Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алмағайып заманның аяулысы

2121
ХХ ғасырдың басындағы алмағайып заманда өмір сүріп, санаулы ғана ғұмырында аты өшпестей із қалдырған аяулы тұлға – Сұлтан Махмұт

Отызға да жетпеген өмірінің Баянаула-Троицкі-Семей-Катонқарағай-Зайсан-Тарбағатай-Том-Кереку-Семей деп бөлшектенген кезеңдерінде ұлтқа қызмет қылудың үлкен өнегесі жатыр.

Тұлғатану ғылымында қазақтың Абайдан кейінгі ақындарының ішінде Сұлтан Махмұт өмірі мен шығармашылығы, қызметі терең зерттелді. Әдетте ғылыми түсінікте жан-жақсы зерттеліп, танылған тұлғаға энциклопедия арналады. Алаш қаламгері және қайраткерінің тұлғасына арналған «Сұлтанмахмұт Торайғыров» энциклопедиясы 2009 жылы Павлодар қаласында Е. Арынның бас редакторлығымен жарық көрген. Мұнда ақынның өмір жолы, тарихи-рухани ортасы, шығармалары жөнінде жан-жақты мәліметтер қамтылып, сонымен қоса көптеген Алаш қайраткерлері туралы мақалалар енген. Қазақ әдебиетінің тарихы, оның ішіндегі сұлтанмахмұттану мәселелері бойынша ғалым А. Еспенбетовтің ғылыми-зерттеу еңбектері осы мақаламыздың жаңаша жазылуына негіз қалады.

Ақынның ата тегі

Ақын, ағартушы қайраткер, Алаш партиясының Семей облыстық комитетінің мүшесі Сұлтан Махмұт Торайғырұлы 1893 жылдың 28 қазанында қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында дүние есігін ашқан. Арғы атасы Торайғыр би атанған көшелі адам, найза ұсаған қарулы кісі болыпты. Шыққан тегі – Арғын ішіндегі Сүйіндік Айдабол руы. Қазақ шежіресінің алыбы Мәшһүр Жүсіп жазбаларында: «Едіге бидің баласы Торайғыр өз атасы секілді үш жүзге танылған әділ билігі былай тұрсын, найзагер, батырлығымен де белгілі екен», – деп жазады [1].

Орысқа бағынудан бас тартқан Торайғырдың Орта жүзде хандық биліктің сақталуына, хан тағына Ғұбайдолла Уәлиұлының отыруына ықпал еткені жайлы тарихи деректер бар. Профессор Жамбыл Артықбаевтың «Тағдыры тәлкек болған Ғұбайдолла» атты мақаласында хан мен бидің жарасымды әрекет-қимылдары, орыс патшалығына қарағаннан гөрі қарсылық танытушы тұлға ретінде сипатталады [2]. Орысқа ақыл-парасатымен, айбынды сөзімен қарсы тұрған бидің бұл қылығы қарулы соғыс бастаған Саржан Қасымұлының ерлігімен теңестіріледі.

Сұлтан Махмұттың өз әкесі Әубәкір «Шоқпыт» деп аталған момын кісі екен. Момын, кедей болғанына қарамастан, бірбеткей, шыншыл, арабша хат танитын кісі болғанға ұқсайды. Ал ақынның анасы Зүплен өте ақылды, тәрбиелі, әдепті, ауыл арасының өсек-аяңына араласпайтын биязы жан екен. Олар тұңғышы Сұлтанмахмұтты еркелетіп «Мақыш», «Мақыжан» атапты. Бұдан басқа аяулы азаматтың ақеділ досы Жүсіпбек Аймауыт баласы да бүкіл естеліктерінде «Махмұт», «Махмұтжан» деп тебіренеді. Біздің ақын есімін «Сұлтан Махмұт» деп ерекшелеп жазуымыздың мәнісі осында жатыр.

Ақынның жұртқа белгілі өмірбаянын қайта жазып шығу жоспарымызда жоқ. Бұл тарапта біз Сұлтан Махмұттың Алаш идеясына келу себебі, араласқан ортасы, сіңірген қызметі тұрғысынан баяндамақпыз. Оның үстіне басты назарда болатыны, көрнекті алаштанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың жеке архивінен табылған тарихи құнды суреттегі жас ақынның бейнесіне тереңірек үңілу мақсаты жатыр [3]. Егер ғалым қателеспеген болса, суреттің түсірілген уақытын 1911-1912 жылдардың бірі деп шамалайды. Бұл кезде Махмұт өмірінде қандай өзгерістер болды? Қай жерде қызмет етті, не жұмыстар тындырды? Жалпы оның осы суреттегі басқа да қайраткерлермен таныстығы қалай өрбіді? Міне, осындай сауалдарға жауап іздеп көрелік.

1911-1912 жылдары Сұлтан Махмұттың 18-19 жастағы нағыз жігіт шағы. Ғалым А. Еспенбетов «Алаштың ақиығы» атты мақаласында «Сұлтанмахмұт оқу-білім іздеп, арман қуып Троицк қаласына бет алады» деп 1912 жылдардағы кезеңді баяндайды. Және осы сөзіне дәлел ретінде Алаштың аяулы азаматы Ж. Аймауытұлының «Махмұт 1912 жылы 9 сентябрьде туған жерге қош айтысып, оқу іздеп, жол шегеді. Ай жүріп Омбыға жетеді» деген естелігін қосады. Осы барғаннан 1914 жылы ғана туған өлкесі Баянаулаға оралатынын ойша есептесек, Махмұт бұл тарихи суретке Троицкіге аттанардың алдында түскен боп шығады.

Алаш мүддесі – ақын мұраты

Сұлтан Махмұттың Алаш қозғалысына араласуы оның Ресейдегі бірінші революцияның болғанын томда жүріп естіп, 1917 жылдың 10 наурызында Семей қаласына келуінен басталады. «Мұндай заманда қазақ оқығандарының қазақ ішінде болмауы иттік» деп білген ақын мұраты халық мүддесімен қабысады. Өзі кейін жырлағандай, «қараңғы қазақ көгіне» жұлдыздай жарқырап, надандық шырмауынан ел өмірін өзгерістерге бастайтын орайлы сәттің туғанын жүрегімен сезіп біледі.

Бұл кезеңде С. Торайғыров шығармашылық процесі тұрғысынан Алаш қозғалысы және оның тұлғалары жайлы жаңа туындылар әкелсе, өмірде, қоғамдық қызмет істері жөнінде ол облыстық қазақ комитеттеріндегі азды-көпті еңбегі сарапталады.

 1917 жылдың жазында «Алаш» партиясының құрылуы ел өміріне үлкен серпін, өзгеріс әкелген жаңалыққа баланды. «Алаш» партиясы халықтың ең ізгі мұраттарын, көксеген арман-аңсарларын – ұлттық теңсіздікке жету идеясын ту етіп көтерген негізгі ұстын еді. Ұлттық автономия құруға ұмтылған қазақ зиялыларының талпынысын С. Торайғырұлы да қуана қарсы алды. Сөйтіп ол 1917 жылдың 7 наурызында құрылған Семей облыстық қазақ комитетіне кіші хатшы қызметін атқара бастайды. Деректерге қарағанда, Семей облыстық қазақ комитетінің алғашқы мәжілісінде мынадай мәселелер қарастырылған: «жаңа тәртіпті жұртқа түсіндіру, ел арасында тыныштық орнату, құрылтай жиналысына қамдану, қазақ пен орыс арасын жайластыру, билік құрған мекемелердің үстінен күзетші болу» және т.б. [4].

Семей облыстық қазақ комитеті С. Торайғыровты Баянауылдағы сот ісінің қалыптасуы сияқты жауапты жұмысқа ұсынады. Семей қаласында шығып тұрған «Дело» газетіндегі құнды мағлұматты ғылыми айналымға түсірген сұлтанмахмұттанушы ғалым А. Еспенбетов ақынның қайраткер ретіндегі болмысына терең үңіледі. «Көп мәселелерді қарап, күн тәртібіндегі үшінші сұраққа келгенде: «З. Утверждается состав Павлодарского уездного киргизского суда: председатель Якуп Акпаев, члены Хусаин Джанкарин и Султан-Махмут Торайгыров, кандидаты к ним Касым Мустафин, Ахметулла Барлыбаев, Арын Сулейменов. Суд открывает свои действия немедленно», — деген шешім қабылдайды» [5].

