Әрине, мақаланы алғаш қолға алған кезден-ақ көзге оттай басылғаны «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» атты бөлігі болды. Бір кезде Президенттің өзі қазақ тарихын әлемдік тарихи үдерістер аясынан алып зерттеу, зерделеу керек дегені әлі есімде. Бұл жолы ол осы ойын тағы да тайға таңба басқандай айқындап беріпті. Бірінші кезекте қазақ тарихының уақыты, яғни, біз үнемі айтатын хронологиялық шеңберіне тоқталыпты. Баяғыдан жер тағандап айта алмай келген мәселенің басын ашыпты. Ол дегеніміз ұлт пен мемлекет тарихына байланысты мәселе. Ол екеуі де уақыт еншісіндегі ұғым. Біз талай уақыттан бері еш жасқанбай, кібіртіктемей айтып келе жатқан мәселеге бірден ойысыпты. Ол болса Қазақ жерінде бұдан екі жарым мың жыл бұрын сақтардың мемлекеттік басқару жүйесі болғандығы туралы ойлар. Демек, біздің Қазақ жеріндегі мемлекеттілік дәстүр сол кезден бастау алады. Сол кезден бастап біздің жерімізде Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңды секілді іргелі мемлекеттер арт-артынан құрылды. Олардың мемлекеттік аппараттары, басқару иерархиясы, әскері, заң жүйесі болды. Біздің айналамыздағы елдердің мемлекеттік жүйелері де одан тым ілгері болып тұрмаған еді. Ал, енді «кеңістік» ұғымына келсек, ол да біздің ұдайы жағымыз тала айтып келе жатқан, бірақ ешкім құлақ аспаған мәселе еді. Яғни, қазақ тарихы бүгінгі Қазақстан территориясымен шектелмейді.
Тарихтағы қазақтың этно-территориясы 5 миллион шаршы километр аумақты құрайды. Яғни қазақ тарихының географиялық шеңбері батыста Құбаң даласынан шығыста Қыдырхан (Хинган) тауына, солтүстікте Байқал мен Сібір ормандарынан оңтүстікте Хуанхе мен Хэси дәлізіне, Тарым бассейіні мен Мауреннахрге дейінгі ұлан-ғайыр өлкені алып жатыр деген сөз. Біздің бұл даланы тарихи тұрғыдан меншіктенуге толық құқымыз бар. Бұл кеңістікте басқа ешкім емес, қазақ халқының арғы аталары емін-еркін тіршілік еткен. Президент атап көрсеткендей: «қазақтың кейбір ру-тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды». Президент айтқан сол ру-тайпалар аталмыш кеңістікті өз бақылауында ұстаған. Бұл бүгінде төрткіл дүние көз тігіп отырған Еуразия «жүрегі» − Орталық Азия. Осы орталық аймақта жасаған біздің ата-бабаларымыз үшін шығыс пен батыстың сан қилы мәдениеті мен өнері еш таңсық болмаған. Олар шығыс пен батыстан келген жібек жолын бір бірімен байланыстырған. Шығыс өркениеті немесе батыс өркениеті болсын, барлығы да осы өлкеде сәл байырқалап барып ары қарай таралған. Сондықтан, бұл өлкеде көшпенділер өркениеті мен отырықшылық өркениет бір-бірімен сәйкесті, гармониялы түрде, бірін-бірі толықтай отырып дамыған. Қазақ даласының айналасында шығыста Қытай мәдениеті, оңтүстікте Тарым бассейіні мәдениеті, ортаазиялық Қосөзен және Үнді-Парсы мәдениеті, батыста Араб және Византия мәдениеттері болды. Қазақтар бұл мәдениеттермен барынша қоян-қолтық араласты. Сөйте жүріп өздері де адамзат өркениеті үшін өшпес үлестер қосты. Ол болса Президент мақаласында атап көрсетілгендей «атқа міну мәдениеті» (жылқыға байланысты кешенді мәдениеттер жиынтығы), ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, Алтын адам, түркі өркениеті (түркі жазуы мен мәңгітастар мәдениеті), Ұлы жібек жолы қатарлылар. Бұған Қазақ жерінің жаратылыстық байлығы болып табылатын әйгілі алмасы мен қызғалдақ гүлдерін, қымызы мен шұбатын, әйгілі дәрілік өсімдіктерін қосыңыз...
Оқыңыз: Тарихшының бір күні: Тұрсынхан Зәкенұлы
Қазақ халқының ақыл-ой жауһары болып табылатын ұлттық календарын, жыл есебін, жұлдызнамасын, тұрмыстық химиясын, дәрігерлік ілімін, философиялық дүниетанымын, заңдары мен ғұрып-әдетін, әдеп-иба мәдениетін, діни наным-сенімдерін, ұлттық тәрбие мектебін, қолөнерін, азық-түлік өндірісін, киіз үйін, бақташылық тәжірибесін, көші-қон дәстүрін, музыкасын, ән-биін, фольклоры мен жазба әдебиетін, ұлттық ойындарын т.б. қайда қоямыз?! Демек, халықтың тарихы тек қана ат үсті аламанмен, жаугершілікпен ғана жазылмаған. Сонау сақ заманынан бастап, өскелең отаншылдық сана, мемлекетшілдік ерік-жігермен қоса, байыпты ғылыми-мәдени ойлау жүйесі дамып отырған. Сондықтан, ендігі жерде Қазақ тарихын жазғанда міндетті түрде халқымыздың ғылыми-мәдени, философиялық ой-өрісінің даму тарихы, ұлттық ғылымның өркендеу кезеңдері де қоса жазылуы керек. Сонымен қатар, біз айналамыздағы әлеммен болған саяси, экономикалық және шаруашылық қарым қатынастарымыздың тарихына да маңыз беріп, аймақтық және әлемдік халықаралық қатынас тарихындағы өз орнымызды айқындауға тиіспіз.
