Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қасым Қайсенов жау тылында

969
Қасым Қайсенов жау тылында - e-history.kz

Аты аңызға айналған партизан, көрнекті жазушы, қазақ әдебиетіндегі партизан тақырыбының негізін қалаған бірегей тұлға, Қазақстанның «Халық қаһарманы» Қасым Қайсенов. Ол – Екінші жаһан соғысының сұрапыл жылдарында жау тылында талай мәрте ерлік жасап, халық жадында мәңгі қалған батыр ғана емес, соғыстан кейінгі кезеңде әдебиет майданына келіп, көркем шығармаларымен де халық сүйіспеншілігіне бөленген жазушы. Оның бір бойынан қазақ халқының батырлық рухы мен адамгершілік асыл қасиеттері ерекше үйлесім тапқан. Сондықтан бұл тұлға туралы қанша жазсақ та, қанша айтсақ та көптік етпейді.

Ұлттық энциклопедиялар мен анықтамалықтарда қысқаша баяндалған өмірбаянын тереңірек ашып, толықтыру үшін біршама ізденіс жасау қажет болды. Оның өмірінің белгісіз тұстары, жау тылындағы партизандық ерліктері, соғыстан кейінгі азаматтық ұстанымы мен шығармашылық жолы – бәрі де терең зерттеуді талап ететін дүниелер. Біз бұл шағын зерттеуімізде халқымыздың қаһарман ұлы Қасым Қайсеновтің соғыс жылдарына, жау тылына төрт мәрте тасталып, бәрінде де тірі қалып, от пен оқтың арасында шайқасқан жанқиярлық ерліктеріне шолу жасаймыз. 

1939 жылдың қысында Қасым Қайсенов алдымен міндетті әскер қатарына шақырылады, одан кейін Мәскеу маңындағы аса құпия әскери барлау мектебіне жіберіледі. Академик Мұхтар Құл-Мұхамедтің жазуынша (Қаһарман. «Менің ағаларым» циклынан), бұл оқу орны Совет Одағындағы әскери барлаушылар мен жау тылында диверсиялық әрекеттерді ұйымдастыруға маманданған жалғыз әрі басты орталық болатын. Барлаушылар бұл жерде екі бағытта дайындалды: олардың бір тобы Шығыс Түркістанды совет құрамына қосу және Қытай мен Жапонияға қарсы күреске жіберуге әзірленсе, екінші тобы Батыс майданына, яғни герман-совет соғысына жұмылдырылмақ еді. Бұл туралы батыр атамыз жазушы Ахат Жақсыбаевқа берген сұхбаттарынан құралған «Қайтпас қайсар» кітабында былай дейді: «Мәскеуге барған соң мен диверсиялық-барлау мектебіне алындым. Бұл аса құпия мектеп болуға тиіс, хат жаздырмайды, хат та алдырмайды. Әрине, ол мектептің қай жерде екенін де, көшесін де білмеймін. Мені екі жыл оқытқан мұғалімдердің аты-жөнін де білмеймін. Шетелдерде ондаған жылдар болған кәнігі барлаушылар ғой. Ол мектепте оқудың өзі қиын. Айтайын дегенім, сондай мамандардың қолына түсіп, тәлім алғаным жолым болғаны ғой. Әлгілердің берген білімі, үйреткен әдіс-айласы арқасында мен жаумен бетпе-бет кездескенде жекпе-жекте жеңіліп көрмедім. Қиын-қыстау, қысылшаң жағдайда айқастарда аман шығып отырғаныма сол мені оқытқан жиырма шақты барлаушының көмегі тиген шығар деп ойлаймын».

Қасым Қайсеновтің тағдыры дәл осы тарихи бетбұрыс – Германияның Совет Одағына басып кіруіне байланысты түбегейлі өзгерді. Ол ендігі жерде неміс басқыншыларына қарсы жүргізілген ең қауіпті әрі жауапты миссияларға қатысып, Екінші дүниежүзілік соғыстың ең бір қиын учаскесінде – жау тылында аса күрделі әрі маңызды операцияларды орындауға жіберілді. Осылайша, қазақтың қаһарман ұлының өміріндегі ерлікке толы күрес жолы басталған еді.

