Шерменде жылдар шежіресі
29.01.2016 1388
Түркістан үкіметіне Гержодтың озбырлығы үшін шағымданып шаршаған халық «оны серіктерімен қамауға алып, сотқа тартуды, сол арқылы Совдеп құрамын тазартуды» талап етті

1917 жылғы Февраль реолюциясынан кейін орнаған Уақытша үкімет Жаңақорған аймағының қоғамдық-саяси өміріне елеулі өзгерістер жасай қоймады. Елдегі өзгерістер уезд орталығы Перовск қаласындағы саяси оқиғалардың тікелей ықпалында дамыды. 1917 жылғы Петроградтағы Октябрь революциясының артынша Перовскіде советтік биліктің орнауымен ауыл өміріне советтік билік біртіндеп ене бастады. Оңтүстігінде Түркістан, батысында Ақтөбе майданы жүріп жатқанымен Перовск уезі ақ пен қызылға бөлінген азамат соғысына тартылған жоқ. Бірақ оның ықпалы сезіліп тұрды. Саяси ахуалдың біршама тұрақты болуы уезд көлемінде жаңа заман идеяларының тезірек орнығуына негіз болған сыңайлы. Уезд көлемінде азамат соғысының тұтануына негіз болмады деп есептеуге болады. Біріншіден, уезде өз мүддесі мен меншігін жанын сала қорғайтын қуатты меншік илелері бола қойған жоқ. Өйткені, уезде капиталистік қатынастарды орнықтыратындай ірі өнеркәсіп жүйесі қалыптаса алмады. Оның экономикалық себептері белгілі. Екіншіден: Түркістан, Ақтөбе майдандарындағы саяси күштер үшін Перовскіге көп темір жол станциялардың бірі ретінде екінші кезектегі стратегиялық маңыз берілген сияқты. Ақ пен қызылға, қанаушы мен қаналушыға бөлінген саяси күштер үшін ең басты мақсат халық көп шоғырланған саяси, өндірістік орталықтарға өз билігін орнату болды. 

Осы тұрғыдан алғанда меньшевиктерді 1917 жылдың соңында қуып таратқан Перовск совдепі қысқа мерзімде большевиктік тыл ұйымдастыра алды. Сөзіміз дәлелді болу үшін дерекке жүгінейік. 

Уездік атқару комитетінің төрағасы болып социалист-революционерлер партиясының өкілі Иосиф Гержодтың сайлануына байланысты советтік биліктің қызметі шовинистік сипат алды. Оның мәнісі уездегі басшы қызметке тартылған қазақ оқығандары түрлі себептермен қудаланып, оның есесіне бұрынғы отарлық биліктің шенеуніктері атқарушы биліктің лауазымдарына тағайындалып, революцияның ұрандарымен ұлыорыстық шовинистік саясатын жалғастыра берді. 

«Правда» газетінің 1920 жылы 20 маусымдағы санында РК(б)П Орталық Комитеті мен Бүкілодақтық Атқару Комитетінің Түркістан комиссиясының мүшесі, қазақтарға іштарта қарайтын Георгий Сафаров «Осы уақытқа дейін Түркістандағы пролетариат диктатурасының жалғыз тірегі орыстар ғана бола алады деген көзқарас бұл жерде етек алған. Мұндай отаршылдық көзқарастың іс жүзіндегі зардабы үлкен... 

