Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

1929-1932 жылдардағы ашаршылық - қазақтарды жаппай отырықшылдандырудың нәтижесі

13241
Бұл баяндамада мынадай мəселелер қарастырылады: қазақтарды отырықшыландыру қаншалықты жəне қандайда бір саяси бағдарламаның немесе ашаршылықтың нəтижесі болып табылады.

(«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ ХАЛЫҚ ҚАСІРЕТІ ЖӘНЕ ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ» Халықаралық ғылыми конференциясы материалдарының жинағынан), Астана баспасы, 2012

Бұл баяндамада мынадай мəселелер қарастырылады: қазақтарды отырықшыландыру қаншалықты жəне қандайда бір саяси бағдарламаның немесе ашаршылықтың нəтижесі болып табылады. Қазақ қоғамының дамуында ашаршылық қандай рөл атқарды?

Кеңес өкіметі жүргізген отырықшыландыру саясатын ұжымдастыру мен ашаршылықтың мəн-мəтінінде қалай сипаттауға болады? Біздің қолдануымыздағы «отырықшыландыру саясаты» деген түсінік екі түрлі мағынада пайдаланылады:

1) Біріншіден, бұл мал шаруашылығы əлеуметтік дамудың төменгі сатысына жатады да, оны ауылшаруашылық өндірісінің «тұрақты жəне ұтымды» əдісіне ауыстыруға ұмтылатын идеологиялық жəне жетілдіру жобасы.

2) Екіншіден, ұжымдастыру мен ашаршылық отырықшыландырудың басты факторы, мүмкін көшпелі шаруашылықтарды отырықшылыққа ауыстырудың қолайлы құралы.

* * *

ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басындағы жаңа қазақ зиялыларының арасында отырықшылыққа ауысу туралы пайда болған идея, қазақ даласындағы ең шұрайлы жерлерді отарлауға байланысты шиеленісе түскен аграрлық дағдарыстың талдау сараптамаларына, сонымен қатар сол тұстағы Ресей мен Еуропадағы саяси пікірлерде басым түскен ағарту мен жетілдіру көзқарасына негізделді. Отырықшылдыққа көшудің нақтылы шаралары туралы зиялылар арасында қызу талас жүрді, бірақ отырықшыландыру ұзақ жəне біртіндеп жүретін үдеріс ретінде болжам жасалды.

Қазақстанда Кеңес билігі орнағаннан соң, əсіресе Қазақстан Компар-тиясының басшылығына Ф.Голощекин келгеннен бастап, жергілікті ұлт өкілдерін отырықшыландыру жобасы күн тəртібіне батыл шаралардың бірі ретінде қойылды. Маркстік теорияға сəйкес, көшпелі өмір салты кеңестік қоғамның идеалымен қабыспайтыны жайлы ойлар айтылды. Көшпелі жайылымды өндіріс пен көшпелі қоғамның рулық құрылымын арасында өзара бір-біріне тəуелділік бар деген пікірталас туындады.

Большевиктердің ойынша, отырықшылық өмірге көшпелілердің экономикалық негізін жəне қоғамның рулық құрылымын қирату арқылы немесе екеуін бір мезгілде қирату арқылы келуге болатын еді. Коммунистік партияның 1928 жылғы XV конференциясында Ф.Голощекин ірі байлар мен «жартылай феодалдарға» қарсы қудалау науқанын беделді ру басшылары мен руларды əлсіретудің алғашқы сатысы ретінде жүргізу ұсынысымен шықты.

Сөйтіп, отырықшылдандыру идеологиясы қазақтардың дəстүрлі шаруа-шылық жəне əлеуметтік тəжірибелерін ауыстырумен ұштастырылды. Қазақ «шаруаларының» алға қарай дамуын мал бағудан егін салуға немесе отырықшы мал шаруашылығына көшу жəне рулық құрылымдарды жоюды əкімшілік бағыттау əдісі мен жүзеге асыру көзделді. Ұжымдастыру науқаны жəне астық, ет дайындау жоспарларын орындау қажеттігіне қарамастан, қазақ көшпелілерін отырықшы өмір салтына көшіру стратегиясы 1929 жылы-ақ Қоныстандыру басқармасы əзірлеген шараларда ауылшаруашылығының кəсіби мамандары – агрономдармен басқа «мамандарының» ғылыми негіздеген дəлелдеріне сүйеніп жүзеге асырыла бастады. Құрғақ дала аймағының биогеографиялық, климаттық жағдайларында созылмалы жəне күтілмеген жұт бола қалғанда, көшпелі өмірдің келешегі жоқ жəне ол өнімді əрі тұрақты шаруашылық құру үшін кедергі болады деп саналды.

Осы көзқарастарға сəйкес, мал өсірумен айналысатын тұрғындарды Орталық Қазақстандағы ауқымды құрғақ аймақтан көпсалалы ауылшаруашылық істерін жүргізуге ыңғайлы «аралық» жерлерге көшіру жөнінде шешім қабылданды. Мысалы, Қоныстандыру басқармасының 1929 жылдың соңындағы бір міндеті ашаршылықтан азап көрген сегіз мың адайды көшіріп, орнықты отыратын мекен ұйымдастыру болды. Олардың бір бөлігі Түркіменстанға өтіп кетті.

Отырықшылыққа ауысудың алғашқы науқанының нəтижесінде жүз мыңнан аса көшпелі жəне жартылай көшпелі отбасылардың біраз бөлігі киіз үйден құрылған ауылға ұқсас «орнығу бекеттерінде» орналастырылды.