1941 жылғы 19 қараша күні, Мәскеудегі арнайы барлау мектебінде бір жылдан астам уақыт бойы құпия дайындықтан өткен Қасым Қайсенов өзінің алғашқы жауынгерлік тапсырмасына аттанады. Бұл оның жау тылына алғашқы аттануы еді. Ол қарамағындағы он сарбазбен бірге Оңтүстік-Батыс майданы штабының бұйрығымен Украинаның Богуслав қаласы маңындағы ну орманға парашютпен түсіріледі.

Партизан отрядының командирі Қасым Қайсенов

Алайда жау аумағына түскен топты немістер байқап қалады да, дереу қоршауға алып, қатты қарсылық көрсетеді. Осы ауыр шайқаста Қасымның қасындағы сарбаздардың бәрі дерлік қаза табады. Жалғыз өзі аман қалған Қайсенов он шақты күн бойы қалың орманда жасырынып, аштық пен суықтың азабын тартады. Жау ортасында жалғыз қалған жас барлаушының өмірі қыл үстінде тұрды. 

«Жау тылында партизан отрядтарын ұйымдастыру, жеке-дара жүрген шағын топтардың басын біріктіру, орталықпен байланыс жасау – мақсатымыз болды, – деген Қасым ата әңгімесін жалғайды. – Әйтпесе он адаммен бүкіл жауды қырып тастау мүмкін емес қой. Біз арнайы жіберілген, белгілі бір тапсырмамен жүрген топ болған соң жау да қауіптеніп, тезірек құртуға әзір.

Қашып кеткен әлгі адамның кесірінен сырымыз мәлім болып, төртінші күні қоршауда қалдық. Партизандық өмірімнің алғашқы ұрысы, бетпе-бет шайқас осылай басталды. Кешке дейін атысқанда Борис деген пулеметші орыс жігіті екеуміз ғана тірі қалдық. Басқасы оққа ұшты. Фашистердің де біразын жайратқанбыз. Қас қараюын күттім. Қасымдағы жігіт ауыр жаралы, жүруге жарамайды. Содан қараңғы түнде Днепрді бетке алып, қансырап, әрең жатқан адамды плащ-палаткамен сүйретіп қоршаудан өтіп кетуге тырыстым. Қоршаудан құтылып шығып, Днепрге жақындай бергенде жаралы серігім қайтыс боп кетті. Оны жерлеуге менде уақыт болмады. Сүйреп әкеп бір жарға жатқызып, плащ-палаткаға орап, бетін көлеңкелеп кетуге ғана шамам келді.

Қан кешіп, қайғы жұту, өмір мен өлім арпалысы, жауыздық, қатыгездік қасіреті мен үшін осылайша басталды.

Сол жолы орманда он шақты күн жалғыз жүрдім. Жау тылында әр жерде күні бұрын белгіленген, астыртын кездесетін орындар бар екенін білетінмін. Солардың бірін іздеп тауып, Примак дегенмен кездестім».

Осылайша тағдыр оған көмектесіп, сол жерде жау тылында астыртын әрекет етіп жүрген Иван Кузьмич Примак есімді тәжірибелі партизанмен кездеседі. Осы кездесу Қасым Қайсеновтің өміріне үлкен өзгеріс әкеледі. Енді ол партизандық күреске белсене араласып, дұшпан тылындағы диверсиялық операцияларға қатысып, өзінің ерлік жолын жалғастырады. Осылайша, қазақтың қайсар ұлының аты аңызға айналған партизандық жолы басталды.

1941 жылдың қарашасынан бастап 1943 жылдың қыркүйегіне дейінгі екі жылға жуық уақытта Қасым Қайсенов жау тылында нағыз партизандық күрестің шыңдалған шеберіне айналды. Басында бар-жоғы екі-ақ адамнан тұратын шағын топ уақыт өте келе қатары жеті мыңға дейін жеткен алып партизан құрамасына ұласты. Осы ірі құраманың ішіндегі №6 отрядтың командирі болып Қасым Қайсенов тағайындалды.