Перовскіде кеудемсоқ Гержод билік құрып отыр. Оның төңірегінен қазақтар «безіп» кетті. Осынау «босқынның» салдарынан миллионға тарта адам қырылып қалды» деп жазған. Перовск уездік Совдеп төрағасы И. Гержод – совет өкіметін орнатуда жол берген қылмыстық әрекеті үшін жазаланған саяси қызметкерлердің бірі. Өзін-өзі революционер, Түркістанда совет өкіметін орнатушы қайраткер ретінде өте жоғары бағалаған шенеуніктің «1917-1919 жылдары Түркістанның Сырдария облысындағы революциялық оқиғалар туралы И. Гержодтың естелігі» деп аталатын еңбегінде 1917 жылғы желтоқсанында Перовскіде орнаған Совет өкіметінің поручик Любимов басқарған эсер-меньшевиктік алғашқы құрамын уездегі 250 мың жергілікті тұрғынның арасынан билікке бірде-бір өкіл тартпағандығы үшін айыптайды. Шовинизмнің бұндай көрінісі сол кездегі Түркістанға тән тарихи шындық еді. Ал оның өзі уездік Совдеп құрамына Тәжбенов, Есенов, Миреев сияқты жергілікті ұлт өкілдерін тартса да кеудемсоқ әрекетімен ұлыдержавалық астам пиғылдағы шенеунік болып қалғандығын көрсетті. 

Сол кездегі танымал ұлттық элита өкілдері туралы оның пікірлері де назар аударуға тұрарлық. Ол Мұстафа Шоқай туралы былай дейді: «Уақытша үкіметтің «сенімді қызметшісі», «университеттік білімі бар заңгер, бай баласы» «Мұсса Шоқаевтың» Перовскіге келіп мұсылмандар арасында үгіт жұмыстарын жүргізгендігі, Уақытша үкіметтің Түркістанға жіберген өкілі генерал Коровниченконы күтіп алғандығы жөнінде біржақты пікір білдіреді. Гержодтың М. Шоқай туралы пікірлерінен Сталиннің «Ақ жол» газетіне қатысты саяси айыптауларының сарыны аңғарылады. Ол М. Шоқай есімін өзінің саяси салмағын арттыру үшін пайдаланған. Демек, Гержодтың Мұстафа Шоқаймен жеке таныстығы болмаған. Мұстафа есімін жаңылыс жазуының өзі осы пікірді қуаттайды. Ол уездегі қазақ қызметкерлердің арасынан тек Түркістан Республикасының алғашқы Әділет халық комиссары болған Құсайын Ибрагимов жөнінде ғана дұрыс пікір білдіреді. Оған «Перовск уезіндегі мұсылман тұрғындарымен байланыс орнатуда большевиктерге көмек жасаған бірден-бір қазақ зиялысы» деп баға береді. 

Гержод мұраларының бірі – «Перовск уездік Совдепінің алғашқы төрағасы И. Гержодтың (1918 жылғы қаңтар – 1919 жылғы қараша ) «Соңғы шеру» атты естелік повесі». Саяси бөспелікпен жазылған еңбектің ғылыми дереккөз ретінде пайдаланатындай құжаттық құндылығы жоқ. Оның есесіне архивтерде Гержодтың қылмысын әшкерлейтін көптеген тарихи құжаттар сақталған. 

С. Қожанов, Н. Төреқұлов, Т. Рысқұловтардың ұйымдастыруымен 1921 жылдың қаңтарында Әулиеата қаласында Түркістан қазақтарының І съезі шақырылып, онда ел тағдырына қатысты бірқатар зәру мәселелер талқыланды. Осы съезде Перовск уезі бойынша жасалған баяндамада уезде қазан төңкерісі жұмысты жаңалайтындай кадрлық тұрғыда елеулі өзгеріс жасай алмағандығы айтылады. «Қырғыздарға қатысты өзінің айуандық әрекеттерін зорлықпен іске асырғандардың бірі Гержод деген, ол Перовскіде 200 қырғыздың (қазақ) өліміне тікелей себепкер болды. Оның аяусыз қыспағына шыдамаған уездегі көшпелі қазақтардың көпшілігі туған жерлерін тастап, жан сақтау үшін жан-жаққа босып кетті» дей келіп, «еліміз ондай жау элементтерден құтылғанымен қорқып қалған тұрғындар бұрынғы мекендеріне орала алмай отыр, ал өз орындарында көшпей қалып қойғандарды Гержодтың жақтастары тонап бітті» деп хабарлайды. 

