2017 жылғы 12 желтоқсанда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты ғалымдарының «Президент Республики Казахстан Н.А. Назарбаев и формирование исторического сознания казахстанцев» және «Смутное время. Неизвестные страницы известной истории» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.
Тұсаукесерге ҚР Парламентінің депутаттары, Мемлекет тарихы институтының қызметкерлері, жетекші ғалымдар, жоо-ның оқытушылары мен Астана қаласы орта мектептерінің мұғалімдері, қоғам қайраткерлері қатысты. Іс-шараның модераторы – Мемлекет тарихы институтының директоры Б. Аяған Институттың қызметі мен жетістіктері туралы әңгімелеп берді.
– Биыл ғалымдар 4 кітап дайындады. Олардың бәрі ғалымдардың жеке қаражаты есебінен жарық көрді және мемлекеттік бюджеттен бір тиын да қолданылған жоқ, – деп атап өтті Бүркітбай Аяған.
Біріншісі – тарих ғылымдарының кандидаты Николай Лапиннің «Президент Республики Казахстан Н.А. Назарбаев и формирование исторического сознания казахстанцев» атты кітабы. Автор қазақстандықтардың тарихи санасын қалыптастыру үдерісіндегі Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың рөлін зерделеуге тырысып көрді. Бірқатар әлеуметтік зерттеулер нәтижесі жүйеленді, оларда ХХІ ғасырдың басында қазақстандықтардың тарихи санасын қалыптастыру аспектілері көрсетілген.
Екінші кітап – «Смутное время. Неизвестные страницы известной истории». Авторлары: Б.Г. Аяған, А.М. Ауанасова, Е.К. Нұрпейісов. Ғылыми-танымал әдебиет жанрында жазылған кітапта құжаттық деректер негізіндегі 1917-1920 жылдардағы қазақ ұлттық мемлекеттілігін қайта жандандыру әрекеттерімен байланысты драмалық оқиғалар сипатталған, сонымен қатар Советтік кезеңдегі түрлендірулерге баға беріледі.
Тұсаукесер рәсімін өткізуге модератор белгілі жазушы Әміржан Әлпейісов пен Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатовты шақырды. – Айналайын, аман болыңдар! – деп депутат А. Тасболатов батасын беріп, көпшіліктің ду қол шапалағымен қызыл лентаны кесті.
Салтанатты рәсімнен соң сөз кезегі жас ғалым Николай Лапинге берілді.
– Кітап тарихы ұзақ. Ол «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында басталған болатын. Осы тақырып бойынша жұмыс жасап көруді Бүркітбай Гелманұлы ұсынды. Қазір біз оның көрегендігіне көз жеткізіп отырмыз. Қазір, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен кейін бүкіл еліміз бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан сәтте, кітап өзекті және сұранысқа ие болып отыр. Сана туралы сөз қозғалған кезде, нақты көрсету үшін кесінділер жасау керектігін түсіну керек. Әсіресе, жаңғырудың дәуірлік үдерісі аясында.
Автор осы кітаптың шығуына ат салысқан әріптестеріне, мұрағат, кітапхана қызметкерлеріне, достары мен жақындарына алғысын білдірді.
Екінші кітап большевиктік биліктің қалыптасу тарихына арналған. Бұл ретте сөз кезегі Еркеш Қалиұлы Нұрпейісовке берілді.
– Бұл кітап «Смутное время» деген атаумен шықты, бірақ, қазақ халқы жасаған басқа тарихи таңдау тұспалданды, ал қазақ халқына бір емес, бірнеше рет таңдау жасауына тура келді, – деп автор бәрін абдыратып тастады. - Смутное время (Аласапыран кезең) – әдетте, кез-келген тарихшы көз алдына елестететін Иван Грозныйдың дәуірі емес. ХХ ғасырдың басы Ресей үшін сияқты Қазақстан үшін де аласапыран уақыт болды. Осы кезеңде саяси жүйе қалыптасып, өз бағдарламалары бар саяси партиялар пайда болды, бірақ олардың көпшілігі самодержавие болмаса да, Ресей мемлекетін сақтауды жақтады. Олар ұлттық автономияларды мойындаған жоқ. Автономия – аз ұлттар мемлекеті деген пікір болды. 1917 жылы ұлттық мемлекет туралы сұрақ туды. Бұл объективті, заңды үдеріс болатын.
