Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түркістанның төрінде

2855
Түркістанның төрінде  - e-history.kz
Қожа Ахмет Яссауи мешіті бүкіл дүние мұсылмандары үшін қасиетті орынға айналды. Бұл кесенеге үш рет бару Меккеге жасалатын қажылықпен теңестірілді

«Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 22 жылдығына орай «Менің Елім – Моя страна» атты мотожорық ұйымдастырған болатын, мақсат еліміздің 25 тарихи киелі орындарына арнайы саяхат жасап, тарихи құндылықтарға тағзым ету. Мотожорық командасы өз кезегінде киелі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бас сұқты.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – сәулеттің көрнекті ескерткіші, ортағасырлық сәулет өнерінің жарқын үлгісі. Яссауи сәулет кешені өз қабырғаларында міндеті бойынша түрлі орын-жайларды, сарайлар мен ғибадатханалар кешенін біріктірген темір уақытындағы сәулет өнерінің жауһары. ЮНЕСКО дүниежүзілік мұра тізіміне қосылған Қазақстандағы бірінші құрылыс. Оңтүстік-Қазақстан облысындағы Түркістан қаласында орналасқан. Ғимарат міндеттерінің алуан түрлігіне байланысты ғалымдар оның атауына қатысты бір пікірге келе алмай отыр, сондықтан оны кесене, мешіт, мемориалды кешен, ханака деп түрліше атайды. Бұл атаулардың әрқайсысы осы көрнекті кешеннің бір ғана міндетін суреттеп, қарастырылған барлық қызметтер мен салт жораларын көрсетпейді. Соңғы кезде мамандардың арасында оны дәруіштердің өзгеше үйлерін (монастырьлер) атайтын термин «ханака» деп жиі айтып жүр. Кесене сопылықтың негізін қалаушы, ойшыл, ақын, уағызшы Қожа Ахмет Хазірет Сұлтан Яссауидің құрметіне тұрғызылған.

Аңыз бойынша Яссауи Мұхаммедтің ізбасары болған. Пайғамбар дүниеден өткен кез 63 жасқа жеткенде Яссауи жерасты мешітінің еркін сопысына айналып, қалған өмірін бата және уағыз оқумен өткізеді. Яссауи Арыстанбаб пен Юсуф Хамаданидан білім алады, сопылық негіздерін, араб, шағатай және араб тілдерін, поэзия мен Шығыс әдебиетін оқыған. Өзінің туған қаласы Яссыда сопылық «Яссауи» орденінің негізін қалайды. Өз ілімінде ол тақуашылық, төзімділік, мейірбандылық, әділдік пен адалдықты дәріптеді. Қожа Ахмет ислам және түбірімен тарихқа терең тартылған дәстүрлі түркі халқы ілімдерін үйлестірді.

Яссауи мен оның шәкірттерінің арқасында сопылық арқылы ислам Орта Азия аумағына кеңінен таралды. Яссауи дүниеден өткеннен кейін оның мазары орнында кесене тұрғызылды, бірақ уақыт өте ол әбден тозады. Яссауи өлімінен 233 жыл өткеннен кейін Орта Азияның қуатты билеуші Әмір Темірдің бұйрығымен жаңа кесене салынады. 1389, 1391, 1394, 1395 жылдары көптеген қантөгісті шайқастарда Темір (Темірлан) Алтын орданы талқандап, оның астанасы Сарайберкті өртеп жібереді. Осы жеңістің құрметіне қолбасшы сол кезде әбден тозығы жеткен Ахмет Яссауидің ескі кесенесінің орнына жаңа, орасан зор мемориалды кешен салуға шешім қабылдайды. Бұл шешімді қабылдағанда Темір діни сенімдерді ғана басшылыққа алған жоқ. Кесене салуға бұйрық бере отырып Темір бір жағынан ұлы уағызшыға құрмет білдіргісі келсе, екінші жағынан жаулап алған аймақтарда дала көшпенділерінің арасында абыройын көтеру арқылы өз билігін күшейткісі келді. Кесене құрылы жөніндегі жазба дереккөзі «Жеңіс кітабы» ("Зафар-наме") болып табылады.