Перовскіде Совет өкіметінің алғашқы жылдарында орын алған аштықтың салдары халыққа өте ауыр тиді. Ашыққан тұрғындар теміржол бойымен Ақтөбе облысына, Өзбекстан аумағына қарай ауа көшті, жол бойы ауру мен аштықтан жүздеп, мыңдап қырылды. Түркістан Республикасы аумағында қалғандар да осындай ауыр жағдайды бастан өткізді. Тұрғындар қырылып жатқанда үкімет оларға қол ұшын созудың орнына керісінше олардың қолындағы соңғы жылқылары мен түйелерін Атбасар уезінен астық тасымалдау үшін тартып алды. Ең бір сорақылығы, «бұл астық қазақтардың күш-көлігімен тасылса да олардың өзі аштан өліп жатқан қазақтарға тимеді». Гержодтың сойқанды әрекетінің келтірген зардабын «мынадай статистикалық деректер де айғақтай түседі: дария бойындағы болыстардың бірінде бұрын 1525 шаңырақ болса, қазіргі кезде Ақтөбеден қайтып оралғандарды қосқанның өзінде 968 шаңырақ болып отыр, ал қалған алты жүздей шаңырақтың ізі де жоқ. Басқа болыстарда да осындай шығын орын алған». Баяндамашы одан әрі «Гержод қызметінен алынып, орталыққа жөнелтілді, бірақ жасаған қылмыстары үшін халықтың көз алдында жазаланбады. Бұл жағдай қазақ кедейлерінің қанын ішкен Гержод сияқты қылмыскерлердің жазаланбауына байланысты халықтың арасында кеңес өкіметі туралы теріс пікір қалыптастырып отыр» деп мәлімдеді. 

Ал ресми деректер Сырдария облысының халқы 1895-1920 жылдары аралығында өсудің орнына 1217067-ден 990942-ге, яғни 25 пайызға азайып кеткендігін, соның ішінде Ақмешіт, Қазалы уездерінде тұрғындар саны 40 пайызға төмендегенін жазады. Түркістан республикасы үкіметінің 1922 ж. атқарған жұмыстары туралы есебінде «Ақмешіт және Қазалы уездерінде тұрғындар санының кемуі 41-46,5 пайызды құрағандығын», тұрғындар санының әсіресе көшпелілер арасында кемуіне, 1917-1918 жылдары жұқпалы аурулар әсер еткендігін, «тұтас ауылдар жойылды, бұрынғы көпжанды болыстарда тек 2-3 жүз ғана отбасы қалды, басқасы қырылып кетті» деп жазылды. Совет өкіметінің алғашқы жылдарында орын алған саяси тұрақсыздықтан Жаңақорған атырабында да тұрғындар санының күрт азаюы байқалды. 

Осы оқиғаларға байланысты 1935 жылы Парижде жарық көрген «Кеңестер билігіндегі Түркістан» кітабында Мұстафа Шоқай советтік билікті әшкерелей келіп, былай дейді: «Түркістанда осы уақытқа дейін пролетариат диктатурасын орнатушы тек қана орыстар болуы тиіс дейтін көзқарас әлі де етек алып келеді. Бұл «отаршылық» көзқарастың ауыр зардаптары да болды. Мысалы: Перовскіде өзі би, өзі қожа Гержод отыр. Одан тұтастай халық – қырғыздар (қазақтар) үдере көшкен. Осы босқыншылықта 1 млн-ға жуық адам өлген». Шетелде жүрген Мұстафа Шоқайды толғандырған халық қасіреті жайлы хабарды «Перовск уезінің көшпелі тұрғындары жергілікті кеңестік билеуші Гержодтың рақымсыздығынан бас сауғалады, тауға қашып кетуге мәжбүр болды» [149] деген мазмұнда орталықтың ресми баспасөз органы «Известия» газеті де жариялады. 