Мұрағат қорында сақталған шағын деректен ұғатынымыз: өңірдегі сот ісін қалыптастыру сияқты маңызды да жауапты жұмысты жас азаматқа сеніммен жүктеуді көздейді. Алайда бұрыннан денсаулығында кінәрат бар Сұлтан Махмұт бұл шаруаға кірісіп кете алмайды.

Семей облыстық қазақ комитетінің тарихында Сұлтан Махмұт есімі комитет мүшелерінің арасында кейде аталып, көп жағдайда атала бермейді. Мұнда ақынның қысқа мерзім ішінде қызмет атқарғанынан бөлек, мұның себебі комитет бастығы Райымжан Мәрсековпен көп мәселелерде келісе алмауымен түсіндіріледі.

Шынайы шығармашылық

1917 жылдың қараша-желтоқсан айлары – Алаш қозғалысының ең бір тамаша, жарқын, тарихи кезеңдерінен саналады. Жаз айында құрылған партия жұмысы, «Қазақ» және «Сарыарқа» басылымдарында ұлттық ояну, азаттық пен теңдік мәселесін көтерген өзекті дүниелер жарық көре бастады. Әсіресе қорғансыз алаш баласына қалай сақтау жолын, яғни ұлттық милиция – Алаш жасағын құруды ойластырған ақылды азаматтардың қатарында шығармашылығымен дараланған Сұлтан Махмұт тұрады. Оның Алаш мүддесіне ниеті жақындығын дәлелдейтін фактілердің шоғырын оның шығармашылығындағы деректік құны жоғары, бір-бір естелікке бара-бар «Алаш ұраны», «Ғалиханның Семейге келуі» және «Таныстыру» туындылары құрайды.  

Мұның бастауында ұлт зиялыларының абайды уақыт мен заман тудырған үлкен құбылыс деп тануындағы бір идея мен мүдде тұрғысынан қалам тартқан сырлары бар. Ә. Бөкейханның  «Абай (Ибраһим) Құнанбаев», А. Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны», М. Дулатовтың «Ибрагим ибн Құнанбаев», «Абай», М. Жұмабаевтың «Алтын хәкім Абайға» сияқты сүбелі еңбектерінің қатарын Сұлтан Махмұттың «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» және «Абайды оқы, таңырқа» өлеңдері толтырады. Алаш қаламгерлерінің Абайды ақын деп қана емес, жалпы ұлтқа тұтқа боларлық құбылыс ретінде танығандығын көрсетті [4].

С. Торайғырұлының «Алаш ұраны» өлеңі 1917 жылдың 21 қарашасында «Сарыарқа» газетінде жарияланды, кейіннен алаштың бейресми әнұранына айналды. «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз. Енді ешкімнің алашты, Қорлығына бермейміз!» деген сөз – Алаш арманындағы ұлы ұран. Міржақып Дулатұлының ұлтты оятудағы миссиясы «Оян, қазақтың» заңды, табиғи жалғасы. «Өлер жерден кеттік біз, Бұл заманға жеттік біз! Жасайды алаш, өлмейміз! Жасасын алаш, жасасын!» деп жырлаған ақын жүрек мұқым болмысын Алаш идеясымен байланыстырмай тұрмайды.

