Оның жобасын 1822 ж. Орынбор ген.-губернаторы П.К. Эссен дайындады. Бұл жоба бойынша Кіші жүзде хандық билікті жою туралы шешім қабылданды. Кіші жүз ханы Шерғазы Орынбор қ-на шақырылып, Орынбор шекара комиссиясының жұмысына кеңесші қызметіне тағайындалды. Кіші жүз жері – батыс, орта және шығыс әкімшілік жүйелеріне бөлініп, оны билеуші сұлтандар басқарды. Жүздің бөлінуі рулардың орналасуына және олардың арасындағы билеуші сұлтандардың беделіне байланысты болды. Сондықтан бөліну аумағы жағынан да, халықтың саны жағынан да біркелкілік болған жоқ. Шекаралық комиссия құрамына төраға, төрт кеңесші, ауқатты қазақтардан тұратын төрт өкіл кірді. Шекаралық комиссияның міндетіне далада тәртіпті сақтау, жергілікті қазақ шенеуніктерінің тіршілігін қадағалау, салық жинау, сот істері, медицина жағын бақылауға алу кірді. Жергілікті әкімшіліктің құрамына Кіші жүздің үш бөлігінің сұлтандары, дистанция басқарушылары кірді. Сұлтандарды Орынбор әскери губернаторы, ал басқа шендердің бәрін шекаралық комиссия тағайындады. Әрбір билеуші сұлтанның 100 – 200 адамнан тұратын әскери командасы болды. Олардың ордасы казак станицалары мен бекіністерінде орналасты. Бұл жарғыдан кейін сот жүйесінде де көптеген өзгерістер болды. Ірі қылмыстық істер әскери сот немесе шекаралық комиссияның қолына көшті, ал кішігірім қылмыстық істер қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрып заңдары негізінде қаралды. Патша әкімшілігі жергілікті билік органдарын, оның ішінде билер сотын полиция, жазалаушы органдарға айналдыруға талпынды. Оларға қамауға алуға, дүре соғуға, Сібірге жер аударуға рұқсат берілді. Дәстүрлі билік құрылымын қиратқан жаңа жүйе – Кіші жүз қазақтарын Орынбор шекара комиссиясы арқылы басқаруды күшейтіп қана қойған жоқ, әлеум.-саяси және шаруашылық өмірдің барлық жақтарын да қамтыды. Қазақтарды құнарсыз жерлерге ығыстырған орыс қоныс аударушыларын орналастыру үшін кең мүмкіндіктер ашылды.