Мақаланың екінші бөліміндегі Президенттің тарихи сананы жаңғыртуға байланысты іс-шаралар туралы ойларын оқи келе, түйгенім: «Архив-2025» бағдарламасы бұдан алдынғы бағдарламалар кезінде асығыс іске асырылған немесе орындалмай қалған жобаларды одан ары тиянақты жалғастыруға толық мүмкіндік береді. Елбасы бұл маңызды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық туризмге» айналмауға тиіс дей келе, мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құрудың маңыздылығын атап көрсетеді. Шынында да ендігі кезде ғылыммен нақты айналысатын адамдарға маңыз беріп, ғылыми-зерттеудегі формашылдыққа, «қосақ арасында жүрушілікке», өтірік есеп берушілікке, қағазбастылық және ұдайы есеп талап ету арқылы ғылыммен нақты айналысатын адамдардың қол-аяғын шырмап қоюға жол беруге болмайды. Осы идеяларды шынайы іске асыру үшін мемлекет бұл бағыттағы ғылыми-зерттеуді стратегиялық нысан деңгейіне көтеріп, оны қаржыландыруды ұлғайтуы тиіс. Меніңше, ұлттың тарихын зерттеуге кеткен қаражат ең орнын тауып, ақ-алал жұмсалған қаражат болып есептеледі.
Президенттің «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағартулық энциклопедиялық саябақ құру идеясы да барынша қолдауға тұрады. Президент сол ұлы тұлғалардың қатарында Күлтегінді де атайды. Иә, Күлтегін ескерткіші Астанаға ең алғаш келгенде, сонау 2001 жылы мамыр айында Президент Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетіне келіп, сол ескерткіштің ашылу лентасын өз қолымен қиған әрі маңызды сөз сөйлеген еді. Содан бері де 18 жыл зулап өте шығыпты. Бірақ қоғамның Күлтегін ескерткіші туралы танымы мен түйсігі сол кездегіден төмендемесе арта қойған жоқ. Бұдан алдын талай мақаламда айтып өткенімдей, Күлтегін ескерткіші біздің елдік тарихымыздың қайталанбайтын бірегей мұрасы, баға жетпес құндылық. Онда тек елдік, мемлекеттік туралы сөз болады. Қазақтың, бүкіл түркі халықтарының тарихында мұндай тағдырлы, ғажайып ескерткіш басқа қайда бар? Онда түркі халқының алғаш мемлекет құруы, дәуірлеуі, кейін келе ішкі берекесіздік пен сатқындықтың кесірінен Қытайдың құлдығына түсіп қалуы, Тәңір қолдап, Елтеріс Құтлық қағанның кезінде тәуелсіздікті қайта алғаны, түркі халқының өксігі мен өкініші, мемлекетті мәңгілік сақтап қалу туралы ізгі мұраттары, неден сақ болу керектігі, Қытаймен қалай қарым-қатынас жасау мәселесі, бәрі, бәрі тайға таңба басқандай айқын жазылған. Күдік қайдан болса, қауіп содан дегендей, белгілі мағынадан алғанда, сонда айтылған кейбір тарихи оқиғалар бүгін тағы қайталанып жатқандай. Сондықтан мың құбылған дүниедегі сын-қатерлерге төтеп беру үшін, бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын жазылған осынау киелі ескерткішке үнемі қайта айналып, оның әр сөзіне, әр әрпіне көңіл аударып отырудың маңызы ерекше. Егер «Құрани Кәрім» біздің имандығымыздың негізі болса, «Күлтегін ескерткіші» біздің мемлекеттілігіміздің киелі кітабы болуға тиіс. Сондықтан, Елбасы мақаласындағы ойларға сәйкес, мен Астана қаласының орталық көшелерінің біріне арнайы Күлтегін саябағын орнатып, оған көне түркі ескерткіштерінің ансамблін орнатуды, осынау тағдырлы жазуды алтын әріптермен ұрпағымыздың ұрпағына арнап жаңғыртып жазып қоюды ұсынамын.
Оқыңыз: Ел төресі – Құтылығ
Қорытып айтқанда, біздің Президентіміз ауық-ауық ұлттың тарихи жады мен сана-сезімін жаңғыртуға байланысты көшелі ойларын ортаға салып келеді. Өкінерлігі, қоғам әлі де салғырт. Біздің ұлттық тарихнамада ерте және ортағасырлардағы Қазақстан тарихының фундаменталды мәселелері көп зерттелмейді. Магистранттар мен докторанттар негізінен оң жамбасқа келетін қазіргі заман тақырыптарына әуес. Соның салдарынан Қазақстанда тарихи-танымдық туризм кенделеп келеді. Тарихи орындарды жаңғырту терең тарихи зерттеулерге мұқтаж. Қазіргі таңда тарихи ескерткіштерді жаңғыртуда шетелдік тәжірибелерге ден қойған дұрыс. Жалаң батырларды атқа мінгізіп жол бойына қоя беретін әдеттен арылу керек. Тарихи ескерткіштерді оқу-танымдық мақсатта кешенді түрде дамытып, айналасын абаттандыруға назар аударған жөн. Президент мақаласына орай алғашқы ойлардың бір парасы осылар. Алдағы жерде ол туралы тағы да өз ойларымызды ортаға салатын боламыз.