Жаумен күресудің жүзден астам әдісін жетік меңгерген кәнігі барлаушы үшін Украинаның ну ормандары жат жер емес, керісінше, туған даласындай болып кетті. Қасым мен оның сарбаздары дұшпанның жолын кесіп, қатынас желілерін бұзып, бекіністерін талқандап, талай рет фашистерге ойсырата соққы берді. Ол қарулы немесе қарусыз күрестің кез келген түрін еркін меңгеріп, фашистердің үрейін ұшырған нағыз кәсіби диверсант болып шыға келді. Осылайша қазақтан шыққан қарапайым жігіттің аты партизандық күрестің нағыз аңызына айналды.

1943 жылғы 21-22 қыркүйекте Қасым Қайсенов басқарған 120 адамдық партизан отряды екінші рет аса ауыр әрі стратегиялық маңызы зор тапсырманы орындауға аттанды. Олар түн қараңғылығын жамылып, кенеттен шабуылға шығып, жаудың қолындағы Григорьевка, Луковицы, Зарубинцы хуторларын басып алады. Осылайша, Қасым мен оның сарбаздары совет әскерлерінің Днепр өзенінен өтуіне жол ашып, Букрин плацдармын дайындауға жағдай жасайды.

Днепрден өту, басқаша айтқанда «форсирование Днепра» Совет-герман соғысы тарихындағы ең ірі, ең шешуші шайқастардың бірі болды. Фашистер Совет Армиясының шабуылын тоқтату үшін Днепр өзенінің оң жағалауына мықтап бекініп, алынбас қамалға айналдыруға барын салды. Осылайша Днепрдің бүкіл бойы тұтас бір қан майданға, ажал алаңына айналған еді.

«Ол кезде мен партизан құрамасындағы үлкен отрядтың командирі болатынмын, – дейді Қасым Қайсенов өзінің әңгімесінде. – Совет әскері Днепрге таяғанда, біздің құрамамыз өзеннің оң жағында, жау тылында күрес жүргізіп жатты. Танк армиясының механикаландырылған бөлімдері алдымен жетіп, көпір салатын бөлімдер, саперлер, тағы басқалары кейін қалып қойған. Ерте келген танкистер бізден көмек сұрайды ғой. Днепрдің оң жағалауы биік, қыратты болатын, ал сол жағы жадағайлау. Оң жаққа өтіп, бекініп алған фашистерге сол жаққа оқ ату оңай ғой. Танк бөлімдерінің Днепрден тез өтуі үшін біздің құраманың партизандары қайткенде арғы жағалауға өтіп, жаудан аз да болсын жер тартып алып, плацдарм жасауы керек. Бұл іске құрамадағы алты отрядтың біреуі баруға тиіс болды. Құрама басшылары не ойлағанын кім біледі, бұл ажалға жұмсағанмен бірдей еді. Бүгіндері әртүрлі жорамал жасауға болар. Әйтеуір, құрамадағы алты отряд командирі ішінен мені таңдады. Менің отрядындағы партизандардың көпшілігі – Днепрдің арғы, бергі жағындағы селолардың тұрғындары. Мені таңдауға, бір жағынан, сол себеп болды ма әлде қазақ ретіндегі жалғыздығым ба, кім білсін. Болары болды, тапсырма берілді, бұл іске мені салды. Мен өз отрядымнан таңдап-таңдап 120 адам алдым. Совет Армиясы бөлімінен 500 адам береміз деді. Мен өз отрядыммен қыркүйектің 21-нен 22-не қараған түні Днепрден қол қайықпен өтіп шықтым. Оң жақтағы таудың қабырғасына салынған Григорьевка деген селоны түн ішінде басып алдық қой. Олардың мақсаты бізді қалай да тоқтату болды. Ал біздің мақсатымыз – қайтсе де өзеннен өту еді. Осылайша Днепр өзені – өмір мен өлімнің, жеңіс пен жеңілістің арасындағы нағыз қыл көпірге айналды».