Гержод басшылығындағы Перовск уездік совдепі азық-түлік бөлімінің бастығы А.В. Червяков еді. Ол осы қызметінде ашыққан Түркістан халқына арнап астық дайындау жөнінде уездегі ТүркОАК өкілі болып есептелді. Ақтөбе және Закаспий майданының қыспағында қалып, Орталықпен байланысы үзілген Түркістанның жағдайы өте ауыр болатын. Осы қиын жағдайдан шығу үшін Перовскіден Қарсақпай жолы арқылы 2000 түйеден тұратын керуен Атбасарға аттандырылады. Астық дайындау Червяковтің қатаң басшылығымен барынша табысты жүргізілген. 

Осы оқиғалар туралы архив құжаттарына жүгінейік. Перовск жұмысшы, шаруа және мұсылман депутаттары уездік советінің 1918 жылғы 7 маусымда өткен мәжілісі Қарсақпайдан астық дайындап, оны темір жолға жеткізуге 1600 түйелік керуен және құрамында 32 мүшесі бар қарулы күзет отрядын жасақтау туралы шешім қабылдайды. Мәжіліске Совдеп төрағасы И. Гержод, орынбасарлары Лобачев, Лукьянов, Тәжбенов, хатшысы Миреев және басқалармен бірге қалалық милицияның бастығы Жорабек Есенов қатысады. Қарулы күзет жасақтау Есеновке, түйе керуенін жасақтау Шиелі учаскелік милиция комисссары Бегайдар Аралбаевқа жүктеледі. Аралбаевтың уездік Совдепке жолдаған жеделхаттарында Шиелі мен Жаңақорғаннан жасақталған керуенге қажетті түйе мен мініс көліктерінің толық жиналып, Гродековск (қазіргі Тартоғай стансасы, Мұстафа Шоқай ауылы) милиция комиссарының қарамағына өткізілгендігі хабарланады. Осындай жұмылдыру тәсілдерімен жүрізілген жұмыстардың нәтижесінде тамыз айында Сыр бойынан аштық жайлаған Түркістанға көмек ретінде көп мөлшерде астық жөнелтілді. 

Қысқа мерзімде осыншама қыруар іс тындыру үшін Совдептің қолында жеткілікті билікпен бірге жергілікті халықтың қолдауы да болуы керек еді. Совдеп құрамында, оның жергілікті буындарында өз өкілдерінің болуы тұрғындардың кеңестік билікке деген сенімін орнықтырды. Қайта ел ішіндегі ірі байлар бұл шараны патша заманында теміржол құрылысына керуен шығарғандай кезекті салғырт деп қабылдап, 100-150 түйесін қарсылықсыз лауға беріп отырған. Кезінде осындай қызметі үшін патша үкіметінен ақы алатын. Бұл жолы Гержодтың кейпіндегі жаңа үкімет алған түйелерді қайтармады. Күш-көліктердің көпшілігі күтімсіздіктен қырылды және талан-таражға түсті, ал тұрғындарға ақы да, өтемақы да төленбеді. Гержодтың осындай лаңына ашынған Перовск уезінің тұрғындары 1919 жылдың сәуірінде Түркістан Халкомкеңесінің төрағасы Ф. Колесовке шағымданады. Онда Гержодтың және оның жақтастарының уездік совдеп мүшелігіне қызыләскерлердің қолдауымен заңсыз сайланғандығы, сайлаудан соң олар өз жақтастарымен қалаға ойран салғандығы, солардың бірі Дворцов Шиелі, Жөлек елдімекендерін тонап, тұрғындардың мүлкін талан-тараж еткені әшкереленді. Гержодтың мейманасы тасығандығы соншалықты, оның ісін тексеруге келген Түркістан үкіметінің комиссиясын тұтқынға алумен қорқытып, қуып жібереді. Ал комиссияға куәлік берген 18 адамды түрмеге қамап қойған. 

Осы жылдың жазында Гержодты үкімет басшысы Ф. Колесов Ташкентке шақырады. Жоғары басшылықтың алдында әсіреқызыл большевиктік ұрандармен өзінің заңсыз әрекеттерін ақтай алған ол қайтып келген соң уездегі бассыздықты одан әрі жалғастырады. Шағымданушылар «Гержод және оның сыбайластарының асыра сілтеуі мен көрсеткен қорлығын жаза беруге Ташкенттің қағазы жетпейді, біз тек оның жүзден бірін ғана жаздық» дейді. Осы шағым хатта Гержод бассыздығының Совет өкіметіне деген халықтың наразылығын туғызғандығы да айтылады. «Қырғыздарды большевиктер партиясы қатарына өтуге күштеген олар большевизмді туысқандық деп түсіндіреді. Сыбайластарымен бірге Гержодтың өзі де мүше болған бұндай туысқандықтан құдай сақтасын» деген сөздер жаңа өкіметтің саясатына деген халықтың теріс көзқарасын танытады. 

Түркістан үкіметіне Гержодтың озбырлығы үшін шағымданып шаршаған халық «оны серіктерімен қамауға алып, сотқа тартуды, сол арқылы Совдеп құрамын тазартуды» талап етті. Егер бұл талаптар орындалмаса «уез халқы Ақмола облысына көшіп кетеміз, онда бұл жердегі Гержод жасағандай тонау мен қорлау жоқ. Ал сіздер отынсыз және етсіз қаласыздар, өйткені біз өз малымызды айдап кетеміз» деген талап қойдыы. Бұл әрекет жайсыз билеушіден, ауру мен аштықтан, күші басым жаудан қауыпсыз жерге көшіп кетіп құтылатын көшпелілер психологиясының дәстүрлі көрінісі еді. Осы жағдайдан Гержод өкілдік еткен советтік билік халыққа қарсы әрекетімен аштық пен ауруды, қиыншылықтың бәрін төндіріп отырғандығын көреміз. Елдің есінде «Көржұттың Перовск оязын сұрап тұрған кезінде», «Кәріжұттың ел арасын алашапқын қыларынан бұрын» деген әңгімелерде оның есімі осындай жағымсыз ұғым болып қалды. 

Түркаткомге шағымданушылардың «біз көшіп кетсек отынсыз қаласыңдар» деуінде үлкен саяси-экономикалық мән бар еді. 1918 ж. екінші жартысында Закаспий майданы ашылып, Түркістанға келетін Баку мұнайы үзіліп қалады. Бұл жағдай теміржол қатынасын тұралатып тастады. Түркістан Республикасының Халық ағарту комиссары болып қызмет істеген В.В. Билик өз естелігінде қиын жағдайдан шығу үшін сұйық отынның орнына паровоздарда мақта майы, қатты отынның орнына Арал теңізі станциясында кепкен балық жағылғандығын жазады. Бұл деректер Сыр бойында темір жол қатынасын қалпына келтіру мақсатында қиын жағдайдан шығу үшін паровоздарға отындық сексеуіл дайындаудың Кеңес өкіметі үшін өмірлік маңызды шараға айналғандығын танытады. Жаңақорған жерінде дайындалған сексеуіл отыны Төменарық, Жаңақорған, Аққұм, Бесарық стансаларына жиналатын. Тұрғындар үшін Қызылқұмнан сексеуіл дайындау және оны стансаларға тасымалдау теміржол құрылысы пайдалануға берілген кезден бастап күн көріс көзіне айналған болатын. 

Перовск уезіндегі қазақ зиялыларының қоғамдық дабылынан соң Гержодтың мәселесін тексерумен республика Ішкі істер халық комиссариаты тікелей айналысты. Осы мекеменің 28.07.1919 жылғы қатынасына байланысты Сырдария облаткомының мәжілісі «Уездік атком төрағасы Гержодтың ісін тергеу үшін 28.07.19 жылы Перовскіге баратын Ішкі істер халық комиссариатының комиссиясына облатком мүшелерінен өкіл жіберу туралы» мәселе қарап, оған Ілияс Қабыловты жіберуге шешім қабылдайды. Осы комиссияның құрамында болған шиелілік Әбу Палмұханов атқарылған жұмыстың нәтижесі бойынша: «Перовскіде билік басына болыс басқарушысы, далалық сот төрағасы, пристав түріндегі қызметкерлерді оңды-солды ата беретін бұрынғы полиция қызметкерлері келген», солардың бірі «белгілі қанішер Гержод бастапқыда ату жазасына кесілгенімен, кейіннен өз сыбайластарымен әр жаққа жер аударылды» деп жазды. 

