
Кеше ел астанасында орналасқан Ұлттық архивте мемлекет және қоғам қайраткері, құжаттанушы ғалым, архив ісінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға – Мирболат Хабиұлы Жақыповтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Ерен еңбек иесі» атты жеке қорының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жиынға ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Лұқпанұлы, Мәжіліс депутаттары Бақтықожа Салахадинұлы мен Абзал Құспан, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ мерейтой иесінің отбасы қатысты.

Салтанатты басқосуда ел руханиятының темірқазығы саналатын архив саласының өркендеуіне ерен еңбек сіңірген Мирболат Хабиұлының еселі еңбегі кеңінен айтылды.
Ұлттық архив төрінен орын алған жеке қорға мерейтой иесінің өмір жолынан сыр шертетін 50-ге жуық аса құнды құжат қойылды. Олардың қатарында:
- Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас хатшысы Хавьер Перес де Куэльярға жолдаған хаты;
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа латын графикасындағы қазақ әліпбиін жасауға қатысты жазған ұсыныс-хаты;
- ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке жолданған архив құжаттарын құпиясыздандыру туралы ресми хаттар;
- ҚР Конституциясының алғашқы жобасы;
- Мемлекеттік қызметке тағайындау туралы бұйрықтар;
- ҚР Ұлттық архиві Ғылыми кеңесіне қатысты маңызды құжаттар ұсынылды.

Бұл құжаттар – тәуелсіздік дәуіріндегі ел дамуының айқын іздерін көрсететін баға жетпес дереккөздер.
Мирболат Хабиұлы Жақыпов – Қазақстандағы құжат айналымы мен архив ісінің заманауи негіздерін қалаған бірегей маман. Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырын архив саласына арнап, құжаттану мен іс жүргізу ісінің стандарттарын қалыптастыруда өлшеусіз еңбек етті.
Әр жылдары ол мемлекеттік маңызды құрылымдарда басшылық қызметтер атқарып, архив ісіне жаңа серпін берген реформалардың бастамашысы болды. Жаңаша іс жүргізу сөздігінің авторы атанды. Сонымен қатар газет-журналдарда жарық көрген жүздеген мақаланың, бірнеше кітаптың авторы.
Оның еңбегі жоғары бағаланып, Мирболат Хабиұлына «Құрмет», «Парасат», «Достық» ордендері, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалі және басқа да көптеген марапаттар табыс етілді. Бүгінде ол Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері Салалық кәсіподағының Төрағасы қызметін атқарады.

Архив – ұлттың жады. Ұлттық архивтегі бұл іс-шара – бір адамның мерейтойын ғана атап өту емес, мемлекеттік деңгейде архив ісінің маңыздылығын, құжаттардың тарих үшін мәнін таныту деп айтуға әбден болады. Мирболат Хабиұлының жеке қорын ашу арқылы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі құнды құжаттардың жаңа тынысы ашылды. Бұл ұрпаққа қалатын тарихи мұраның алтын көпірі.
Жиында сөз алған зиялы қауым өкілдері де Мирболат Хабиұлының архив саласындағы орасан зор еңбегіне тоқталып, оның еңбектері әлі де елге қызмет ететінін атап өтті.
Архив – өткеннің көзі ғана емес, болашақтың бағдаршамы. Сондықтан «Ерен еңбек иесі» атанған Мирболат Хабиұлы Жақыповтың жеке қоры – архивтану ісінің жаңа белесіне жол ашқан тарихи сәт ретінде есте қалмақ.
Суреттер: Ұлттық архивтің Баспасөз қызметінен