Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қаныш Сәтбаев мұрасының құндылығы

19262
Қаныш Сәтбаев мұрасының құндылығы - e-history.kz

Биыл мемлекет басшысы ұлтымыздың ұлы тұлғалары – көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы, Халық қаһармандары: Рақымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдық мерейтойларын атап өтуге ерекше назар аударды. Сонымен бірге Нұрғиса Тілендиев пен Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО аясында аталып өтеді. Осынау уақыт жылдамдығы еселеп артып отырған заманда аталған тұлғалардың мұрасына тағы да бір үңіліп, санамызда қайта жаңғырту мейлінше қажет шаралар болуға тиіс. 

Бұл шаралар ұлттық жадымыздың жаңғыруына, руханиятымыздың көкжиегінің кеңеюіне елеулі ықпал етері анық. Өйткені олардың мұрасы біздің қоғам үшін рухани құндылықтар қалыптастырды. 

Қ. Сәтбаев ұлты үшін жасаған теңдесіз еңбегімен ғылым-білім құндылығын, Р. Қошқарбаев пен С. Нұрмағамбетов соғыстағы жеке ерліктері арқылы елді сүю, батырлық құндылықтарын, Н. Тілендиев өшпес күйлері мен әндері арқылы өнер құндылығын, ал Б. Соқпақбаев балалар әдебиетінде ерекше орны бар «Менің атым Қожа» повесі арқылы ғана ізгі құндылықтарды бірнеше буынның санасына сіңіріп келді, әлі де сіңіре бермек.

Құндылықтар жүйесі ұлттық бірегейлікті қалыптастырып, нығайтатын жүйе екені белгілі. Бұл ретте Энтони Смиттің «no Memory no Identity, no Identity no Nation» деген тұжырымына зер салсақ, шын мәнінде, тарихи жады жаңғырмаған, оның қадіріне жетпеген қоғамда бірегейлік болмайды, ал бірегейлік қалыптаспаған қоғамда елдің, ұлттың, мемлекеттің іргесі берік болмайтынын тарих заңдылығы айқындап берген.

Осы орайда Қ. Сәтбаевтың ғылыми мұрасы отандық ғылымның баға жетпес құндылығы деп айқын айта аламыз. 

Қаныш Сәтбаев көрнекті геолог-ғалым, Қазақ ғылым академиясының тұңғыш президенті, ұлттық академиялық ғылым жүйесін ұйымдастырушы ғана емес, ол өзінің қайраткерлігі мен жасампаздығы арқылы жалпы қоғам үшін ізгі құндылықтар қалыптастырған тұлға. Сол арқылы бірнеше буынды тәрбиеледі және сол мызғымас құндылықтардың әлеуеті әлі де бізді тәрбиелеп келеді. 

Ол қандай құндылықтар еді? 

Менің ойымша, Сәтбаев қалыптастырған құндылықтардың үш тұғыры бар: бірінші, әлбетте, ол білім мен ғылым құндылығы. 

Екінші, ол еңбек құндылығы. «Труд автопортрет каждого из нас» деген Қ. Сәтбаевтың төл афоризмі белгілі, яғни әрбіріміздің автопортретіміз еңбегіміздің деңгейімен өлшенетінін атап көрсеткен еді. 

Үшінші, ол ел мен жер құндылығы, яғни қазіргі риторикада көп қолданылатын мемлекетшілдік қасиет. 

Бүгінде көп айтылып жүрген, Қ Сәтбаевтың Совет Одағы делегациясының құрамында Ұлыбританияға барған сапарында У. Черчилльдің: «Қазақтардың барлығы Сіз сияқты еңселі, биік пе?» деген сауалына: «Жоқ, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен болармын, менің халқым менен әлдеқайда биік» деген жауабын сөз жүзінде ғана емес, ұлтының мүддесін жоғары қоюдың жарқын үлгісін іс жүзінде дәлелдегені баршамызға аян (қазіргі уақытта әрбіреуіміз үшін осы құндылықтардың жетіспей тұрғанын мойындауға тиіспіз).

Сол себепті де Сәтбаев мұрасы мен оның феномені – ұлтты тәрбиелеуші рухани қуатқа ие. Егер арыға бармай-ақ, ХІХ ғасырдың соңында өзінің конструктивті қоғамдық сыны арқылы Абай, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде сан қырлы саяси-интеллектуалдық қызметі арқылы Алаш қайраткерлері ұлтты тәрбиелесе, ал ХХ ғасырдың екінші жартысында бұл істі Қ. Сәтбаев өзінің жасампаздық қызметі арқылы жалғастырды. Шын мәнінде, ол қоғамды, ұлтты біріктіретін асыл құндылықтарды қалыптастырды.

Сонымен бірге Қаныш Сәтбаевтың мұрасы тек білім-ғылым аясымен ғана шектелмейді. Сәтбаев әлемі тұңғиық, мұрасы сан қырлы. 

1946 жылы Қазақ ғылым академиясының негізін қалаған кезеңде жасаған баяндамасына (Сатпаев Қ.И. Состояние и основные задачи развития науки в Казахстане. - Изд-во АН Каз ССР. - Алма-Ата, 1946. - 22 с.) зерделей қарасақ, онда айтылған ойлары мен тұжырымдарының бүгінгі күнге дейін өзектілігі айқын екеніне көз жеткізуге болады. Қазіргі кезде айтылып жүрген ғылым мен өндірістің байланысын нығайту, іргелі және теориялық зерттеулерді тереңдету, өнертапқыштық-рационализаторлық ізденістерді қолдау, жас ғалымдарды тәрбиелеу, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру, ғылымда қазақ халқының шаруашылық жүргізудегі ғасырлар бойғы тәжірибесінің әлеуетін пайдалану сияқты тағы басқа да кешенді мәселелерді айқындап, дамыту жолдарын көрсетіп берген. 

Міне, ұлы ғалымның көрегендігі мен ілімінің практикалық құндылығы осында болса керек.

Қазіргі отандық ғылым үшін Қ. Сәтбаев мұрасының бір қыры – «Ғылым туралы» Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардан көрініс табары анық. Аталмыш Заңға өзгерістер мен толықтырулар жобасын дайындаушылардың мәліметіне қарағанда, егер Заңда көрсетілген еліміздің жер қойнауын пайдаланушыларды табысының 1% отандық ғылымның дамуына жұмсауды міндеттейтін норма толық жүзеге асырылатын болса, онда бұл да Қ. Сәтбаевтың ғылыми еңбегінің нәтижелерінің бірі, яғни металлогендік және болжамдық картасының жемісі деп қабылдау қажет.   

Ғылымды қаржыландыру, ғалымдардың мәртебесін көтеру, жас ғалымдардың әлеуметтік тұрғыда қорғалуы отандық ғылымның дамуына, ғылыми кадрлардың әлеуетін күшейтуге, жастардың ғылымда қалуы мен келуіне үлкен серпін берері сөзсіз. Дегенмен, санның сапалық тұрғыда күшеюі аса маңызды. Ол үшін ғылыми ортадағы рухани тәлім мен тағылым мәселесі де өзекті. Сондықтан да заманауи отандық ғылымның моделіндегі ғылыми этика, академиялық адалдық мәселелерінде Сәтбаев қалыптастырған жолдың, құндылықтардың ерекше тағылымдық мәні бар. 

«Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген Абай өсиетіне сүйенсек, Сәтбаевтың биік үлгісі әрбір ғалым үшін, жас па, тәжірибелі ме маңызды емес, бәрі үшін ортақ модель болу керек. 

Жалпы Қ. Сәтбаев қазіргі буынның бағасына зәру емес. Ол – өзінің көзі тірісінде ұлттық ауқымда да, Совет Одағы деңгейінде де, планетарлық-ғаламдық масштабта да лайықты бағасын алған ғалым. Тиісінше 1999 жылы ЮНЕСКО шеңберінде 100 жылдығы атап өтілді.