Совет әскері негізгі күшпен жеткенге дейін аумақты қасық қандары қалғанша қорғаған Қайсеновтің отрядынан жүзге жуық адам ерлікпен қаза табады. Ақыры совет әскерлері Днепр өзенінің оң жағалауына өткен кезде, Қасымның қол астындағы жүз жиырма партизаннан небәрі жиырмаға жуығы ғана тірі қалған еді.

Маршал Жуков «Естеліктер мен ойлар» кітабында Днепр шайқасы туралы былай деп жазған: «3-ші гвардиялық танк армиясының механикаландырылған бөлімдері, сондай-ақ 40-шы және 47-ші армиялардың жекелеген күштері Ұлы Букрин плацдармын басып алды. Днепрден өту кезінде көрсеткен жанқиярлық ерлігі мен қайсар табандылығы үшін екі жарым мыңға жуық солдат, сержант, офицерлер мен генералдар Совет Одағының Батыры атағына ие болды».

Алайда осы бір қаһармандық ерлік тарихи әділетсіздіктің құрбаны болды. Ұрыс барысында Қасым Қайсенов қаза тапты деп ойлаған басқа отрядтың командирі А.В.Тканко әскери басшылыққа өзінің ерлігін баяндаған хат жолдап, нәтижесінде Совет Одағының Батыры атағын иемденді. Ал сол ұрыстың шынайы қаһарманы – Қасым Қайсеновтің есімі мен ерлігі көп жылдар бойы ескерусіз қалды.

Изображение выглядит как Человеческое лицо, человек, одежда, портрет

Контент, сгенерированный ИИ, может содержать ошибки.
Қасым Қайсенов майдандас досымен

Днепр шайқасынан кейін Қасым Қайсеновке жаңа тапсырмалар жүктелді. Бұл жолы ол жаудың тылына қайта-қайта жіберілетін тәжірибелі партизан командиріне айналған еді.

Алдымен 20 шақты жауынгермен бірге оны Молдавия жеріне парашютпен түсірді. Олар мұнда партизан отрядын құрып, жау әскеріне қарсы астыртын соғыс жүргізді.

1944 жылдың басында Қасым Қайсенов басқарған тағы бір топ – жиырма бес жауынгер үшінші рет жау тылына жіберілді. Бұл жолы Румыния жеріне аттанған партизандарға стратегиялық маңызы зор тапсырма берілген еді. Румынияның Плоешти аймағында фашистер мұнай кен орындарын пайдаланып отырған болатын. Осы кен орындарын жаудың қолынан тартып алу мүмкін болмаған соң, партизандар бірнеше мұнай базаларын өртеп, қиратты. Бұл тапсырма аса күрделі әрі қауіпті болғандықтан, жиырма бес адамнан тек үшеуі ғана аман қалып, олар қайтадан совет әскеріне қосылды. Осыдан кейін оларды біршама уақыт емдеп, тынықтырып алды.

«Сонда жауға өшігіп, біз де қатыгездік жасадық, – деп еске алады батыр атамыз. – 1941-42 жылы біздің қатыгездігіміз фашистерден артпаса, кем болған жоқ. Ал, оны кітапта жазуға болмайды, жазғанмен жарыққа шығармайды. Тіпті, жазған күннің өзінде сені жауапқа тартуы мүмкін. Жау тылында жүріп советтің заңын мүлтіксіз орындауға жағдайың жоқ. Мұнда заң жоқ, сот жоқ. Судья да, прокурор да – бір өзіңсің. Төреші де, тергеуші де – азаматтық арың, ашу-ызаң. Өйткені біздегі жағдай өзгеше. Біз керекті оқ-дәрі, киім-кешек түгілі күнделікті тамағымызды табу үшін фашистермен соғысып, өзімізден шығын кісі өлімін шығарып, тартып алып, тартып ішеміз. Мысалы, 50 фашисті қолға түсірдік, соған елу патрон шығындау керек Бізге оны беретін Қызыл Армия жау тылында жоқ қой. Сондықтан оларды қалай өлтіреді деп ойлайсың. Адамды өлтірудің 100 түрлі әдісі болады».

