XV ғасырдың орта тұсында құрылған Қазақ хандығы өзінің алғашқы күнінен бастап ел мүддесіне сай, ру-тайпалардың этностық аумақтарын қалпына келтіру үшін күрес жүргізді. Ол мемлекеттің қабырғасын қатайтып, іргесін бекітіп, керегесін кеңейтіп, шаңырағын тіктеді. Сондай күрестердің біріне – 1510 жылы қыс айларында Ұлытау маңында Қасым хан мен оның сол кездегі басты қарсыласы – Мұхаммед Шайбани хан арасында өткен ұрыс жатады. Бұл ұрыста кім жеңіске жетсе, сол бүкіл Дешті Қыпшаққа иелік етуші еді. Керей мен Жәнібек хандардың басшылығымен құрылған Қазақ хандығы XV ғасырдың 70-90-жылдары Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы қалалар мен өңірлер үшін Темір әулетімен күрес жүргізеді. Мұхаммед Шайбани хан атасы Әбілқайыр ханның қайтыс болуынан және әкесінің туған інісі, Әбілқайырдан соң хан тағына отырған ағасы Шайх Хайдар ханның қаза табуынан соң (1470/71 жылы) қашып жүріп, ақыры Мауереннахрдағы Темір әулетін паналайды. Самарқан билеушісі темірлік мырза Сұлтан Ахмет оған көмек беріп, Сыр бойын иелене бастаған Қазақ хандығына қарсы қояды. Сөйтіп, Қазақ хандығының ширек ғасырға созылған Сырдың орта ағысы бойындағы Түркістан қалалары үшін кескілескен шайқастар жүреді. Шайқастар барысына Мұхаммед Шайбани хан белсене араласады.
Бөлісу: