Даңқты жаттықтырушылар, Ресейге еңбегі сіңген әртістер Карина мен Артур Багдасаровтар Астаналық цирктің манежінде балалар үйлері мен тұрмыс жағдайы төмен отбасыларының балаларына арнап шеберлік-сыныбын өткізді.
«Балалардың бәрінің бірдей циркке барып, қойылымды тамашалауға мүмкіндіктері бола бермейді», – дейді Карина осы іс-шараның маңыздылығына тоқталып. Атақты әртістер балаларға жыртқышты жаттықтырудың не екенін, ойын барысында жолбарысты қалай трюкке үйретуге болатынын, олардың жанып тұрған отқа секіруге неге қорықпайтыны туралы әңгімелеп берді, көрсетті.
«Дрессура – «тәрбие» деген адами сөздің синонимі», – дейді жолбарыстардың жаттықтырушысы Артур Багдасаров. «Мен тәрбиесіз жануарлар мен балаларды ұнатпаймын. Тәрбиесіз бала аңдамай бірдеңені бүлдіріп, бір пәлеге ұрынып қалуы мүмкін. Жаттықпаған жануар да осындай жағдайға тап болуы мүмкін», – деп қостады Карина. Адамды үйреткен сияқты, аңды да алғашқы «тұр, отыр, жат, жүр» деген сияқты қарапайым пәрмендерге үйретеді.
Аңдар үшін бұл өте маңызды және кейде олардың өмірін құтқарып қалған жағдайлар да болған. Әртістер «цирктегі аңдарды қатігездікпен ұстайды» деген аңызды жоққа шығаруға тырысты. «Циркте аңдарды өлтірмейді, оларды қинамайды. Біз жолбарыстарды адамдармен бірге өмір сүруге үйретеміз. Бұндай аңдар өте көп. Олар тек қана циркте өмір сүрмейді, олар зообақта, зообақшада, тіпті сафари паркте де адамның көмегінсіз өмір сүре алмайды», – деп әңгімелеп берді Артур.
Бір кішкентай мәуленді бір тумбадан екіншісіне секіртіп үйрету үшін 4 кг-ға жуық ет кетеді, өйткені егер ол секірген жерде оны тәтті-жұмсақ күтіп тұрғанын түсінуі керек. Әр аң әртүрлі, әрқайсысының өзіндік мінезі бар.
Біздің бір жолбарысымыз бар, міне, сол ешбір жаттықтыруға көнбейді. Оны сөзбен де, етпен де көндіре алмайсың. Ол жасайтын жалғыз трюк: манеждің ортасына 2 метр жербауырлап келеді де, жаттықтырушының қасында тұрған етті жейді де, өз орнына кетіп қалады. Ол жолбарыс-ханым – қосалқы әртіс, оның өзінің рөлі бар: әдемі қыз, жатады, маникюр жасайды, сүйкімді ұйықтайды, болды бар болғаны осы ғана. Оны бапсқа ештеңе де істеуге көндіре алмайсың!
Артур мен Карина әкелерінің ісін жалғастыруда. Ол әйгілі «Полосатый рейс» фильміндегі атақты жаттықтырушы Маргарита Назарован тәлім алған. Жолбарыстардың өз жасы бар. Бір жасар мәулен өте кішкентай, ол бала сияқты, жүгіріп, ойнағысы келеді. Тек 2,5-3 жаста ғана ол бірнәрсе істей алады. Аң мен адам арасындағы қатынаста бастысы – сенім. Егер аң адамға сенбесе, сен ештеңе де істей алмайсың. Ал, араларыңда сенімнің барын қалай білуге болады? Егер аң жаныңда ұйықтаса – бұл сенімнің ең басты белгісі.
Ұзақ, төртсағаттық репетициялар болады, сол кезде жолбарыс өз нөмір толық орындап шыққанын біледі де, ұйқыға кетеді. Жаттықтырушылар өз аңдарын қатты жақсы көреді. Олар ашық: ұйықтаса – ұйықтайды, ойнаса – ойнайды. Олардың бойында адамға тән қызғаныш, біреудің сыртынан өсек айту деген сияқты кеміс мінез жоқ. Оларға сенуге болады. Олар табиғатынан сондай. Ал адамдар өздерінің шыққан тегін ұмытып қалған, олар да табиғаттың балалары.
Никулин циркі Қарағанды, Алматы болып, енді міне, Астанаға да келді. Өздерімен бірге 10 сымбатты жолбарысты алып келген екен. Манежде жасы үлкен, тәжірибелі жолбарыстармен бірге жас жолбарыстар да өнер көрсетті. Бірінші болып сахнаға Астана атты жолбарыс шықты. көрермендер залынан балалардың таңданыс пен қорқыныш араласқан: «Ах!» деген дауыстары шықты.
Жас көрермендерге екі жастағы әлі жас дебютант таныстырылды. Екінші болып манежге Амур шықты. Бұл тәжірибелі әртіс цирк бағдарламасында бұрыннан істейді. Үшінші болып Арго шықты. Жолбарыс Арго – қазақ, ол Қарағандыдан алынған, астанамыз сияқты оның да жасы 20-да. Қандай таңғаларлық сәйкестік!
