Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде Павлодар уезінің Ақкелін болысының №4 ауылында дүниеге келген.
Ауыл мектебінде төрт жыл оқып, 1911 жылы Павлодардағы орыс-қазақ училищесіне оқуға түсіп, оны 1914 жылы үздік бітірді. Оқуды бітіргеннен кейін мұғалімдер семинариясына түсіп, оны 1918 жылы тәмамдады. Семейде екі жылдық педагогикалық курста оқытушы болып жұмыс істей жүріп, Томск технологиялық институтына түсуге дайындалды. Ол үшін математика мен шет тілінен қосымша емтихан тапсыру қажет еді. Осы кезеңде денсаулығы сыр беріп, жұмысты да, оқуды да кейінге қалдыруға мәжбүр болады. Соған қарамастан Қаныш Сәтбаев қазақ мектептеріне арналған алгебра оқулығын құрастыруды бастап, бірақ ол еңбегін тек 1924 жылы аяқтады.
Қ.Сәтбаев Қазақстандағы ғылым мен индустрияның дамуына үлкен үлес қосты. Оның басшылығымен ғалымдар өндіріске үлкен практикалық көмек көрсетті. Ол Ғылым академиясын басқарып тұрғанда ядролық физика, математика және механика, гидрогеология және гидрофизика, мұнай және табиғи тұздар химиясы, химия-металлургия, тау-кен-металлургия, ихтиология және балық шаруашылығы, эксперименттік биология, экономика, философия және құқық, әдебиет және өнер, тіл білімі академиялық институттары ашылды.
Қаныш Имантайұлы Қазақстандағы металл тегін тану мектебінің негізін қалады.
Бөлісу: