Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ғылымның жаңа көкжиегі: Астанада жас ғалымдардың I республикалық форумы өтті

1073
Ғылымның жаңа көкжиегі: Астанада жас ғалымдардың I республикалық форумы өтті - e-history.kz

Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде  I республикалық «Жас ғалым» форумы өтті. Бұл жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам жас зерттеуші келіп қатысты. Олардың әрқайсысы ғылым жолын серік еткен, жаңа идеяларға, тың шешімдерге ұмтылған, болашаққа сеніммен қарайтын жас буын өкілдері.

«Жас ғалым» бағдарламасы – Мемлекет басшысының 2021 жылғы Жолдауында айтылған тапсырма аясында жүзеге асқан бастама. Оны жүзеге асырып отырған Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл бағдарламаны постдокторантура институты арқылы ғылыми әлеуетті күшейтудің сенімді құралы ретінде қарастырады. Осы бағдарлама арқылы соңғы жылдары 688 грант бөлініп, еліміздегі 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар саны артты. Бүгінде зерттеушілердің жартысына жуығы  дәл осы жас топ өкілдері.

Форум қатысушылары бұл бастаманың маңызын ерекше атап өтті: ғылымды өмірлік бағдар еткен жастар үшін «Жас ғалым» бағдарламасы әлеуметтік лифтке айналды. Бұл мемлекеттік қолдаудың нақты әрі тиімді көрінісі.

Қазіргі уақытта «Жас ғалым» бағдарламасының грантымен еліміздің 18 өңіріндегі 74 ғылыми мекемеде түрлі сала бойынша зерттеулер жүргізілуде. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Satbayev University базаларында шоғырланған зерттеушілер биология мен ядролық энергетикадан бастап экология, мұнай-химия, геоақпараттық модельдеу және цифрлық технологияларға дейінгі салаларды қамтып отыр.

Бағдарлама аясында көптеген сапалы ғылыми еңбек жарық көріп, докторлық диссертациялар қорғалды. Бірқатар зерттеулер нақты өндіріс пен экономика салаларында қолданысқа енгізіліп, практикалық мәнге ие бола бастады.

Форумда сөз алған жас ғалымдар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымға жан-жақты қолдау білдіріп отырғанына алғыс айтты. Бұл қолдаудың нәтижесінде ғылыми гранттар көлемі артты, докторантураға бөлінетін орындар көбейді, стипендия мөлшері өсті, әлемдік орталықтарда тағылымдамадан өту мүмкіндігі туды. Сонымен қатар зертханалар жаңартылып, шетелдік жетекші университеттер филиалдарының ашылуы, жас зерттеушілерге тегін пәтерлер берілуі ғылымға жасалған тың серпіннің дәлелі.

Форумда жас ғалымдар инновациялар адамдардың қажеттіліктерін түсінуден туындайтынын атап өтті. Яғни, ғылым – тек теория емес, ол – ел игілігіне қызмет ететін нақты сала. Олардың зерттеулері атом энергетикасы, жасанды интеллект, лингвистика, археология, құрылыс, экология сынды салаларда еліміздің өркендеуіне үлес қосуда.

Жас зерттеушілер жеңістерге қажырлы еңбек, білім, мақсаткерлік пен ашықтық арқылы ғана қол жеткізуге болатынын атап өтті. Форум аясында олар Қазақстан жастарын ғылымға бет бұруға, оны өмірлік мақсатқа айналдыруға шақырды.

Жиын соңында жас ғалымдар отандық ғылымның дамуына қатысты бірнеше маңызды ұсыныс білдірді. Атап айтқанда:

  • Ғылыми экожүйені дамытуда мемлекет, ЖОО, ғылыми ұйымдар, бизнес пен жас ғалымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту;
  • Зерттеу университеттерін инновация орталығына айналдыруды жалғастыру;
  • Ғылыми нәтижелерді қоғам мен өндіріс үшін қолжетімді ету;
  • Жас ғалымдардың басын біріктіретін «Жас ғалым» республикалық қауымдастығын құру.

Бұл ұсыныстар – ғылымның тек зертхана ішінде қалмай, нақты өндіріс пен басқару шешімдеріне айналуына бағытталған нақты қадамдар. Ал «Жас ғалым» қауымдастығы – еліміздің ғылыми болашағына жауапты, бір мүдделі жастардың ортақ алаңы болмақ.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?