Гержодтың өзінің қызметіне қатысты деректер мүлдем аз болғанымен, қосалқы деректерді Перовск уезінде онымен қызметтес болған және оның қуғынын көрген қазақ зиялыларының архивтерде сақталған құжаттарынан кездестіреміз. Перовск қалалық училищесінің түлегі, 1924-1925 жылдары Ақмешіт-Қызылорда уездік партия комитетінің хатшысы болған жерлесіміз Нұрғали Сатығұлов өз өмірбаянында «Перовскідегі билік жойылған 1919 жылдан соң» партия қатарына өттім деп жазады. Ол Гержод билігі құлаған соң ғана Наманган уездік жер-су бөліміндегі қызметінен Перовскіге уездік Төтенше комиссияның іздестіру бөлімінің бастығы болып ауысады. 

Өзінің шектен шыққан шовинистік пиғылын большевиктік озбырлықпен шебер жымдастырған Гержод уездегі қазақ ұлтынан шыққан қызметкерлердің өз ыңғайына көнбегендерінің бәрін де қудалаған. Сырдария облаткомының төрағасы, Түркістан Ішкі істер халық комиссары қызметтерінде болған Б. Аралбаев Шиелі болысында милиция комиссары қызметінде жүргенде «қаталдығымен бүкіл Түркістанға белгілі болған уездік атқару комитетінің төрағасы Гержодтың қысымымен» қуғындалғанын жазады. 

1922 жылы И. Гержод Сібірдегі айдауынан босап, Орынбор қаласына келеді. Түркістан Республикасының Қырғыз (қазақ) автономиялық облысындағы өкілі Иса Тоқтыбаев оны қайтадан тұтқынға алдырып, қазақ жерінен аластатып жібереді. Осы жағымсыз естелікті айналып өтуге тырысқан Гержод естеліктерінде Иса Тоқтыбаевтың есіміне «рысқұловшыл» деген саяси бояуды баттастыра жағады. 

Осы деректерден мынадай қорытынды жасауға болады: Совет үкіметі тұсында жазаланған саяси қайраткерлердің бәрі бірдей нақақтан күйген жоқ. Олардың арасында Гержод сияқты жергілікті халықты аяусыз қуғындаумен бірге өз әрекеті арқылы советтік биліктің шынайы бейнесін жасыра алмағандығы үшін екі жақты кінәлі болып, лайықты жазасын алғандар аз емес. Большевиктік элитаның алғашқы буыны өкілдерінің Қызылорда аумағындағы типтік үлгісі болған Гержодтың саяси қызметі Түркістанда совет өкіметін орнатуда патша өкіметі тұсында қалыптасқан ұлыорыстық шовинизм мен асқынған отарлық пиғылдың ашық көрінісі еді. Большевик басшылар өлкедегі совет өкіметін орнатудағы ұстанған саясатын тап мүддесімен бүркемелеген болса, Гержод оны ешқандай бүкпесіз жүргізді. Гержодттың жүргізген саясаты Жаңақорған төңірегіндегі тұрғындардың да өміріне өшпес із қалдырып, ауыр да қасіретті салдарымен есте қалғандықтан да осы кездегі оның қызметіне кеңірек тоқталуға тура келеді. 

