Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Хронология

Қазақ хандығы (1465-1466 жж.)

Қазақ хандығы

Бұрындық хан билігі

         XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығының тарихында хандықтың құрылуы мен күшеюі процесіндегі маңызды оқиғаларға тікелей араласып, өз үлесін қосқан және хандықты 40 жылдай басқарған Керей ханның ұлы Бұрындық хан  болды.

         Ер жеткеннен билікке қолы тиген ол қазақ халқының этникалық тер- риториясының қалыптасуы жолында үлкен еңбек сіңіреді, хандықтың батысында ноғай мырзаларымен, отүстігінде шайбанилық сұлтандармен ұзаққа созылған күресті бастан кешіреді. Билік құрған жылдарының алғашқы кезеңінде атақ-даңқы алысқа таралып, лаулап жанған оттай жарқыраса, билігінің соңғы кезеңінде барлық жинаған беделінен айырылып, бүкіл атақ-даңқы сөнген шоқтай бірте-бірте өшеді. Оның есімі XV-XVI ғасырларда қазақ хандары - Керей мен Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуекел хандардай халыққа кең танымал болмаса да, осы кезеңдегі Мамаш, Тақыр, Бұйдаш, Ахмет (Қожахмет), Тоғым, Шығай хандарға қарағанда жақсы таныс. Қазақ хандығының құрылғаннан кейінгі алғашқы саяси дамуы мен тарихи кезеңі тікелей Бұрындық ханның есімімен байланысты. Міне, сол себепті де біз, төменде Бұрындық ханның өмірі мен қазақ тарихындағы алатын орны туралы өз ойларымыз бен пікірлерімізді қалың оқырманға таныстыруды жөн көріп отырмыз. 

          Бұрындық хан — Шыңғыс ханның ұрпағы, оның үлкен ұлы Жошы ханнан таралады. Оның шығу тегін қысқаша былай көрсетуге болады: Шыңғыс хан - Жошы хан -  Орда Ежен – Сартақтай – Қоныша – Баян хан -    Сасыбұқа -  Ерзен - Шымтай және Орыс хан. Төртінші ата — Орыс хан. Орыс ханның XIV ғасырдың 60-70-ші жылдары Ақ орда мен Алтын Ордада билік құрғаны баршаға мәлім. Орыс ханнан 7 ұл болды. Үлкені — Тоқтақия. Ортағасырлық жазба дерек мәліметтерінде Тоқтақия Орыс хан¬нан кейін таққа отырған. Бірақ оның билігі ұзаққа созылмай, 2 айдан соң қайтыс бола¬ды. 1426 жылы жазылған, авторы белгісіз «Муизз ал-ансаб фи шаджарат салатин могул» атты деректе Тоқтақияның алты ұлы болды делінеді. (Собрание материа¬лов относящихся к истории Золотой Орды, т. П. М. - Л. 1941, 62 б.). Ал XVI ғасыр басында жазылған  «Тауарихи гузидай нусрат намада» Тоқтақияның үш ұл, үш қызы болған делінген. Болат — Тоқтақияның ұлдарының бірі, оның Дешті Қыпшақ тарихында қандай рөл атқарғаны белгісіз. Болаттың ұлы — Керей хан. Алғашқы қазақ ханы Ке¬рей туысы Жәнібек ханмен бірге Қазақ хандығын құрғандығы баршаға мәлім.

Керей хан туралы өз кезегінде айтамыз. Біз қарастырып отырған — Бұрындық хан — Керей ханның үш ұлының үлкені. Бұрындықтың қашан дүниеге келгені белгісіз. Ортағасырлардағы жазба деректердің үзік-үзік мәліметтеріне сүйене отырып, оның өмірінің 40-50 жылдық кезеңін қалпына келтіруге болады.

              Бұрындық ханның өмірі Қазақ хандығы тарихының алғашқы кезеңімен тығыз байланысты. Сондықтан да хандық тарихындағы ірі оқиғалар мен дамулар оның өміріндегі маңызды белестер болып есептеледі. Жазба деректердің өте тапшылығына қарамастан, Бұрындық хан өмірінен бірнеше белесті айқын көруге бо¬лады.

             Біріншіге - Қазақ хандығы құрылуының соңғы кезеңіндегі атқарған рөлі жатады, бұл шамамен 1469-1471 жылдарда болған;

             Екіншіге - 1473-74 жылдардан XV ғасырдың 90- шы жылдарының ортасына дейінгі, яғни  Қазақ хандығының батыста ноғай мырзаларымен және оңтүстікте Сыр бойы қалалары мен өңірлері үшін күрестегі атқарған рөлі жатады.

             Үшіншіге - XV ғасырдың 90-шы жылдарының ортасынан XVI ғасырдың алғашқы 10 жылдығы ішіндегі Қасым сұлтанмен арадағы қайшылықтар, Шайбани ханмен одақтасу, қазақ қоғамындағы беделін жоғалтып, елден кетуі жатады.

Бұрындықтың хандықтың құрылу үрдісіндегі оқиғаларға қатынасуы 1469-71/72 жылдардағы оқиғаларда көрінеді. Осы жылдары Қазақ хандығына қатысты мынадай оқиғалар болған еді. 1469 жылы Әбілқайыр хан Моғолстанның батыс жағындағы Қазақ хандығына қарсы жорық ұйымдастырып, сол жылдың қараша-желтоқсан айларында орта жолда қай- тыс болады. Орнына екінші ұлы Шайх Хайдар таққа отырады. Оның билігі туралы деректердің бәрі оң баға бермейді. «Тарихи Кипчакидің» авторы Ходжамқұлы-бек Балхи оның жеке басына мынадай сипаттама береді. «Ол жұмсақ мінезді және жігерсіз адам болатын, басқару ісінде өз бетінше қадамдар жасауға қабілетсіз еді» (XV-XVIII ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969, 393 б.). Осыны пайдаланып Әбілқайырдың кешегі жаулары әр тараптан жорықтар жасай бастайды. Қазақ хандығы тарапынан да бірнеше жорықтар жасалады. «Тауарих-и гузида-ий нусрат-намадан» басқа «Шайбани нама», «Фатх-нама», «Бахр ал-асрар фи манакиб ал ахиар» шығармаларының мәліметтері  бойынша «көшпелі өзбектер» мемлекетін талқандауда Қазақ хандығы жағынан тек Жәнібек ханның есімі ғана аталады.         Ал Керей хан есімінің  аталмауын, біз, ол 1469 жылға дейін қайтыс болған дейміз. Бұрындық Керейдің үлкен ұлы болғандықтан әкесінің ұлысын басқаратыны өзінен-өзі түсінікті жайт. Керейдің қашан қайтыс болғандығы  жөнінде аңыз дерегі былай дейді: «Шудың бойында он жылдай хандық құрған Керей хан «Хан тауына» жерленіпті». Аңызды ел ауызынан жинап, жариялаған белгілі археолог Мадияр Елеуов (Шу өңірі: аңыз бен тарих. ҚазМУ хабаршысы, тарих сериясы, 3-шығуы. Алматы, 1996, 7 б.). Керейден соң хандық билік Жәнібек ханға өтеді. Ал Бұрындық болса ұлыс басқарып, Жәнібек ханның жарлықтарын орындап жүреді. Дәл осы жылдарда алғаш рет Бұрындық есімі «хан» деген лауазыммен жазба дерек мәліметіне енеді. Шайх-Хайдарға қарсы Қазақ хандығы тарапынан күресті басқарушы Жәнібек хан болса, ал оны іске асырушы Бұрындық болған. Бұл жөнінде дерек мәліметі: «Жәнібек хан адамдары ішінен Бұрындық хан өз ұлысын жиып, Әбілқайыр хан ұлдарына тарпа бас салды. Олардың қарсыласуға күштері келмей,  жан- жаққа бытырай қашты. Бұрындық кейін қайтқан соң, олар қайта жиналып бас қосты», — деп баяндайды. (XV-XVIII ғ.ғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969, 393 б). Дерек мәліметінен көріп отырғанымыздай, Бұрындық Жәнібек хан тапсырмасын орындаушы, ал жорықтың мақсаты — Дешті Қыпшақтағы шайбанилық сұлтандардың билігін жою болған. Жорық біршама сәтті аяқталғанымен, негізгі түпкі мақсат орындалмаған секілді. Бұрындықтың кейін оралуымен, бас сауғалап қашқан Әбілқайыр ұлдары қайта жиналады. Соған қарамастан Бұрындықтын бұл жорығы оны тарихта қалдырады. Сөйтіп, ол Қазақ хандығының құрылу кезеңіне, әсіресе оның соңғы кезеңіне өз үлесін қосады.

Бұрындық ханның қазақ тарихында аты жарқырап көрінген тұсы — XV ғасырдың 70-90-шы жылдары болды. Бұл жылдар Қазақ хандығы үшін күшею, нығаю және қазақ халқының этникалық территориясын біріктіру жолындағы күрес кезеңі  еді. Кезеңнің ең басты оқиғаларына  көрсетілген жылдар ішіндегі Қазақ хандығының Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы қалалар мен өңірлер үшін алғашында Мауреннахрдағы темірлік  билеушілерімен, кейіннен шайбанилық сұлтандармен және Моғолстан хандарымен жүргізген күрестері жатты. Осы күрестер барысында тарих сахнасына қазақ хандарының екінші буыны өкілдері: Бұрындық, Қасым хандар шығып, қазақ мемлекеттілігінің одан әрі күшейіп, нығаюына өз үлестерін қосады.

Сыр өңірі үшін болған күрес жылдары Қазақ хандығын Бұрындық хан билеп тұрады. Жәнібек ханның қашан қайтыс бо¬лып, Бұрындықтың қай жылдардан бастап билік құра бастағаны бізге белгісіз. Ол ту¬ралы ешбір дерек жазбайды.

Т. И. Сұлтановтың пікірі бойынша Бұрындық хан 1473-74 жылдардан бастап билік құра бастаған. (Султанов Т. И. Коче¬вые племена Приаралья в XV-XVII вв. М., 1982, 112 б.). Біз де осы пікірді жөн деп санаймыз, өйткені дәл осы жылдардан бастап Сыр бойы үшін күресте қазақ ханы ретінде Бұрындықтың есімі айтылып, Жәнібек хан ұлдарының бәрі «сұлтан» лауазымен жазылады.

Сыр бойы деп отырғанымыз — Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы жерлер. XIV-XVI ғғ. жазба деректер өңірді Түркістан аймағы деп атайды. Аймақ — XI ғасырдан бері Дешті Қыпшақтың ажырамас, құрамдас бөлігі және онымен бірге біртұтас шаруашылық, мәдени, этникалық, діни, тілдік кеңістікті құраған. Тек кейбір та¬рихи кезеңдерде Сыр өңірі саяси жағынан Мауреннахрға уақытша қараған. Дешті Қыпшақ пен Мауреннахр билеушілері арасындағы XI-XV ғғ. қарым-қатынастың негізгі нысаны Түркістан аймағы болып саналады. Ойымыз дәлелді болуы үшін ХІ-ХІІ ғасырлардағы Қыпшақ хандығы мен Хо¬резм мемлекеті, ХШ ғасырдағы Орда Ежен ұлысы мен Шағатай ұлысы, Орыс хан мен Ақсақ Темір, Тоқтамыс хан мен Ақсақ Темір, Барақ хан мен Ұлығбек, Әбілқайыр хан мен Ақсақ Темір ұрпақтары арасындағы саяси қатынастарды айтсақ та жетіп жатыр. Саяси қатынастар Қазақ хандығы құрылғаннан кейін де жалғасын тапты. Аймақ үшін күрестің басталуы Бұрындық ханның билігі тұсына сай келеді. Оның қазақ тарихында алатын рөлі де осы Сыр бойы үшін күресте көрініс береді..

Сыр бойы үшін жүргізілген күрестің себебін айттық, ал басталуына түрткі болған оқиғаға Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани ханның Мауреннахрдың қол астындағы Түркістан аймағындағы қалалардың біріне  келіп, бекінуі жатады. Осы жылдары өзара феодалдық соғыстарды бастан өткеріп жатқан Мауреннахрдағы темір әулетінің  билеушілерінде Түркістан аймағын қорғайтындай күш жоқ болатын. Сондықтанда оларға Қазақ хандығының негізгі жауы — шибанилық сұлтандарды қазақтарға қарсы қою өте тиімді еді.

Қазақ хандығы Мауреннахр билеушілерінің бұл әрекетіне бірден қарсы шығады. Қыс мезгіліне қарамастан Бұрындық хан бастаған қазақ әскерлері Мұхаммед Шайбани хан бекінген Сығанақ, Сауран және Созақ өңірлерінде ұрысқа түседі. Бірнеше рет болған ұрыстарда жеңілген Шайбани хан қашуға мәжбүр болады. Аймақтың басқа да өңірлерінен айырылып қалу қаупін сезген аймақтың әкімі Мұхаммед Мазид-тархан Шайбани ханды Самарқанға кетуге көндіреді. Осылайша күрестің алғашқы кезеңі Қазақ хандығы үшін сәтті басталып, аймақтың солтүстік өңірлерінде  Қазақ хандығының саяси билігі орнығады. Орны келгенде айта кету керек, бүкіл хандықтың әскерін Бұрындық басқарып, алғашқы жеңістерге қол жеткізілсе де, деректерде атап өтілгеніндей, Жәнібек хан ұлдары Қасым, Жиренше, Махмуд сұлтандар ерекше көзге түседі. Бұл ұрыстар шамамен алғанда, 1470- ші жылдардың ортасында өтеді.

Ал XV ғасырдың 80-ші жылдарында Мұхаммед Шайбани хан Мауреннахр билеушілеріне арқа сүйеп, аймаққа тағы да енеді де,  солтүстік өңірдегі қалаларды басып ала бастайды. Бұрындық хан және Жәнібек хан ұлдарының қарсы қолданған әрекеттері нәтижесінде Әбілқайыр ханның немересі Түркістан аймағынан қашуға мәжбір болады. Ал Қазақ хандығы болса аймақтың солтүстік өңірін қорғап қана қоймай, аймақтың орталық және оңтүстік өңірлерінде өз ықпалын күшейте бастайды. Негізінен аймақта Жәнібек ханның 9 ұлының ықпалы мен әсері өсе бастайды. Олардың ұлыстарының аумағы кеңейіп, қалалар мен елді мекендер,  жақсы қысқы жайылымдар солардың иелігіне көшеді.

XV ғасырдың 80—90 жылдары Мауреннахрда феодалдық бытыраңқылықтың одан әрі тереңдеуі Қазақ хандығына өте тиімді болды. Қазақтар хандығының  аумақта саяси-экономикалық ықпалының күшюіне енді  сол кездегі көршілес мемлекеттердің бірі – Моғолстан қарсылық білдіре бастайды. Моғол ханы Сұлтанмахмут хан тікелей ашық соғысқа бара алмай, ол да Шайбани ханды қазақтарға қарсы қолданады. Сұлтанмахмут хан Мауреннахрдан аймақтың бір бөлігін тартып алып, онда Шайбани ханды билеуші етіп қояды. Деректерде, моғол ханының бұл ісіне қарсы Қазақ хандығы наразылық білдіреді және осыған байланысты екі жақ арасында екі рет ұрыс болады, екеуінде де қазақтар жеңіске жетті деп жазылады. Осы кездердегі сыртқы саясаттағы жеңістердің барлығында да Бұрындық ханның үлесі өте зор. Оның беделінің және атақ-даңқының әбден өскен кезі де осы тұс.

XV ғасырдың 90-шы жылдарында Бұрындық хан мен Жәнібек хан ұлдары арасында қайшылықтар туа бастайды. Біздің ойымызша, қайшылықтың негізіне Сыр өңірінде Жәнібек хан ұлдары ықпалының өсуі мен нығаюы жатыр. Ішкі саяси өмірдегі осы қайшылық сыртқы саясатқа да өз салқындығын тигізеді. Сол себепті де 1493-96 жылдары Түркістан аймағы үшін болған ұрыстар қиын да, ауыр ұзақ болады. Шайбани хан бірде Моғол ханы жағына, бірде Мауреннахрлық билеушілер жағына шығып, өз бағытын өзгертіп отырады. Тіпті ол негізгі қарсыласы — Бұрындық ханмен де жақындасуға ұмтылады. Жәнібек хан ұлдарымен арадағы қайшылықтың одан әрі шиеленісуі Бұрындықты Шайбани ханмен одақтас еткізеді. Сөйтіп, 1496 жылы үш жылға созылған ұзақ ұрыстар мен шайқастардан соң соғысушы жақтар келісімге келеді. Келісімнің қорытындысы бойынша Түркістан аймағы үшке бөлініп, оның солтүстігінде Қазақ хандығы, оңтүстігінде Моғолстан, орталығында  Мұхаммед Шайбани хан билік жүргізуге тиіс болады.

Сонымен бірге Бұрындық хан кешегі қарсыласы Шайбани ханмен  екеуара одақтастықты тереңдету үшін екі қызын шибанилық екі сұлтанға ұзатады. Мұндай одақтастыққа қарсы Жәнібек хан ұлдары да Моғолстан ханымен жақындасып, оларға қарсы одақ құрады. Қасым сұлтанның ағасы Әдік сұлтан Моғол ханының қарындасына үйленеді. Осылайша, қазақ қоғамындағы хандық әулет ішінде бір-біріне қарама-қарсы күштер қалыптасады. Көріп отырғанымыздай, Бұрындық ханның билігі тұсында, XV ғасыр соңында Қазақ хандығындағы жетекші саяси күштер екіге бөлініп, ол хандықтың сыртқы саяси жағдайына әсерін тигізбей қоймайды. Бірақта қалыптасқан жағдай Бұрындық ханға  абырой әкелмейді. Хан ретінде мемлекеттегі барлық саяси күштердің басын қосудың орнына, керісінше, олардың бір-біріне қарсы тұруына, ол күштердің бірінде өзінің болуы — оның беделінің ққлдырауы- ның басы болды. Бұрындық хан өмірінің қайғылы жағы да осында еді.

XVI ғасырдың алғашқы 10 жылдығында Бұрындық хан өміріне түбегейлі бетбұрыс әкелген күрделі ірі оқиғалар болып етті. Ол оқиға тағы да Мұхаммед Шайбани хан есімімен байланысты еді. 1500 жылдын жазында Самарқан тағына келген шайбанилық сұлтан айналасы 3-4 жыл ішінде бүкіл Мауреннахрды біріктіріп, Моғолстанның қол астындағы Ташкентті моғол ханынан тартып алады. Моғол хандары Сұлтан Махмұт пен Сұлтан Ахмет хандар қолға түсіріледі, бірақ Шайбани хан оларды босатып жібереді. Әбден күшейген Мұхаммед Шай¬бани хан 1505 жылдан 1510 жылға дейін Қазақ хандығына қарсы 4 рет жорық ұйымдастырады. Жорықтардың алдына қойған саяси және экономикалық мақсаттарына: Қазақ хандығын бағындыру не әлсірету, Түркістан аймағын Мауреннахрға қосу жатты. Бұрындық хан дәл осы жорықтар кезінде үлкен қателіктер жіберді деп есептейміз. Оған дәлеліміз мынадай. Мұхаммед Шайбани ханның алғашқы үш жорығы кезінде Бұрындық хан қарсыласына  қарсы ешқандай шара қолданбайды. Шайбани хан емін-еркін Жәнібек хан ұлдары: Жаныш сұлтанның, Тыныш сұлтанның ұлыстарын ойрандап, мыңдаған мал-жанын олжалайды. Тіпті 1509 жыл¬дын қысында болған үшінші жорық кезінде, өз ұлысына қарай жау әскерінің келе жатқанынан хабардар болып, оған қарсы ешқандай қарсылық көрсетпейді де, қашуға  мәжбүр         болады. Оның бұл іс-әрекеттері хан беделінің құлдырай бастағандығын, оның атақ-абыройының түсе бастағандығын көрсетеді.

Бұрындық ханның шарасыздық ісін, оның әдейі жасаған жоспарлы ойы деп түсінеміз. Жәнібек хан ұлдары неғұрлым әлсіресе, соғұрлым оның күші өсуі тиіс еді. Бірақ та бәрі көп ұзамай керісінше шығады.

1510 жылдың қысында Мұхаммед Шайбани хан тағы да қазақтарға жорық жасайды. Бұл жорық - оның қазақтарға қарсы жасаған соңғы жорығы болды. Жорық бағыты Қасым сұлтан ұлысына қарсы бағытталады. Қасым ресми хан болмаса да, осы жылдары оның беделі Бұрындық ханнан да күшті еді. Ол жөнінде Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» еңбегінде былай деп жазады:

«...Бұл кезде Бұрындық ресми хан болып саналғанымен, хандықты басқару және толық билік Қасым ханның қолында болды». (XV—XVIII ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969, 217 б.). Осы жорығында Шайбани хан Қасым ханнан  тас-талқан боп жеңіледі.  Қасым ханның жеңісі Дешті Қыпшаққа түгел тарап, оның атағын өсіреді.

Қасым ханның осы жеңісінен кейін Бұрындықтың тағдыры өте қайғылы жағдайда өтеді. Ол жөнінде тағы да Мұхаммед Хайдар Дулати: «...Қасым хан- ның атақ-абыройының өскендігі соншалық, ол Бұрындық ханды қуып жіберді», — деп баяндайды. (Көрсетілген кітап, 222 б.). Бұл шамамен алғанда, 1510 жылдың соңында немесе 1511 жылдың басында болады.

Осылайша, Қазақ хандығының құрылуы кезіндегі оқиғаларға белсене араласып, одан кейінгі кезеңдерде хандықтың күшеюіне өз үлесін қосқан Бұрындық хан XVI ғасырдың алғашқы жылдарында үлкен, мемлекеттік дәрежеде көрегендік көрсете алмайды. Елдік мүддеден жеке, тар мүддеге көшу оның беделін түсіртіп, атақ- абыройын жоғалтқызады. Бұрындық ханның тағдыры — әркімге де тарихи сабақ бола алатын тағдырға жатады..

Енді бірер сөз Бұрындық ханның өмірінің соңғы кезеңі туралы. Тарихи дерек мәліметтерінде баяндалғанындай, Бұрындық хан Дешті Қыпшақтан кетіп, Самарқанға келеді. Қай жылдары екені белгісіз, сонда жүріп ол қайтыс болады. Ол Үргеніш қаласы маңындағы Бақырған ата қабірінің жанына жерленеді. Кейбір тарихшылар ешбір дерек мәліметіне  негіздемей, Бұрындықтың соңғы өмірі жөнінде қисынсыз пікірлер айтады. Мысалы, А. П. Чулошников Қасым хан мен Бұрындық хан арасында ұрыс болды да, жең- ілген Бұрындық өз Отанын тастап, Мауреннахрға кетті деген ойлар айтады. Сол сияқты, Бұрындық хан Самарқан жақта жоқшылықтан, кедейшіліктен қайтыс болды деп жазады. Мұндай пікірден кейін Бұрындық ханның өміріне қатысты мәліметтер беретін деректермен танысқанымызда А. П. Чулошниковтың пікірлері дәлелденбеді.

