Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ұлы дала ойындары» ұлттық құндылықтарға жаңаша серпін береді

1721
«Ұлы дала ойындары» ұлттық құндылықтарға жаңаша серпін береді - e-history.kz
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай Таразда «Ұлы дала ойындары» жалауын көтермек

ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың қатысуымен қазан айының 8-9 жұлдызында Жамбыл облысында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы салтанатын құрмақ. Тараз қаласы дайындық жұмыстарын жыл бойы жүргізіп келеді. Көшелері абаттандырылып, бар қонақты бауырына басуға дайын. Ұлт тойы қарсаңында ұлттық ойындардың алауы тұтанып, Қазақша күрестен Халықаралық «Еуразия барысы» алып күш иелерін анықтамақ. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы және Жамбыл облысының әкімдігі «Ұлы дала ойындары» аталатын бәсеке тойдың қызу көркін қыздырмақ. Бұл туралы да бүгін арнайы баспасөз мəслихаты барысында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан мəлім етті. 

Баспасөз мәслихаты Астана қаласында орналасқан «RIXOS» қонақ үйінің «Шаңырақ» залында өтті. Аталған шараға ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Абдалы Нұрәлиев және ҚР Мәдениет және спорт министрлі Спорт комитетінің орынбасары Серік Жарасбаев және де БАҚ өкілдері қатысты. 

«Қазақ хандығының 550 жылдығына орай тағы бір ауқымды шараны өткізуге білек сыбана кірістік. Ол – Тараз шаһарының орталық ат шабарында өтетін «Ұлы дала ойындары». Сондықтан, Тараз қаласында 8-9 қазан күндері Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, ұлы даланың ойындарын өткізбекпіз. Көкпардан Азия Чемпионатын өткізген бірінші ел – Қазақстан, аударыспақ пен теңге ілуден Азия чемпионатын бірінші өткізген ел де Қазақстан, Азия бойынша асау үйретуді ресми қолдаған да Қазақстан. Сондықтан, енді осы жетістігіміздің барлығын осындай тойда көрсетпесек, қашан көрсетеміз?! Ат шапқанда арқасы қозбайтын қазақ жоқ. Ұлы дала ойындары аясында жақын бəйге, аламан бəйге, ұшқыр бəйге өтеді», – деді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан. 

Әулиеата жерінде жалауы көтерілетін «Ұлы дала ойындары» халқымыздың төл мәдениеті мен өнерін ұлықтайтын жоғары дәрежелі спорттық шара. Елдігімізді танытып, тұлпар киесі сынға түсетін бәсекеде 31 шақырымдық аламан бәйге, 21 шақырымдық топ бәйге және де ұшқыр бәйге ұйымдастырылмақ. Аталған жарыстарды біліктілігі жоғары, кәсіби төрешілер жүргізетін болады. Барлық бәйге бәсекесіне 150-ден астам сәйгүлік қатысады деп күтілуде. Жүлде қоры қомақты. Жүзден жүйрік шыққан сәйгүліктерге арнайы қаржылай сыйлықтар тағайындалған. 

Сонымен қатар, Жамбыл облысының атшабарында көпшіліктің назарына «Ұлы дала ойындары» атты қойылым ұсынылмақ. Көкпардан, аударыспақтан, теңге ілуден Азия чемпионатында топ жарған спортшылар және елімізде енді ғана қарқынды дамып келе жатқан жамбы ату спортының шеберлері өнер көрсетеді. Жəне бұл шара мемлекеттік бюджет тарапынан емес, тек демеушілердің қаржысына ұйымдастырылып отырғандығын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Абдалы Нұрәлиев мәлімдеді. 

«Ұлы дала ойындарын өткізуге тек демеушілер тарапынан ақша бөлінді. Әкімдік немесе мемлекеттік бюджеттен арнайы қаржы бөлінген жоқ. Осы ретте, ұлттық спорт түрлерін дамытуға үлес қосып жатқан демеушілердің жомарттығын баса айта кетуіміз керек. Жалпы, «Ұлы дала ойындары» жарысының жүлде қоры 32 млн теңгені құрайды. Тағы да нықтап айтатын болсам, бұл ойындарды өткізуге бюджеттен ешқандай қаржы тартылған жоқ, демеушілердің қолдауымен өткелі отыр», — деді аймақ басшысының орынбасары. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?