Шиеліде милиция комиссары қызметінен Бегайдар Аралбаев «Гержоттың қысымымен» қуғынға түсіп, босайды. 1918 жылдың 20 тамызында Жаңақорған болыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, жер бөлімінің меңгерушісі болып қызметке кіріседі. Ол кезде болыстық атқару комитетінің төрағасы И. Нәлібаев, хатшысы С. Тоқсанбаев еді. Ел өміріне жаңа қоғамның өзгерістері там-тұмдап ене бастаған елең-алаң шақта болыс көлемінде атқарылар жұмыстар жетіп артылатын. Жаңқорған болысының аумағында совет өкіметінің құрылысын нығайтау, тұрғындар арасында социализм идеяларын іске асыруда көптеген ұйымдастыру жұмыстары атқарылды. Гержодтан қысым көрген жаңақорғандық азаматтардың бірі Шәріпбек Түкібаев Қазан университеті заң факультетінің екінші курсын тамамдаған, уездік деңгейде құқық қорғау саласында қызмет істеді. Осы кезеңде Жаңақорғанның қоғамдық-саяси өміріне көкірегінде оты бар, көңілі ояу Садықбек Сапарбеков, Сүлеймен Қошқаров, Сейітжан Кеңбаев, Уәш Бабаев сияқты жастар белсене араласты. Мысалы, Жаңақорған болыстық милициясында кеңсе хатшысы болып қызмет істейтін Сүлеймен Қошқаров стансадағы комсомол ұясының хатшылығын атқарды. Сол сияқты қыш мектептің түлегі, жергілікті жерде белсенділігімен танылған Сейітжан Кенбаев пен Уаш Бабаев Сырдария губерниялық мекемелеріне жұмысқа шақырылады. 

1924 жылдың 15-16 қыркүйегінде Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің төтенше сессиясында ТАКСР-ың межеленгендігі жөнінде қаулы қабылдап, Сырдария облысы Қазақстанға қосылады. Орта Азия мен Қазақстанда 1924-1925 жылдары жүргізілген ұлттық-территориялық межелеу науқаны ауданның әкімшілік-аумақтық басқаруына, шаруашылық-экономикалық өміріне елеулі өзгерістер ала келді. Сырдария облысы губернияға айналып, губерния орталығы Шымкент қаласы болып бекітіледі. 

1925 жылдың 9-11 сәуір аралығында Орынбор қаласында РК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінің пленумы өтеді. Осы пленумда С. Қожанов Ақмешіт қаласында өткелі отырған Советтердің жалпықазақстандық V съезіне дайындық мәселесін баяндаған. Осы бағыттағы міндеттерін С. Қожанов: «Қазақ Республикасының орталығын жаңа астанаға көшіру арқылы біз ұлттық мемлекеттілік үшін күрестің аяқталғандығын айшықтаймыз. Ұлттық мемлекет баяғыда жарияланып қойса да, біз үнемі сол үшін күрестік. Ұлттық республика үшін күрестің аяқталуы – бұл сол ұлттық республиканы құрудың бастамасы. Республиканы құру дегеніміз – жұртшылықтың ұжымдық мүдделеріне қызмет ету негізінде туындайтын бірлестікті құруды білдіреді» деп айқындайды. 

Ел астанасының Ақмешіт-Қызылордаға көшірілуі, сәуір айының соңында өткен осы тарихи съезде халқымызға және мемлекетімізге өзінің тарихи атауының қайтарылуы саяси-мәдени өмірдегі үлкен өзгерістерге негіз қалады. Бұрынғы уезд орталығы болған қаланың ел атанасына айналуы уезд аумағының мәдени-экономикалық дамуына игі ықпалын тигізе бастады. Осы кезде Жаңақорғанда алғашқы білім беру ошақтары – бастауыш мектептер мен әкімшілік ғимараттар бой көтерді, жаңадан тұрғын үй құрылыстары салынып, шағын станса үлкен елді мекенге айнала бастады. Жаңақорған төңірегінде қыш күйдіретін, Қаратаудың етегінде әк қайнататын шағын зауыттар мен цехтар салынып, құрылыс материалдары Қызылорда қаласының астаналық ғимараттарына жөнелтіліп жатты. Аудан тұрғындары Қызылорда қаласында өркендей бастаған өндіріс орындарына тартылып, білім іздеген жастар да қалаға ағылды. 

«Жаңақорған» энциклопедиясынан.