Жыртқыштарды басқару бойынша ашық сабақ балаларға қатты ұнады. Балалар жан-жақтан: «–Жолбарыс күніне қанша шақырым жүгіре алады?», «– Неге жолбарыстар алаулаған шеңберге секіруден қорықпайды?», «– Жолбарыстың жынысын қалай білуге болады? «– Жолбарыстар қанша рет тамақтанады?», «– Қанша ет жейді?» деген сияқты сұрақтарды жаудырды. Артур балаларға жолбарыспен жұмыс істеген кездегі басты тәсілдерді көрсетті, таяқтың неге керектігін айтты, нөмір үшін не айтып, не істеу керектігін және не істемеу керектігін үйретті. Жолбарыстармен болған сабақтан кейін балаларлың өздеріне манежге шығып жаттықтырушы мен жолбарыстың орнына өздерін қойып көру ұсынылды. Бұл ұсыныс балалардың бәріне ұнап, олар манежге қарай тап берді.
«– Жолбарысты шығарамыз ба?» – деп қалжыңдады Артур.
«– ЖОҚ!!!» – деді хормен балалар.
«– Кім жаттықтырушы болады?» – деп сұрады әртіс.
Бірінші болып Томирис есімді қыз шықты. нағыз жаттықтырушыға сияқты оның қоолына ет, шыбық пен қамшы ұстатты. Жолбарыстың рөлін Валера есімді бала ойнады. Томириске қойылған тапсырма: жолбарысты әкелу, оны цирк тумбасына отырғызу, екінші тумбаға секірту, етті алып, қайтадан орнына отырғызу. Томирис етті таяққа түйреп алып, сенімсіз дауыспен:
«–Валера, жүр!» – деді. Тәжірибесі жоқ жаттықтырушының алғашқы қадамына бабалар мәз болып күлісті, десе де қол шапалақтап оған қолдау көрсетті. Жолбарыс Валера тумбада секіріп, ырылдап қояды.
Батыр қыз Томирис өзінің аттасы – парсы әскерін жеңіп, тарихта аты қалған сақ патшайымы Томирис сияқты, жолбарыс Валераны көндіріп, барлық бұйрықтарын орындатып, орнына отыруға мәжбүр етті.
Сабақтан соң Карина мен Артур Багдасаровтар «Право жить» жабайы табиғаттан тыс өмір сүретін жануарларды қорғаудың қайырымдылық қоры туралы айтып берді. Олар «орманнан тыс өмір сүру» деген терминді қолданды. «Кіріптарлықта өмір сүру» термині жағдайды аса дұрыс түсіндіре алмайды. «Кіріптарлықта өмір сүру» - бұл еркінен айыру, өмір сүрудің қалыпты ортасынан шеттету дегенмен барабар. Ал, егер аң адамдардың арасында өмірге келсе – онда бұл оның қалыпты өмір сүру ортасы.
Табиғаттан тыс өмірге келген аңдардың әлемі өте кең: бұл цирктер, зообақтар, тіпті сафари. Олар адамға, оның көмегіне үйреніп кеткен, олар басқа өмірді білмейді, сондықтан олар жабайы табиғатта өмір сүре алмайды. Жануарларды қорғау бойынша кейбір қоғамдық ұйымдар «Жануарларды босатыңдар!» деп жар салады. Жақсы, босатайық. Сонда не болады?
Олар өліп қалады. Жабайы табиғатта өмір сүру қауіпті, онда тек мықты ғаналар ғана аман қалады, табиғи сұрыпталу. Жолбарыстар – ғажайып аңдар. Олар жеке-дара өмір сүреді. Тіпті аналарының өзі балалары өздігімен қорек тауып жей алатын болғанда, оларды өздерін тастап кетеді.
Қор адамдардың жанында өмір сүретін аңдарды қолдау үшін құрылған. Жаттықтырушылар өз жануарларын өздері емдейді, ине салады, таблеткаларын береді, жарақаттанып қалса, жараларын таңады, адамдардың көмегінсіз олар өмір сүре алмайды!
Жануарлар өздерінің көсемдігін/жетекшілігін дәлелдеуге тырысады. Бұл отбасындағы мықтылар – Артур мен Карина. Олар сондай иллюзия жасап алған. Жолбарыстар жаттықтырушыларының жеуге жарамды екендерін білмейді, әйтпесе, баяғыда-ақ жеп қояр еді. Жануар сені әркез «тексеріп» отырады, егер қорқынышты сезсе, тек беделіңнен ғана емес, өміріңмен де қош айтысуың әбден мүмкін. Жаттықтырушының қолындағы, мойнындағы, кеудесіндегі тыртықтар – ұрыста иеленген медальдары сияқты.
Карина осыдан он жыл бұрынғы өзінің Астанаға келген тұңғыш сапарын еске алады. «– Бұл жерде цирк, «Мегадан» басқа ештеңе болған жоқ. Қыстыгүні жел ұшырып кетпес үшін, 3-4 адам болып жүретінбіз. Барғың келмейтін қалалар болады, ал Астанаға біз зор құлшыныспен келдік. Елордалық тұрғындарды таңғалдырарымыз сөзсіз», – дейді Карина.
Мәскеулік Никулин циркінің әртістері, акробаттар, әуедегі гимнасттар, сайқымазақтар және басқалары елордалық тұрғындар мен қала қонақтарын жаздың аяғына дейін өз қойылымдарымен қуантады.