XVI ғасыр басында жазылған «Хандар шежіресінде» Бұрындық ханның  ұлдары жөнінде айтылады, бірақ олардың ешқайсысы Қазақстан аумағындағы саяси билікке келмейді. Соған қарағанда Бұрындық хан Қасым ханнан ығысып Хорезмге қарай жылжығанда өзінің жақтастарымен, әсіресе, ұлдарымен бірге кеткен дейміз.

Осылайша, Бұрындық ханға қатысты жоғарыда айтқан ойларымызды түйіндей келе, оның өмірі — Қазақ хандығының 40 жылдай тарихымен тікелей байланысты болуына сәйкес хандықтың құрылуы мен күшеюінде оның өзіндік рөлі, алатын орны, қосқан үлесі  бар дейміз. Сонымен бірге Бұрындық ханның өмірі, әсіресе өмірінің  ақырғы кезеңі, ащы болса да шындық, біреулер үшін тарихи сабақ бола алады.

Б.Б. Кәрібаев

ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, тарих, археология және этнология факультеті, 

Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д 


Қасым хан Сайрамды алды

Тарихта ұлы адамдар аса маңызды оқиғалар мен өте күрделі бетбұрыс кезеңдерде айқын көрінетіні белгілі. Өйткені олар белгілі бір тарихи дамулардағы ірі өзгерістерге белсене қатынаса отырьп, оқиғалардың даму барысының жетегінде кетпейді, керісінше өзгерістердің тез немесе баяу болуына, оқиғалардың объективті даму, өрбу бағытына өзіндік жеке рөлін қосады. Олардың қоғам дамуына қосқан үлесі неғұрлым ауқымды, неғұрлым терең болса, соғұрлым олардың есімі халықтың тарихи санасында өшпестей болып сіңіп, уақыт өте ұрпақтар алдында биікке көтеріле береді. Халқының тарихында мұндай ұлы адамдар өте көп, "бірақ та" олардың қатарында, 1511-1521 жылдар ішінде Қазақ хандығын билеген Қасым ханның орны ерекше.

Қасым хан туралы сөз қозғасақ, бірден ойымызға ешбір жазба деректерде кездеспейтін, тек қана халық ауыз әдебиеті арқылы күні бүгінге дейін жеткен «Қасым ханның қасқа жолы» деген сөз тіркесі оралады. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Ол — біріншіден, Қасым ханның өмірі, хандық билігі, сол жылдардағы Мауреннахрдағы шайбанилер әулетімен, Моғолстандағы шағатайлар әулетімен жүргізген саясаттың, қарым-қатынастың нәтижесі; екіншіден—Қазақ хандығын күшейтудегі, қазақ мемлекеттілігін нығайтудағы сіңірген енбегіне халықтың берген бағасы; үшіншіден — қазақ халқының этникалық, ұлттық территориясын қалыптастыру жолындағы атқарған жұмыстарының жемісі; төртіншіден — мемлекетті басқару ісіндегі келесі ұрпақтарға қалдырған өнеге жолы.

Міне, осы Қасым ханның туғанына биыл 550 жыл толып отыр. Сол себепті де біз қалың қазақ жұртына Қасым ханның кім екендігін, қазақ халқының тарихи санасында қандай істерімен қалғандығын, қазақ тарихында алатын орнын көрсету мақсатымен баяндағалы отырмыз.

Қасым ханның жеке өмірбаянына арнайы жазылған ортағасырлық дерек жоқ, тек қана оның сұлтандық және хандық дәуірінен үзік-үзік мәліметтер Қадырғали Жалайыри, Мухаммед Хайдар мырза Дулат, Бабыр, Бинай, Шади, Рузбехан Исфахани, Махмуд ибн Уәли, Хайдар Рази, Гафари, Абдаллах Балхи, Әбілғазы және т. б. авторлардың еңбектерінде кездеседі. Орыс деректерінде де ол туралы - мәліметтер баршылық.      

Енді Қасым хан туралы айтпас бұрын, алдымен оның ата-тегіне қысқаша тоқтап кетелік. Қасым хан — Шыңғыс хан ұрпағы. Шыңғыс ханның кім екендігі баршаға мәлім. Қасым хан оның үлкен ұлы — Жошыдан тарайды. Жошының он төрт ұлының бесеуі және олардан тараған ұрпақтар ХШ-ХV ғасырларда Еуразияның шығыс бөлігіндегі саяси тарихта үлкен рөл атқарады. Орда Ежен, Батый, Шайбан (Шибан), Тұқай Темір ұрпақтары Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда, Қазан, Қырым, Астрахан, Сібір, Хорезм хандықтарының, Мауреннахрдың (XVІ-XVІІІ ғ.ғ.) хандары болған.

Ортағасырлық кейбір дерек мәліметтері мен соларға негіздеп жазылған қазіргі тарихи зерттеулерде Қасым ханның Жошының қай ұлынан тарайтындығы жөнінде екі түрлі көзқарас бар. Бірінші көзқарас бойынша, қазақ хандары Жошының үлкен ұлы Орда Еженнен тарайды, ал екінші пікірдегілер қазақ хандарын Жошының ең кенже ұлы — Тұқай Темірден өрбітеді.

«Тұқайтемірлік» пікірді -қостаушылардың сүйенетіні XVI және XVII ғасырларда жазылған «Тауарих-и гузида-йи нусрат наме» мен Әбілғазының «Түрік шежіресіндегі» мәліметтер. Осы жолдардың авторы бұл жөнінде «тұқайтемірлік» пікірді сынап, дерек мәліметтеріндегі қателердің жіберілу себептері туралы аз дәлелдемелерін айтқан болатын.

«Орда Ежендік» пікірді ұстанушылар негізінен XIV және XV ғасырдың басында жазылған Рашид-ад Диннің «Жамиғ ат-тауарихы» мен атышулы «Ескендірдің анонимі» атты деректеріне сүйенеді. Біз де осы пікірді қостай отырып, Қасым ханнын шежіресін былайша өрбітеміз: Шыңғыс хан — Жошы -  Орда Ежен – Сасы  Бұқа — Шымтай— Орыс хан — Қоиыршақ — Барақ хан .

Көріп отырғанымыздай, Қасым хан жай ғана Шыңғыс ұрпағы емес, ежелден бері келе жатқан хандық әулеттің тікелей жалғасы, заңды өкілі, Орда Еженнен Орыс ханға дейін Қасым ханның аталары Деппі Қыпшақтың шығыс бөлігінде билік құрған. Алғашында Орда Ежен ұлысы деп аталған бұл бөлік, XIV ғасырдың басынан бастап Ақ Орда деп аталады. Саяси әкімшілік орталык, Сыр өңіріне көшіріліп, астана алғашында Сауранда, сосын Сығанақта болады.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін дерек мәліметтеріне жүгініп көрелік. Онда Орда Ежен туралы: «Жошының мұрагері екінші ұлы Батый билікке келгенімен, Орда Ежен әкесінің тірі кезінде және одан кейінгі кездерде үлкен сый мен құрметте болды. Менгу ханның оларға жіберген жарлықтарында оның есімі бірінші жазылып отырған. ...Жошы әскерлерінің жартысын Орда Ежен, ал қалған жартысын Батый басқарды. Орда Ежен мен Батый ұлыстары бір- бірінен өте қашықта орналасты және әркім өз ұлысында дербес билік жүргізді», — деп жазады Рашид ад-дин. Одан әрі ол: Орда Еженнің немересі Қоныша «ұзақ уақыт бойы Орда ұлысының билеушісі болды, — дейді. Қонышаның үлкен ұлы Баян әкесінің мұрагері және Рашид ад-диннің замандасы болған. Рашид ад-дин: «Қазіргі уақытта Баян әкесі Қонышаның орнында отыр, бұрынғыдай оның ұлысын басқаруда», —деп жазады. Қасым ханның бұл бабаларының билік құрған кезі 1225-1290-шы жылдар іші.

Қасым ханнын XIV ғасыдағы хан бабалары туралы Натанзи көп дерек береді. Ол: «Баянның ұлы Сасы Бұқа Ақ Орданың билеушісі болып, 30 жыл басқарды. Ол хижраның 720 жылы (1320/21 ж.) қайтыс болды. Қайбірі Сауран қаласында деп жазады. Сасы Бұқаның ұлы Ерзен Алтын Орда ханы Өзбектің жарлығымен әкесінің орнына отырады. Өзінің үлкен қабілеттілігі мен көрегендігі арқасында аз уақытта Өзбек ханның беделіндей дәрежеге жетті», — делінеді деректе. Ерзен Ақ Ордада 25 жыл билік құрып, 1344/45 жылы қайтыс болады. Ерзен хан тұсында Сыр өңіріндегі Отырар, Сауран, Жент және Бар- шынкент қалаларында көптеген ғимараттар хан жарлығымен салынады.

Дешті Қыпшақтағы Мүбәрәк қожа ханның бүлігінен кейін Ақ Орда тағына Алтын Орда ханы Жәнібек ханның арнайы жарлығымен Қасым ханның бесінші атасы Шымтай отырады және оның билігі 17 жылға созылады. Одан кейін хандық билік 4-ші ата Орыс ханға (Мухаммед ханға) көшеді. Ол тіпті 1370-ші жыл¬дар ортасында Алтын Орда тағын да билейді. Орыс хан туралы мәліметтер ортағасырлық деректерде мол кездеседі.

Орыс ханның төртінші ұлы және Қасым ханның үшінші атасы Қойыршақ 1395-96 жылдарда Жошы ұлысын билейді. Ақсақ Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы күресінде Қойыршақ алғашқысын қолдап, жәрдем береді. Ол туралы Хайдар Рази: «Қойыршақ-оғлан Орыс ханның ұлы. Ол да Темірдің көмегімен (Ақсақ Темірдің) ұлысы мен елін биледі. Біршама уақыттан кейін қайтыс болды», — деп баяндайды. Гафари де Қойыршақ оғланның Ақсақ Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы жасаған екінші жорығына қатынасқанын, Тоқтамыс хан жеңілгеннен кейін, Ақсақ Темір оған Жошы ұлысының билігін тапсырып, Еділ бойынан Дештіге жібергенін айтады. Қадырғали Жалайыри болса Койыршақты «хан» атағымен қосып жазады.

Ал Қасым ханның атасы Барақ хан Ақ Орданың соңғы билеушісі болып, 1425 жылы Алтын орда тағын тарихта белгілі Ұлық Мухаммед ханнан тартып алған. Және сонда 1428 жылға дейін хандық құрады. Замандастары Барақ ханды «Алтын орда тағына үміткерлер ішіндегі «күшті бураға» теңеп, «батыр, әрі алып болған», — деп суреттейді.

Қасымның әкесі Жәнібек ханның кім болғандығы көпке мәлім. Қазақ хандығының негізін қалаушы және Керей ханнан кейін қазақта хан болған. Билік құрған жылдары шамамен 1460-шы жылдар соңы мен 1470-ші жылдар басы.

Жоғарыдағы қысқаша шолудан байқағанымыздай, атақты Қасым хан жай ғана ІІІыңғыс ұрпағы емес. Ата-бабасынан қалған дәстүр, тектілік оның бойынан да табылады. Ол тек қана хандық әулеттің жолын жалғастырушы емес, сонымен бірге қалыптасқан жаңа саяси, этникалық жағдайларға сай хандық билікті, мемлекеттілікті дамытушы қайраткер.

Жәнібек ханның тоғыз ұлы болған. Оның ішінде Қасым мен Қамбар бір анадан, Жаған биден тұрады. «Тарихи Рашиди» атты еңбекте Қасым ханның қай жылы дүниеге келгендігін анықтайтын мәлімет бар. Онда автор 1513 жылы шағатайлық Сұлтан Сайд ханның Шу бойындағы Қасым хан Ордасына келгені жөнінде жаза келіп, «бұл кезде Қасым ханның жасы алпыстан асып, жетпіске жақындап қалған болатын», — деп баяндайды. Осыған сүйене отырып, 1513 жылы Қасым ханның жасы 67-68-дерде десек, онда ол 1445-46 жылдарда дүниеге келген болады. Ортағасырлардағьі Қазақстан тарихының зерттеушісі Т. И. Султанов Қасым ханды 1445 жылы шамасында дүниеге келген деп есептейді.

