Қазақ даласы – ежелгі металлургияның отаны. Металды балқытып, одан бұйым жасауды ата-бабаларымыз осыдан сан мың ғасыр бұрын меңгерген. Оны археологтар ғылыми тұрғыда дәлелдеп келеді, қаншама құнды жәдігер табылды. «Бұл біздің жеріміздегі дала өркениетінің технологиялық тұрғыда қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді», – деді Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында. Қазақстан – қазір де қара және түсті металлургияның қайнар көзі. Кәсіпорындар жыл сайын миллиондаған тонна өнім өндіріп, ел қазынасын еселеп отыр. Археологтардың айтуынша, ұлы даладағы ежелгі металлургия Ұлытау жерінде дамыған. Киелі өлкедегі Талдысай қонысы – соның дәлелі. Бұл жерде ерте қола дәуірінде ата-бабаларымыз мыс балқытып, түрлі бұйымдар жасапты. Осыдан бірер жыл бұрын мұнда ғалымдарымыз шахталық тәсілмен жұмыс істейтін жерасты пештерін тапқан болатын.
Бөлісу: