Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қаржаубай Сартқожаұлы: Айтылмай келген шындық бар

6527
Қаржаубай Сартқожаұлы: Айтылмай келген шындық бар - e-history.kz
Көк түріктері азаматтық әрі демократиялы қоғам құрып мемлекет есебінен тұрақты әскер ұстаған

Бізге дейін Көк Түріктің дүниелерін қазақ халқына ешкім жақындатпады. Алдымен орыс ғалымдары зерттеді. Жалпы қазақ ұлтынан білікті маман шығармауға тырысты. Түрік жазбаларының соңынан шам алып түсіп, ерекше қызықтаған Ғұбайдолла Айдаров, Алтай Аманжолов секілді ғалымдар осындай жымысқы саясаттың кесірінен Көк Түріктің төл мұралары сақталған Монғолияға жіберілмеді. Тіптен біле тұрса да Көк Түріктерінің билеуші тайпасы кім екенін де айтқызбады. Бірақ оның бері таста тұр еді. Тілі кімдікі екені де тарихи деректе анық көрініп тұрды. Оны да айтуға болмады, айтқызбады.

Мен керісінше сол жерде туып, байырғы түріктердің тарихи мұраларының ортасында өстім. Осы салада жүргеніме, міне, отыз жылдан асап барады. Мені, обалы нешік, моңғолдар жақсы дайындады. Мұнда келгеннен кейін де еркін еңбектеніп, ұлт тарихына үлесімді қоса алатындай жағдай туды. Сөйтіп, тарихи отаным – Қазақстанға келген соң, менің екінші тынысым ашылды.

Қазақтың түпкі атасы – Көк түріктері. Бұған дейін б.з. V-X ғасырлар аралығында Орта және Орталық Азияда үлкен империя орнатып, әлем мәдениеті мен өркениетіне мол олжа салған көк түріктерін қазақ тарихына қимайтын еді. Көк түрік тарихы біздің баба-тарихымыз екенін, көк түріктері біздің бабаларымыз екенін, оның дәстүр-салты, дүниетанымы, тайпалық құрамы (этникасы) тарапын зерттеп, зерделей отырып, бүгінгі қазақтардың арғы бабалары екенін тарихи тұрғыда анықтауға тырыстық. Көк Түрік империясының билік жүргізуші ақсүйектері, хандары қыпшақ тайпалық одағынан екенін анықтадық. Онымен қатар бұған дейін Көк Түріктері ұйғыр тілді деген тұжырымға сын көзбен қарап, байырғы жазба мәтіндердің фонетикасы мен фонологиясын түркілік дүниетаныммен сараптап, түрік тілдерінің ішіндегі қыпшақ тілі тобына жататындығын дәлелдей алдық. Біздің қазақ тілі де қыпшақ тілдер тобына жатады. Демек, түрік бабаларымыз біздің байырғы тілімізде сөйлеп, сол тілмен империясын басқарып, сол тілмен әлем өркениетіне өз үлесін қоса білді.

Білге қаған азаматтық әрі демократиялы қоғам құра білген

Көне түрік жазбалары мен ескерткіштерінде өте көп дүние жатыр. Онда түгелдей біздің тарихи төлтума дәстүріміз тұнып тұр. Бүтіндей ел басқару жүйесі жатыр. Мәселен, Көк Түріктерінің билігі әскери-азаматтық демократиялық жүйеге құрылған. Біз қазіргі күндері ұлардай шулап жүрген демократия ұғымы оларда атам заманда болған. Түріктік дәстүрдің ең елеулі ерекшелігі, қандай да бір елдік мәселені дуалы ауыздар мен абыздар, билік басындағылар ортаға алып, бірлесе шешетін болған.

Бұл – азаматтық әрі демократиялы қоғамның көрінісі. Мемлекет есебінен тұрақты әскер ұстаған. Біздегі «Ұлан» секілді, тез әрі ілкімді қимылдайтын арнайы бөлімдер болған. Олар ондық жүздік, мыңдық немесе түмен деп сатылай есіп отырған. Өздеріне тән әскери атаулар мен шендері болды. Біз қазір әскери атауларды қазақшалай алмай жүрміз. Неге сол ата-бабаларымыз қолданған атау ларды енгізбеске? Түменбасы мыңбасы немесе жузбасы деген атаулардың мағынасында тұтас тарих тұнып тұрған жоқ па?!

Білге қағанның ғибадатханасын ашқанда, археологтар таңғаларлық көрініске тап болады. Ғибадатхана ішінде – мәрмәрдан жасалған Білге қаған мен Бүбі-бегім қатынның мүсіні. Қос мүсін алдыңда – үлкен жозы тас. Соның үстінде қойдың басы мен 12 мүшесі толық салынған күміс тегеш тұр екен. Құрметті қонағына қойдың басын тарту – ата салтымыз. Бұл дәстүр Көк түріктерінен бұрынғы үйсіндерде де болыпты. 1984 жылы Тарбағатайдың шығыс босағасы Күнүн деген жерден (ҚХР), 1990 жылы Тәңіртауының етегі Жұлдыз маңынан табаққа салынған қойдың басы 12 мүшесімен табылған болатын. Сонда қараңыз, қазақтың ата-салты сонау сақ, үйсін, түріктерден бермен қарай үзілмей сақталып келеді. Яғни Көк түріктерінің біздің бабамыз екеніне ешқандай талас жоқ.

Тәңіршілдік дін ғана емес, үлкен ілім

Түріктердің негізгі діні тәңір діні болды. Табиғатқа табынды. Олар Жаратушыны табиғаттың өзінен іздеді. Сондықтан табиғатпен астасып, тікелей байланыста болды. Оны атақты түркітанушы ғалым Л.Н. Гумилев жақсы түсіндіріп кеткен. Тәңір діні дегеніміз – табиғаттың биосфера заңдылығы. Яғни олардың негізгі түсінігі «Табиғаттан тыс ешқайда кете алмаймыз» дегенге сайды. Тәңір дінін тұтқан көшпелілер ғұн, түрік, моңғол іспетті үш алып империя орнатты. Үшеуінің де идеологиясы осы тәңіршілдік еді. Осындай ерекшелігі бар тәңіршілдік дін ІХ-ХІ ғасырларда арабтардың қуатты идеологиясы мен дін таратушылардың үгітінің нәтижесінде түріктік дәстүрден ығыстырыла бастады. Екі діннің арасындағы шайқас тым ұзаққа созылды. Ақыры ислам жеңді. Сонымен бірге түріктік тек те келмеске кетті.

Сүндет пен домбыра көне түріктерден қалған

Ислам дінімен бірге келді деп жүрген сүндеттеу дәстүрі көне түріктерде де болған. Қыры мен сыры ашыла қоймаған ғылым болған соң, өте көне жазбаларда көптеген дүниелер байқалмай қалып қойып жатады. Орхон атласын жасау барысында байқамаған екенбіз, кейінгі кезде ғана байқап жүрмін. Күлтегін жырында «анасы Күлтегінді 12 жасында ат болдырды» деген жолдар жүр. Ат болдыру дегеніміз кәдімгі баланы сүндеттеу емес пе? Ал біз бұған дейін сүндетті ислам дінінен алдық деп келдік. Сөйтсек, сүндет тарихы көнеде жатыр екен ғой?! Осыны ары қарай зерттеу барысында Алтайдан мұз астында қалған көне скиф дәуіріне тән сүндеттелген 18 жастағы жігіттің мүрдесі табылғаны туралы дерекке жолықтық. Оны Руденко деген ғалым Пазырык қорғанынан тапқан екен. Мүрдені жұқа ақ киізбен ақыреттеп, басына жастық қойып (күрекке ілінген алғашқы топырақтан, тастан, қиыршықтан), басын солтүстік-батысқа қаратып жерлетті.

Сондай-ақ қазақтың қоңыр үнді домбырасын да бертінгі заманғы дүние деп елестеткен едік. 2009 жылы моңғол жерінде экспедицияда болғанымызда Алтай тауындағы үңгірлердің бірінен домбыра табылғанына куә болдық. Ол үңгір адам аяғы баспайтын, тек тау барыстары мекен ететін биік тауда орналасқан. Тарих пәнінің мұғалімі оқушыларымен сол үңгірге келіп түседі. Үңгірден адамның қаңқа сүйектері мен жебелер табылған. Саларырақ, мойны қисайып қалған домбыра тауып алады. Кездейсоқ табылған құнды мұраны ол Ұланбатырдағы археологтарға табыстайды. Баға жетпес мұраны өз көзіммен көрдім. Расында, басы қисайып қалған кәдімгі қара домбыра. Беті мен шанағында байырғы «түрік бітіг» жазуы болды. Орхон-Енисей жазбаларынан бұрынғы, шамамен бесінші-алтыншы ғасырларға тән түрік жазулары екен. Тағы бір ерекшелігі, домбыраның бетінде болуға тиіс тесік керісінше, шанағында орналасыпты. Домбыраның бетіндегі тесіктің пайда болуы туралы аңыз «Ақсақ құланнан» басталмай ма? Бұдан нені ұғамыз? Яғни қазақ тарихы біз қазір айтып жүргеннен де тым ертеден бастау алады.

Тарихты басынан бастап қайта жазу керек

Қысқасы, осындай деректерден соң күллі қазақ тарихын қайтадан жазу керектігі туындайды. Совет заманындағы орыстар мен еврейлерге жаздырған тарихты қайтадан жаңалау керек. Бабаларымыз алақандай болса да, атақоныс, жер қымбат» деп, сол үшін қанын төгіп, жанын берді. Үш ғасыр орыстың боданы болып, белі бүгіліп жүріп қорғап қалған жері мен байлығын бүгін неге шетелдіктерге талатуға тиіспіз? Ұланғайыр осы жерді аштықтан бұратылып жүріп, біз үшін аман сақтап қалды емес пе? Талай қанды қырғын мен үлкен зұлматтан аман қалғанымызға неге шүкіршілік етпейміз? Бабаларымыздың сондағы мұраты мен бізге аманаты мынай тас мұралардың бетінде тұр. Олар да бекер ешпестей етіп жазып қалдырған жоқ. Бізге жетсін деді.

Үлт тарихы – рухани қуат көзі. Сол алып қуаттан күш алған әрбір ұл-қызымыз қазақ болып туғанына қуанады, жігерленеді. Бүгінде маргиналдар ұлтын «қазақ» деп жазудан қашып, қазақша сөйлеуге намыстанып жүрсе, ертең онысынан опық жейтін күн туады. Ұлт тарихының ұлыларын ұлықтауға келгенде біз соншама жайбасар халықпыз. Моңғолдар Ұланбатырдың шығысына Шыңғыс ханға мыстан биіктігі 40 метр болатын ескерткіш тұрғызды. Шетелдіктер соған құмырсқаша үймелеп, ақшасын төгіп жатыр. Алматының Көктөбесіндегі көлденең көк атты бір топтың ескерткішін күреп тастап, орнына 100 метр болатын Күлтегін мүсінін тұрғызсақ, кім бізге қой демекші? Шыңғыс хан ескерткішіне Моңғолия Үкіметі бір тиын да қаржы бөлмеген. Елдің ортаңқол кәсіпкер азаматтары соған қамқор болып отыр.

Үнемі билікке жүк артып, алақан жаюдың орнына өз елінің мақтанышын ұлықтауға біздің кәсіпкерлер осылайша кіріссе, ұлтының ғана емес, өзінің де рухы асқақ, абыройы биік болар еді гой...

Ұрланған еңбекке өкпе жоқ

Еңбегім бағаланбады деп айта алмаймын. Ең бастысы – азды-көпті қазағым таниды. Жалпы түркология тарихындағы еңбегім еленіп, Моңғолияда Халықаралық Шыңғыс хан академиясының академигі атағын берді. Тіл білімі институтында «Байырғы түрік жазуының алфавит жүйесі және фонологиясы» деген тақырыпта докторлық диссертация жазып, филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алдым. 2008 жылы Білім және ғылым министрлігі «Күлтегін» сыйлығымен марапаттады. 2017 жылы Кемал Ататүрік атындағы Халықаралық түрік тарихы академиясының қатарына қабылдандым. Арнайы сыйлығына ие болдым. Аталмыш академия қатарына қабылданып отырған тұңғыш қазақстандық ғалым мен екем. Бұл академия Кемал Ататүріктің ұсынысы бойынша 1931 жылы құрылған болатын. Қазақта бір мақал бар. «Жақсы жерге түскен келін – келін, жаман жерге түскен келін – келсап» деген. Тәуба, бәрі де жақсы.

Жасыратыны жоқ, менің еңбектерімді пайдаланушылар болды. Ол кезде заман да қиын болды ғой. Түркияның бір ғалымы біраз дүниемді өз пайдасына жаратып, кітап шығарыпты. Алайда олармен алыса беретін уақытым да жоқ. Шет жағасын ел-жұрт білетін де секілді ғой. Мен ең алдымен, жұмыс жасауым керек. Еңбегім ертеңгі ұрпаққа қажет. Қазақтың кім болғанын, шынайы тарихтың қалай бұрмаланғанын халқым білуі тиіс. Маған болашақ ұрпақтың берген бағасы маңыздырақ, еңбегім ұрланды деп ешкімге өкпелей алмаймын.

Меніңше, ондай ұсақ-түйекке бола бас ауырту қажет емес секілді. Әркімнің өз сүйген кәсібі бар. Енді келіп оны бұлдау дұрыс па? Қайталап айтамын, атақ-даңқ – мен үшін маңыздылығы шамалы дүниелер. Кейбіреулерге атақ-даңқ бәрінен биік көрінетіні рас. Шынымды айтсам, атақ дегенің бұралқы ит тәрізді. Келеді де кетеді. Бірде етегіңе жармасып келіп тұрады. Берсе берер, бермесе қояр. Менің шаруам жоқ. Келіп жатса тасымаймын, келмей жатса жасымаймын.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?