Қасым ханның өміріне байланысты деректер 1470-ші жылдарға дейін ешбір еңбекте кездеспейді. Оның себебі түсінікті де. Қазақ хандығы құрылғаннан 1470-ші жылдар басына дейін мемлекеттегі ірі саяси тұлғалар Керей мен Жәнібек хандар болды. Ал Бұрындық, Қасым, Махмут, Әдік және т. б. сұлтандар хандардың жанында жүріп сол кездегі оқиғаларға араласқанымен, жазба деректерде негізгі хандар аталып отырған. Алғаш рет жазба деректе Бұрындық хан 1469/70 жылғы оқиғаға байланыс¬ты кездеседі. Өйткені бұл кезде оның әкесі Керей қайтыс болған еді. Сол сияқты Қасым да алғаш рет жазба дерек мәліметтерінде Жәнібек қайтыс болғаннан кейін, яғни 1470-ші жылдар басынан бастап айтыла бастайды.

XV ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап Қазақ хандығының тарихында жаңа кезең басталады. Саяси тарих тұрғысынан қарасақ, бұл кезең — Қазақ хандығының күшеюімен, нығаюымен, этникалық тарих тұрғысынан — қазақ халқының  этникалық, ұлттық территориясының біріктірілуінің басталуымен сипатталады. Мұндағы ең басты оқиғаға — Казақ хандығының Сырдарияның орта ағысы бойындағы қалалар мен далаларды қайтару үшін Мауреннахр билеушісі ТХ6ріяен жүргізген күресі жатты. Бұл күрес 1470-ші жылдардан 1598 жылға созылды. Бір ғасырдан астам уақытқа созылған күрестің бірнеше кезеңі бар. Алғашқы кезең — 1470-1520-жылдар аралығында өтті. Мыс., алғашқы кезеңде Қасым хан өзін ірі қолбасшы, әрі ірі мемлекет басшысы ретінде көрсетіп, замандастарының жазбаларында ұлы тұлға түрінде көрініс табады. 

1470-ші жылдар басында Жәнібек ханнан кейін хандыққа Бұрындық келеді. Бұрындық хан тұсында льш, бүкіл қазақ әскерінің қолбасшысы „йодады. XVI ғасыр басьпіла^азьілГЭН «Шайбани нама» еңбегінің авторы Камал ад-дин Бинай Қасым тура¬лы: «Бұрындық хан әскері ішіндегі атақты баһадүрі және мықты сұлтанның бірі», — деп жазады.  Сырбойы үшін күрестің басталуына Әбілқайыр ханның (1428-1463) немересі Мухаммед Шайбани ханның 1471/1472 жылдары осы аймаққа келіп, тұрақтануы түрткі болды. Қазақ хандығы бұған наразылық білдіріп, қыс мезгіліне қарамастан, Сығанақ пен Сауран төңірегіндегі шайбанилықтарға соққы береді. Қасым хан басшылық еткен қазақ әскерлері осы қалалар маңында шайбанилықтарды талқандап, қашуға мәжбүр етеді. Бұл шайқаста Қасым ханның бауырлары: Махмут, Жиренше, Қамбар сұлтандар бастаған жасақтар ерлігімен көзге түседі. Мухаммед Шай¬бани хан болса өзінің атақты сұлтаны мен баһадүрінен айырылады.

1471/72 жылғы ұрыс Қазақ хандығы үшін өте нәтижелі аяқталды. Сыр өңірінен қарсылас жау қуылды және аймақтың солтүстік және солтүстік батысындағы Созақ, Сауран және Сығанақ аймақтары Қазақ хандығының құрамына өтеді.

Кезіндегі Ақсақ Темірге арқа сүйеген Ақ Ордаға қарсы күрескен Тоқтамыс хан секілді Мұхаммед Шайбани хан да Мауреннахрдағы Ақсақ Темір ұрпақтарынан әскери жәрдем алып, Қазақ хандығына XV ғасыр соңында бірнеше рет күрес жүргізеді. Шайбани ханның екінші peт Сыр өңіріне келуі 1480-ші жылдарда болды. Бұл жолы да Қазақ хандығы оған тойтарыс береді және Сыр өңірінің қалған бөліктеріне ықпалын күшейте түседі.Бұл жолғы күресте  Қасым мен оның інілері қол бастап, жауын тағы да қашуға мәжбүр еткізеді.

Күрестің үшінші кезеңі XV ғасырдың 93-96 жылдары етті. Бұл Қазақ хандығы үшін ауыр кезең болды. Күреске Мауреннахр билеушілерімен қатар Моғолстан ханы Сұлтан Махмұт хан да араласып, Мұхаммед Шайбани ханға әскери көмек береді. Екіншіден, Қазақ хандығының Сыр өңірін толығымен қайтарудың соңғы кезеңінде билеуші топтар арасында қайшылық туып, екі топ пайда болады. Бірін — Бұрындық, екіншісін — Қасым және Жәнібек ханның өзге ұлдары құрайды.

Қайшылық — Жәнібек хан ұлдарының Сыр өңірінде жаңа ұлыстарды иеленуіне, соның салдары — олардың күшейе бастауына байланысты туындады. Болашақта өз билігіне қауіп төнетінін сезген Бұрындық енді Жәнібек хан ұлдарын әлсірету мақсатымен кешегі жауы — Мухаммед Шайбани ханмен жақындаса бастайды. Және де шайбанилық сұлтанның Сыр өңірінде бекінуіне, бірнеше қаланы иеленуіне рұхсат етіледі. Бұрындықтың бұл әрекеті — Қасым хан тобынын Сыр бойын толық иеленуіне мүмкіндік бергізбеуге және қажет болса, кешегі жаумен Жәнібек хан ұлдарына қарсы одақтасуға жасаған бағыты бол¬ды.

Қасым сұлтан қалыптасқан қиын жағдайдан оңай шығады. Өз кезегінде ол Бұрындық пен Шай¬бани хан одағына қарсы моғол ханымен одақ құрып, қарсы шаралар әзірлейді. Сөйтіп, 1496 жылы Сыр өңірі үшін күрестің алғашқы дәуірі аяқталып, Қазақ хандығы Қасым және оның жақтаушылары арқасында Сыр өңірінің солтүстік бөлігін иемденеді.

Егер ХV ғасырдың 70-80-ші жылдары Қасым үнемі Бұрындық ханның жанында жүріп, «оған бағынып, бұйрықтарын орындап жүрсе», сол ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап, одан алшақтай бастайды. Қалыптасқан саяси жағдай және оның одан әрі дамуы Бұрындық пен Қасым арасын күннен-күнге салқындата түседі.

XV ғасырдың соңғы жылдарында Қасымның әскери қолбасшылық қасиетімен қатар, мемлекет қайраткері ретіндегі шебер дипломат ретіндегі қыр- лары айқындала түседі. Бұған дәлел ретінде, Қасымның жеке бастық мүддесінен гөрі мемлекеттілік мүддесін артық қоюы және осы соңғы мүддеге сай іс-әрекет жасап, шешім қабылдауы, оны жүзеге асыруы жатады.  

Қасым ханның қазақ халқы алдында, қазақ мемлекеттілігін нығайтуда сіңрген еңбектерінің бірі— XV ғасыр соңында Сыр өңірінің біртіндеп қазақ халқының этникалық территориясына ене бастауы болды.  Ал XVI ғасыр басындағы  ханның аса бір рөлі — қазақ жеріне басқыншы болып келген Мұхаммед Шайбани хан әскерін тас-талқан етіп жеңуден керінді.

1496 жылы Бұрындық ханмен одақтасу арқылы Сыр өңірінің бір шетіне табан тіреген Шайбани хан, Мауреннахрдағы саяси бытыраңқылықты ұтымды пайдалана отырып, 1500 жылы Самарқан тағына отырады. Және де 1500-1504 жылдары Орта Азияның бірталай аймақтарын бағындырып  қуатты мемлекет құрады. Бірақ солтүстікте Қазақ хандығының болуы оған үнемі қауіп төндіреді. Сондықтан да Шайбани хан XVI ғасырдың басында Қазақ хандығын өзіне бағындыруды басты мәселе етіп қояды. Шайбанилық сұлтанның бірі, кейіннен хан болғанУбайдуллах XVI ғасыр басындағы қазақтармен соғыс туралы мәселеде «біздің бүкіл мұсылман әлемін жаулаудағы алғашқа қадамымыз қазақтарды бағындырудан басталады»,- деп жариялайды. Бұл- 1509 жылы айтылған сөз.

Орта Азия билеушісі XVI ғасыр басында алдымен қазақтарды экономикалық тәуелділікте ұстау  үшін 1505 жылы жарлық шығарады. Жарлықтарда қазақтармен толық сауда-айырбасты тоқтату жөнінде айтылады. Және де Орта Азияда жүрген қазақ саудагерлерін тонауға бұйрық береді. Бірақұ бұл шара оған оң нәтиже бергізбейді, керісінше Қазақ хандығы тарапынан қарсы әрекеттер туғызады. Шайбани хан өз әрекетін оң көрсету үшін мауреннахрлық дін басыларына қазақтарды «дінсіздер» деп жариялатқызып, күреске Орта Азияның бүкіл мұсылмандарын жұмылдырады.

Сөйтіп, ол 1505 — 1509 жылдар аралығында  Қазақ хандығына қарсы үш рет жорық ұйымдастырды. Бұл үш жорық Шайбани хан үшін біршама табысты аяқталды. Сыр өңіріндегі қазақ сұлтандарының ұлыстары талқандалып мыңдаған мал мен жан олжаға түсіріледі. Талқандалған ұлыстардың бәрі Жәнібек хан ұлдарының ұлыстары болатын. 1509 жылдың қысында болған үшінші жорық кезінде Бұрындық хан жау шабуылын біле тұра, Жәнібек хан ұлдарына ешқандай көмек бермейді. Керісінше, өз басын аман сақтап, ұлысымен  шегініп кетеді. Ханның бұл әрекеті бүкіл қазақ қоғамында оның беделін төмендетеді. Осы кезден бастап барлық күштер Қасым ханның төңірегінде топтаса бастайды. Өйткені Шайбани хан алғашқы үш жорықта қазақ елін бағындыруды мақсат еткенімен оған жете қоймаған еді. Сондықтан да болашақта түпкі мақсатқа жету үшін әлі де болса жорықтар болу қаупі болатын. Міне, осы тұста сыртқы жауға тойтарыс бере алатын және бүкіл қазақ елін соған жұмылдыра алатын жалғыз тұлға – Қасым хан еді. Сыр өңірі үшін болған бүкіл қазақ елін соған жұмылдыра алатын жалғыз тұлға – Қасым хан еді. Сыр өңірі үшін болған күрестерде жинақталған тәжірибе мен атақ-абырой, қолбасшылық пен ұлыс билеушілік дәреже, хан әулетінің өкілі болуы – Қасым ханды қиын-қыстау жағдайда қазақ елінің ең ірі мемлекет қайраткеріне айналдырады. 

Мұны сол кездегі тарихшылар да аңғарған. Мысалы, Мұхаммед Хайдар мырза Дулати: «Қасым ханның күшінің өскендігі соншалықты, Бұрындық хан туралы ешкім де ойламады», және «хандықты басқару мен ондағы бүкіл билікті қолына алды»,- деп жазады. 

Шайбани ханның келесі жорықтарынан хабардар болған Қасым хан оған алдын-ала әзірленеді. 1510 жылғы Шайбани ханның соңғы жорығында Қасым хан өз Ордасын ішкері қарай, Ұлытау маңына қондырады. Және де Ордада аз күш қалдырып, негізгі күшін кейін шегіндіреді. Оңай жеңіске масаттанған жау қаннен – қаперсіз бірнеше күн бойы Ордада тойлайды. Осы тұста Қасым хан батырларын қарсы шабуылға шығарады. Қазақтардан мұндай қарсы әрекетті күтпеген жау әскері ешқандай қарсылық көрсете алмай, бас-сауғалап қашуға мәжбүр болады. Қазақтар жауын Ұлытаудан Сыр өңіріне дейін қуып, Сығанақ түбінде тас-талқан етеді. Шайбани хан әскерінің қалдықтары деректерде жазылғандай, қорыққанынан арттарына қарауға мұршасы келмей, Самарқанға дейін ешбір жеңілістің дәмін татпаған Шайбани хан әскері Қасым хан әскерінен 1510 жылдың қысы мен көктемінде осылай жеңіледі. 

Орта Азия билеушісінің бұл жеңілісін сол тұстағы тарихшы Балхи былай деп бағалайды:«Бір сөзбен айтқанда, Шайбани ханның үлесіне ірі жеңіліс тиді. Өзінің ең шырқау биігіне жеткен оның билігі енді құлдырай бастады». Көріп отырғанымыздай, Қасым хан тек қазақ елін құтқарып қана қойған жоқ, қарсыласы Шайбанидың белін үзіп, омыртқасын опырғандай соққы береді. Орны келгенде айта кетелік, Қасым ханнан жеңілгеннен соң Шайбани хан өшін айналасындағы сұлтандардан алып олардың иеліктерінің бәрін өзгертеді.Өз кезегінде сұлтандар бұған наразы болып, іштей қарсылық білдіреді, бірақ бірден сыртқа шығара алмайды. Сол жылы оның Бадахшанның таулы тайпаларына жасаған жорығы сәтсіз аяқталады. Күзде Мерв қаласында Иран шахы Исмайыл шах әскерінің қоршауында қалғанда қарамағындағы бірде-бір сұлтаннан көмек келмейді. Сөйтіп 1510 жылы күз айында ол қоршауда қаза табады, ал бірнеше жыл бойы орта Азияда саяси бытыраңқылық жайлайды. Міне, Қасым ханнан жеңілген Мұхаммед Шайбани ханның тағдыры және ол құрған мемлекеттің тағдыры осылай аяқталады.

Қасым ханның Шайбани ханды жеңуі оның рөлін одан әрі өсіреді, сонымен бірге ол билеген Қазақ хандығының халықаралық жағдайы арта түседі. Жалпы алғанда, Шайбани хан жорықтарына қарсы күресі, оны талқандауы- Қасым ханның қазақ халқы алдында сіңірген тағы да бір еңбегінің бірі.

Қазақ жұрты алдында беделінің жоғалғандығын көрген Бұрындық 1511 жылы Мауреннахрға кетеді. Ешбір деректе жазылмаса да, осы жылдан бастап Қасым ханның ресми хандық дәуірі басталады. 

Қасым хан Қазақ хандығында 10 жыл (1511- 1521 жж) отырды. Қазақ халқы үшін ол осы 10 жыл ішінде бірнеше хан ұрпағы атқаратын іс атқарып кетті. Ол хандық құрған жылдар ішінде қазақ елін, қазақ жұртын іргесіндегі көршіден алыстағы Еуропа халқына дейін танып біледі.

1510-1513 жж Шайбани хан өлгеннен кейін, орта Азияда саяси бытыраңқылық белең алып, Сыр өңірінде оның ықпалы әлсірейді. Сондай-ақ Жетісу мен Шығыс Түркістанда бір жарым ғасырдан астам өмір сүрген Моғолстан мемлекеті ыдырайды. Осындай Қазақ хандығы үшін қалыптасқан қолайлы сәттерді шебер пайдалана білген Қасымхан Жетісуда толығымен сыр өңірінде, Қазақ хандығының билігін орнатады. Мұнда бір ескеретін жай- бұл аталған аймақтар ешбір ұрыссыз қазақ халқының  этникалық территориясына енеді. Себебі мұндағы тайпалар қазақ халқының этникалық компоненттерінің бірі болатын.    

Салыстырмалы түрде айтсақ, дәл осы жылда¬ры орыс халқынын этникалық территориясының қалыптасу үрдісі, сонымен қатар, саяси үрдісі бір орталыққа бағындырылған мемлекеттің құрылып жатқан кезі болатын. Бірақ та бұл прогрессивті процестер кейбір княздықтардың қатты қарсылығына тап болып, қырғын соғыстар арқылы жүрді.

Ал XVI ғасыр басындағы Қасым ханның билігі тұсында қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасуы үрдісінің Жетісу, Сыр өңірлерінде бейбіт өтуі бірнеше мән-жайды ашады. Біріншіден, этникалық процестің біртұтас этнотерриторияда жүруі этникалық компоненттердің этнопсихологиялық  жағынан жақындасуын тездетеді. Сол себепті де Жетісу мен Сыр өңіріндегі этникалық топтар саяси кедергілер жойылғаннан кейін өзінің негізгі этникалық ұйтқысына қосылады. Екіншіден, мұндай күрделі үрдістің қырғын- соғыссыз етуіне өз заманының ұлы қайраткері — Қасым хан тұрды. Жеке адамдардың тарихи кезеңдердегі тарихи рөлін Қасым ханның атқарған рөлі арқылы түсінуге және түсіндіруге болады. Түбінде болатын объективті тарихи үрдіс — қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасуы — мүмкін басқа хандар тұсында басқаша жүрген болар ма еді. Немесе орыс тарихындағыдай соғыстар арқылы жүрген болар ма еді. Нақты оқиғалы кезеңдерге жеке тұлғалардың араласуы, ол үрдісті не тежейді, не тездетеді, бірақ тоқтата алмайды. Біз бұл арада қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасуы Қасым хан тұсында бейбіт түрде және тез жүргенін көрдік. Қасым ханның қазақ тарихындағы тарихи рөлдерінің бірі осында.

Қасым хан қазақ халқының территориясын қалыптастырумен қатар, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де күш салады. Оған дәлел — 1513 жылғы оның Ташкентке жорық жасауы болды. Осы жылдары Ташкенттің Қазақ хандығына өтуі бірнеше мәселені шешкен болар еді. Біріншіден, Ташкентті алу арқылы Сырдың орта ағысы бойындағы қалалар мен елді мекендердің бейбіт өмірін сақтау, хандықтың оңтүстік шекарасын қауіпсіздендіру және бір саяси кеңістіктегі Дешті Қыпшақ пен оңтүстігінде Сайрамға дейін Сыр өңірінің этникалық тұтастығын қамтамасыз ету, дамыту болды. Екіншіден, дәл осындай мақсаттар Жетісуға да қатысты болды. Мауреннахр тарапы¬нан Жетісуға және Сыр өңіріне апаратын қысқа және төте жол—Ташкент арқылы өтті. Сондықтан да қаланың қазақтарға өтуінің әскери-стратегиялық  маңызы болды. Үшіншіден, Қасым хан алдында саяси міндет 1513 жылдың басынан  қайта күшейе бастаған шайбанилық сұлтандардың күшін, Ташкент аймағындағы ықпалын әлсірету болды. Міне, осындай маңызды мақсаттар Касым Ташкент аймағындағы ықпалын әлсірету болды. Міне, осындай маңызды мақсаттар Қасым ханды Ташкентті алуға итермеледі. Жорықтың басталуына Сайрам қаласын өз еркімен Қасым ханға берген Қатта-бекті њсыкысы турткі болды. Бірақ та Қасым ханның Ташкентке жасаған 1513 жылғы жорығы сәтсіз аяқталады. Кейін шегінген қазақ әскері Ташкенттің солтүстігіндегі қала — Сайрамға келіп тоқтайды. Уақытша болса да бұл қала әскери — стратегиялық маңызға ие болды.

1513 жылдан кейін қайта бірігіп, күшейген Мауреннахрдағы шайбанилық сұлтандар Қазақ хандығының Сыр өңіріндегі ықпалын жою мақсатымен 1516/17 жылдың қысында жорық ұйымдастырады. Шайбанилық тарихшылар жорықтың ұйымдастырылуы туралы қанша марапаттаса, жорықтың немен аяқталғандығы туралы сонша аузын ашпайды. Яғни, біздің ойымызша тағы да бір ірі жеңілісті жазуға олардың дәтібармаған. Бұл жолы да қазақ ханы Қасым хан жаудан айласын асырып, шайбанилықтарға күйрете соққы береді. 1516/17 жылғы оқиғадан соң Қасым хан қайтыс болғанға дейін Сыр өңірі мен Жетісу аймағындағы саяси талас-тартыс аяқталып, бейбіт өмір қалыптасады.

Қазақ хандығының оңтүстік пен оңтүстік - шығыс бағыттардағы сыртқы саясатын сәтті аяқтаған Қасым хан 1517 жылдан бастап күш- жігерін батысқа Жайық, Еділ бағытына жұмсайды. XVI ғасыр басында екі өзен аралығындағы Ноғай Ордасы ауыр-саяси дағдарыста болатын. Мырзалар ру- тайпа көсемдері билік үшін өзара күресте мемлекетті толығымен ыдыратып, бір-біріне бағынбайтын, дербес иеліктерге бөлініп кеткен еді. Ноғай мырзаларының өзара күресінен әбден шаршаған ру-тайпалар өздерінің этникалық ортасы, этникалық кеңістіктегі құрамдас бөлігі- қазақ этносына қосыла бастайды. Этникалық бірігу сая¬си тұрғыдан қолдауға ие болды. Қазақ ханы Қасым хан мұнда да көрегендік танытып, қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасуы үрдісін соғыссыз, бейбіт түрде жүзеге асырады. Тарихшы А. Исиннің зерттеулерінде кейбір ноғай мырзаларының 1519 жылы Еділдің оң жағалауына ығыстырылғандығы жөнінде айтылады. Ал сол жағалауда Қазақ хандығының билігі жүре бастайды да, ол енді Астрахан хандығымен шектеседі. Өз кезінде бұл жағдай Қазақ хандығына Алтын Орда ыдырағаннан кейін, оның батыс бөлігіндегі саяси қарым-қатынастарға белсене араласуға мүмкіндік береді. Және де Қазан, Астрахан, Қырым, сондай- ақ Москва княздықтарымен осы тұста Қасым хан кезінде дипломатиялық қатынастар орнатылады.

Алтын Орданың мұрагері болуға ұмтылған Қазан, Қырым және Астрахан хандықтары бір- бірімен күресте өздеріне мықты одақтас іздестіреді. Москва княздығы бұл кезде әлі де болса қуатты емес еді. Сондықтан да күшті одақтас Қасым хан деп танылады. Орыс деректерінде 1520 жылы Қырым хандығында қазақтардан елші келгендігі айтылады. Жазба деректер бұл жөнінде мардымды ештеңе айтпаса да, осы жылдардағы үздіксіз болған байланыстар халық ауыз әдебиетінде жақсы сақталған. Тарихи, батырлык, жырларда Қырым, Казан хандықтарына байланысты, жекелеген батырларға байланысты көптеген оқиғалар баяндалады.