Бірақ əкімшілік аппараты өзінің іс-қимылдарын үйлестіру шараларында үлкен қиындықтарға тап болды. Мысалға, отбасыларды қажетті жабдықтармен  жəне азық-түлікпен қамтамасыз ету өте төмен деңгейде жүргізілсе, «орнығу бекеттерінде» орналастыру орындары мен ондағы тұрғындардың күнделікті қажеттіліктерге бағынышты қарапайым күн көру мүмкіндіктеріне есеп жүргізе алмағандықтан, кейбіреулері үйлерін салып бітірместен басқа жаққа кетіп жатты.

Жаппай отырықшылдыққа көшірудің алғашқы тəжірибесі күшпен ұжымдастыру, дайындау, аштық пен жергілікті халықтың жаппай үдіре көшуіне ұласты, сондықтан нəтижесіз аяқталды.

Кеңес үкіметінің жалпы саясатында отырықшылдандыру саясаты мен көшпелілердің тағдыры ұжымдастыру мен астық жəне ет дайындау, Қазақ-стандағы ауқаттылардың мал-мүлкін тəркілеу жəне индустрияландыру істерімен салыстырғанда басымдылық сипатта болмады.

Көшпелілерді отырықшылдыққа көшіру науқанына қарағанда, мал өсірумен айналысатын қазақтар үшін ең ауыр соққы 1931 жылы шарықтау шегіне жеткен жаппай ет дайындау науқаны болғанын еске салғанымыз жөн.

Егер аштықтан бір миллион үш жүз мыңдай адам немесе республика халқының үштен бірі қырылса, мал басы қырық бес миллионнан сегіз мил-лионға дейін кеміді. Сөйтіп, отырықшылдандыру мал басының күрт азаюы салдарынан мал шаруашылығына қайта орала алмай, түгелдей мемлекеттің көмегіне тəуелді болып қалған босқындардың көшіп-қонуына ұласты.

Бір миллиондай қазақтың көрші республикалар мен басқа елдерге кетуге мəжбүр болуы (репатриациялануы) Қазақстандағы бірінші бесжылдықта федералды, аймақтық жəне жергілікті деңгейде орнықтырылған экономикалық басымдықтарға сəйкес қоныстандыруға мүмкіндік туғызды. 1931 жылы құрылған отырықшыландыру жөніндегі Комитет жауапкершілігіне бағынышты жүргізілген отырықшыландырудың нəтижесінде тұрғындар өнеркəсіп секторы және мақта, қызылша жəне темекі өсірумен шұғылданатын ұжымшарларға қоныстандырылды.

Осы жағынан алғанда, бұл шара қолы бос тұрғындарды табиғи қорларды дайындауға пайдалану қажеттілігі деген жанама пікірді қолдана отырып, жүргізілген күштеп қоныстандыру ережелерімен астасып жатты. Отырықшыландыру, ең алдымен, қазақтардың басым бөлігін ғылыми-техникалық мамандардың «социалистік отарлы-жайылымдық мал шаруашылығы» деп ойлап тапқан дүбəрə шаруашылық түріне, яғни отарды жайылымда кəсіби малшы бақса, ал малды ауыл дың қалған тұрғындары экономикалық қызметтің басқа түрімен айналысатын жаңа шаруашылық ұжымшарларына бекітуді көздеді.

РКФСР ХКК төрағасының орынбасары қызметін атқарған Тұрар Рысқұлов жоғары билік орындарын Қазақстандағы аштық жөнінде хабардар ете отырып, қазақ мал шаруашылықтарында жеке иеліктегі мал басын көбейту жəне ұжымшарларға мал сатып алу арқылы жайылымдық мал шаруашылығын қалпына келтіру жоспарын қолдады. Бұл шаралар ауылдық жерлердің жағдайын жақсартуға мүмкіндік жасады.

1926 жылғы Халық санағы бойынша, қазақ халқының 70 пайызы немесе үш миллиондай адам көшпелі немесе жартылай көпшелі шаруашылық жүргізген. Осы көшпелі малшылардың жартысына жуығы аштықтан қырылды, жүз мыңдайы көршілес кеңестік республикаларға жəне сырт елдерге көшуге мəжбүр болды. Басым бөлігі - көшпелі өмір салтын ұстанған миллионға жуық қазақтар мал шаруашылығымен айналысатын ұжымшарларға орналастырылса, екі жүз мыңдайы – техникалық жəне дəнді-дақылдар өсіретін ұжымшарларға, өзгелері өнеркəсіптік секторға орналастырылды.

Мал басының шектен тыс кемуі жəне одан кейінгі ашаршылық қазақтарды отырықшыландандыру үшін кері қайтаруға болмайтындай жағдай қалыптастырды. Əлеуметтік тепе-теңдікті түп-тамырынан өзгерту, рулық топтарды белгіленген аумақтарда орналастыру, дəстүрлер сабақтастығы мен аға ұрпаққа кері əсерін тигізе отырып, отырықшылдандыру белгілі бір деңгейде қалыптасқан мəдениетті күштеп күйрету арқылы қазақ қоғамын түбегейлі өзгертіп жіберді.

Изабель Огайон,

Франция Ұлттық ғылыми зерттеулер

орталығының аға ғылыми қызметкері

(Франция)

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.