Алаш тарихнамасында Семей шаһарына Әлихан Бөкейханның келуі ғажайып оқиға деп есептеледі. Бұқара халықтың тағатсыздана күткен ұлттық лидерінің келуін, оны күткен жұрт көңілін, ұй        ымдастырушы тараптың әбігер шаруасын, сөз сөйлеушілер мен құттықтаушылар лебізін біз Сұлтан Махмұттың жазбаларынан оқып біле аламыз. Осы оқиғаның дәлме-дәл, еш қоспасыз тура суреттемесі Торайғырұлының қаламына тұнып тұр. Ақтарылған көңіл, ақжарылғап қуаныш Сұлтан Махмұттың дертінен серпілткендей, жүйрік те жүрдек тілімен «...елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет еткен, болса да қалың тұман, жарқылдаған түймеге алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, (қайткенде алаш көркейер деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді. Әлгі көше толы ағылған қазақтың бәрі «Бостандық үйіне» барып толды. Арналған кісілер халықты реттеп отырғызды. «Қарсы алу тойымыздың үлкені ертең Алаш қаласында болсын, және бүгінгі күн Ертістен қайық жүрмейді, поездан шаршап келген кісіні көп ұстамауға бүгін комитет кісілері һәм бергі жақтағы оқығандар қарсы алсын» делініп жұрт Алаш қаласында көріспек болды» деп суреттейді. «Ғалиханның Семейге келуі» атты мақаласы «Сарыарқа» газетінде жарық көрді. жарияланды [6].

Ақынның поэма жанрындағы алғашқы талпынысы «Таныстыру» дастанымен басталды. 1917 жылдың соңы және 1918 жылдың басында Абай елі Шыңғыстауда жазылған поэма алғаш рет 1933 жылы баспа бетінде жарияланды. Ол алмайып кезеңнің ардақты ерлерін, қараңғыда жол таппай дағдарған қазақ елін соңына ерте алған ұлт серкелерінің бейнесін көркем жырлайды. Алаш қайраткерлерінің тарихи қызметін уақыт демі суымай жатып, көрегендікпен тап басып айтады. Шығармада Әлихан, Ахмет пен Міржақыпты «бірі – күн, бірі – шолпан, бірі – айым» деп аспанға көтереді. Қалың бұқараның арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып шыққан жас азаматтардың бет-әлпеті мен қызмет-шаруасымен байланыстыра баяндау оларды таныстырып қана қоймай, келешектегі тарихи орнына дейін айқындап тастағандай көрінеді. Әрбірі бір-бір таудың құзар шыңдарындай дараланған олардың болмыс-бітімін сипаттаудағы Сұлтан Махмұттың қаламгерлік, суреткерлік шеберлігін анық таныта алады. Поэмадағы Әлімхан, Хәлел, Шәкерім, Райымжан, Нәзипа, Нұрғали, Жақып, Биахмет секілді жақсы-жайсаңдар легінің замана бедеріндегі бейнесі ақын жыры арқылы жадымызда жаңғырып тұрады.

Сұлтан Махмұттың Семей облыстық қазақ комитетіндегі қызметінде мекеме басшысы Райымжан Мәрсекұлымен жүз шайысып қалғанын тілге тиек еттік. Осындай жағдайға байланысты ол «Таныстыру» поэмасында Р. Мәрсекұлын біраз сынайды, жағымсыз бейнесін қалыптастырады. Алайда Алаш деп еңіреп туған ердің бірі Райымжан Мәрсекұлының ел тарихындағы өлшеусіз еңбегіне бұл жолдар еш дақ түсіре алмасы анық.

«Таныстыру» тек таныстырудан тұрмайды, өліара шақтағы елдің көңіл-күйін барлау, сын сағаттағы ерлердің ісі қалай қалыптасарын ойша саралау, ел бастаған саясат серкелерінің сын-сипатына назар салу шығарманың құнын артыра түседі. Әрбір тұлғаға жеке-жеке сипаттама беру де үлкен шеберлікті талап етеді, осындай мақсаттан өте алған ақынды Алашқа ниетті жандардың тізімінен алып тастауға дәт шыдамайды-ау.

Махаббат машақаты

Сұлтан Махмұтқа 27 жылға да жетпейтін ғұмырында жар құшып, бала сүю бақыты бұйырмады. Тәңірдің жазғанына шара жоқ. Тәні мен жанына батқан дерті оның басын тауға да, тасқа да соқты. Шығыстағы Қаратай елінің соңғы болысы Әбдікәрім Ережепұлымен таныстығы жер жаннаты, шұрайлы мекен Катонқарағайға табан тіретті. Өкпе дертінен құтылудың жалғыз амалы қысырақтың қымызын үзбей ішу әрі тұрмыс-күйін жақсарту мақсатынмен Шыңғыстайдағы мектепте бала оқыта бастайды. Мұндағы күндердің соңы болыстың сұлу қызы Бағилаға ғашық болумен және баянсыз махаббат машақатымен тәмамдалады. Бұл кездегі ғашықтық халді тағы баяндап жатпас үшін «Сұлтан Махмұт ғашық болған қыз» атты бұрын порталда жарияланған мақаламызды ұсынамыз [7]. Бағила сұлудың ұзатылып барған елі Қосағаштың Шүй жазығындағы Бұқарбайдың деген кісінің елі. Оның ұлы, яғни Бағиланың бесіктегі кезінен атастырылған күйеуі Ақсолтан жайлы тың деректер қоржынымызда сақтаулы.

Сұлтан Махмұттың өмірінің соңғы жылдарында өшпестей із қалдырған арудың бірі – Мәлике Иманбаева. Баянауылдағы қазақ әйелдерінің арасынан шыққан алғашқы мұғалимаға ақынның да көңілі кетәрі емес. Тіпті 1918 жылдың жаз айының бірінде қыз әкесі Мұхтар Кірбасұлына дәстүр жолымен құда түсіп, қалың малы төленіп, той қамына кіріседі. Сүйген сұлуының көркіне тамсанған жүректің лүпілін «Біздің Мәлике шырағым періште, Семейге алып барамын. Біздің Мәликенің түрі сендер менің үйімнен шықпайтындық, тапқан-таянғандарыңды маған беретіндік» деген сөздерді келтірген Ж. Аймауытұлының естелігінен оқимыз [6].

Бірақ, «адамның дегені емес, алланың дегені болады», бақыттың бал-шырын дәмін татып көруге тәңір жазбапты. Ғашықтың дертін асқынған ауру  басып тынды. Әне-міне неке қиямыз деп отырған шақта ажал оғына тап болып, арманына жете алмайды. Қалыңдығы Мәликенің де тағдыры оңай болмаған: ары қарай оқу ізденемін деп ауылдан кетеді, кейін басқа біреуге тұрмысқа шығады, 1930-шы жылдардағы ашаршылық кезінде миллиондаған жазықсыз құрбанның бірі болып о дүниеге аттаныпты.

«Арқаның арқар жанды, асқар жүректі, аяулы ақыны» Сұлтан Махмұт Торайғырұлы 1920 жылдың 21 мамырында пәни жалғаннан бақи дүниеге мәңгілікке аттанды. Сұм ажал қазақ аспанындағы поэзияның жарық жұлдызын алып тынды. Ақтық демі таусылар сәтінде аса бір қимастықпен бақұлдасқандай: «Тым болмаса екі жыл тұра алмадым, іштегіні түгел жарыққа шығара алмай кетіп барамын», – депті.

 

Әдебиеттер:

1. Көпейұлы М.Ж. Көп томдық шығармалары.  – Алматы: Алаш, 2003.  

2. Артықбаев Ж. Тағдыры тәлкек болған Ғұбайдолла. // «Қазақстан тарихы» порталы. 2018 жылғы 27 желтоқсан.

3. #Алаш100. Бір суреттің тарихы. // «Қазақстан тарихы» порталы, 2017 жылғы 5 желтоқсан.

4. Алаш қозғалысы. Қамзабекұлы Д., Тілешев Е. – Алматы: Сардар, 2014.

5. Еспенбетов А. Алаштың ақиығы. // Қазақ үні, 2014 жылғы 1 тамыз.

6. Әлиханның Семейге келуі. // Қазақстан тарихы порталы, 2016 жылғы 14 қазан.

7. Кәрімхан З. Сұлтан Махмұт ғашық болған қыз. // «Қазақстан тарихы» порталы, 2016 жылғы 28 қазан.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?