Тарихшылардың айтуынша Темір кесене жобасына өзі қатысты. Ол ғимараттың негізгі өлшемдерін, атап айтқанда үлкен күмбездің диаметрін өзі айқындап берген.Темір жарлығында ғимараттың кейбір әшекей бөлшектеріне және ішкі жиһазына қатысты ұсынымдар болған. Құрылыс туралы жарлықты орындау қайырымдылық істеріне жауапты Маулян Убайдулла Садрға тапсырылады. Кесене 1385-1405 жылдар аралығында салынады. Темір өлімінен кейін кесене құрылысы тоқтатылады. Нәтижесінде портал бөлігі (пештақ) мен кейбір орын-жайлардың интерьерлік әрлеуі аяқталмай қалған. Яссауи кесенесі масштабы бойынша орасан зәулім порталды-күмбезді ғимарат болып табылады. Оның енң – 46,5 м, ұзындығы – 65,5 м. Кесене қазандық бұрыштарынан таралатын және орын-жайды 8 бөлікке бөлетін өткелдер, баспалдақтар және дәліздермен байланыстырылған 35 орын-жайдан тұрады. Құрылыс алебастр ерітіндісі негізіндегі күйдірілген кірпіштен қаланған. Ғимараттың оң жақ порталы екі биік мұнарадан және аркадан тұрады, айтарлықтай биіктігінің (39 м) және арканың үлкен өткелінің (18 м) арқасында ол негізгі ғимараттың көлемінен ерекшеленіп, оның сәулеттік бейнесінің алыптығын айқындай түседі. Пропорциялардың жетілдірілгендігімен және әшекейдің байлығымен қасбеттің солтүстік жағы ерекше көзге түседі. Салыстырмалы түрде кішігірім порталының бұрышындағы үштенбір бөлікті бағаналар лиратәрізді капительдермен ұштасады. Бағаналардың негізгі бөліктері алтықырлы майолик тақтайшаларымен қапталған. Үйлесе келе олардың өрнегі үзілмейтін сурет құрады. Портал үстінде жоғары барабанда Ахмет Яссауи мазарының күмбезі тұр. Ғимараттың батыс және шығыс қасбеттері жылтыраған кірпішпен қапталған. Ғимараттың қасбеті көгілдір гаммада жасалған. Қасбет көптеген әсем өсімдік және геометриялық өрнектермен безендірілген, десе де, әшекейдің негізін эпиграфиялық ою түзеді. Қабырғалардың барлығы діни мазмұндағы мәтіндер және қасиетті жазудан алынған дәйексөздермен толтырылған.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі түрлі сипаттағы 8 орын-жайдан тұрады. Бас орын-жай – жамағатхан мен қазандық, жақтары 18,2 метрге тең төртбұрыш болып келеді. Сәулетшілердің ойы бойынша залдың салтанатты түрі мен масштабы кірген адамға Құдай алдында құрмет тудыруы керек еді. Зал Орта Азиядағы ең үлкен сфералық күмбезбен көмкерілген. Заллдың ортасында Тайқазан орнатылған, аңыз бойынша ол 7 металдың қосындысынан құйылған. Қазан бірлік пен қонақжайлылықтың нышаны. Оның ені 2,45 м, салмағы екі тонна, ал сыйымдылығы үш мың литр. Қазан емдік қасиеті бар тәттілендірілген сумен толтырылатын. Кесененің басты орын-жайы – қабірхана, Ахмет Яссауидің мазары болып табылады. Орын-жай екіқатпарлы күмбезбен жабылған, ішкісінің биіктігі 17 м, ал сыртқысы – шамамен 28 м. Қабырға іргелеріне тастан оюланған төлеге алтынмен әшекейленген алтықырлы жасыл тақташалардан панель қойылған. Үлкен және кіші сарайлар XVI—XVIII ғасырларда қазақ хандарының ордасы болған. Кіші сарайда құрметті адамдарды жерлеген. Кітапхана – құжаттарды сақтау және қайтадан көшіру бөлмесі. Шаруашылық орын-жайларға асхана мен құдықхана жатты. Сонымен бірге, кесенеде көптеген тұрғын кельялар орналасқан. Кейінірек кесене айналасында атақты тимурид Ұлықбектің қызы, Әбілқайырдың әйелі - Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі, сондай-ақ қазақ хандары Есім хан, Абылай хан, Жәңгір ханның мазарлары салынды. Кесененің ғылыми зерттеуі ХІХ ғасырдың соңында басталды. Ескерткіштің сызбаларын дайындау үшін Түркістан қаласына бірінші ғылыми экспедиция (1905 жыл) профессор Н.И. Веселовский бастаған Орта және Шығыс Азияны зерттеу үшін Орыс комитетінің экспедициясы болды. 1922 жылдан бастап бірнеше комиссия құрылысты техникалық зерттеу жұмыстарына қатысты.

Ескерткіштің егжей-тегжейлі зерттеулері 1952-58 жылдары (Б.Н.Засыпкин, Т.Ш.Карумидзе, Л.Ю.Маньковская, К.А.Шахурин), сондай-ақ 1970-80 жж. Б.Т.Тұякбаева, А.Н.Проскорин) жасалды Қожа Ахмет Яссауи мешіті бүкіл дүние мұсылмандары үшін қасиетті орынға айналды. Бұл кесенеге үш рет бару Меккеге жасалатын қажылықпен теңестірілді. Өз масштабы жағынан Ахмет Яссауи кесенесі Самарқандтағы (Өзбекстан) Бибі ханым мешітіне тең. Бүгінгі күні Түркістан-Яссыға ортағасырлық сәулет өнерінің теңдесі жоқ жауһарын тамашалау үшін дүние жүзінен туристтер мен қажыға барушылар келіп жатады.

Қ.А.Яссауи кесенесінің сайтынан алынды.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?