Бұрынғы Жошы ұлысы, одан кейінгі Алтын Орда жерінде XVI ғасырдың басында ең қуатты мемлекет — Қазақ хандығы болды. Оның ханы — Қасым хан. Дәл осы кезде Москва княздығы Қазақ хандығымен байланыс орнатуға ұмтылады. Бұл байланыс арқылы Москва қазақтар туралы, Қазақ хандығы және Қасым хан туралы көп мәлімет алуға тырысты. Өйткені енді-енді Алтын Орда езгісінен құтылған Москва княздарының есінде кешегі күн елестері көп еді. Олар Алтын Орда территориясында жана қуатты мемлекеттің пайда болуынан қатты сескенді. Мұрагерлікке таласқан үш хандықтың өзара күресі Москваға өте тиімді болатын. Бірақ та 1519 жылдан бастап Қазақ хандығының бұл іске араласуы Москваға өте қауіп туғызды.

Сондықтан да Москва байланыс орнату арқылы қазақтар туралы көп білмек болды. XVI ғасырдын 70-ші жылдарында құрастырылған патша архивінің тізімінде: «38-жәшік. Онда Қасым хан тұсындағы қазақтар туралы қағаздар бар». Өкінішке орай, бұл қағаздар бізге дейін жетпей өртеніп кетті. Москваның Қасым ханға жеке көңіл аударуы, біріншіден Қазақ хандығының қуаттылығына байланысты болса, екіншіден оның мемлекет қайраткері ретіндегі рөліне бай¬ланысты туындаған деп санаймыз.

Ортағасырлық тарихшылар қазақ хандары ішінде Қасым ханнан басқа ешкімге көп баға берген емес. Бұл жай — оның тарихи тұлғасының сол кездің өзінде-ақ көпшіліктің танығандығын көрсетеді. Ал ол ту¬ралы қалың қазақ жұрты біле ме екен? Ірі тарихи тұлғаның 550 жылдық тойына байланысты за- мандастырының ол туралы пікірін тыңдап көрелік. Захир ад-дин Бабыр: «Жұрттың айтуына қарағанда, қазақ хандары мен сұлтандарының  бірде-бірі бұл халықты дәл осы Қасым хан сияқты бағындыра алмаса керек. Оның әскерінде 300 мың адам болған», — десе, Мұхаммед Хайдар мырза Дулати: «Ол Дешті Қыпшаққа толық билігін таратты, оның халқы миллионнан асты. Жошы ханнан кейін бұл жұртта дәл мұндай күшті хан болған жоқ», — деп жазады. Ал Қадырғали Жалайыри болса, «Жәнібек хан ұлдары ішінде аса белгілі болғаны Қасым хан еді. Ұзақ уақыт атасының ұлысына патшалық етті. Төңірегіндегі уалаяттарды өзіне қаратты», — дейді «Қасым хан Дешті Қыпшақ аймақтарында өз билігін күшейткені соншалық, оның әскерінде 200 мыңнан аса адам болды», — деп Махмуд ибн Уәли баяндаса, Хайдар Рази: «1515-16 жылдары Қасым хан Жошы ұлысын тәртіпке келтіргендігі сондай, бұдан артықты көз алдыңызға елестету мүмкін емес, оның халқының саны миллионға дейін жетті», — деп хабар береді. Ал Гафари деген тарихшы «Қасым хан Дештінің ханы бол¬ды. Шайбани хан екеуінің арасында кикілжіндер болып, 1509/10 жылы Шайбани хан оған қарсы аттанды, бірақ жеңіліс тапты», — деп жазады.

Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығы жайындағы хабарлар Еуропа елдеріне де жетеді. 1525 жылы Москва княздығы туралы кітап жазған итальяндық әдебиетші Иовий Московияның шығысындағы көршілерді жалпы атаумен «татарлар» деп, «олардың территориясы Қытайға дейін созылып жатыр», — деп түсіндіреді. Ал 1516 және 1526 жылдары Москвада екі рет болған австриялық елші Сигизмунд Герберштейн «Во¬лга бойындағы бұл патшалық (Қазан хандығын айтып отыр Б. К.) оңтүстікте және шығыста далалық аймақпен шектеседі. Шығыста олар шайбанилар және қазақтар деп аталатын татарлармен араласып тұрады», — деп баяндайды. Бұл тұңғыш рет қазақ деген халықтың еуропа халықтарына таныстырылуы, белгілі болуы еді. Мұнда әрине, Қасым ханның рөлі айрықша орын алады.

Қасым ханның тарихи рөлі жоғарыда айтылған ойлармен шектелмейді. Қасым ханның билігі тұсында бұрыннан қолданылып келе жатқан «Дешті Қыпшақ», «көшпелі өзбектер», «өзбек-қазақ» деген әртүрлі мәні бар атаулар- дың орнына бір ортақ этноним — «қазақ» және этносаяси термин—«Қазақстан» қолданыла бастайды.

1512-13 жылдардағы оқиғаларды баяндайтын Мұхаммед Талибтың «Матлаб ат-талибин» атты шығармаларында алғаш рет «Қазақстан» термині айтылады. Одан кейін 1537 жылғы оқиғаларға байланысты Васифидың «Бадай ал- вакай» еңбегінде де бұл термин тілге тиек бола¬ды. «Қазақ», «Қазақстан» атауларының көршілес елдерінің тарихына енуі де Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығының нығайғандығына байланыс¬ты болса керек.

Қасым ханның қазақ билеушілерінің болашақ өкілдеріне қалдырған өнеге жолы — елдің саяси бірлігін  ақтауы мен мемлекеттіліктің ең басты көрсеткіші хандық билікті нығайтуы оны мойындатуы еді. Жоғарыда келтірген "орта- ғасырлық авторлар мәліметтерінен біз осындай ойларды табамыз. Тағы бір дәлеліміз — 1513 жылдың жазында болашақ Мочулия ханы Сайд хан Қасым Ордасына келгенде ханды күтіп алуға Қасым хан Жошы ұрпағынан тараған 30—40 сұлтанды жұмсайды. Олардың ішінде 5-6-сы 50—60-тан асып кеткендер. Осыншама сұлтандардың Қасым хан төңірегіне шоғырлануы, — Қасым ханның тәрбиесі, өнегесі болса керек.

XVI ғасырдың бірінші ширегінде қазақ атын жер жүзіне жеткізген Қасым хан есімі қазақ халқының тарихи санасында мәңгі орын алып, жарты мың жылдан аса сақталып келе жатыр. «Қасым ханның қасқа жолы» — осының куәсі.

«Қасқа жол» - деп аталатын заң, қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде Қасым хан тұсында жасалған. Оның жасалуына себеп болған жағдайлар мыналар:

1. Қасым ханның билігі тұсында Керей, Жәнібек және Бұрындық хандар кезіндегі қазақ қоғамы анағұрлым жоғары сатыға көтерілді;

2. Қазақ халқының этникалық территориясы толығымен біріктірілді;

3. Хандық билік этникалық территорияга толық тарап, рөлі артты;

4. Халықтың саны Қасым хан тұсында бірнеше есе өсті;

5. Қазақ хандығының жаңа қалыптасқан жағдайына бұрынғы әдет-ғұрып заңы сай келмейді.

Міне осы аталған себептер «Қасқа жолды» дүниеге әкеледі. Бұл заңның жазбаша тексі болмаса да қазақ есінде заң атының жарты мың жыл бойы сақталуы «Қасқа жолдың» қазаққа өте қонымды, қоғамдық қатынастарға үйлесімді болғанын көреміз.

Ендігі айтар бірер сөз — Қасым ханның қай жылы қайтыс болғандығы жөнінде. Шығыс жаз¬ба деректеріндегі мәліметтер әртүрлі жылдарды айтады. Дулати мен Хайдар Рази 1518/19 жыл десе, Гафари және басқалар 1523/24 жылды көрсетеді. Қазіргі кездегі оқулықтар мен кейбір зерттеу еңбектерінде ұлы тұлғаның қайтыс болған жылын 1518-23 жылдар аралығындағы кез-келген жылды көрсетуде. Қайтыс болған жылды анықтауда орыс деректерін зерттеген тарихшы А. Исиннің материалдары жәрдемдеседі.

1519 жылы Қазақ хандығының шекарасы Еділге дейін жетіп, Астраханмен шектеседі дедік. 1520-21 жылдың қыс айларында Астраханда Занко Зудов деген рязаньдық 3-4 ай тұтқында болады. Қазақ хандығында болып жатқан оқиғалардың бірталайын ол тұтқында жүріп естиді. 1521 жылдың сәуірінде оның Москваның ұлы князі ІІІ Василийге жіберген хабарламасында «Осы жылы қыста қазақ патшасы қайтыс болды», — деп жазады. Бұдан басқа көздер арқылы да Москваға Қасым ханның қайтыс болғандығы туралы хабарлар жетсе керек. 1521 жылы июнь айында Түркияға бара жатқан бояр ұлы Василий Михайлович Третьяк-Губинге ІІІ Василий «Қазақ Ордасы туралы анықтау, қазіргі кездегі қазақтардың патшасы кім және олар қай жерде көшіп-қонып жүр»,— соны анықтауға тапсырма береді. Бұдан көріп отырғанымыздай, Қасым хан 1518 жылы не 1523 жылы емес, 1521 жылдың қысында қайтыс болған.

Қадырғали Жалайыри  Қасым хан  Сарайшықта жерленген деп жазады. Ол түсінікті де, өйткені Қасым ханның соңғы 3-4 жыл өмірі Еділ-Жайық бойында өтеді. Қайтыс болғанда Ұлы хан 75—76 жастар шамасында болады.

Қасым ханның өмірі мен қазақ тарихында алатын орны, міне осындай. Биыл 550 жыл толып отырған Ұлы тұлғаның  тарихи орны осындай. 

Б.Б. Кәрібаев

ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, тарих, археология және этнология факультеті, 

Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д. 


Қазақ ұлты қалыптасты
Жәнібек хан Созаққа шабуыл жасады, Созақ пен Сауран қазаққа көшті

       Қазақ халқының тарихи санасында есімі аса құрметпен айтылатын хандардың бірі — Жәнібек хан. Көршілес халықтардан шыққан тарихшылар ол туралы үзік-үзік, үстіртін деректер берсе, халық ауыз әдебиеті оның тарихи бейнесін Әз-Жәнібек деген атпен бес ғасырдан астам уақыт бойы сақтап келеді.

       Тарихта халық жадында ұмытылмас тұлға боп қалған хандар, патшалар, сұлтандар онша көп емес. Олардын билігі тұсында ел өмірінде, мемлекет тарихында болған ірі күрделі өзгерістер мен дамулар тек қана билеушінің кемеңгерлігімен, ақылдылығымен, көрегенділігімен және тағы да баска ерекше қасиеттерімен байланыстырылады. Сөйтіп олар ел аузында ең жақсы билеушіге айналып, басқа билеушілер сонымен ғана салыстырылады, тенестіріледі. Мысалы, ортағасырлык деректерде ең күшті, женімпаз, әділетті деген билеушілер Ескендір Зұлқарнайынға, Жәмшіге, Ануширванға теңелген. Ал қазақ  халқы болса өзінің төл әдебиетінде ең күшті, ең ақылды хандарын бір сезбен немесе сөз тіркесімен қоса айтып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған. «ӘзТәуке», «Тәуке ханның «Жеті Жарғысы», «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» осынын айғағы.

Жәнібек хан жөнінде сөз айтар болсак, оның туысы Керей ханмен бірлесіп  Қазақ хандығының негізін қалаушы ретіндегі рөлі есімізге оралады. Міне, Жәнібек хан туралы калың көпшіліктің білетіні осы ғана. Осыны ескере отырып, біз, бұл мақаламызда Жәнібек хан жайында жазылған  барлық жазба дерек  мәліметтері мен ел есіндегі тарихи аңыз -әңгімелерді қолдана отыра, онын қазақ тарихындағы атқарған рөлі мен алатын орнын ашып көрсетуге тырысамыз.

