Әдетте көшпелі қазақ қоғамының әскери өмірі жайлы сөз қозғасақ онбасы, жүзбасы, мыңбасы, түменбасы, бек, беглер бегі (Бас қолбасшы) немесе тархан секілді он шақты ары кетсе жиырмаға жуық көне атаулармен шектеліп жатамыз. Алайда ұланғайыр далада үстемдік құрып, бірнеше мәрте алып империя құрған сақ, ғұн секілді түркі тайпаларының өздеріне тән әскери тәртібі, заңдары болғанын көбіміз ескере бермейміз.
Берісін айтқанда Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы», бертіндегі «Абылайдың қара жолы» атанып кеткен дала заңдар жинағында қатаң әскери реформа, ұжымдық жауапкершілік, аманат пен антқа адалдық, опасыздық және қиянаттан сақ болу, бұйрыққа бағыну әрі оны сөзсіз орындау секілді құндылықтарға негізделген мызғымас әскери иерархия жатты. Мәселен қатардағы қарапайым сарбаздың өзі өзге тап өкілдерінен қарағанда белгілі бір деңгейде үстемдікке ие болды. Көшпелілердің әскери құрылымы белгілі жүйемен жасақталды. Әрі үш негізде – оң қанат, сол қанат және орталық бөлік болып бөлінді. Бұл әскери қосындар ондықтардан, жүздіктерден, мыңдықтардан (түмендерден) құралды. Ол жеке қолбасыларға бағынды. Қолбасылар тікелей хағанға, ханға деп ары қарай кете берді...
Енді осы әскери жасақтардың құрамы мен басқару жүйесіне қатысты жиі айтылатын лауазымдарға тоқталып көрелік:
Кез келген оқыс жағдайға яғни қорғаныс саласына лайықталған қоғамның бөлшегі жауынгерлер деп аталды. Олар өз қолбасшыларына бағына отырып, берілген бұйрықты міндетті түрде орындауы тиіс болды. Арнайы әскери дайындықтан өткен жауынгер сарбаз деп аталды. Мұндай жауынгерлер мен сардарлардан құралған әскери жасақтың басшылары қолбасшы деп саналды.
Он немесе одан сәл көп (әдетте 12 жауынгер) адамнан тұратын жауынгерлік топ басшысы онбасы аталды. Орта ғасырларда түркі халықтары арасында қалыптасқан бұл әскери лауазым иелері белгілі бір тапсырмаларды орындауға арналған. Онбасы жүзбасыға бағынды.
Жүзбасы – жүздік әскердің басшысы. Олар сонымен қатар бүтіндей бір ауылға да басшылық жасай алды.
Мыңбасы – көне түрік және моңғолға ортақ әскери атау. Мың қолдың басшысы. Мыңбасын түркілер бек деп атаса, моңғолдар ноян, арабтар әмір деп атаған. Мыңбасылар әкімшілік басқару жүйесі мен сарай ісіне де араласа алатын болды.
Түмен. Бұл да түрік және моңғол ұлыстары арасында аса жоғары әскери лауазым болып саналды. Бір түменге он мың қол бағынышты болады.
Тархан – ең жоғарғы атақ. Әрі түрік-моңғол халықтарында өте ертеде пайда болған лауазым. Тек ақсүйектер мен лайықты әскери адамдарға берілген. Ханнан кейінгі екінші дәрежелі атақ болып саналды. Бұл атаққа ие болған батырлар белгілі жеңілдіктерге ие болды. Салық жинады. Уәлаяттарға әкімдікке тағайындалды.
Сардар – сарай ісі немесе ел шаруасына араласу құқына ие болған қолбасшылар. Олар хандардың сенімді өкілі саналды.
Баһадүр – жоғары деңгейдегі әскери мансаптардың бірі. Яғни бір сөзбен айтқанда Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батырларға берілген атақ. Мұндай жауынгерлер жеке ту ұстады, ерекше үлгідегі киім, патша немесе ханның арнайы өкілі екенін растайтын арнайы белгісі (көбіне қауырсын тағылды) бар дулыға киетін болған.
Сол секілді аламан, шора, тіл, шабарман, есауыл сынды әскери лауазымдар болды. XVI ғасырларда пайда болған бұл атақ (есауыл) салтанаты күзет қызметкерлеріне, ханның есігін күзететін немесе арнайы жоралғылар кезінде бой көрсететін жауынгерлерге берілді.
Көшпелі түріктердің әскери атақтары мен құрметті лауазымдары әрине мұнымен шектеліп қалмайды. Бүгінде архаизмге айналып мүлдем санадан өшіп кеткен лауазым белгілері болғаны даусыз. Мәселен, белгілі ғалым Серікбол Қондыбай «Жауынгерлік рух кітабы» атты кітабында көне түрік дәуіріне тән көптеген лауазым атауларын атап өтеді. Оның айтуынша, қазақтың әскери тарихы мен әскери мәдениеті өте ертеден қалыптасқан. Өйткені, көшпелі болмысқа бейімделген орасан зор қарулы күшті белгілі бір тәртіпсіз, құрылымсыз, жарлықпен бекітілген әскери атақтар мен лауазымдарсыз ұстау мүмкін емес.
Ғалым қазақтың әскери тарихы мен әскери мәдениетінің, оған қоса терминологиясының тарихын мынадай шартты кезеңдерге бөліп қарастырады:
Бірінші – ежелгі заман (б.з. V ғасырға дейінгі ғасырлар мен мыңжылдықтар);
Екінші – түрік заманы (б.з. VI-XV ғасырлар);
Үшінші – қазақ заманы (XV-XX ғасырлар).
Яғни әр кезеңнің өзіне тән әскери атақтары мен шен атаулары болған. Енді сол деректерді сөйлетіп көрелік:
Ақташы – армияға қажетті малды қадағалаушы офицер. Яғни сарай мансап атақтарының бірі, оның бастапқы функциясы – қой бағушылардың үстінен қараушы, Рашид ад Диннің жазбасында осы атаумен ханның жеке жылқы үйірлерінің ат бағушысын атаған.
Бұларғашы – әскери мүлікті қадағалайтын офицер. Бұл да Шыңғыс әскері штабының құрамында кірген алпағылардың (мансаптардың, кызметтердің) бірі. Бұларғашының қарауында ерекше жасақ болып, олар әскердің көші (лагері) орнынан қозғалғанда жұрт орнында ұмытылып қалған заттардың, қалып қойған жауынгерлер мен құлдардың, сондай-ақ мал-жанның бар-жоғын тексеретін болған.
Бұлғай – ішкі басқару мен қаржы мәселесі жөніндегі офицер.
Жұртшы – офицер-квартирмейстер, әскерді орналастырушы, қозғалу маршрутын анықтаушы. М. Иваниннің жазуына қарағанда, жұртшы офицерлердің бастығы еуропалық әскердегі генерал-квартирмейстерге сәйкес келген. Оның және оның командасының міндеті: жазғы және қысқы әскери көштерді орналастыру, әскердің қозғалуы кезінде де, соғыс қимылдары кезінде де көш (лагерь) тоқтайтын орынды тауып, белгілеу, хан мен қолбасшылар ордаларының орналасу орнын белгілеу,
Табашы – жүк тиелген көшті, тасымалды қадағалайтын офицер. Шыңғыс хан заманындағы әскердің штабындағы офицерлік қызметтердің бірі, ол, сірә, жорыққа шыққан әскердің жүк тиеген керуеніне ілесіп жүрген жүк арқалаушы түйелерді қадағалаған болса керек.
Тарғушы (таргуджи немесе джаргучи) – Шыңғыс хан заманындағы әскердің штабына кіретін шеннің бірі, тарғушылар мөр сақтаушы қызметін атқарған, сондай-ақ сот, әділ қазы ретінде әскери тендер арасындағы дауды қарап, істерін шешуші болған.
Ғалымның айтуынша, ХІІІ ғасырға тән көне құжаттардан белгілі болған бұл әскеру атаулар XIV-XVI ғасырлар яғни Әмір Темір мен Бабыр сарайы және Алтын Орда заманында өз маңыздылығын жоймаған. Тек мағыналық жағынан аздап өзгерістер ғана енгізілген. «Жасауыл», «Ар-тауыл», «Қарауыл», «Айдауыл», «Қайдауыл», «Домбауыл», «Бақауыл», т.б. сөздерді жатқызуға болады. Бұлардың біразы бүгінгі қазақ тілінде сақталған. «-уыл» - моңғол тіліндегі «әрекет етуші» дегенді білдіретін жұрнақ», – дейді Серікбол Қондыбай «Жауынгерлік рух кітабы» атты кітабында.
Ереуіл – «ұзақ жортуға шыдамды, мықты» дегенді білдіреді, яғни «десант» немесе «спецназ» сияқты арнайы мағыналы, жаттыққан, бәріне төзімді жауынгерлерді осылайша атауға болар еді.
Тосқауыл – жасырын тосып тұрып, тұтқиылдан шабуыл жасауға жасалған сарбаздар.
Шығауыл – белгілі бір істің, әрекеттің алдыңғы қатарында (шебінде) жүретін адам, авангард. Бабыр заманында (XVI ғасыр) «шығауыл» деп «хатшыны, орындаушылық қызметті атқарушыны» атаған. Шығауыл – адъютант, ординарец, денщик немесе одан үлкен әскери мансап атақтарының бірі.
Бөгеуіл – жаяу әскер мен танкіге қарсы кедергі.
Жортуыл – жорық, аттаныс.
Торуыл – шолғыншы. Орыстың «дозор» дегеніне сәйкес келеді.
Айдауыл – қылмысты болғандарды, сотталған адамдарды айдаушыны осылай деп атайды. Сонымен қатар соғыс жағдайында қолға түскен тұтқындарды айдайтын жауынгер жасағында «айдауыл» деген.
Қарауыл – моңғолша харуул – «күзетші, бақылаушы, гауптвахта» дегенді білдіреді, бірақ сөздің негізінде түркінің «қара, қарау» деген етістіктері жатқанын байқау қиын болмас. Түсіндірме сөздікте «қорғау, сақтау, күзет» деген мәнге ие, сондай-ақ осы сөздің «нысана, мылтықтың көздейтін жері» деген ауыспалы мағыналары да бар.
Кежеуіл – көне қазақ тілінде «күзет, қарауыл, шолғын» дегенді білдірген, сөз тіркесі де сақталған, мысалы: кежеуіл салды – «қарауылдады, шолды, торуылдады», кежеуілші – «шолғыншы, қарауыл қараушы, торушы». Бүгінгі әскери бақылаушыларды (военный наблюдатель) бір сөзбен осылайша атауға болар еді, сондай-ақ басқа жерлерде де қолдануға мүмкіндік бар.
Бақауыл (бөкеуіл, бакавул). Бұл сөздің негізгі мағынасы («Бабырнама», «Тарих-и-Рашиди», Әбілғазының туындылары) – «патшаға берер тамақты тексеріп отыратын сенімді адам» дегенді білдіреді, түсіндірме сөздікте де осы анықтама берілген. М. Иваниннің көшпелілердің соғыс өнері туралы кітабында «бақауыл» атауына ие болған кісінің «әскерге азық-түлік тарату мен сақтауды іске асырушы және соғыс олжасына келген заттарға өзінің таңбасын басушы, олжаны дұрыс бөлуді ұйымдастырушы» деген қызмет атқарғандығын жазады.
Тұтғақ – тіл алушы, түнде жаудың күзетшілері мен алдыңғы айғақшыларын ұстау үшін жіберілетін шолғыншы атты қосын тобы.
Сондай-ақ, ол еңбегінде тархан атағының бірнеше деңгейге бөлінгенін айтады: «Апа – тарқан», «Баға – тархан» және «Бойла баға тарқан». Серікбол Қондыбайдың айтуынша, Тоңыкөктің Бойла баға тарқан деген атағы болған. Ең үкені – тархан. Ең жоғары әскери шен әрі ақсүйектік титул. Яғни – қазіргі генералдың деңгейіндегі лауазым.
Тарқан (тархан) – түріктердің ортасындағы ең ежелгі белгілі әскери алпағылардың бірі, осы атау VI ғасырдың құжатында кездеседі, мәселен, 590 жылы көктүркі қағаны Дизабулдың сарайына византийлік Юстин патшадан елші болып келген Земарх елге қайтуға рұқсат алғанда, түркі қағаны оның қасына тархан шеніндегі Тагма деген көктүркі офицерін өз елшісі ретінде ертіп жібереді (Memander, Excerpt de le Legationibus). «Тархан» сөзі әскери алпағы ретінде Орхон-Енисей жазбаларында, «егемен хақыға ие ірі ақсүйектер мен билеушілердің титулының аты» ретінде Махмұт Қашғари сөздігінде де кездеседі.
Кітап авторы өз еңбектерінде Махмұт Қашғаридың сөздігінде ғана кездесетін көне атақтарға да тоқталып өткен. Солардың бірі – Жортық (йортұк) лауазымы. Ғалымның пайымдауынша, көбіне орта азия халықтарына тән «йортүк» лауазымы ханның қорғаушыларына берілген.
Ағыншы. Махмұт Қашғаридың сөздігінде ағыншылар деп «дұшпанды түнде барып, тұтқиылдан басатын әскерді» яғни ағынды, ұшқыр әскер тобын атаған.
Йалыман – басқыншылық жортуыл дегенді білдіреді.
Жізек (йізек). Әскердің алдында жүретін шолғыншы топ. «Бұл – кәдімгі, еуропалық дәстүрде қолданылған «пикет» сөзінің тура баламасы болып табылады» дейді ғалымның өзі.
Небары 35 жасында өмірден өткен жас ғалым Серікбол Қондыбай бұл еңбегінде «Қазақтың төл жауынгерлік кодексі» болғанын айтады. Сонымен қатар рыцарлық, «Сыпайшылық», «Салтық – рыцарьлық», «Шынжырлы тұқым», «Инақ», «Инаншы», «Тегін», «Тархан», «Апа», «Шад», «Апа –Тархан», «Баға», «Бұйрық», «Өге бұйрық», «Ағышы», «Ордубашы», «Жұғрышы», «Шабушы», «арқышы», «Құлабұз», «Түксін», «Таяңын», «Иалафар», «Иалабашы», «Жабғы», «Ыдықұт», «Елтебер», «Елбілге», «Елтеріш», «Тамғашы», «Бұлғай – аға», «Тутук», «Ракабдар», «Мөһердер», «Дастур», «Мосул», «Мұлазым», «Мұқтасиб», «Уәзір», «Хан», «Сардар», «Сарбаз» тағы сол секілді көне түркілік әскери атақтар мен мансаптарды білдіретін сөздердің мағыналарына талдау жасаған. Әрі бұл атаулардың түп нұсқасына талдау жасай отырып, қазіргі заман талабына сай қайта жаңғырту жолын ұсынған адам. Мәселен, мемлекеттік хатшыны – Тамғашы, Премьер-министр лауазымын Елтеріс, Жоғарғы сот және оның басшысын Жарған немесе Жорғын деп атауға болатынын көрсеткен.
Айтпақшы, бұл еңбегінде қазіргі министрлердің көне түркі тілінде Инаншы деп аталғанын айтады. Ішрекі инаншы – ішкі істер министрі, Жасауыл инаншы Әділет министрі, Сыртырақ инаншы – Сыртқы істер министрі, Ердем инаншы – Мәдениет министрі, Ордубашы – Президент әкімшілігінің басшысы тағысын тағылар...
Жалғасы бар...