Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Казак болған қазақтар

3189
Казак болған қазақтар - e-history.kz
ҚАЗАҚСТАН. Еліміздің атауы қазақша осылай жазылады. КАЗАКСТАН. Ал орысша осылай айтылып, қағазға осылай түсуі керек еді. 1936 жылға дейін осы заңдылық сақталды

Ал 1936 жылғы 5 ақпан күні шоқынды Әліби Жангелдин қазақтың орысша атауы – казак дегенді басы-бүтін орыстың козагына бере салды. Содан бері біздің ұлттың орысша таныстырылымы – КАЗАХ, ал ел атауы – КАЗАХСТАН.

Жә, қазақты орысша казак деп айту керек керек, солай жазу керек демейміз. Біздің айтпағымыз, қазақ болудан бастартып, казак болып жатқандар жайлы.

Қысқасы қазақ кім, казак кім?! Қазақ – еркін, ер халық деген мағынаға саяды. Казак сөзі де соның айналасы. Иә, соңғысы еліктеуден пайда болған атау. Поляк, неміс, осман түріктерінің түртпектеуінен қашып, Еділ мен Дон өзендерінің ортасындағы қиян даланы (дикое поле) паналаған славяндардың жырындысы. Олар «Орданың тұрғындарына ұқсаймыз» деген дәмемен өздерін қазақ-казак атай бастайды. Уақыт өте келе саны өседі, әскери әлеуеті артады. Бірде қырымлы хандарына, поляк пандарына, енді бірде орысқа жалдамалы жауынгер болады. Соңыра бұл жырынды жұртты Ресей толық өзіне қаратып, Сібір мен Азияны осы жұрттың күшімен отарлайды. Енді тақырыптың өзіне оралсақ...

Қазақтықтан бас тартып, казак атанғандар

Ғаламторды парақтап отырып, мына бір бетке түскенім. Казактар туралы. Дұрысы, казактыққа (казачество) өтіп жатқан қазақтар хақында. Осы «Қазақстан тарихы» порталында қызмет істейтін Заңғар Кәрімхан өз қағынан жерігендер жайлы бұрын жазып, дабыл көтеріпті. Олар кімдер дейсіз ғой?! Таныс болыңыздар: Талғат Шәріпбаев, Алмабек Сайдақбеков және Ерлан Қошқарбаев. Соңғысының фамилиясынан таныған шығарсыз?! Иә, атақты Рақымжанның (Рейхстагқа ту тіккен Қошқарбаевтың) немересі. Алматылық бозбала казак қатарына өткенін абырой көреді. Құран сүйіп, Алланың атымен ант етіпті. Оған да шүкір. Бірақ... Жә-жарайды, жастықпен жасаған шығар. Әлі ойланар, ойынан қайтар.

Ал, ағайынды Талғат пен Алмабектің қай сасқаны? Жас емес, екеуі де қырықтың қырқасына шыққан азаматтар. Шымкенттік. Орыстанып кетті деп налиын десең, «ақ құлақтың» өзі қазаққа айналатын аймақ бұл Шымкент дегенің... Ә, иә, сылтауы бар екен. Қос бауыр «батырдың ұрпағымыз» дейді.  Сұраншы деген. 1860 жылы Сұраншы батыр қазақтан жігіт жиып, қоқандықтармен шайқасқан екен. Батырға казактар жәрдем береді. Немесе керісінше, Сұраншы бұл майданға казак әскеріне жәрдемші күш ретінде қатысады. Батырдың өзі қазақтығын тәрк етіп, казак болған-болмағаны белгісіз, ал ұрпақтары храм алдында кітап ұстап, ана жаққа өтті.

Мүмкін, сіз айтарсыз, «мұнда тұрған ештеме жоқ. Казачество ол әскери тап қана» деп. Солай болса ғой, шіркін. Алайда, бұл топтың Қазақстан халқы Ассамблеясына ұлт ретінде тіркелуін қайда қоямыз? Біздің қазақтардың казак атануы  басқа ұлтқа айналуы емес пе?!

Айтпақшы, ұмытып барамын. Сұрадық әлгі Талғаттан да, Алмабегінен де. «Казак деген қазақты қырып жойған жұрт емес пе? Отаршыл Ресейдің ұрдажық шоқпары болды емес пе еді?» деп. Жауабы: «Мұның бәрі саясат. Шындығы сол, казактар мен қазақтар бірлесіп ортақ жауға шапқан. Дәлел – Сұраншы батыр. Енді тентек кімде жоқ. Төбелес ара-тұра болып тұрады ғой... Ал, қазақтың казактыққа өтуі – жақсы үрдіс».

Жаға ұстадық. Бұлар жалғыз емес екен. Тағы біреуіне тап болдық. Ол да қазақ. Асылхан Артықбаев. Өзін тарихшы-ғалыммын деп таныстырды. Мұның әңгімесін естіп отырып, атасын ардақтап жүрген әлгі екеу айналайын екен ғой деген ойға қаласың. Казак қазақтарды көбейту керек. «Шекара қызметін казактарға берген ләзім» деп ертегі соқты. Өкініштісі, өзі айтқанға өзі сеніп отыр. Айтпақшы, бұл кісі казак болған қазақтардың төл дінін түзіп жүр екен. Тенгрианство деді ме, далалық дін бе, сондай бірдеңе... Осыдан соң, алдыңғы екеудің Құран құшақтап, казак болғанына шүкір дегендейсің бе, қалай өзі?

Тағы да сол сұрақ: казак қазаққа кім?!

Шынымен, казак қосындары қазақты Қоқанның отарынан босатып па еді? Бізбен тізе біріктіріп сыртқы жауға соққы беріп пе еді? Казактар Қазақияға қашан келді? Қазіргі «Жетісу және дала казактары» деп жүргендер кімдер?! Шежіреден я халық аузынан алған фактілер эмоцияға толы деп қабыл етпес кей ағайын. Сондықтан Ресейдің мұрағатын қотардық. Казак жазушысы Усов былай дейді: «Сібір казак әскерлері Жайық және Дон казактары сияқты өз бетінше өніп шыққан жеміс болған жоқ. Оны қолдан жасап шығарған үкімет еді. Халықтың еркінен тыс, түрлі әкімшілік реформаларды жүзеге асыру арқылы жер ауып келген немесе қылмыскер әйелдерге үйлендіре отырып, казактардың қатарын жасанды түрде көбейте алды. Сондай-ақ оларға қоғамдық және өзін-өзі басқару мекемелерін ашып берді... Осының бәрі айналып келгенде, қазақ даласын отарлау үшін жасалған шаралар еді».

Казак отаршыл орыстың сілтейтін сойылы еді. Оны мына бір деректен дәлел келтірсе болады. Орыстың Дукнасов деген авторы былай деген екен: «Бірінші болып орыстардың Орта Азияны отарлаудағы біздің мемлекетімізге сенімді тірек болатын негізгі күші – казактар екенін көрсетті. Казактарды басқыншы күш ретінде пайдалана отырып, оларға басып алған жерлерін беру, арттарына аландамайтындай жағдай жасау арқылы біз көп жеңіске жете аламыз. Басып алған жерлерін өз меншігіне иеленген казактар, сол жерді кеңейту үшін-ақ өздері жаңа жерлерді жаулай береді. Соның арқасында Ресей ол жерлерде де өз заңы, үкімін жүргізіп, бұратаналарды босқын етіп, тіпті оларды орысқа сіңіріп жіберіп отыра аламыз».

Римнің бір ақылманы кезінде «Жеңімпаз ойына келгенді істейді. Ал жеңілген көну керек. Себебі ол жеңілді» деген сөз қалдырыпты. Айтылғандай-ақ екен. Біз жеңілдік. Орыс ойына келген ойранды жасады. Казактың қосындары тым қатігездік танытты. Оған дәлелді Түркістанның генерал-губернаторы болған Кауфманның Ташкент ақсүйектерінің алдында сөйлеген сөзінен табуға болады: «Бастапқы кезде біздің казактар қарақшылардан кем болмай, қазақтарды тонаумен айналысты. Сол казактардың бір тобы Ұлы жүз қазақтарының ауылдарына таңға жақын басып кіріп, бүкіл жылқыларын айдап және 3 мың қазақты өлтіріп кеткен. Осының арқасында олар қомақты пайда тауып отырған».

Тағы бір дерек көзіне назар аударсақ, онда казактардың озбырлығында шек болмаған. Алатау дуан бастығының полиция басқармасына жіберген №55 бұйрығында мына жағдайды көрсетеді: «Жыңғылды пикетінің жанында қыстап отырған Тіленші бидің ауылына түнде 3 орыс келіп, өгізі мен сиырын алмақ болғанда, әйелі сиырдың дауысынан оянып үйінен жүгіріп шығады, сол кезде олар әйелдің басын жарып, өлтіріп кетеді».

Ресей казактарды дәп бұрынғыдай пайдаланғысы бар...

Кавказ және Орта Азия мәселесі бойынша маман, журналист Максим Шевченконың «Соңғы уақытта Ресей билігі – бұл топты, тура ХІХ ғасырдағыдай пайдалануға көшті» деп сұхбат бергені бар. «Митинг, шеру болса, осы жасанған казактарын шығарып, олар жұртты дойыр қамшымен сабап, қуып жүр. Оларды жазалаушы отрядқа айналдырып жатыр. Тура отарлау заманындағыдай», – дейді ол. 

Өкінішке қарай, Мәскеу өз саясатына қарсы шыққандарды казактар арқылы таяқтап, жазалауды тек өз жерінде ғана емес, ТМД көлемінде жүргізгісі бар. Максим осындай да ой айтты.

Армия шегініп бара жатқанда, болашақ жау қолында қалатын территорияға диверсант ретінде өз өкілдерін қалдырады. Олар әскери формасын тастайды, қаруын жасырады. Бейбіт адам болып өмір сүре береді. Арғы жақтан бұйрық түскенде бүлік-бұлғақты бастап кеп жібереді. Казактар өздерін, шегініп бара жатқан империяның қалдырып кеткен диверсант топпыз деп санайды-ау шамасы? Қазақстан әскерінде қызмет етпейді екен, онда кімнің формасын тағынып, кімге қызмет етіп жүр? Қоғамдық орында қару асыну былай тұрсын, пышақ-бәкімен жүруге болмайды емес пе?! Ал казактарға неге жалпақшешейлік танытып келеміз?

Шымкенттік ұстаз Өмір Шыныбекұлы ағамыз: «Біздің елде – құқық қорғау органдары, Ұлттық гвардияның ғана қарумен жүруіне болады. Басқаларға тыйым салынған. Қарумен көпшілік ортаға шыққан кез-келген азамат жазалануы керек. Ол – Қазақ немесе казак болсын, ешкімге жеңілдік жасалмауы керек», – дейді.

Қарумен жүргенді жазалау керек деген идея айтылған сайын казак біткен «бұл кешек – бар-жоғы біздің ұлттық киіміміз ғана. Ал қару – ол символикалық нышан. Ешқандай да, қан тілеу емес» деп бой бермейді. Бірақ, соғыстың киімі – әлем тарихында, ешқашан ұлттың киімі болған емес. Бұл топ неге милитаристік формаға құмар өзі? 300 жыл бойы даланы қан қақсатқан уағын сағынады ма екен? Бәлкім, «сендерді отарлаған күш әлі тірі. Қажет болса, арғы жақ бұйырса, тағы да отарлауға әзірміз» деген месседж жатыр ма дейсің.

Казак ұлт па?

Тарихшылардың пікірінше, казактарды жеке ұлт деп санауға болмайды. Ұлт болу үшін ең алдымен, сол жұртқа ғана тән – тіл болу керек. Казактардың тілі – орыс тілі. Жеке дара ұлт болса, сол халыққа ғана тән, ғасырлар бойы бейімделген белгілі шаруашылығы болуы керек. Олардың өздеріне тән шаруашылығы жоқ, орыстардың шаруашылығы. Казак – ұлт саналуы үшін, сол казакқа ғана тән төл мәдениеті болуы керек, ән, би, музыкасы, әдебиеті болуы керек. Ол жоқ. Казактың музыкасы, би-әдебиеті – орыстыкы.

Сонда казак дегенің кезіндегі гладиатор секілді, соғысқа, адам өлтіруге машықтанған топ қана. Енді, елестетіңізші. Гладиатордың он бірдеңесінші ұрпағы, бабам сияқты сауыт кием, қарумен жүрем десе? Абсурд па? Казактар бізге дәл осындай шарт қойып отыр. Ең қызығы, біз орындап отырмыз.

Бір талқыланбайтын аксиома бар. Қазақ жеріндегі орыс империясына қарсы болған барлық көтерілістерді басып-жаныштаған – казак жасақтары еді. Иә, ұлт азаттығы үшін бас көтерген қазақтың басын казактың белінде жүрген шашка шауып еді. Енді отаршының формасын кигендерді тәуелсіз Қазақияның төрінде тайраңдатып қою – сол тәуелсіздік жолында шейіт кеткен Махамбет, Исатайдың аруағынан, сол секілді 370 көтеріліске қатысқан шейіт боздақтардың аруақтарынан ұят емес пе?!

Әлемдегі казактар әскери формамен жүре ме?

Казактар біздің елде ғана емес, әлемнің көптеген мемлекетінде бар. Ол жақта да, тура біздегідей форма киіп, қылыш асынып жүре ме? Жоға. Мысал ретінде, ең әлсіз Парагвайды алайықшы. Азамат соғысында ақтар жағында соғысып, быт-шыты шығып жеңілген 4-5 казак дивизиясы, Қырымға барып тығылады. Ол жерде де, тыныштық таппай, Парагвайдан бір-ақ шыққан ғой. Сол кеткендердің қазіргі ұрпағы жарты миллион шамасында. Бірақ ол жақтағы казактар Қазақстандағыдай қауымдастық құрған жоқ. Ол жақта әскери формаларын киіп жүрмейді. Парагвай елінің тілін құрметтеп, заңына бағынады.

Қысқасы, «әскери форманы кимей-ақ, казак болып қалуға болады» дейді Парагвай тұратын казактар. Әрі ол жақтың атамандары жолдыбайдың ұрпағына жыл сайын жолдау жасап, шағым айтып жатқанын да көрмеппіз. Атаман деген атымен жоқ. Казак деген – дворян, төлеңгіт, пират деген секілді, ортағасырлық қызмет атауы, мамандық есімі ғана еді деп санайды.

Ал бізде ше? Қит етсе неге әскери форма киініп, солтүстікке қарап ұлып шығады? Саясаттанушы, тарихшылардың дені «Казачество ұйымдарының тіркелу заңдылығын қайта қарайтын уақыт жетті» деп отыр. Иә! Егемен елде, отарлаушы бұрынғы әскердің формасына жол жоқ! Өзін сыйлайтын елдің баршасы мойындайтын факт бұл.

Түйін

Бір ағамның «Тарихты терең білу керек. Сонда ғана тарихи сана қалыптасады» дейтін ұстанымын қоштай бермеуші ем. Бірақ, уақыт өткен сайын ол кісінің ақиқатты тап басып айтқанын мойындап келем. Тарихыңды танымай өтсең, өкінер дүниең тым көп болады екен. Әйтпесе, ата жаудың атауын алғаның қай сасқаның?! Көзім жетті. Тарихты танып алу керек бізге. Әйтпесе, жау кім, дос кім екенін айыра алмай келеміз. Одан қалса, біз тарихты тек сан мен цифрге айналдырып алдық-ау?! Құрғақ фактілерді шұбыртқанның барлығын тарихшы санап жүрміз. Негізі тарихшы дегенің хадис тәпсірлеуші ғалымдар сықылды болуы керек еді. Ол заманда бүйткен, мынадай жағдайда сөйткен деп, өткеннен өнеге алатын болған. Жоқ, қазір бізде тарихтың бұл функциясы жұмыс істемейді. Өкінішті-ақ.

 

Суреттер voxpopuli.kz cайтынан алынды 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?