«Басымнан кешкен оқиғаларымның 70-80 проценті енді жазылмайды, менімен бірге о дүниеге кетеді. Оны жазбады деп жұрт, оқырман қауым маған өкпелей қоймас. Жау тылында, фашистердің арасында төрт жыл жүріп соғысу деген оңай дүние емес. Фашистері бар, Отанына опасыздық жасаған сатқындары бар, полицейлері бар – мен өз қолыммен қаншама адам өлтірдім. Бұл – страшный нәрсе. Демек, мен – қолым қанға боялған адаммын», – деп мұңаяды екен.

1944 жылдың маусым айында Қасым Қайсенов пен оның жауынгерлері төртінші рет парашютпен жау тылына жіберілді. Бұл жолы оларды Карпат тауына түсіріп, мұнда әйгілі «Закарпатье» партизан дивизиясын құрды. Бұл дивизияның командирі, полковник, сол кездегі Совет Одағының Батыры Александр Тканко болса, осы дивизияға қарасты бір полкқа Қасым Қайсенов өзі басшылық етті.

Қасым Қайсеновтің жеке хатшысы қызметін атқарған белгілі суретші Еркін Нұразхан мынадай естелік жазады: «Тканконың кеудесіндегі «Алтын жұлдызды» нұсқап: «Мына жұлдыз менікі ғой, – деп Қасым аға жаймен күліп алды. − Моментті жібермейін деп алған ғой. Бізді өліп қалды деп». 

− Өмірге өміріне де, бүкіл тарих алдында да бетке, сүйегіне таңба түсердей іске барған екен. Бүйткен арамдық-қулыққа барғанша, жұлдызсыз қалғаны дұрыс болар еді. 

– Иә, иә... – деді Аға. Сосын кейін Тканко Закарпатьеге Қасым ағаны алып кетемін дегенде, достары: «Ты что, дурак что ли? Он тебя в первом удобном случат» деген ескертуіне қарай, тағдырдың маңдайына жазғанын көріп алайын деген ертегілердегі батырлардай: «Посмотрим, кто кого возьмет. Если убьет, от судьбы не убежишь. Если Бог дарит жизнь, живым вернусь», – деп, қас жауының қарамағында жау тылына аттанады... 

Осы жерде терең психологиялық шиеленіс, көзсіз ерлік пен қайсарлық бар. Құдай алдында өзінің ақтығына сенімділік, беттілік бар. Алдынан оқ жаудырған жауы аздай жанында, бәлкім, сәл кейін тұрған Тканкодай бақталасының опасыз оғы мен арамдық әрекетінен қорықпай алға жүру, майданға кіру − ердің ерінің-ақ қолынан келер... 

Мен осылай деп мөлшерлеп ойымды жеткіздім. 

− Иә, иә. Қазір ойлап отырсам, менің тағдырымда өте тайғақ, қысталаң, зерттеулер туралы керемет орындар болған. Менің өмірімнің сол тұстары аңыздағыдай тосын оқиғаға толы болды. Қалай аман қалғаныма өзім де қайран қаламын... – деді жаймен».

Қасым Қайсенов бастаған партизан отрядының «Белая Таня» концлагеріне жасаған шабуылы – оның жау тылында жүріп жүзеге асырған ең бір елеулі ерліктерінің бірі. Бұл операцияның қиын әрі аса қауіпті болғаны сонша, фашистер концлагерьге апаратын барлық жолдарды түгелдей миналап, қажет болған жағдайда тұтқындарды түгел жарып жіберуге алдын-ала дайындалып қойған еді.

Осынау қатерге қарамастан, Қасым Қайсенов бастаған батыл партизандар күтпеген жерден шабуыл жасап, тапсырманы асқан дәлдікпен, тұтқындардың өміріне қауіп төндірмей орындап шықты. Лагерьдегі 700-ге жуық тұтқын осылайша аман-есен құтқарылды.

Бұл ғаламат ерлік Совет Одағының Қорғаныс министрі болған маршал А.А.Гречконың «Карпаттан асу», генерал В.Д.Лавриненковтың «Аспанға қайтып оралу», әскери тарихшы Г.И.Уткиннің «Шығыс жотасына шабуыл» атты еңбектерінде және басқа да бірқатар тарихи зерттеулерде жан-жақты баяндалып, лайықты бағасын алған.

