Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Османлы мен Қазақ Хандығының құжаттары

2680
Османлы мен Қазақ Хандығының құжаттары  - e-history.kz
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылатын көрмеге Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтарының қарым-қатынастарын баяндайтын 40 құжат қойылады

Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен және Түркияның Қазақстандағы Елшілігі мен  Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің қолдауымен 2018 жылғы 15 мамыр күні сағат 15.00-де «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қатынастарының құжаттары» атты көрменің ашылу салтанаты өтеді.

Аталған көрме «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылады. Көрмеге Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтарының қарым-қатынастарын баяндайтын 40  құжат қойылады. Олардың барлығы Түркия мемлекетіне қарасты Османлы мұрағатынан алынған. Құжаттар арасында Қазақ ханы Мұхаммет Қайып хан мен Османлы сұлтанының 1713 жылы жазылған хаттары сияқты деректер Қазақстан халқына тұңғыш рет ұсынылады.

Атап өтетін болсақ, көрмеге қойылатын хаттардың ішінде

- Қазақ ханы Қайып Мұхаммедке жолданған сұлтанның хатының көшірмесі (1713 жылғы 21 тамыз);

- Қазақ ханы Қайып Мұхаммед  жолдаған он бөлек сый-сияпат тіркелген дәптердің көшірмесі (1713 жылғы  21 тамыз);

-Қазақ ханы Қайып Мұхамметтің елшісі Сейіт Мұхаммедқұл бей тапсырған хаттың аудармасының көшірмесі (1714 жыл 16 қаңтар);

- Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің  елшісі Мұхаммед құлдың ауызша сәлемінің қағазға түсірілген нұсқасы (1714 жылғы 16 қаңтар);

-Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтен келген хаттың көшірмесі (хатта Османлы мемлекетінің шынайы досы екендері, әр дайым дұға ететіндері туралы жазылған, 1716 жылғы  14 желтоқсан);

-  М. Лессардың Орта Азия саяхаты туралы «Central Asia No1» деп аталатын рапортының таныстырылымы (1883 жыл);

-  Түркістан аймағының Берлинде басылған картасы (1862 жыл) тәрізді маңызды құжаттар бар.

Сондай-ақ Бұхара, Хиуа және Қоқан хандықтары мен Османлы мемлекетінің қарым -қатынастарын көрсететін басқа хаттар, маңызды деректер мен карталар да көрмеге қойылады.

Экспонаттардың арасында Түркия Мемлекеттік архивінің тартуы ретінде  қазақтардың Түркияға көшіне қатысты қосымша құжаттар да бар.  

Көрме ашылардан бір күн бұрын 14 мамырда Қазақстан Ұлттық мұрағатында Османлы мұрағатының таныстырылымы өтеді. Жиында Түркия Республикасы Премьер-Министрлігіне қарасты Мемлекеттік мұрағаттар басқармасының бас директоры, профессор Угур Үнал,  Қазақстандық архив қызметкерлері  мен тарихшылар бас қосады.

«Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым–қатынастары құжаттарының» көрмесі 20 мамырға дейін жалғасады. Көрме Ұлттық музейдің Атриум залында өтеді.

Мекен-жайы: Астана қ., Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Тәуелсіздік даңғылы 54, 2 блок, 2 қабат, Атриум холл

Тіркелу үшін: 8 (7172) 28 62 00, +7 777 533 91 30

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?