайда архив деректерін қарастырып отырғанда, біздің кезеңдегі цензураның жұмысын ашатын материалдардың көбі жойлып кеткен екен. Сондықтан да көптеген ақтаңдақ мәселелер архивтерде шашыранды орналасқан» деді Данагүл Махат.

Шара барысында жарыссөз ұйымдастырылып, ғылым докторлары З.Т. Садвакасова, А.Т. Қапаева және ғылым кандидаттары Ә.Қ. Шашаев, Ш.Б. Тілеубаев, А.Т. Қайпбаева, сияқты ғылыми қызметкерлер тақырыпты зерттеу мәселелеріне қатысты пікірлерін, ой-тұжырымдарын ортаға салды. Ғылыми шара соңында модератор – т.ғ.к. Айнагүл Толғанбайқызы қорытынды сөз сөйледі. Нәтижесінде ғылыми-әдістемелік семинар алдына қойылған мақсатқа жетіп, белгіленген тақырыпты алдағы уақытта тиімді түрде зерттеу бойынша төмендегідей қарар қабылданды:

- ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы зайырлы білім беру ісі мен ағарту жүйесі Отандық тарих ғылымының өзекті мәселесі екендігі тұжырымдалып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі нысанына айналу керек;

- Ғылыми-әдістемелік семинар барысында айтылған ойлар мен жасалған ғылыми тұжырымдар назарға алынып, ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында белсенді қолданысқа ие болуы тиіс;

- ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы зайырлы білім беру ісі мен ағарту жүйесі мәселесін зерттеуде заманауи ғылыми әдістер мен принциптерін, әдістемелік аспектілерін жетілдіруге назар аудару қажет;

- Жоба тақырыбы бойынша архив құжаттары мен материалдарын талдау нәтижесін ғылыми айналымға енгізуге дайындау мәселесіне баса назар аудару қажет;

- 1920 жылдардағы білім беру саласын жетілдіруге үлес қосқан ұлт зиялыларының тарихи мұрасын кешенді зерделеу тарихи сананы қалыптастыру маңызды;

- Ағарту саласындағы ұтымды тәжірибені заманауи білім беру ісіне пайдаланудың маңызына назар аудару қажет.

 

Құрманалина Н.Н.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының

жетекші ғылыми қызметкері, PhD

Алтынбек Құмырзақ

«Qazaqstan tariny»

интернет-жобасының бас редакторы.