Қазіргі отандық ғылым саласы мен қазіргі буынның, яғни біздердің міндетіміз – Сәтбаевтың күреске толы өнегелі де ғибратты ғұмырын, ғылымдағы жанкешті еңбегін, ұлтының мүддесін бәрінен жоғары қойған қайраткерлігі мен жасампаздығын, күнделікті өмірдегі мәдениеті, қарапайымдылығы мен ізгі адамгершілік қасиеттерін тереңірек тану, білу, зерделеу һәм Сәтбаев үлгісі арқылы өзімізді тәрбиелеу. 

Ғылыми-педагогикалық қызметімізде Қаныш Сәтбаев мұраға қалдырған құндылықтарды студенттерге, жастарға сапалы насихаттап, басшылыққа алу. 

Қаныш Имантайұлы өз қызметінде ғылымды насихаттауға, әсіресе, қазақ тіліндегі ғылым популяризациясына ерекше мән бергенін ескерсек, Сәтбаевтың кешенді мұрасы негізінде ғылым арқылы елге, ұлтқа адал қызмет етудің жарқын үлгісін насихаттау жауапты міндет. Қ. Сәтбаев мұрасының тағы бір құндылығы осында деп ойлаймын.

Енді «Сәтбаев мұрасы қоғамда, жастар арасында қалай насихатталуда? Оған деген қызығушылық қандай?» деген сауалға зер салып көрсек.

Қазір жастардың кітап оқу дағдысы төмен, теледидарды сирек көреді деген уәждерді негізге ала отырып, көпшіліктің назары әлеуметтік желілерге ауысып кеткендіктен ютуб арналарындағы Қаныш Сәтбаев туралы танымдық ақпараттарға деген сұранысқа, яғни қаралымдарына көңіл аударалық.

Танымдық тұрғыда мазмұнды, ұзақтығы 50 минуттан 1 сағат 10 минутты қамтитын қазақ және орыс тілдеріндегі бірқатар деректі фильмдер мен «Қаныш. Қазына» атты телесериалдың қаралымы (бұл мәліметтердің барлығы 29.02.2024 ж. көрсеткіштер) төмендегідей:

- «Феномен Сатпаева» деректі фильмі. Сценарий авторы «Қаныш Сәтбаев» ғұмырбаяндық роман-эссені жазған Медеу Сәрсеке. 9 жылдағы қаралым небәрі – 2.300.  

- Тайны и судьбы великих казахов. К.Сатпаев. Документальный фильм – 7 жыл ішіндегі қаралым 38 мың.

- «Қазақтың Қанышы» деректі фильмі. 4 жыл шегіндегі қаралым 53 мың. 

- «Как травили К.Сатпаева». Авторы М.Бекбаева. 1 айда 52 мың қаралым.

- «Қаныш. Қазына» 6 бөлімнен тұратын телесериалдың әр сериясы бойынша әр түрлі, яғни 11 айдағы қаралым 10 мыңнан 26 мың аралығында. 

Бұл статистика көп пе, аз ба, ашық сұрақ. 

Біздің тарапымыздан студенттерге мұндай мазмұнды танымдық-ақпараттық материалдар ұсынылады. Алайда оларды қарамайтын себебі бойынша жауаптары біреу – бейне материалдар тым ұзақ дейді. Қызығушылық танытып, қарайтын студенттер тым аз. 

Әлбетте, бұл сандық мәліметтер ғылымды насихаттау жұмысының деңгейін айқындайтын көрсеткіш емес. Дегенмен, әркімді белгілі бір ойға жетелесе керек.

Түйіндей айтқанда, Сәтбаев және оның мұрасы мен құндылықтарын қоғамда, жастар арасында насихаттау, одан әрі ілгерілету ісіндегі жауапкершілік жүгі, ең алдымен, ғылыми-педагогикалық қызметтегі азаматтар мен зиялы қауымның мойнында деп ойлаймын.

Сондықтан әрбір оқытушы оның әр кезеңдегі мерейтойын күтпей-ақ 1 сабағын арнайы Қ. Сәтбаевқа арнап өткізсе, еліміздегі миллиондаған студент ұлы ғалымның рухани мұрасы мен ұлт мұраты үшін адал қызмет етудің жарқын үлгісін тағы бір санасына сіңіріп, көңіліне түйетін еді. 

 

Нұрбек Уахапұлы Шаяхмет, т.ғ.д., Astana IT University профессоры

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?