Қазақстанда Алаш көшбасшылары өздігінен өмір сүре алмайтындықтарын, оның үстіне, қалыптасқан экономикалық және басқа да жағдайларға байланысты егемендікті сақтаудың мүмкін еместігін түсінді. Әйтсе де, ұлт көшбасшылары арасында Түркі федерациясын құру туралы сұрақ қызу талқыланып жатты. Осылайша, мемлекеттік сәйкестік мәселесі сол кездің өзінде өткір тұрды. Уақытша және Сібір үкіметтерімен жүргізілген келіссөздер нәтиже берген жоқ.
1918 жылдың қарашасында Сібір үкіметінің жарлығымен Алаш Орданың қызметі тоқтатылды. Автономия деп танудан Колчак та бас тартты. Осы сәтті советтер пайдаланып, қазақтарға автономия беруге уәде береді және шешуші фактор осы болады. Бірақ Совет үкіметі орнағаннан кейін ол өмір сүруін мүлдем тоқтатады.
Совет үкіметін орнату кезінде демократияға карикатуралар басталады. 1920 жылғы 26 тамызда Қырғыз (Қазақ) Советтік Автономиялық социалистік республикасын құру туралы Декрет бекітіліп, күшіне енеді. Бірақ, Қазақ АССР-ін қолдап дауыс берген Қазақстан Советінің Құрылтай Съезі Орынборда тек 1920 жылдың қазанында ғана өтеді. Логика қайда? Осы мысалдан-ақ өз шешімін бұқара халыққа күштеп таңатын партиялық асыра сілтеушілік пен большевиктік партократия көрінісін көреміз. Ал, бұл жерде керісінше, билік халықтың шешімін орындауы керек.
Бұдан басқа, жарияланған автономиялық республика шын мәнінде фикция ғана еді, өйткені халық комиссарларының көпшілігі орталық басшылыққа бағынды және өздігінен шешім қабылдай алмады. Қазақстан ресми түрде 1936 жылға дейін Ресей Федерациясы құрамындағы автономия болды. Неге бұлай болды? Бәлкім, одақ органдары ұлттық интеллигенцияның күшінен және олар халықты өз арттарынан ергізе алатындығынан мазаланған болар?
Профессор Әлима Ауанасова кітаптың кейбір қызықты сәттеріне тоқталып өтті.
– Біз 1917-1920 жылдары Қазақстан мен Түркістан өлкесінде орын алған оқиғалардың кейбір тарихи сәттерін ғана қарастырдық. Бұлар, ұлттық интеллигенцияның саяси күресіне, «Алаш» партиясының ІІ съезінің шешіміне (1917 ж., желтоқсан), «Шуро-и-ислам» IV Төтенше съезінің шешімдеріне (1917 ж., қараша), Уақытша үкімет пен Алаш Орданың, Уақытша үкімет пен Түркістан автономиясының саяси қарым-қатынасына қатысты және басқа да бірқатар мәселелер.
Сөз соңында автор Қазақстан мен Түркістанда Совет үкіметі күштеп орнатылып, автономия мәртебесін беруге қатысты сұрақтар декларативті сипатта болды деген қорытынды жасады. Большевиктер үкіметі үшін де, Ақтар қозғалысының Уақытша үкіметтері үшін де Қазақ және Түркістан автономиясының көшбасшылары саяси және әскери тұрғыдан алғанда әлсіз қарсылас еді.
Зерттеу жүргізуге көрсеткен көмектері және ұсынған құжаттары үшін авторлар Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатына алғыстарын білдірді. Кітапта сирек суреттер, Азамат соғысының Гуверов мұрағатының мұрағаттық құжаттары, Стенфорд мұрағатының құжаттары, ХХ ғасырдың бірегей карталары берілгендігін айта кеткен жөн.
Профессор Бүркітбай Аяған өзінің ойымен бөлісті.
– Большевиктер мақсатқа ұмтылғыш ұйым болды. Олар зор, күшті мемлекет құрды, бірақ бұл ретте өте көп адам қаза болды. Біз қандай қоғамда өмір сүргенімізді, большевиктердің көшбасшылары шын мәнінде кім болғанын әлі де талқылап, басын ашуымыз керек, – деді мекеме басшысы.