Жәнібек ханның есімі ортағасырлык жазба деректерде хандар шежіресіне байланысты, Қазақ хандығының негізін калаушы  ретінде және кейбір шығармаларда Қасым ханның әкесі ретінде кездеседі. Оның өмірі жайында ешбір жазба дерек толық мәлімет бермейді. Ал кейбір зерттеулерде Жәнібек ханның 1470-ші жылдардағы өміріне байланысты қате пікірлер жазылып та жүр. Біз ол жөнінде өз ойымызды осы мақала ішіңде айтып өтуге тырысамыз. 

    Алдыменен Жәнібек ханның шығу тегіне қысқаша тоқтала кетелік. Оның шын есімі— Әбу Сайд. (Әбілғазы. Түрік шежіресі. А., 1992, 1196.;ХУ-ХVIII ғ.ғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969,42-6). Ол — Ақ Орданың соңғы ханы, атакты Барақ ханның Мір-Сайд, Мір-Қасым атты ұлдарынан кейінгі кіші ұлы. Сол себептен болу керек, ХУІ-ХУП ғғ. казақ тарихшысы Кадырғали би Жалайыр оны «Кіші Жәнібек хан» деп айтады. (Сыздыкова Р., Койгелдиев М. Кадырғали би Қасымүлы және оның «Жылнамалар жинағы». А., 1991, 251-6). 

Жәнібек ханның Орыс ханға дейінгі аталары: Барақ пен Койыршақ хандар - Ақ Ордада хан болған тұлғалар.  Барақ хан XV ғасырдың 20-шы жылдарында Ақ Орда мен Алтын Ордада хан болған. 1426 жылы Сыр өңірі үшін күресте Мауереннахр билеушісі Ұлығбекті Сығанақ түбінде тас-талкан етеді. Атасы Қойыршақ хан 1391-95 жылдары Ақсақ Темір мен Тоқтамыс хан  арасындағы соғыстарда алғашқы билеушінің жағында болады. Сол себепті де ол Тоқтамыс хан Алтын Ордадан қуылғаннан соң, Дешті Қыпшақта хан болады. Хайдар Разидың жазуына карағанда Жәнібек ханның атасы хандықта ұзақ отырмаған. Ал үшінші атасы Орыс хан туралы деректер көп, ол 1361-78 жылдары Ақ Орда мен Алтын Ордада хан болған.

Ал Орыс ханнан Шыңғыс ханға дейінгі хандар шежіресі деректер мен оларға негізделген зерттеулерде екі түрлі түсіндіріледі. «Тауарихи гузида-ий нусрат нама» мен Әбілғазының «Түрік шежіресінде», «Шыңғыс хан — Жошы хан — Тоқайтемір — Өзтемір — Хожа-Бадық (Бадағұл) — Орыс хан» делінсе, Натанзидың «Ескендірдің Анонимі» бойынша «Орыс хан — Шымтай — Ерзен хан — Сасы Бұқа» —деп өрбітіледі. Рашид ад-диннің «Жами ат-тауарихында», «Сасы Бұқа — Баян — Қоныша- Сартақтай —Орда Ежен – Жошы хан және Шыңғыс хан» деп баяндалады. Бірінші деректе Жәнібек хан - Шыңғыс ханның ең кенже ұлы Тұкай Темірден таратылса, екіншісінде ең үлкен ұл Орда Ежен ұрпағы деп көрсетілген.

Келтірілген шежіреден көріп отырғанымыздай, бірінші нұсқадағы Жәнібек хан аталары Дешті Қыпшақ тарихындағы белгілі тұлғалар, ал екінші нұсқа бойынша әулетінен хандық билік үзілмеген және ХШ-ХУ ғасырларда Дешті Қыпшақтың саяси тарихында өз орны бар адамдар. Ата-баба жолын жалғастырған Жәнібек хан да XV ғасырдың ортасынан бастап Дешті Қыпшақтағы жаңа мемлекеттің, қазақ мемлекетінің негізін қалап, оны билеушілердің бірі болады. Орайы келгенде айта кетелік, XIX ғасырдың бірінші ширегіне дейін өмір сүрген Қазақ хандығының хандарының бәрі Жәнібек ханның ұрпақтары болып саналады.

Жәнібек хан шамамен XV ғасырдың басында дүниеге келген. Сол ғасырдың 50-60-шы жылдары туысы Керей екеуі Орыс хан ұрпақтарының ішіндегі ен үлкені болатын. Қазақ хандығының негізін қалағанға дейін оның өмірі туралы ешқандай мәлімет жоқ, сол себепті анық бір пікірлер айту өте қиын. Соңғы жылдары бізге белгілі болған тарихи аңыз мәліметтеріне қарап, Жәнібек хан әкесі Барақ хан қайтыс болғаннан соң, 1428-1457 жылдарда Сыр өңірінде ұлыс басқарғаны белгілі. (Караңыз: Елеуұлы М. Шу өңірі: аңыз бен тарих. КазМУ хабаршысы, 3-шығуы. Алматы, «Қазақ университеті». 1996, 7-9 б.б.). Аңыз дерегін жазба дерек мәліметі де қолдайды. Қадырғали Жалайыры ол жөнінде: «... Бұл Жәнібек хан атасының ұлысын биледі», — деп жазады. (Сыздыкова Р., Қойгелдиев М. Көрсетілген еңбек. 251-6.). Ақ Орда тарихында Сыр өңірі XIII ғасыр соңынан бері саяси-әкімшілік, сауда-айырбас, экономикалық, діни-мәдени орталық болып, Дештінің мал бағушы  тайпалары үшін ежелден бері қысқы жайылымдар мен қыстаулар ретінде Дешті Қыпшақ пен біртұтас шаруашылық кеңістікті құрады. Деректерге қарасақ, Барақ ханнан кейін Сыр өңірінің саяси билігі қайтадан Мауреннахрға өтеді, ал 1446 жылдан кейін, яғни Әбілқайыр хан қайтарып алғаннан соң Дештіге қосылады.

1446-57 жылдар аралығында Әбілқайыр ханның жүргізген ішкі саясаты жергілікті ру-тайпа көсемдеріне, сұлтандарға, тіпті ханның айналасындағы туыс сұлтандарға «қысымшылық» болып көрінеді. Дешті Қыпшақта толық жеңіске жеткен Әбілқайыр хан Шыңғыс ұрпақтарына сай шексіз билікке ие болады. Жергілікті ру-тайпалар үшін ХҮ ғасырда мұндай жағдай ежелгі дәстүрді бұзу еді. Мысалы, XV ғасыр басында Жетісудағы тайпалар Есен-Бұға ханды қолдаса, оның билігінің күшеюіне байланысты, одан бөлініп, әрбір әмір өз бетінше өз ұлыстарында билік жүргізеді. XV ғасырдын 70-ші жылдарында Едігенің ұрпағы Мұса бидің Мұхаммед Шайбаниға айтқан мынадай сөзі осыны дәлелдейді. Ол «көне замандардан күні бүгінге дейін маңғыт әмірлері көтерген әрбір хан мемлекетте маңғыт әмірлеріне еркіндік берген. Егер Мұхаммед Шайбани хан біздің ежелгі дәстүрімізге мойынсұнса, біз оны хан етеміз, ал егер көнбесе, онда өзі білер», — деген екен. (ХҮ-ХҮІІІ ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. 104-6.)  Әбілқайыр хан да 1428 жылы хан болып көтерілгенде Дешті Қыпшақ әмірлерінің көпшілік колдауына ие болады. Ал оның билігінің XV ғасырдың 40-шы жж. күшеюі, соған сай жүргізген ішкі саясаты «ежелгі дәстүрге» қайшы келіп, жергілікті тайпалардың наразылығын туғызады. Наразылықтың бір көрінісіне 1457 жылғы жаз айындағы Әбілкайыр ханның әскер жыю туралы жарлығының толық орындалмауы жатады.

«Қысымшылықты»  Орыс хан ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар да көреді. Сыр өңіріндегі қалаларды шибанилық сұлтандардың иеленуі, керуен жолдарына бақылау орнату, ең жақсы қыстауларды алу және тағы басқа әрекеттері Әбілкайыр ханды екі сұлтанға жау етеді. Өз халқының мүддесінен шыкпаған  және сол халықтың колдауына сүйенбеген билеушінің билігі ұзаққа бармайтыны белгілі. XV ғасырдың 50-ші жылдарында Әбілқайыр ханның күйі осыған сәйкес келеді. Мұны Казақ хаңдығын құрушылар - Керей мен Жәнібек сұлтандар түсіне білген.

Қазақ хандығын құру жолында екі ханның аткарған істерін бөле-жара айту мүмкін емес. Аз ғана дерек мәліметтері хандықтың кұрылу кезеңінде екі ханды үнемі бірге айтады. Біз бұған дейінгі Керей хан туралы жазылған мақаламызда хандықтың қалай, қашан құрылғандығын айтқанбыз. Оны қайталап жатпай, тікелей Жәнібек ханның атқарған рөлі туралы ойымызды білдірелік. Қазақ хандығының құрылу кезеңін шартты түрде бірнеше кезеңге бөліп қарауға болады. Алғашқы кезеңге Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға келуі және хандық құрып, 1461/2 жылға дейінгі, яғни  Есенбұға хан қайтыс болғанға дейінгі аралык жатады. Бұл кезеңде Қазақ хандығы әлі толык, дербес хандык емес еді. Моғолстанның батысында орналасып, оның батыстағы «қорғаны» рөлін аткарды. Хандықтың халқы «өзбек-қазақ» этнонимімен аталынды. Әбілқайырға наразылар есебінен хандықтың халқы өсе түседі. І458 жылдан 1462 жылға дейін Қазақ хандығының  арқасында Есенбұға хан билігіне Жүніс те, басқа біреу де қауіп төндіре алмайды.

Хандықтың мемлекеттілік тұрғысынан нығая түсуі  келесі кезеңде одан әрі жалғасады. Есен-Бұға ханның қайтыс болғаннан кейін  оның орнына ұлы Досмұхаммедтің келеді. Оның 7 жылға созылған билігі тұсында деректерде жазылғандай, кешегі достар жауға айналады, ал жаулар жалған достар болып шығады. Мұның бәріне ешбір принципсіз жүргізілген Досмұхаммед ханның  саясаты себеп болады. Жетісудағы Қазақ хандығы да  осы кезеңде өзінің ішкі-сыртқы саясатын айқындап, бірте-бірте дербестене бастайды. Ал 1469 жылы моғол билігіне Жүніс ханның келуімен қазақ мемлекетінің құрылу тарихында жаңа кезең басталады. Осы кезеңнен бастап, жаңа хан Жүніс пен қазақ хандары арасыңда жақсы қарым-қатынас орнайды. (Қараңыз:ХУ-ХУШ ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары, 353-6.).

Хандықтың құрылу тарихындағы соңғы  кезеңге 1469-1470/71 жылдар жатады. Егер де алғашқы кезеңдердегі  жылдарда  Керей мен Жәнібек хандар бірге айтылса, соңғы кезеңде тек Жәнібек ханның есімі деректерде жалғыз кездеседі. М. Елеуовтың жариялаған тарихи деректеріне қарағанда Керей хан он жылдай билік кұрып, Хантауда жерленген. (Елеуұлы М. Көрсетілген енбек. 7-6). Керейден соң хандыққа Жәнібектің келуі ата дәстүріне сай жүзеге асады. Дәстүр бойынша хандық билік Х-ХШ  ғғ. қыпшақтарда әкеден балаға емес, әкеден ініге не немере туыска беріліп отырған. ЖергіліктІ тайпалардың бұл дәстүрі XV ғасырда да өз жалғасын табады. Фазлаллах ибн Рузбехан өз енбегінде «Керейден соң хаңдықт бірнеше адам болды, сосын кезек Бұрындық  ханға тиді», — деп жазса, «Тарих-и Кипчакхани» енбегінің авторы 1469-70 жылдары қазақ ханы Жәнібек деп көрсстеді.