1941 жылғы қарашадан 1944 жылғы маусымға дейінгі аралықта, «Ұлы Отан» соғысының аясынан да асып түсетін аса ауыр майдан жылдарында Қасым Қайсенов жау тылына төрт рет парашютпен десант ретінде түсірілген. Оның алғашқысы – 1941 жылдың 19 қарашасында Украинаның Богуслав орманына болса, екінші рет – 1943 жылдың соңында Молдавияға, үшінші рет – 1944 жылдың басында Румынияның Плоешти аймағына, ал төртінші және соңғы рет – 1944 жылдың маусым айында Карпат тауларына тасталған еді.

Осы төрт реткі десанттық операцияның әрқайсысы адам сенгісіз қиындық пен қауіп-қатерге толы болды. Әр операция кезінде оның қасындағы көптеген қаруластары қаза тауып, кейде санаулы адам ғана тірі қалса, кей жағдайда жалғыз өзі ғана аман қалып отырған. Мұның бәрі – тағдырдың жазуы әрі батырдың ерекше қайсарлығы мен ерік-жігерінің арқасы еді.

Қасым Қайсеновтің соғыс жолындағы осы төрт десанты – оның тек соғыс тарихындағы ғана емес, жалпы адамзаттың ерлік шежіресіндегі айрықша орын алатын, ерекше әрі қайталанбас ерлік парақтары деуге толық негіз бар.

1944 жылғы 19 қарашада – алғашқы рет жау тылына түскеніне тура үш жыл толған күні Қасым Қайсеновтің Карпат тауларындағы ерлікке толы партизандық күресі аяқталды. Үш жыл бойы өмір мен өлім арасында жүріп, сан мәрте жаумен бетпе-бет келіп, тағдырдың сан түрлі сындарынан өткен батырдың партизандық майдан жолына осылайша тәмамдалды. 

Атақты партизан, көрнекті жазушы, «Халық қаһарманы» Қасым Қайсенов

Карпат тауларында көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін Қасым Қайсенов 4-нші Украин майданының партизан штабы тарапынан ІІІ дәрежелі «Богдан Хмельницкий» орденіне ұсынылды. Бұл марапат – оның жауға қарсы аяусыз күрескенінің, өлімге сан рет бас тігіп, Отан алдындағы борышын адал атқарғанының лайықты бағасы еді.

Осылайша қарлы Карпат таулары – қазақтың қайсар ұлы Қасым Қайсеновтің сұрапыл соғыстағы ерлік шежіресінің соңғы нүктесі болып, оның есімін мәңгілік тарихқа айналдырды.

Биыл сұрапыл соғыстың аяқталғанына 90 жыл толады. Қасым Қайсеновтің есімін Өскемен қаласындағы Киров атындағы саябаққа беру туралы бастаманы қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері жиі көтеріп келеді. Бірақ, өкінішке қарай, бұл игі бастама әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ.

Бұл саябаққа Қасым Қайсеновтің есімін беру – тек батырдың рухына деген құрмет қана емес, жас ұрпақтың бойында отаншылдық сезімді нығайтудың, тарихи сананы жаңғыртудың да маңызды қадамы болар еді. Қала тұрғындары, ардагерлер, қоғам қайраткерлері бұл бастаманы қуана қолдап отыр. Алайда жергілікті атқарушы билік тарапынан нақты әрі ресми шешімнің қабылданбауы халықты алаңдатады.

Өскемен қаласы – Қасым Қайсенов туып-өскен өңірдің орталығы. Батырдың ерлігімен мақтанып, оның есімін ұлықтау – қала жұртшылығы үшін де, жергілікті билік үшін де үлкен парыз. Сондықтан бұл бастама болашақта міндетті түрде жүзеге асып, Екінші Дүниежүзілік соғыстың даңқты батыры Қасым Қайсеновтің аты өскемендіктер үшін мақтаныш символына айналуы тиіс. Бұл – тарихи әділеттіліктің орнауына, батыр рухының мәңгі жасай беруіне мүмкіндік беретін нақты іс-шара болар еді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?