Сондай-ақ  1469-71/72 жылдары Әбілқайыр ханның ұлдарына қарсы күресте Қазақ хандығы тарапынан Жәнібек ханның қатысқандығын «Фатх нама», «Шайбани нама», «Бахр ал-асрар фи манакиб ал- ахйар» деректерінің мәліметтері толық қуаттайды. (ХУ-ХУШ ғғ. Қазак хандығы тарихынын материалдары., 57, 99, 362, бб.). Жоғарыдағы мәліметтер Керейден соң Жәнібектің хан болғандығын айта отырып, бірақ оның қай жылы хандықка келгенінен хабар бермейді. «Керей он жылдай хан болса», онда Жәнібек хандық билікке шамамен 1465-66 жылдары отырған.

Жәнібек ханның билігі 6-7 жылға созылады. Оның тұсында хандық тарихында үлкен маңызға ие бірнеше оқиға болады. Біріншісі, 1469 жылғы Әбілқайыр ханнын Қазақ хандығына жасаған жорығы сәтсіз аякталып,  ханның қайтыс болуымен аяқталады. Бұл жағдай «көшпелі өзбектер» мемлекетінің толық күйреуінің басталуына алып келді. Екіншісіне Дешті Қыпшақта шибанилык әулет билігінің жойылуы жатады. Шибанилар әулетінің билігі өздігінен жойылмады, оны жояды. Жойғандардың ішінде Сібір хандығы, ноғай мырзалары, Алтын Орда хандығы, Хорезм хандығы және Жәнібек хан басқарған Қазақ хандығы болды. Жәнібек ханның атқарған тарихи рөлін осы жерден көреміз.

Кезінде Керей ханның айтқан «алла тағала сәтін салған күні батыска — Түркістанға жол жүруіміз керек», — деген өсиетін іске асырып, Жәнібек хан Қазақ хандығының билігін Дешті Қыпшақ аумағына толық тарата бастайды. Бұл кез -1470/71 жылдар болатын, яғни  Қазақ хандығының толык, дербес, жеке ел ретінде өмір сүре бастаған жылдары.

Енді XV ғасырдың  70-ші жылдарындағы Жәнібек ханның өміріне байланысты кейбір қате пікірлер мен тұжырымдарға тоқтала кетелік. М. Тынышпаев Гаммердің Жәнібек хан жөніндегі қате тұжырымын одан әрі жалғастырады. (Қараңыз: ТынышпаевМ. История казахского народа. А., 1993, 128-6.). Онда 1477 жылы Жәнібек хан Алтын Орда ханы Ахмет хан атынан Қырымда хандық етеді, 1480 жыл шамасында Ресейге, ұлы князь Ш Иван Васильевичке келеді, сонда Ковно каласында дүние салды деген пікірлерге М. Тынышпаев  «Алтын Орда ханы Ахмет ықпалы күшті туысы әрі ұлыс ханы Жәнібек ханды жанында ұстағысы

келмеді, сөйтіп оны Ахмет Қырымға жіберу арқылы ондағы бағынбай жүрген Меңлі Керейден құтылуды максат етті» деген дәлелдемесімен    толыктырады. (Тьшышпаев М. Көрсетілген кітап, 128-6.).

Біздің ойымызша  М. Тынышпаев осы жерде бірнеше мәселеге үстірт караған дейміз. Біріншіден, XV ғасырдың 70-ші жылдары Алтын Ордаға Қырым хандығы да, Жәнібек хан билеген Қазақ хандығы да тәуелді емес, олар әрқайсысы жеке дербес хандықтар болатын. Екіншіден, көрсетілген жылдарда Қырым хандығы мен Алтын Орда хандығы арасында талас-тартыс жүріп жатты. Екі жақтың біреуінің уакытша жеңіске жетуі екіншісін толық және түпкілікті жеңіске жеткізбеді. Сондықтан да Қырымда Ахмет ханның Жәнібекті хан етіп отырғызуы мүмкін емес, үшіншіден, Жәнібек ханның жа-сы XV ғасырдың 70-жылдарында алпыстан асып, жетпіске таяп қалған бо-латын, сондықтан да ондай жасы келген адамды Дешті Қыпшақтан Қырымға хан етіп жіберу қисынға келмейді. Және төртіншіден, XV ғасырдың соңындағы этникалық сананы ХІІІ-ХІУ ғасырдағы жағдаймен салыстыруға келмейді. Бұрынғы Алтын Орда аумағында XV ғасыр ортасынан бастап, жергілікті этникалык бірлестікке сүйенген ұлттық мемлекеттер пайда болады. Қазан, Қырым, Астрахань, Қазақ хандықтары соның дәлелі. Жергілікті халық көп жағдайда өз хандарының билікке келуіне араласып отырғандықтан, сырттан хан әкеліп отырғызудың күні өтіп кеткен болатын. Міне, осындай жағдайларды ескермегендіктен, Жәнібек ханға байланысты қате пікірлер туындаған.

Ойымыз түсінікті болуы үшін 1477 жылы Қырымда хан болған Жәнібек кім деген сұраққа жауап берелік. Алдымен сол кездегі Қырым хандығы туралы бір-екі ауыз сөз.

XV ғасырдың 40-шы жылдары Қырымда билікке келген тұқайтемірлік Қажы Керей хан жаңа хандықтың және жаңа әулеттің негізін калайды. 1466 жылы ол қайтыс болғаннан кейін, талас-тартыстан соң көп ұлының бірі — Меңлі Керей билікті иеленіп, хан болады. Бірнеше рет биліктен айырылып, қайта келген Меңлі Керей хан Қырымда XVI ғ. басына дейін билік етеді. Ол 1502 жылы Алтын Ордаға соңғы рет соққы беріп, хандықты және оның астанасы Сарайды тас-талқан етеді.

XV ғасырдың 70-ші жылдары  Қырым Ресеймен одақтас болып, Ахмет хан мен король Казимирдің одағына қарсы тұрады. Дәл осы тұста Түркия да Қырымда өз ықпалын өсірген болатын. Осындай жағдай Қажы Керей ұлдарына бірнеше бағытты: түркиялық, алтынордалық, ресейлік бағдарды ұстануға мәжбүр етеді. Қырымның билеуші әулеті ішінде осыншама бағытты ұстанушылар арасында өзара күрес өрбиді. Меңлі Керейдің бірнеше рет биліктен айырылуы осыдан туындаған. 1474 жылы Меңлі Керейден билікті туған ағасы Хайдар хан тартып алады. 1475 жылы Меңлі Керей түріктерге өтеді де, солардың көмегімен билікке қайта келеді. Ал 1477 жылы Ахметхан Қырым түбегін қайта бағындырады да, ол (Қырымның билеуші топтары арасында алтынордалық бағытты ұстайтын адамды хан етеді. Ол —Жәнібек болатын. Деректер де оны: Жаныбек-Керей деп, Жан-Керей деп жазады. Жанкерей - Меңлі Керейдің әкесі Қажы Керей ханның туған ағасы (Сыздыкова Р.. Қойгелдиев М., Көрсетілген кітап, 253-6: Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағы т.II. М-Л, 1941, 61-6.) Жошы Ұлысының тарихы туралы зерттеу жүргізіп, көзі тірісінде сол еңбегін жариялай алмаған тарихшы, этнограф Г. Е. Грумм-Гржимайло (1860-1936) осы кездегі оқиғаларды былайша түсіндіреді: «Ахмет хан Қырымды алып, онда билеуші етіп Жаныбек ГерейдІ отырғызды... бірақ бір жылдан соң Қырымдағы жағдай қалпына келтіріледі: Жаныбек Ресейге қашты, Меңлі Герей билікке қайта келді. Ресеймен арадағы одақтастық қалпына келтірілді және қосымша қаулымен толықтырылды». Қаулыда III Иван Ресейге  қашып барған Меңлі Герей туыстарын ешқайда шығармау және барлығын жасына, Қырымдағы жағдайына сай материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету айтылған. (Караңыз: Грумм-Гржимайло Г. С. Джучиды. Золотая Орда. Мына кітапта: «Арабески» Истории. Книга 1. Русский взгляд. М., 1994, 142-6.).

          Қазақтың Жәнібек ханының есіміне ұқсас келесі тарихи тұлғаға – астрахандық Жәнібек хан жатады.  Астрахан хандығында 1514-1521 жылдары Кіші Мұхаммед ханның немересі, Махмуд ханның ұлы – Жәнібек хан билік құрады. Астрахан хандығының тарихына арналған монография авторы И.В. Зайцевтың көрсетуі бойынша Махмуд ханның ұлы, Абд ал-Керімнің  бауыры Жәнібек хан Астрахан тағын 1514 жылдың жазында иеленіп, 1521 жылдың 15 тамызына дейін билік жүргізген. 

      Осы кезеңде  келесі бір хан лауазымын иеленген Жәнібек есімді тұлғаға – ХVІ ғасырдың бірінші жартысында Мауереннахрда Андижан уалайатын басқарған, шибанилық Жәнібек хан жатады. Ол - Әбілқайыр ханның немересі, Қожа Мұхаммед ханның ұлы. ХVІ ғасырдың соңғы ширегінде Жәнібек ханның немересі атақты Абдаллах хан Мауереннахрды біріктіру жолында күрес жүргізеді.

     Сондай-ақ хан лауазымын иеленген Жәнібектерден басқа XV-XVI ғғ. хандар шежіресінде сұлтан титулыменен де бірнеше Жәнібек кездеседі. Олар: Тұқай Темірдің ұрпағы, Қара Кесектің немересі, Жетібектің ұлы – Жәнібек. Шибанилық Бахтияр сұлтанның шөбересі, Әлике сұлтанның немересі, Тұрымның ұлы – Жәнібек. Бұл Жәнібек есімді тұлғалардың хан лауазымын иеленбеуіне байланысты біз, оларды қарастырмаймыз.

      Жоғарыда айтып өткен шолулардан байқағанымыз, 1477 жылы Қырымда хан болып, бір жылдан соң Ресейге қашқан және сонда қайтыс болған Жәнібек хан, ол— қазақтың Жәнібек ханы емес, Қырымдағы хан әулетінің өкілі, Астраханда билікте болған Жәнібек хан да есімі ұқсас болғанымен, қазақтың Жәнібек ханына ешқандай қатысы жоқ.  Ал қазақтың Жәнібек ханы болса, XIII ғасырдың 70-ші жылдарының басында, шамамен 1473-74 жылдары қайтыс болған. Өйткені осы ғасырдың 70-ші жылдарының ортасына таман басталған Сыр бойы үшін күресте, қазақ хандарының екінші буыны Бұрындық, Қасым хандардың есімдері жазба деректерде кездесе бастайды.

Жәнібек ханның артында тоғыз ұлы қалады. Оның ішінде Жиренше, Махмұт, Қамбар, Әдік, Қасым секілді ұлдары XV ғасырдын соңы XVI ғасыр басындағы Қазақ хандығы тарихында үлкен рөл атқарады. XVI ғасырдың ортасы мен екінші жартысында Жәнібек ханның Жәдік атты ұлы мен оның ұрпақтары саяси билікті қолдарында ұстайды. Қазақтың ханы болған Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке хандар –Жәнібек ханның ұрпақтары болып келеді. 

Ойымызды қорыта келе, орта ғасырдағы хандардын өмірі мен тарихы ел тарихымен тікелей байланысты болғандыктан, жеке тұлғалардын тарихын білу аркылы өз тарихымызды терең біле түсеміз және ұлы аламдар өмірі әрқашанда үлгі, өнеге болады демекпіз.

Б.Б. Кәрібаев

ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, тарих, археология және этнология факультеті, 

Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д.